Көгілдір көктем

Бұл бетте «Көгілдір көктем» атты Әли Ысқабаев жазған табиғат туралы өлең берілген.

Мұхиттай көктем
Нөсерін төккен.
Келіпті, алақай,
Көгілдір көктем.
Аймалап беттен
Самалы өпкен,
Тарайды талдап
Шашымды еппен.
Қызғалдақ қыр да
Малынған нұрға.
Көк өндір шақты
Қосып тұр жырға.
Кен жазық сала,
Жұпарлы дала,
Жасыл түк пүліш
Оранған дала.
Біз талай барған
Қайыңды орман
Ұмтылып күнге
Бүршігін жарған.
Жағасы құрақ,
Сылдырап бұлақ
Жөңкиді төмен
Жартастан құлап.
Құйқылтып сансақ,
Нақыштап ән сап,
Ұшады құстар
Көгімде самсап.
Жеріме жеткен
Нұрын мол төккен,
Жұпарын шашты
Көгілдір көктем.
* * *
Көктем кеп тағы да,
Тоңынан түз айықты.
Нұр төгіп бағыма,
Ағаш бүр жайыпты.
Табиғат мүлгиді,
Шуаққа малшынып,
Бас иіп шұлғиды,
Самалға талшыбық.
Жұпары аңқыған,
Мамырдың демімен,
Кең дала балқыған,
Ақ нұрдың лебімен.
Құлпыртып маңайды,
Хош иіс гүл еткен,
Қуантқан талайды,
Ғажап қой, бұл көктем!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері