Бір жақсы мен бір жаман

Бұл бетте «Бір жақсы мен бір жаман» атты Аманжол Әбдіхамитұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Болған соң өмір бұралаң,
Болады жақсы мен жаман.
Бұл өмірде мен көрген
Сұрасаң, халқым, жазайын
Бір жақсы мен бір жаман.

Бір жақсысы — көп бізде аурухана,
Бір жаманы — бермесең көк қағаздан,
Болмас оның шипасы жанға дауа.
Бір жақсысы — көп бізде көшелер де,
Бір жаманы — тас төселген трассалар,
Көшелер қисық-мисық, шұрық дала.

Бір жақсысы — көп бізде шенеунік те,
Бір жаманы — уәдені үйіп-төгер,
Еліне емес, жақынына болып жаға.
Бір жақсысы — көп бізде ірі қара,
Бір жаманы — қараны бағар жер жоқ,
Сатып бітті өзгеге оны да, аға.

Бір жақсысы — көп бізде баспана да,
Бір жаманы — қазағым тентіреп жүр,
Жалдамалы пәтерде — Астанада.
Бір жақсысы — көп бізде жас жұбайлар,
Бір жаманы — үйі жоқ, күйі жоққа
Қатын болып шыға ма жас қыз бала?

Бір жақсысы — көп бізде базарлар да,
Бір жаманы — қайнаған қымбатшылық,
Айлықтан да қымбаттау жасанды алма.
Бір жақсысы — ұлтпыз біз дінге берік,
Бір жаманы — дүмшелер қаптаған ба?
Дінсіздерден елімді сақташы, Алла!

Бір жақсысы — көп бізде балабақша,
Бір жаманы — келгенше кезек саны,
Ол бала да келеді біраз жасқа.
Бір жақсысы — мектепте жетерліктей,
Бір жаманы — тіл сынбаған балдырғанға
Үш тілді үйретіп жүр шетелдіктей.

Бір жақсысы — газым бар сарқылмайтын,
Бір жаманы — арзанға сыртқа сатып,
Қымбатқа өзім алған жағдайым бар.
Бір жақсысы — таусылмас мұнайым бар,
Бір жаманы — сорып тұр шетелдіктер.
Ойланыңдар, бауырлар, ағайындар!

Шығарылған күні: 04.09.2018 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер