Есіл

Бұл бетте «Есіл» атты Төлеужан Исмаилов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бұлт демеңіз күркіреген қыста сіз,
Аспан-көк дүбірлеп тұр бірақ.
Бұл – біздің болат құсымыз,
Бұлтқа маңдайын келеді ұрғылап.
Аспанның көгілдір құшағы
Маған тұрақ болмаған.
Сағындырған аруға ұсады,
Қиырдан қол бұлғап жер маған.
Жарымның көзі деп жұлдызды,
Мен емес аспанға қараған.
Сүйіктімнің қара торы жүзін тым ізгі
Бозарған айға баламан.
Аспанға үйір боп Тайыр да,
«Айдың мүйізі» сүзіп қап – құлаған.
Ақыры жерден тауып ол даңқпен қайырды,
Өлеңнен құрыш құраған.
Неғылам сүңгіп көгілдір əлемге,
«Жеті қарақшысын» мақтаман.
Одан да түсіп төменге,
Мезозой қабатын ақтарам.
Бұл демеңіз күркіреген қыста сіз,
Аспан-көк дүбірлеп тұр бірақ.
Бұл – біздің болат құсымыз,
Бұлтқа маңдайын келеді ұрғылап.
Сөгіліп бұлттардың арасы,
Көрінді жер – ұлы мекенім.
Есілдің алқасы,
Қызылжар даласы,
Саған тағзым етемін!
* * *
Уа, жер! Тиді табаным
Сенің піл сауырлы арқаңа.
От, от...оттары қаланың
Алтын алқаға ұқсайды,
Кімнің мойнына тағамын?
Таңғалам солтүстік қысына,
Бораны бір жылап, бір күліп,
Ұқсайды долы қатынға
Салатын еріне
бір күнде мың бүлік.
Тас, Есіл! Күтірлет мұз-қарды!
Құшамын толқынды ызғарлы.
Тасы, Есіл! Сал сүрен!
Несіне бəлсінем,
Келгенім –
Бұл тұңғыш.
Татар мен қазақтың қыздары,
Əн-жырмен ал қарсы, кел мені,
Лебіне шөлдедім,
Жүрегім дүрсілдеп бұлқынғыш.
Келгенім –
Бұл тұңғыш!
Қаланың бейтаныс сұлуы,
Жөн бе үнсіз тұруың?
Аяулы, аяулы
Аруым,
Қайда – айт ауылың?
О, сенен... озды ғой бораным,
Қастерлеп қонағын,
Бетімнен өбеді,
Ақылды тентегім – бораным,
Жол нұсқап келеді.
Мен өзім –
Семейдің ұланы.
Қысы оның – үскірік.
Бұл жердің бораны
Соны əлде ұғады,
Мені қорғаған секілді болады.
Уа, Есіл, тасып ақ!
Мұз көрпе бүркеніп,
Жатпа сен – ырғы, атыл тасырлап!
Толқындар, құшақ аш бұрқанып!
Кетейік жарысып, асыр сап!
Ұланы Ертістің келгенде жағаңа,
Киіп ап мұз көйлек сұр түсті,
Ұйқыға шомғаның жаға ма?!
Қабыл ал, Есіл, сен Ертістің сəлемін,
Қалың ну орманның шуылын.
Естайша шырқап əн саламын,
Қос соған сыңғырын суыңның!
* * *
Келемін бойлап мен көшеңді,
Атақты қаласы Арқаның.
Борандай ой ұйтқып көшеді –
Тарихың туралы кешегі
Шұбатып арқанын.
Сол шақта Есілдің алқасын, даласын
Билеген азулы, тырнақты тағылық.
Ақтар жер қабатын – осыма нанасың,
Мамонттың сүйегі табылып.
Ол кезде басталмай сапары,
Толқынын атпаған Есіл тік.
Кəрі сахраның сияқты сақалы,
Болған тек субтропикалық өсімдік.
Тыпыршып күтсең де сен қанша,
Уақыт түйелі керуенін қумайды.
Балқыған жер қатайып болғанша,
Хауана бəрібір тумайды.
Қырсау көк өгіз – замана кешегі,
Құйымшағын қанатқан мезгілдің бишігі.
Уақыттың өрінде митіңдеп көшеді,
Артқаны – бақыттың үйшігі.
Шаңырақтан көк түтін бұлтқа асты,
Бұл маңды сан ру қоныстап.
Аптап күн қақтады қу басты,
Жоңғарлар дамылсыз соғыс сап.
Бесікті арта сап түйеге,
Бабамыз қырларда жөңкілді.
Тарихқа тек қағаз ие ме,
Соқпағын сақтаған жер күллі.
Толқындар жол тартып асыға,
Есілдің тік жарын сабалап өтеді.
Жылдардай ұласқан ғасырға,
Тоқтамай теңізге кетеді.
Заман да осылай ағады,
Келешек күндерге тіреліп арнасы.
Капитал күймеге қоңырау тағады,
Шиқылдап жылжиды феодализм арбасы.
Бəрін жер келеді өткеріп,
Сіңірдің, о, Адам, қаныңды, теріңді.
Мұжықтың егінін жалмады өрт келіп,
Дүбірлеп өткенде əскері Темірдің.
Басылып бұл күнде жорықтың шаңдары,
Жердің тек қабатын құрады.
200 жыл өтті міне оған
(Екі-ақ күні сияқты жерге бұл):
Орнады айбарлы тас қорған
Есілдің жарына – өрге бір.
Сол қорған созылып арқандай,
Тау, көлді қоршады – өр сұсты.
Дүркіреп киіктер Арқада,
Шапқан ат дүбірінен шошысты...
* * *
...Ақтарсам топырақ қабатын,
Ноянның сұр болат қылышын.
Табамын,
Қайралған суарылып қаны үшін
Менің көшпелі бабамның!
Иесі осы өткір қылыштың
Жатаған атынан жеріме
Тік құлап түспесе оғынан орыстың,
Бəлкім мен келмес те ем өмірге...
* * *
Топталып, күркіреп жыл ақты,
Есілдің толқыны сияқты.
Капитал алды да феодалды сақалдан,
Жас жігіт қарт шалды құлатты.
Мертікті сорлы шал, бүкеңдеп,
Сырқырап сегізкөз шонданай.
Сұм жігіт сыйламай үлкен деп,
Өкпеге теуіп тұр сонда да.
Ол жəне тонады кəріні,
Ақтарып қалтасын, ышқырын.
Қиырда қазақтың даласы көрінді,
Капитал жол тартты əндетіп, ысқырып.
Капитал кездесіп көшпелі қазаққа,
– Мал сат, – деп ақшасын ұсынды.
– Қой, жаным, мұның не, мазақ па,
Қағазды қайтемін бұл сынды...
Жігітім, аялда, жоқ əлі...
Көзім түсіп тұр көкшіл бөркіңе.
Бер соны бір қойға, тоқалым
Киім барсын төркінге...
Сонымен... қызды осы алапта,
Сауданың көрігі,
Хивалық, цейлондық манаптар.
Жол салды ту қырға көлігі...
* * *
Феодализм – түйе ғой,
«шөк» десең – «бық» деген,
Құмменен жылжыса – оған жоқ тіреліс.
Капитализм жете алмай қалам деп жүкпенен,
Далаға төседі рельс.
Буржуа – кербез де, сылқым да,
Феодализм жарғағын кимеді.
Заводтың түтінін ұшырып бұлтыңа,
Теріні жақсылап иледі...
Ереуіл, ереуіл, ереуіл...
Заводтың мұржасы сорайып тұрады,
Ұшпайды көк түтін неге бұл?
Ереуіл,
ереуіл,
ереуіл...
* * *
Қым-қиғаш, сан тарау соқпақтың,
Үлкен жол – түйісер аяғы,
Толқынды толқын кеп соқпақ та,
Өзендер теңізге саяды.
Заманның шартарап ағымы –
Бірде өр, бірде еңіс соқпағы –
Маркстік формула күшіне бағынды.
Келешек торабы – олардың тоқтамы.
Келешек деген ол немесе?
Қыз ба екен түйреуіш қадаған?
Жігіт пе əлде ол сом дене,
Бикештер сүйсініп қараған?..
* * *
Даласы Есілдің көлбеген,
Дұшпанға көнбеген,
Батырлар ақ алмас қылышын сермеген,
Намысты бермеген,
Қазақтың Асан данасы
Мұңлы үнімен тербеген –
Есілдің даласы көлбеген!!!
Есілдің кең жалпақ жаясы,
Түгінен май тамған шөбіңді
Құшырмен асаған
Асан атамның Желмаясы.
Есілдің толқынын,
Сұлудың көзіндей көліңді.
Асанқайғы: əкетем, – деп еді,
Торсығына симайтын көрінді.
Дариға! Адамның көзі бұл
Тойымсыз, – деген ғой қазағым кемеңгер.
Бір уыс топырақ құйылса – өзі бір,
Жұмылмай қалады, – демеңдер.
Қалайша менің оймақтай жанарым,
Шарасына сиғызды
Есілдің құдиған, қып-қызыл жарларын?
Көне бір батырдай көтерген аспанға,
айбарлы жарағын –
Көзімде – зəулім мұнара,
еңселі үйлері қаланың.
Есіл көл, Есіл көл, Есіл көл!.. –
Деп жас төгіп қайғылы есіл ер –
Асан бабамыз сонда осы бұлқынған Есілдің,
Кім білсін, өзі ойлап қойды ма есімін?!
Мен Асан атама ұқсаман,
Қой, егіліп жыламан!
Толқынның шашынан ұстаман,
Торсықты сайламан,
Құйып алмаймын мен сені,
Өр Есіл, өзіңнің жарыңда
қал аман!
Жарыңды сабалап аға бер,
Келешек қақпасын дамылсыз қаға бер!
Тартыла көрмесін толқының ешқашан!
Татар мен қазақтың қыздары
Шомылсын, Жуынсын ақ тəнін,
Түсіндей мақтаның!
Есілдің үніне күлкілі
Қорқыт қобызын қосыпты бір күні.
Толқынға кілемін жайыпты.
Жарына көз жасын төгіпті.
Бұл күнде қызыл жалаулы баржа мен қайықты,
Толқындар сүйсініп өбіпті...
* * *
Атығай, Қарауыл мекені, –
Құлагер өткен жер – дүбірлеп олжа сап.
«Сайқал дүние кімді еркелетеді», –
Ақанды сабапты мол жасақ!
Ерлер мен серілер отаны:
Жүйріктер тұяғы боратқан
қап қара, шудалы шаңдарды.
Аяп сол қайғылы Ақанды,
Сұрасаң – егілген шалдары.
Біржан сал əн-жыры қанатын
Аққу боп қағатын;
Адамша қуаттап, көтеріп,
жаңғырып қосылған сар жайлау, тау іші;
Ақ тəнін сабаздың жұтса да
қара жер қабаты,
Сол елдің аспанын шарықтап,
кезіп жүр дауысы!
Көкірегінде сақтап қалды ма өр Есіл
Сиқырлы дауысын Естай данамның?
Кешқұрым сыршыл су
күміс үн төккенде сыңғырап, есіліп,
Бабамның əні деп қаламын.
Ерлер мен серілер отаны – бұл жерде туыпты,
«Кəдімгі Сəбит Мұқанов», –
аспаннан салбырап түспеген, –
«ет пенен сүйектен жаралған».
Есілдің толқыны сол қарттың жастығын қуыпты,
Жоғалған өлеңін табам деп қай аралдан....
* * *
Есілдің даласы көлбеген:
Топталған киіктер шегіне жетпеген,
Сан тұлпар шалдығып, терлеген,
Татпаса майсасын көктеген.
Қыранның қанаты секілді теп-тегіс,
Есілдің даласы көлбеген.
Кеткенде өктем қыс,
Жеткенде көктем-қыз,
Сағынып шəрбəтін,
аққулар сұңқылдап, шөлдеген.
Өр Есіл, зор Есіл, жан Есіл, өзенім,
Сағынармын мен де өзіңнің зəм-зəм суыңды;
алыста мен сенен ойласам – өртенер өзегім –
Татардың қызымен шарлаған нуыңды.
Сол ару кезіп ну жағаңды, мұңайып мен жоқта
қарақат көзіне жас алса,
мен болып аймала, жалынам, Есілдің самалы,
Тағзым ет иіліп, жас қайың, жас арша.
Аруым, оралам мен саған,
дөңдер мен сайларға мұңайып қарама;
жыл құсы сықылды Есілдің айдынын аңсаған,
оралам, аруым, мен саған,
əзірше нуларды жалғыз-ақ арала,
гүлдер мен шыршаға мұңайып қарама...
Өр Есіл! Шілдеде мен сенің
жағаңнан жырақтап,
балалық шағымда жүзбедім төсіңде.
Тереңнен күмбірлеп естілген сырлы үнің, бірақ-та,
мен туған Ертісті түсірді есіме.
Сезгендей толқының жалынын кеудемнің,
еміреніп, аймалап қарсы алдың, Есілім.
Айбынды Ертістің ерке ару сіңлісі сен едің,
Арқада ағатын жарысып, көсіліп.
Мен сені емеспін жырлаған,
ғафу ет, қария Ертісім.
Балапан шағымда қатпаған бұғана,
Мейірлі қойныңнан ұшырдың алысқа ерте сен.
Өзің айт, айт кəне, Ертісім-анашым,
жол түсіп барсам мен жағаңа,
қорқамын анасы
ержетіп сағынып келген бұл баласын
деп əлде танымай қала ма.
Қоп-қою шаштарым сұйылып,
Үлкен, ақ маңдайға түсті əжім.
Сақтай да алмадым
сен берген жастықтың көркін мен,
Кешір сен, Ертісім – жан анам – ұстазым.
Сағындым мен сені, балалық пак шағым,
толқынмен ақтың ба сабалап Ертістің арнасын;
сықылды таңдағы көк сағым,
жас дəурен, қайда ұзап барасың?!
Ұялып пəк жүзім от болып жанатын,
қыздарға арнаған бере алмай хатымды.
Мен едім – көзіме жас толып
танатын:
«Бала ақын» – дегенде атымды.
О, ғажап! – бал қылық тым жырақ қалды ма:
мақтадым мен бүгін жырымды шала үйткен.
Түспесем қайтушы ед əкенің алдына,
несіне таластым Сəбитпен!!!
* * *
Достарым, кешірім өтінем,
Əуелі, əрине, қыздардан.
Өбіп менің албыртқан бетімнен,
Қорғады бір ару аязды ызғардан!
Жастықтың қоңыраулы күймесі
Ерте ғой тоқтайтын күн əлі.
Жұлынып бітті ме
Жүректің гүлі əлі?!
Шіркін, əлгі боздауық түйенің бойы ұзын,
Бірақ та құйрығы қысқа ғой.
Маңынан жүрмеймін аршын төс,
сұп-сұңғақ жұғысқан кей қыздың –
Шашы ұзын, ақылы қысқа ғой.
Жасырып неғылам сырымды,
Ұнатты десеңдер: бұл кімді?
Тағдырым тап қылып ұялшақ, төменшек сұлуды,
Кеудемді бұзбаққа жүрегім бұлқынды!
Жар іздеп қыр бардым, құз бардым:
Ол – сенсің, аруым, сенемін!
Ерітіп кеудемнің мұз-қарын,
Бер маған жылуын денеңнің!
Кейде ақын – адам ғой ұшқалақ,
Кейде оны данышпан деуде де.
Соны айтып – татардың аруы құшқан-ақ,
Жұп-жұмсақ мақтадай кеудеде.
Топырақ көзімнің шырағын өшірсе,
Алып қал нұрларын, аруым, сауытым, беренім!
Қазақтың қарақат көздері кешір сен,
Татардың қызына гүл үзіп беремін...
Апырау, мұным не? Мен қалай жырладым,
Өзіме-өзім ұқсамай.
Қой, өйткенше, заман паравозымен зырлайын,
Жауыр Пегастың құйрығынан ұстамай!..
* * *
Жұмыр жер – доп емес, –
Дегенді айтамыз əр қашан.
Сонда да жасы оның көп емес,
Космос өмірін санасаң.
Миллиард жыл деген немесе?
Əлемге ол – сəбидің өмірі.
Сонша жас жасар ма шабытты өлең де,
Бір күнде-ақ өледі небірі.
Уақыт шексіз ғой, достарым,
Бір адам өмірі жетер ме.
Шақырам, сондықтан, замана жастарын
Уақыттан есені өтеуге!
Соқ барабан, дабылды еңбектің
қыздырып жыр əнін,
Жас жігер теңелсін жасынға!
Тастаймыз артқа біз «уақыт пырағын»,
Секундты айналдыр ғасырға!
Есеңді жұтпасын космос түнегі,
Өмірің тең болсын жұлдыздың жасына.
...Қанша мың ғасырлар
жатса да құлазып,
Бұл жердің жасын кім сұраған.
Жаттың-ау, туған жер, келгенше өр ұрпағың, –
Кінəлайын демеймін атаны, –
Қаңсыдың, түтедің, шаңдатып бұрқадың,
Кəрі ғасырдың сүртер ме сақалы?!
Обалар тұр əлде баба рухын күзетіп,
Кімдерге топырақ төседің, жер-ана.
Түгіңді шалып жеп кеткендей тез өтіп.
Ботасыз аруана секілді замана,
Кəрі жер, көне жер түк үнсіз
Жатыр, ол – көп істің кепілі.
Ойланып басамыз топырағын бүгін біз,
Абайлап сипаймыз ақ қайың кекілін.
Көк жайқын өзенім – өр Есіл,
өміріңді ұрлады-ау
Қарақшы керуені жылдардың.
Сырнайлы толқының қандай жыр жырлады,
Талдарың кімге айтты сырларын?
Жоқ, жаңа ұрпақ осыған көнер ме,
Дабыл қақ, толқындар, сілкінші,
Есілім!
Жаңартып өміріңді көнерген,
Күн бұрын ашты олар келешек есігін!
Уа Жер! Туған Жер!
Қасиетіңді
тап біздей кім ұқты?
Бесіктей тербейсің шабыт пен ойды да.
Бейне бір əжемдей ұқыпты
Сақтапсың не асыл қойныңда.
Құланның ізінен көремін ескіні,
Бабамның жолындай «Ақтабан шұбырынды».
Байқамай өтіпті-ау олардың ешкімі
Тереңге тығылған сырыңды.
Садақтың жебесі зуылдап ұшады да,
Бірақ та... нөпірлі дұшпаннан
ол қай бір қорғасын.
Жатты ғой сонда жер құшағында,
Күркіреп жауға ұшар қорғасын!
Жерді бабамыз ұнатқан,
Қарап тек шалғынға масаты:
Шалдықса – су ішіп бұлақтар,
Жүйрігі майсасын асады.
Ойлаған бабамыз болды ма
Жер-ана өзгерер дегенді:
Шешкендей батырақ қаудырлақ тонды да,
Өзгеше киінді жер енді!
Есілдің даласы майсалы
Күнді де орманға батырған.
Егіннің шалқыма қиялдай мұхиты ой салып,
Жолаушы қиялын шақырған!..
Ракетамен барсақ біз бір кеште,
Марс – мейманханамыз,
Тартуға есілдік бикешке
Айдың сырғасын аламыз.
Əжеңнің үйі екен – Жер беті,
Тартылды аспан көшесі!
Жер құрсағының перзенті –
Атом техникасы ер жетті,
Ғылым – кіндік шешесі?
Есілдің күмбезді көгі де –
Жаңа бір дүние мекені:
Аспан өкпесіне –
«Орбита проспектісіне»
Осы арамен өтеді
«Ақыл самұрығы» –
Жер серігі,
Күн серігі...
...Ашулы толқындар айбынды Есілде.
Тебісіп, сүзісіп, арқырап, тулаған.
Сонда бір сырды алам есіме:
Басталған бұл өзен бір кіші тұмадан!
Елеусіз сол тұма шықты ытқып жартастан,
Сағынышты ғашықтың жасындай мөлдіреп.
Жол-жолдан бұлақтар арнада табысқан, жалғасқан,
Күмбірлеп, сүйісіп, елжіреп,
Ғажайып күшінен олардың біріккен
Өр өзен – ұлы Есіл құралған.
Тасқынды селебе құландай үріккен, –
Қаймықпай тұрады кім алдан!
Жол салып ойлардан, еңістен,
Сауырын тілгілеп даланың көсілген.
Шу асау толқындар күркіреп, жар салған, тебіскен,
Дегендей: «Есіл – мен! Есіл – мен!!!»
Көз салам: Есілдің даласы көлбеген,
Соқпақтар тоғысып соқпаққа,
Далиып кетеді жол деген,
Ол да – өзен, – жүргінші – толқынын тоқтатпа!
Бұлақтар тоғысса арнада,
Туады өр өзен тасқынды.
Соқпақтар тоғысса далада.
Жол түсер – қамшы бас атыңа, ас қырды!..
Кей жазық даланы, белдерді.
Ораған қара жол, даңғыл жол.
Шаншылып биік пен өрлерде,
Құлдырап құдайды ылдида ол.
Жол, жол, сырларың ғажайып,
Бейне бір жердегі дастансың.
Шалқыса зор өмір, құшағың кең жайып,
Арнасын əуелі сен өзің бастайсың.
Жол, жол! Төсінде даланың
Қиянға көсілген, тауларды белбеулеп.
Күтесің, уа, достым, ең жақын адамың.
Осынау жолменен келер деп.
Талдырдың сен, бəлкім, көзіңді,
Қарап көп жол асқан кезеңге.
Қаншама достарым шығарып салды алыс өзімді, –
Жол десе толқимын, ұқсаймын тебіреніп өзенге...
Шарлаған Есілдің даласын көлбеген.
Қара жол, даңғыл жол, қасқа жол көсілген,
Алыста жатсаң да тап кəзір сен менен,
Шықпайсың əсте бір есімнен.
Қанша алыс айдайды арбасын,
Бабамыз Мекеден əрі ұзап бармаған.
Тартылды ал бүгін даңғыл жол, темір жол –
өмірдің арнасы, –
Ту қырға ат аяқ салмаған.
Жол, жол, əкелген Есілге сен едің
Молдаван жігітін, белорусс қыздарын...
Шегі жоқ жолдардың –тартылған Айға да, сенемін,
Астымен теңіздің, үстімен құздардың!..
Аңсадым Есілдің даласын күн санап,
Гүлдердің жұпарлы иісін сеземін.
Дариға, жетермін өзіңе жол түсіп бір замат,
Қаһарлы, мейірлі, ашулы, жайдары, өзенім!!!
* * *
Мен бүгін мінбеймін күймеге,
Тарантас ескірді, асылы,
Бабамның арқасы тимеген
Көлікке отырғызды ракета ғасыры.
Көлігім – электр, нажағай ілеспес,
Менің дауысым – мотор гүрілі.
Замана жастары, батыл, өр лекте өс!
Сенің қолыңда – жаңа өмір кіндігі.
Кім бізге болады тосқауыл,
Жолымыз – келешек рельсі.
Иыққа батпан жүк таста ауыр,
Жастық қуатты күтіп тұр ел ісі!
Бүркеніп Жер-ана топырағын,
Ғасырлар жатты үнсіз көк темір, қорғасын.
Ал бүгін ол менің ұшқыр көлігім, –
Неғылам «Итбайдың жорғасын?!»
Тоздырса ер Төстік сапарда
Темір етік пен темір таяғын, –
Зула, экспресс, зула, от арба,
Керек пе таяғың? – электр – аяғым!
Туған жер, сүйемін мен сені, құшамын,
Дермін: – Өзіңсің өмірдің жаннаты, –
Шырқатса да аспанға көк сеңгір
Ракета – заманның қанаты!!!
Тартамыз біз одан баллистикалы жол саған,
Өгейсітер біз бе екен, қасиетті жер, сені?!
Бас имек «аспан əулиелері» – жұлдыздар самсаған,
Қайна, жастықтың тасқынды өр селі!!!
Ағыттық уақыттың шідерін,
Əр күнім, сағатым – ғасырдан айбарлы.
Соқтырып заманның электрлі жүрегін,
Кел, қыздыр, даңқты жеті жыл, дүбірлі майданды!!!
* * *
Қос жағаң – атылас, – кимеген жер үсті, –
Сыйлаған өмірдің Май жазы.
Көп ақын өзіңе борышты –
Бермеген өлең-жыр – байғазы!
Уақа емес деп, Есіл, күлімдеп ағасың,
Сараң жұрт емес қой ақындап – қарыздар қалмас та.
Жете алмай жүрген ғой, шамасы,
Біразы кетіп ед... Парнасқа!..
...Өтсе де жағаңда аз күнім,
Қалды деп айта алам жастығым Есілде.
Сыңғырап естілген арманда назды үнін
Сəулемнің күлкісін салады есіме.
Күлгендей болады еркешім, –
Толқынның сыңғырын сүйемін...
Тілгілеп даланың жоны мен өркешін,
Иіріліп ағасың мойнындай түйенің.
Иіріліп орайсың даланың дөңдерін, нуын да,
Жолшыбай бұлақтар құйылып,
береді қуатын арнаңа.
Уа, дариға, тап солай...
тамшы екеш тамшы боп қосылса суыңа,
Осы жер өзіңнің атына арналған!
Дамылсыз ойлармен ұзатам көп күнді,
Кеудемде толқиды жастықтың арманы:
Өзіңнің толқының сияқты екпінді
Кемерін соғатын арнаңның!
Арманым: жанымның айнасы – жырларым
Кетпесе денеммен салқын жер қойнына,
Қария есіне ол түсірсін думанды
жас дəурен жылдарын,
Алқа боп тағылсын арудың мойнына!
Татардың жас қызы ұмытар ма ол күнді,
Жанарын қадар көп сол ізгі жан саған...
Жыр емес, ұғын бұл – сағыныш толқыны
Төгілген жүректен өзіңді аңсаған!
Кім өмір сүреді мəңгілік,
Ал жырым – шағала
қалқысын төбеңде.
Бір биік шыңыңнан қарайын мен күліп,
Шақырсаң, – уа, Есіл, жағаңа кеп қонған өлеңге!..
Жол салып бұтақтардың арасынан,
Күркіреп, уа, Есіл, жетермін тағы да.
Толтырып далаңды көзімнің шарасына,
Топырағыңды сүйермін, еміреніп, сағына!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер