Әке өсиеті
Бұл бетте «Әке өсиеті» атты Аманжол Әбдіхамитұлы жазған әке туралы өлең берілген.
Осы өлеңді арнадым балама деп,
Бұл індет менен де жан ала ма деп.
Өлеңімді есіне алып жүрсін,
Қабірімді құшақтап қалар-ау келіп.
Екі қолы бар адам нанын табар,
Әкесіз өскен талай ақын да бар.
Өлмей тұрып көр қазған адамдар бар,
Өлмей тұрып жыр жазған — атым қалар.
Балам менің, артымнан мал қалмады,
Көгерген не қаусайған тал қалмады.
Өскеніңде мақтанып оқып жүрер,
Мәңгі өлмес артымда жырым қалар.
Жаным, балам, сүрінбе қолдан келсе,
Пайдаң тисін, пайдасыз болма елге.
Күллі қазақ әкеңнен үлгі алған,
Өз ісіңді нық орнат, балам, сен де.
Жас келсе де көзіңе, жылай көрме,
Тас тұрса да жолыңда, сұлай көрме.
Намысыңды ешқашан қолдан беріп,
Жау алдында жығылып, құлай көрме.
Жүрегіңде Жаратқан бас иетін,
Ақ сүт берген анашың — қасиетің.
Артта қалған қызыма әкесі бол —
Балам, осы — ең соңғы өсиетім…
Түсіндірме:
Әскерде жүрген кезімде жазған өлеңдерімнің ішіндегі ең мағыналыларының бірі — «Әке өсиеті». Бұл туындыны қағазға түсіріп отырып, өзім де ерекше толқыған едім.
Үйге оралуыма небәрі он бес күн қалғанда (2020 жыл 15 наурыз) індет өршіп, елімізде алғашқы карантиндік шаралар басталды. Дәл сол бір алмағайып кезеңде дүниеге келген бұл өлең — уақыттың тынысын, көңілдегі алаңды және әкелік аманаттың терең мағынасын бейнелейтін туынды.
Сол күндері індеттің салдарынан елімізге еңбегі сіңген, ел құрметіне бөленген тау тұлғалардың өмірден өтіп жатқанын естіп, көріп жүрдік. Адам өмірінің өткіншілігі, артта қалатын із бен ұрпаққа қалдырар өсиет жайлы ойлар мені де терең толғандырды. Осы сезімдер мен ойлар өлең жолдарына айналды.
«Әке өсиеті» — белгілі бір адамға арналып жазылған шығарма емес. Бұл — қиялдан туындаған, алайда әрбір әкенің жүрегіне жақын сезімдерді, әрбір баланың жадында қалуға тиіс аманатты арқау еткен өлең.
Мен бұл туындыда әкенің баласына қалдырар дүние-мүлкінен де қымбат мұрасы бар екенін жеткізгім келді. Ол — өнеге, намыс, адамгершілік, анаға деген құрмет және елге пайдаңды тигізіп өмір сүру аманаты. Ал ақын үшін артында қалатын мәңгілік мұраның бірі — жүректен шыққан жыр.
«Әке өсиеті» — әкенің балаға айтқан соңғы сөзі ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани аманат туралы толғаныс.
Жазылған күні: 02.04.2020 жыл.
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі