Қарадан қалған хан – көңіл

Бұл бетте «Қарадан қалған хан – көңіл» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қарадан қалған хан – көңіл,
Тарқатып шерді басылар
Түнерген аспан – қамкөңіл,
Нөсер боп жауып, ашылар.

Көңіл бір хошын тапқанда,
Шабыттың буы қамшылар.
Көкжиек түндік жапқанда,
Жұлдыздар көкке шаншылар.

Ептілер жүрсе тақ қорып,
Мансаптың бағы ашылар.
Ақынның тұнған қақ болып,
Көзінде ыстық жасы бар.

Түлкідей заман түрленсе,
Қулықтың тіні бүр ашар.
Періште сезім кірленсе,
Жүректің құлпын кім ашар?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері