Келін

Бұл бетте «Келін» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

1
Сонау жылдар еді бұл...
Күзетті аспан күңіренген ел үнін.
Ел күзетті əкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін.
Күзетті ана нəрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің іштен ілген есігін.
Ар күзетті туған жердің картасын,
Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын.
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
Ай күзетті кəрі аспанның қабағын.
Жатты солай талай қыс пен күз өтіп,
Бұл дүние бірін-бірі күзетіп...
«Сонау жыл» деп аталады ол енді!
Жазсақ-тағы шаттық жайлы өлеңді;
Елестетсем қара жылды, көз жасын,
Əлі күнге шыдамаймын өз басым.
Соғыс күлі көміп кеткен денені
Көктем гүлі қайта көктеп түледі...
Қасиетіңді білу үшін аяулы ел,
Қасіретіңді есіме алғым келеді.
Сонау жылдар еді бұл...
Келін сонда дəл жиырма бес жаста еді,
Ойламаушы ең қартаяр деп əсте оны.
Кісі жоқта айна алдына келетін,
киіп алып қызыл мақпал жилетін.
Түйме орынын жаңғыртумен күнбе-күн
Он саусақ та атқаратын міндетін.
Қайта-қайта тарқатылып қара шаш
қара бұлттай жаба-тұғын күн-бетін.
Белгісіз бір ұят буып кейде оны,
«Толысқаным – семіргенім ғой» – деді.
Бірден-бірге ауырлады ол, қалды əне
Бір ай бұрын киіп жүрген көйлегі.
Бір қуаныш, бір қорқыныш бойды алып,
Қала-тұғын кейде оңаша ойланып.
Күн-күн сайын үдей өсіп молайған
Арылғысы келе-тұғын сол ойдан.
Кейде алуға қызығатын ана атын, –
Мұндай сезім өзіне де жаңа тым.
Бірақ шалдар «қызым» десе – нұрланып,
«Келін» десе – қоңырайып қалатын.

2
Солқ етті жер бір түні...
Түтін жұтты көкжиектің құлқыны.
Сол бір сəтте жинай алмай түрды аспан
Миығында қалып қойған күлкіні.
Күлкі-дағы – күннен қалған бір белгі, –
Күн соңында қызыл шапақ тұрды енді...
Соғыс деген жалғыз ауыз сөз ғана
Сұп-суық бір шеңгелімен бүрді елді.
Бірінші рет жиырылды ақ маңдай,
Бірінші рет елегізді ел, батқанда Ай,
Жер тозаңы кетті бірден жайылып,
бүкіл дүние келі түйіп жатқандай.
Зірк еткізіп тепті жүрек кеудені,
ышқынған жан бірінші рет «Мен!» деді.
Жас келіннің жайнап тұрған жүзіне
күлкі-дағы бірінші рет келмеді.
Ойларынан ажырады ол жай күнгі,
бірінші рет мойындады қайғыңды.
Бірінші рет сүйіп еді бір жігіт,
одан-дағы бірінші рет айырылды.
Тұңғыш шыққан гүл секілді ырғала –
тұңғыш рет жарық көрді бір бала.
сол күн бұған сезім берді жаңа тым,
сол күн бұған алып берді ана атын.
Тез арықтап семіз өмір, тойлы өмір
Қайта киді сыймай қалған көйлегін.

3
Бұл үй сонда – көп үйлердің бірі еді,
бірі от жақса – күл алатын біреуі.
Қашан көрсең – қыстырулы тұратын
белдеуінде құрығы мен күрегі.
Сұлтан атай əңгіме етсе нені ұйып,
Ұлпа шешей тыңдай-тұғын кемиіп.
Айдар деген жалғыз ұлы бар еді,
Жігіт еді ол да өзінше əдемі:
Қошқар тұмсық, қысқа мойын, кең кеуде,
бел жұп-жұмыр, сала құлаш белбеу де!
Қақпақ жауырын, шалқақ біткен басы да,
тек маңдайы жараспайтын жасына.
Құдықшы еді колхозда ол сол жылы
Ғажап еді күштілігі, молдығы.
Құдық қазса қарайтын жұрт қызығып
Топырағы ұшады деп тізіліп.
Сөзге, сөзге шорқақ дейтін кейде ол,
бірақ кезін көрмепті ешкім сөйлеген.
Бұл семья – төрт-ақ адам делінді,
қоссақ егер жаңа түскен келінді.
Иə, бұлар төртеу еді, төртеуі
секілді еді төрт керемет ертегі.
Сұлтан атай ерттей қалса сары атын,
Ұлпа шешей айыл алып баратын.
Келін үйден көпшік алып шығатын,
Сүйтіп, бəрі бір ат ерттеп тұратын.
Бір түбірлі бəйтеректей саялы –
Бəрі қосып бір көлеңке жаяды.
Дастарқанның төрт бұрышы – төртеуі,
Бұларға өмір бесеу болуды аяды.
Айдар кетті... келіп еді бір адам,
Ол да мұнда келе-сала жылаған.
Сонымен, шал, кемпір, келін... өседі ұл –
Төртеу болды тағы менің есебім.

4
Шағын ғана қоңырқай үй тұр дөңде,
Иесі емен, бата алмаймын кір деуге.
Жапа-жалғыз томсырайып тұр сол үй,
секілденіп ойы сөнген бір кеуде.
Түнгі ошақта бықсып қана жанады
шала кебу салған тезек жаңағы.
Жалын тілі жалт етсе бір... төңірек
бұрынғыдан көрінер сəл кеңірек.
Тым-тырыс түн қымтап алған маңайды,
əлгі ошақты айнала кеп қамайды.
От лау етсе – күйдіріп ап қанатын,
ыршып түсіп, қайта ұмтылар қара түн.
Əйтсе-дағы осы бір от жылытты ой,
қарайсың кеп жан жадырап, жібіп бой,
Болса да əлсіз, қалың қайғы ішінде
Жылтыраған бір кішкене үміттей...
Келін отыр, бейне ашыққан адамдай
Осынау бір оттан көзін ала алмай.
Отқа дем-дем жақындайды ол... кенеттен
өзі бірге жанатындай сол отпен.
Алау сүйіп албыраған бетінен
бір қуаныш көрмегеніме өкінем!
Қуаныштың бір мінезі бар тағы:
ол – осындай сұлулардан қорқады.
Сұлуға да тақты мезгіл сын, айып,
Жүрсе де ол желпініп бір тыңайып:
Көзі, бейне, шаттанудан гөрі де,
Шаттықты аңсап, мұңаюға лайық...
Сұлулығы секілді еді жыр ғажап,
Ашқарақ көз тоя алмастай мың қарап.
Ол күлсе тек – жүзіне əлгі арайлы
кемпір күндеп, шал күрсініп қарайды.
Оның шашын сипайтын тек жел ғана
Сондықтан ол болды жесір, болды ана.
Көкіректің белгісіз бір дірілін
қағып алып жұтып жатты кең дала.
Мұның демі күйдірмеді ешкімді –
Əлде бұл да салқын тартты, ескірді?
Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды
Бұлтаңы көп əзілдерін шалдардың.
Əзіл əсері сол сағатта-ақ кетсе өліп –
Уы ойда қалар еді от болып.
Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл
Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп.
Осы бір сəт тұнып кетіп құлағы,
Жылағысы келді кенет... жылады...
– Келін шырақ, асың түсір!
Қи жапқан
қапты ұмытпа! –
Дауыстады үй жақтан.
Селк етті əйел тамағында құрғады үн,
жалт қарады түн жанышқан қырға бір.
От сөніпті.
Өкінішпен аңғарды
Көз жасының күлге тамып тұрғанын.

5
Ұлпа шешей немересін əлдилеп,
Ірге жаққа сүйенетін қалғи кеп.
Ыңырсыған кеудесінен кəрінің
Шығар сонда бір əдемі əн билеп:
«Қоңыр қозым, мерейім,
Əуедегі жалғыз Ай,
Айды да алып берейін, –
əлди-əлди, əлди-ай.
Əжесінің тентегі,
Көңілдегі əн-күйім.
Тыңдайсың ба ертегі,
Əлди-əлди, əлдиім.
Əжең əннен жаңылды,
Əлди-əлди, əппағым.
Тыңдағаның əнімді –
Түк түсінбей жатқаның!»
«...Қалғи қойшы, бөбегім,
Мен де енді қалғиын.
Ағаң қашан келеді,
Əлди-əлди, əлдиім.
Жылқыдағы құлыным,
Құраулайын, келе ғой.
Əлди-əлди, шыбыным,
Жұбана ғой, көне ғой.
Əлди-əлди бала ғой,
Ұйықта, ұйықта бөпешім.
Бүгін ұйықтап ала ғой,
Ертең өсіп кетесің.
Бесік тербетейін мен,
Алсын сені арқалап
жауға деген кегіңмен
досқа деген мархабат.
Шаңыраққа қарама,
Кешкірсе – күн кешкірсін.
Əкең туған далаға
Əлди-əнім естілсін.
Ұмытарсың сен мені,
Ұмытқанша қалғи ғой.
Бүгін де ағаң келмеді,
Əлди-əлди, əлди ғой.
Қой ішінде – қоңырым,
Базар бардым – қалды өтпей.
Жай таппаса көңілім
Неғыламын əндетпей!
Ұйықтай қойшы əдемім,
Əйнəлəйін əушіңнан.
Сенің байғұс əжеңнің
Əні қашан таусылған!» –
Менше, осылай жұбатады əже ұлын,
Тереңдетіп маңдайдағы əжімін –
Күрсіне кеп мұңдылау бір айтады əн,
Бірақ, кенет... күлімдейді қайтадан.
Əже осылай əндетумен өтеді,
Əже болса – əн дегендер жетеді.
Ұйықтатады ұлын солай, ал өзі
Кейде ұлынан бұрын ұйықтап кетеді.
Қарағанын көрген емен шал налып,
Қарамайтын ештемеге таң қалып –
Бəрі, бəрі Алладан деп, жүрді ол
Ылғи-дағы əлденеге қамданып.
Бір жоқшылық шал ойында қозғап үн,
Ойлатуға тырысады өз қамын.
Жаны бірақ жап-жаңа боп тұрған соң
Көрмеді ешкім шапанының тозғанын.
Шал жүреді: «Солай ғой – деп, – бұ тірлік»
Келін жүрді: «тары бітті, бітірдік»,
Сəби отыр тостағанын босатып,
Кемпір отыр: «бір Құдайға шүкір» ғып...
Бір нəпсінің күйі ойнайтын кеудеңде
Қызыл ала тары нанын көргенде.
Табақшада қамыр болып қалған ұн
Сезсең іште қандай от боп жанғанын!
Ұмытқаның есіңе оңай түсетін
көрген кезде диірменнің жарғағын.
Күзгі дала, ұмыта алман бетіңді,
Суға бөккен қара талқан секілді.
Қара талқан, қара талқан бір кезде
қара нұр боп ойнап еді-ау бұл көзде.
Қара талқан! Қасиетіңді кеш маған,
Енді сені «сонау жыл» деп еске алам...
Сол тірлікті – кемпір, келін, шал бағып,
Аспан құсап қарай-тұғын паңданып.
Алдап-сулап жөнелтетін мезгілді,
Жəне өздері қала-тұғын алданып.

7
Сол бір жылы... жүдеп, тозып болды алап,
Үзім нанды қолдар жүрді қолдан ап.
Көкірегін күрсінумен күйдірді ел,
ақ жүректі қара қайғы бомбалап.
Көңіл алаң, нені күтсе – соны ойлап,
Қонып жатты бетке əжім, самайға ақ.
Қиын болды жұбандырар сөз табу,
Жылататын хабар айту оңайлап.
Ер өлімі сынады елдің қуатын,
ел болмаса шығара алар кім атын!
екі-үш адам басын қосып көрінсе
Кемпір-шалдар үрпиісіп тұратын.
Ышқына кеп ана зары, жар мұңы
Бір жүректен бір жүрекке қарғыды.
Жаралы ел бір таяққа сүйенді,
Бір көзбенен жылап тұрды барлығы –
Қандай ғана жан қарайды жай бұған!
Қайғылыдан əлі күнге қаймығам!
Адамдарды теңгеруге, қосуға
Құдіретті не бар екен қайғыдан?!
Көңіл айту... көңіл айту қинады
Өз сұмдығын күтті əрбір үй дағы...
«Қара қағаз» қара жерді тепкілеп
Сұлтекеңнің үйіне де жетті кеп.
Жетті ақыры бұл үйге де сұмдық күн,
Жүректерге найзасындай шындықтың
Қадалды кеп,
Əке-шеше байғұсың
Тірі жүр ме ед осындай бір қайғы үшін!
Бірінші рет жасыды шал сол күні,
Құмға сіңді соңғы үміттің толқыны.
Көптен күтіп жүрсе-дағы бұл күнді,
Жүрек байғұс сене алмады бір түрлі.
Бірінші рет шалың қалды жетім боп,
Бірінші рет келін қалды жесір боп.
Көкейлерді бір у қарып шоқ болып
Көмейлерге қалды сол у кептеліп...
...Содан кейін шайын ішіп, бел буып
əркімдер өз шаруасына кетті өріп.

8
О, сезімнің тамшылары,
Жаралдыңдар сендер неден.
Көкірегім жаншылады
Көздің жасын көргенде мен.
Жасқа толы ел тостағаны,
Жесір ана, жан жеңеше.
Жас тамшысын... қосса бəрін
Көл шығар ед əлденеше...
Шал мен кемпір суып қалып,
Сəби алға ұмтылады.
Келін жүзін ымырт шалып,
Қара көзге түн тұнады.
Түндей өшкен көкіректе
сорлы жүрек бұлқынады.
«Қара қағаз» күнде кешке
қайта-қайта оқылады.
Шал бекініп үндемеске,
Кемпір жылап отырады.
«Ерлікпенен өлді» – дейді?
Мұны өлген соң кім айтпады.
Көздің жасы мөлдірейді,
Көздің жасы тыңайтпады.
Көз жасына малшынды аспан,
Жасқа бөкті сортаң далам.
Мен – жазықсыз тамшы жастан,
Һəм бомбыдан қорқам жаман!..

9
Бір көкжиек ашылады əлі алдан,
Үміт сын-ды қашады ол да адамнан.
Дөңгелейді, дөңгелейді дүние
Қорғау менен бүлдіруге жаралған.
Бір аспан тұр төбесінде даланың,
Көкжиектер туады əлі жаңа күн.
Бірден-бірге биіктеген сайын мен
Аспанды да биіктетіп барамын!
Бір жер жатыр табанында əркімнің
Бір сөз тұрды қуаты боп бар тілдің.
Шілдедегі шөлмен аққан бұлақтай?
Өзім-дағы бірте-бірте тартылдым.
Көз жасы да кебе келді қайғының,
Үнсіз ғана мүжіп жатты Айды Күн...
Жабыла кеп көңіл айтып жүрді жұрт
Осынау бір қалған үйге бұлығып.
Кемпір мен шал сəл көтерсе қабағын
Келін қалар, тым құрыса, бір күліп.
Күлкісі оның – кейде жанға батады,
Күлкіні де ел қасірет деп атады.
Жұбату сөз айта келген əр адам
Бір-бір мысқал қайғы əкетіп жатады...
Қалдырмаса қайғы адамды жеке ғып,
Оған-дағы кетеді екен ет өліп.
Əкетті енді бұл үйдің де қайғысын,
Қасіретін көпшілік боп көтеріп.
Жаңа күндер – əкеледі жаңа үміт,
Жаңа үмітті жүрді үйдегі əр жан ұғып.
Шал əзілдеп күлдіре алса кемпірін,
Келін жылап жібереді «жаңылып».
Кей үйлерден көтеріліп той əні –
Өмір солай өзін-өзі бояды.
Сыртта сылдыр қағып аққан бұлақтар
Мұңға кейде ерік бермей қояды.
Өмір сүру ынтасына іштегі
Қайғыны да жеңіп шығу – күш пе еді!
Күн сəулесі түсті тағы бұл үйге
Тірлік тағы өз дегенін істеді:
Шал отырды кеудесі аппақ, басы аппақ,
Немеренің қыл шылбырын шашақтап.
Кемпір байғұс тұсау есіп түйеді;
Келін, əне, сауып жатыр биені, –
Кейде ұрланып тұңғыш ұлын өзінің
Əжесінің баласы деп сүйеді.
Ал, бала ше? Мұнда оның ісі жоқ,
Айтады «ақыл» келінге ол да кісі боп.
Ойынына жөнеледі содан соң
Көк шыбықты мініп алып кісінеп.
Əрқайсысы аймалайды сол ұлды
Бір көтеріп алу үшін көңілді.
Келер күннің – жаңа адамның күшінен
Қайғы ескіріп бірте-бірте жеңілді.
Сəби солай тұр осы үйге сенім боп,
Кəдімгідей жұбаныш боп, көңіл боп,
Кемпір мен шал келін десе, шешесін
Ол да атайды келін деп...

10
Оң жақта тек ақ шымылдық баяғы,
Баяғыдай ақ құшағын жаяды.
Келін жатыр баяғыша, түн-дағы
Шымылдықтан өзгені одан аяды.
Батқан жоқ қой, батқан жоқ қой Ай əлі,
Ай сəулесі шымылдыққа таяды.
Ай қалықтап шыққанда боз аспанға,
Бар маңайды бал-тыныштық басқанда.
Ұғынбады, ұғынбады еш пенде
Қандай сезім оянғанын жас жанда.
Көп ой оның – жүрегіне батады,
Ал, бір тілек əрі қауып, жат əрі,
Өңінде – осы, ұйықтап кетсе түсінде
Күндізгіше егін орып жатады...
Ағып барып екіндіге іркілді Ай,
қалың сезім əлі жатыр жыртылмай.
Құлазиды, құлазиды көкірек,
Бір қызықтың көшіп кеткен жұртындай.
Үйдің іші қоңырайып тұр үнсіз,
жүрек қана лүпілдейді тынымсыз.
Ертең-ертең бола ала ма «бүгінсіз»,
Бүгін, бүгін – неткен қатал, шығымсыз?!
Бір күн ойнап денесінде, жанында,
Бір от жатты дайын болып жануға.
Сиқыр үнге бөгіп алған жаны оның
Ашқандай ед бір музыка əлемін.
Көңілі оның үн береді не түрлі.
Паганини скрипкасы секілді.
Осынау үнді кейде үзіп өтеді,
Сұлтан қарттың күрк-күрк еткен жөтелі.
Қызыл қанды осылайша қайнатып,
бара жатты боп-боз болып Ай батып.
Дəл осылай талай түндер өтті одан
Жоқ қой бірақ біреуі де тоқтаған?
Көп түндерден бұған қалған белгі боп
Ақ шымылдық тұрады тек желбіреп.
Тек қана оның... жатқан анау жастанып
Жастығына қала-тұғын жас тамып.
Өзіне-өзі дей ме екен бұл: «бір...шыда!»
Бір сезімнің толқынына тұншыға,
Түні бойы жесір болып ойлап ол,
Келін болып оянатын күн шыға.

11
Анау ірге... ескі бесік... шаң кілкіп.
Келін көрсе – көздің жасын алды іркіп.
Керегіне жаратып ап кезінде
Бесікті де кетті ме өмір қаңғыртып?
Жатыр ұмыт, талай күнді тербеген
бірге тозып аяқ киімдерменен.
Бесіктің де беделі ұқсас өшкенге –
бұл үй оны еске алар тек көшкенде.
Ағаш бесік! Ұмыт болды о да енді,
Бесік құны – ұмытылумен төленді.
Келін байғұс ұстар оны тек, кейде
Нəрестенің исін аңсап кеткенде...
Бір ер-тоқым ілулі тұр төрде əне,
Мықты болсаң соны ұмытып көр, кəне!
бір күн тігіп, бір күн майлап, бір өңдеп,
Шал жүреді сол ерді ылғи түгендеп –
Бір тасадан шыға келіп қайдағы,
Ер-тұрманын сұрайтындай Айдары.
Кемпір жүрді, Ай ұнаса сынына
Амандыққа жорып қойып мұны да.
Жұма күндер «құран оқу» орнына
Қарынға сап май сақтайды ұлына.
Кештіғұрым, қырға шығып ең биік,
Əлдеқайда қарайтын ол ербиіп.
Сол бір сəтте... табанында ананың
Дөңбекшіген шығар бəлкім Жер күйіп?..
Сəби ғана күтпеді тек ешкімді,
Əне, тағы күлген даусы естілді.

12
Күйіп-жанып тағы талай күн өтті,
Бұл күн-дағы бермеді еш тілекті.
Жылытпады ол кəрілерді, келінді
Төсегіне тағы жалғыз түнетті.
Күндерге əлгі шаттық беріп, қайғы алған
Мүгедектер қайтып жатты майданнан.
Үміттенгіш, ерке қыздар алдында
Шынар болып жапырағын жайды арман.
Əр жараның орынын бір жуады
Күлкі менен көктеменің шуағы.
Азап шексе бір кеуденің жүрегі,
Шын бақытын жаңа тапты біреуі...
Жас жігіттер мүгедек боп қалған кіл
Қатарына қосылды енді шалдардың.
Өздері ерте қартайған соң «селкілдеп»,
Келіншегін шақырады кемпір деп.
Ең аманы бір-бір қолын, шетінен
Беріпті олар көп болғандай екі жең.
Сол майданда қалған қолдар бір нендей
Жауларымен əлі айқасып жүргендей!
Бір аяқтан айырылған жұрт қандай?
«Екі аяғын бір етікке тыққандай».
Жəне сол кез Советтердің Одағы –
Көп батырдың елі десе болады...
Келді бірі жайдақ шамдай сөнгелі,
Өз денесін өз жеріне көмгелі.
Амал қанша, Сұлтан қарттың баласы
Осылардың бірі боп та келмеді.

13
Көктем келді гүлін алып мың түрлі –
Əй, құлпырды-ау, дүние байғұс құлпырды.
Көп сұлуды көрер, əттең, көз болмай,
Көп суреттер қалды қатып қозғалмай.
Сұлу жар бар – сүйе-тұғын жігіт жоқ,
Кеудесі бар – жанып тұрған үміт жоқ.
Күлкісі бар – төгілмейді сылдырап,
Айтары бар – қозғалмайды тіл бірақ.
Қолаң шаш бар – тарай-тұғын жоқ тарақ,
Тек мұң жұтып бүлкілдейді ақ тамақ.
Күні-түні лүпілдеген бір көңіл,
Қайда барып, қайда барып тоқтамақ?!
Қайда мұның тəтті күні жан қияр,
Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр!
Даласында түрлі түсті гүлі бар,
арасы жоқ бірақ одан бал жияр...
Сұлтан-ата дəн ырза еді дəл бұған:
Келін ғұмыры өткен емес алдынан.
Бір күні қарт рұқсат айтты келінге,
Қолын жайды Ұлпа шешей қалғыған.
Келін сонда қарады-ай бір тарығып,
Бір-ақ өшкен құсап сенім, бар үміт.
Ыза шеккен жастық жалын лап етті,
Кеткендей бір күкірт-қорап жарылып.
Бар айтқаны: «ауырсындың ба, ата-анам?»
(Шал еңіреп, кемсеңдеді кемпір құр)
Төгілді-ай кеп. Ыстық тартып кетті бір
Бірінші рет келін деген ат оған...
Ел бір жола сол қасірет-кеселден
Сенбейсің-ау, ада болды десем мен?!
* * *
Содан бері талай-талай өтті жыл,
Əрбір көктем өз ауласына екті гүл.
Əрбір өлік өз моласын тапты бір,
ал, тірілер бөлісіп жүр шаттығын.
Сұлтан жатыр бір төбенің басында,
Сол баяғы өлген жылғы жасында.
Діншіл болсаң – бір сипап қой бетіңді.
Кемпір-дағы сол төбеге кетулі.
Жатыр екеу – оқып біткен екі том,
естен шыққан екі ертегі секілді.
Ал, бала ше?
Бала сонау Мəскеуде,
Батпайды ешкім оны əлі де жас деуге –
Оқып шығып... тауды зерттеп мүлгіген,
еліне аздап пайда жасап жүр білем,
Сол қоңыр үй. Сұлтекеңнің тұмағы
Керегеде əлі ілулі тұрады.
Сөнбепті оты – келін байғұс баяғы
Сол есіктен кіріп-шығып жүр əлі.
Келін жақсы тұрып жатыр деседі,
көп жоқшылық жоғалыпты кешегі.
Өмір ғажап – көйлек те көк, көңіл көк,
Көңіл болса – кетер бəрі жеңілдеп.
Ешкім оның атын əлі білмейді,
Атайды тек келін деп.
Бүгініне дəн риза деді оны,
Атар таңға өзімізше сенеді.
Тек кей кезде... келінім деп біреуді
Оның-дағы атағысы келеді.
Келін десең – əлі алдыңнан шығады,
Жүзінде ойнап жиырма бестің шуағы.
Келін десең – келін емес баяғы,
бір опырық кемпір қарап тұрады.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері