Алтын ине

Бұл бетте «Алтын ине» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кездесе қалсам өзiңмен
Қалмайсың менi түйремей:
Сөзiң де сенiң инедей,
Көзiң де сенiң инедей.
Кездесе қалсам өзiңмен
Байланар тiлiм бiраз-ақ:
Табамын содан мың азап,
Аламын және ләззат.
Кездесе қалсам өзiңмен
Кетесiң естен тандырып:
Басым да қалар мәңгiрiп,
Жаным да қалар жаңғырып.
Кездессем болды өзiңмен,
Сайрайды маған құс барлық:
Жоғалып бойдан iштарлық,
Оянар ғажап құштарлық!
Жаным-ау,
Алтын инеңмен,
Шабақтасаң да мақұлмын:
Жаза алып жүрген пақырмын,
Тазарып келе жатырмын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері