Ойлана жүр

Бұл бетте «Ойлана жүр» атты Аманжол Әбдіхамитұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Болмаған соң жүректей қоймада нұр,
Дейсің ғой, шайтанға еріп, ойна да күл.
Жарқылдап алдар сені бес күн жалған,
Мәңгілік өмірді де ойлана жүр.

Күні бойы қызық көр, ойна да күл,
Ұмытпа екеніңді Аллаға құл.
Жиырма төрт сағат берген Құдайыңа,
Бес минут уақыт бөліп, құлшылық қыл.

«Бұл өмір қысқа өмір, рақатқа бат», —
Деп ой салып, шайтан да масаттанат.
Күнәға белшесінен батырып алып,
Ол лағынет саған күліп рақаттанат.

Бір сәт ойлан, барын сез Жаратқанның,
Жаратушы — жаратқан Жаппар жанның.
Құлдарына түсірген әз Құранын
Оқып, түйсін құдіретін бір Алланың!

Барлық нығмет Алладан екенін сез,
Шығам деме биікке — сатысыз тез.
Келеді осы салған сайран үшін
Ақыретте шырылдап қиналар кез.

Ертеңіңе еріп алып масаттанба,
Құр қаласың, иланбасаң Жаратқанға.
Қашардай шаяндар кеп шаққан кезде,
Аһ ұрып, ана өмірде жылап қалма.

Төзе біл Алла берген сынақтарға,
Жарты жолда төзе алмай құлап қалма.
Көтере алмас сынақ бермес Жаратушым,
Сүйген құлға береді сынақты Алла.

Қиналсаң да, Алладан жырақтама,
Кеңшілікте құлшылық қыл, сыр ақтара.
Көмектесер Жаратқан пендесіне,
Жаздағанда бас ұрып, құлап қала…


Бұл өлең — Жаңақорғандық ақын Аманжол Әбдіхамитұлының «Ойлана жүр» атты жыр жинағындағы негізгі шығармалардың бірі. Өлеңде адам баласының бұл дүниенің өткінші қызығына алданып қалмай, мәңгілік өмірді, ақыретті және Жаратушы алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы керектігі терең толғаныспен жырланады.

Ақын оқырманды күнделікті күйбең тіршіліктің арасында ойлануға, Алланы еске алуға, құлшылыққа көңіл бөлуге, берілген нығметтердің қадірін білуге үндейді. Сонымен қатар шығармада сынаққа сабыр ету, қиындық кезінде Жаратқаннан алыстамау, кеңшілікке кенелген сәтте де құлшылықты ұмытпау сияқты имандылық қағидалары көрініс тапқан. Өлеңнің негізгі идеясы — адам қандай жағдайда да рухани сергек болып, өмірдің өткіншілігін түсініп, мәңгілік мекенге дайындықпен өмір сүруі керек деген ой.

«Ойлана жүр» жыр жинағында діни-философиялық мазмұндағы өлеңдермен қатар, адам сезімі, туған жер мен Отан, достық, сағыныш, өмірдің мәні және адамгершілік қасиеттер туралы сырлы жырлар да қамтылған. Жинақтағы шығармалар оқырманды ойлануға, жақсылыққа ұмтылуға, елін, жерін, жақындарын қадірлеуге және рухани құндылықтарды бағалауға жетелейді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер