Заман-ай
Бұл бетте «Заман-ай» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Есет Əзербаевқа арнаймын
Пролог немесе өң мен түстің арасы
Мəн бермейсің тағамға тоқ шағыңда.
Зəрсіз кезі баудың да, бақшаның да.
Бəрі есімде, замандас, бəрі есімде:
Дүние арзан болатын, ақша қымбат!
Əн салудан талмайтын бал таңдай түн,
Кездер еді-ау – қыз емес – жар таңдайтын.
Он сомы бар студент қалтасында
Он мыңы бар кісідей талтаңдайтын!
Адамдардың шетінен мес емесі,
Мес емесі – белгілі бесенесі.
Мəселесі дарынның басқа əңгіме,
Шешілген-ді қарынның мəселесі.
Жұлдыз əлем – алдағы бағыт еді,
Біздің ел деп түсіндік Бақыт елін.
Студенттер үнемі өзек жалғар
Асхананың болатын наны тегін.
Өзі түгіл, құтыртып малайларын,
Арам майға айналды талай қарын.
Қап-қабымен сатып ап –
О Жасаған! –
Кейбіреулер семіртті торайларын!
Қиын кездер көзден жас моншақтаған
Кейін қалып, арамыз алшақтаған.
Тойынған ел тулайтын ойда жоқта
Тұра қалса кезекте он шақты адам!
Сары қаймақ тіліңді үйіретін,
Соған да жұрт мұрынын шүйіретін
Алып шыға беруші ек кірген жерден
Қойдың етін, жылқы етін, сиыр етін.
Тоқшылық пен жоқшылық, алмаса ма?!
Баршылыққа таршылық жалғаса ма?!
Шошқа еті деп қазақтар қарамайтын
Шұжықтарға – тоқпақтай колбасаға!
Тыпыршымай бір нəрсе аларында
Тұрушы едің – қажеттің бəрі орнында.
Ішімдіктің болатын неше түрі:
Ликерің де, мускат та, кагорың да!
Əлі есімде сол кезгі мода қандай!
Өңіріне əркім гүл қадағандай...
Арағың да көп еді, арзан еді,
Коньякты тұратын адам алмай!
Кейбір бастық, бұйырып мастарына,
Не келгенін істеді-ау бастарына:
Сұлуларды шампанға шомылдырып,
Сосын барып жататын қастарына.
Вокзалдарда, аэропорт, бекеттерде
Баяғыдай енді дос жетектер ме?!
Қызылы бар, кəдімгі қарасы бар –
Уылдырық өтпейтін буфеттерде!
Түнде де ішіп жігіттер,
Күндіз ішіп,
Қиялында жүретін жұлдыз құшып.
Шаң-шаң болып жататын қоймаларда
Сусар бөрік,
Бұлғын тон,
Құндыз ішік!
Берік кезі,
Нық кезі сенімдердің,
Дастарқаны көл-көсір келіндердің.
Мұным қиял-ғажайып хикая емес,
Ертегі емес,
Шындығы со күндердің.
Молшылыққа үйретіп балаларды,
Май мен етке бөктіріп қалаларды...
Бірте-бірте
Осының бəрі құрып,
Түс көргендей болдық та қала бардық!
***
Табиғат жəне тасырлық
***
Безіндіріп құмдағы,
Саздағы аңды,
Жер соқтырды,
Жылатты мəз даламды.
Қоғам азған,
Ел азған,
Заман азған...
Бірақ жерім дəл бұлай азбаған-ды!
Бұл сөзімді жөнсізге санама, аға!
Бұршақ салды мойнына Далам-ана.
Тракторлар лап қойған Сарыарқаға
Басып кірген АҚШ-тай Панамаға!
Аң-таң болып бəріне қарады ауыл,
Ұйықтатпады «Тың» деген дара дабыл.
Бір-екі жыл өтпей-ақ
Жыртқан жерден
Шаң борады,
Тұрды да қара дауыл.
Сайқал заман түсті де ер ізіне,
Салды ауызын шалқар мен теңізіме...
Мың бұлақтан қалмады жүз бұлақ та,
Сексен көлдің қалмады сегізі де!
Қазынаның қалтасы толмағансып,
Қанағаттың бəрі де болды мансұқ.
Құдық түгіл, Көктегі бұлттар кеуіп,
Кішігірім өзендер қалды қаңсып!
Шаруашылық қоймады суыңды да,
Дариялар айналды жуындыға!..
Күріштіктің жанынан өткен сиыр
Қосып ішті атыздан уыңды да!
Өз қағынан безініп құланымыз,
Бидауаға тап болды ұланымыз.
Дəрісіз-ақ
Өледі ішкен судан
Болса егерде глисты –
Жыланыңыз!
Полигондар құрлық та,
Аралдар да!
Өстіп жүріп адамзат арандар ма!
Таба тұрып ақ-адал еңбегіңмен,
Күдікпенен қарайсың тағамдарға!
Камқоры кім жерімнің,
Панасы кім?!
Даласы – мұң елімнің,
Ауасы – мұң...
Тап болдық бір заманға
Сəбилері
Уланатын сүтінен анасының!
Төнді қауіп қызыма,
Төнді еріме.
Мыңқ етпейді кей ауру емдеріңе.
Суыңнан – мал,
Малыңнан – жан уланып,
Айналды өмір өлімнің шеңберіне.
Басқа жаққа шынымен асыға ма?
Күркілдейді төсекте асыл ана.
Қоршап алған бүгінде жан-жағынан
Ата-бабаң жұтпаған сасық, ауа!
Баяғыдай тұнық па көзі қыздың?
Қарадым да көзіне,
Сөзін үздім...
Тірлігіміз – химия соғысы да,
Противогаз – өкпеміз өзіміздің!
Болып жатқан сияқты өрт қалада,
Қара түтін – қасірет қарт данаға.
Курорт болып көрінген кеше ғана
Қалаларым айналды дертханаға!
Сотқар заман бір басса шүріппесін,
Кете ме деп қорқамын құрып бесік.
Сұрақтардан,
Алуан сынақтардан
Жерім қуыс,
Аспаным шұрық тесік!
Ерте солды талай гүл талай бақта,
Көрді халық сақ болып,
Абайлап та!
Жаңбыр күні жалаңбас жүргендердің
Жидіп түсті шаштары кей аймақта!
Ақырзаман төнді ме енді өңірге?
Аман адам қалмады елде бір де!
Жалғыз көзді,
Немесе екі басты,
Сегіз аяқ құлындар келді өмірге!
Жерұйық қой –
Бабамның қойған аты.
Осы жерде қағылған ой қанаты.
Құрбан болды бəрі де
Адамымен
Қоса шегіп зардапты хайуанаты!
Түз көктемі тəрізді қыз көктемі,
Тырналарым ұшатын тізбектеліп.
Браконьер бездірді аққуымды,
Мың шақырым жырақтан іздеп келіп!
Ішудейін ішуші ек бұл қымызды,
Жоғалттық біз сол қымыз,
Күлкімізді.
Браконьердің көкесі Хрущев боп,
Шұжық қылды қаптаған жылқымызды!
Басқа салса белгілі көнетінің,
Дəнмен бірге тыңайтқыш – себетінің.
Қаратаудың сиыры сойдақтанды
Азуындай Баскервиль төбетінің!
Жауыздығын заманның ұққан халық
Жатпақ емес көршілес жұрттан қалып.
Бөгеттердің қуатты винттерінен
Есеңгіреп шығады ыққан балық.
Қайғы басқа бүгінде,
Күйік басқа.
Өзендерді мақта үшін буып таста!
Су бетінде дөңкиіп жатты талай
Көксеркенің мандайы тиіп тасқа!
Ақылды аттап,
Əдептен асқан адам,
Жетеді енді!
Алдың – құз,
Баспа қадам!
Кесіріңнен
Су сепкен қанатымен
Қарлығаштар жоғалды астанадан!
Мұзға айналып көктайғақ күздің қары,
Шашылды оған қыс бойы тұздың бəрі.
Жиналғандай жақсының қазасына
Қаламыздың көбейді...
Құзғындары!
Безіндіріп құмдағы,
Саздағы аңды,
Жер соқтырды,
Жылатты мəз даламды.
Қоғам азған,
Ер азған,
Заман азған...
Бірақ жерім дəл бұлай азбаған-ды!
***
Рухани өмір, яки өнер дүниесі
***
Қайран өлең өшпеген,
Көнермеген!
Пірім дер ем,
Сұрасаң егер менен.
О заман-ай!
Қас дұшпан қалмағандай
Қаншама жыл ұстастық Өнерменен!
Толып жатыр дəлел мен дерек тегі,
Тамақ қана адамға қорек пе еді?!
Жерің қажет,
Жердегі кенің қажет,
Ал өнерің ешкімге керек пе еді!
Бас иеді тірілер мүрделерге,
Бас имесе,
Олармен жүрме бірге!
Талант жолы – кəдімгі азап жолы,
Талант жолы – тірелген түрмелерге!
Дарын иесін Ел ғана бағалады:
Үкі тақты,
Тұлпарын тағалады!
Ақырзаман келгенде
Асыл жандар
Алыстағы ауылды паналады.
Заман болды,
Кез болды Арың сыздар.
О Жасаған!
Жақсының бəрін сызба!
Басты талай өмірде,
Басты талай
Дарындының орынын дарынсыздар.
Өтті күндер,
Ол – тарих,
Ол – бір аңыз.
Қажет тапсақ – Айға ауыл қондырамыз.
Малың керек,
Малыңның сүті керек,
Керек емес алайда домбыраңыз!
Қылыш жанып қара күш білегіне,
Қарамады қалың ел тілегіне.
Қайран Өнер!
Қаншама айырылып
Зар боп қалдық біз оның сілеміне!
Түрмелерге тықпалап тілге өжетті,
Таққа талай қонжиттық... кіл көжекті!
Ақырында, бауырым,
Ақырында
Əн мен күйді ұқпайтын күнге жеттік!
Енді, міне, бұл өнер тоқырады.
Пайда болды заржақтар оқыралы.
Операда бүгінде
Бірен-саран
Келім-кетім қонақтар отырады.
Бұғаулама,
Дарынның қи шідерін!
Шідерменен не істемек биші керім?!
Қойың керек,
Қой бағар шопан керек...
Керек емес бірақ та күйшілерім!
Домбыраның жаңылып пернесінен,
Қашып көрдік қазақтың термесінен.
Басшыларды,
Қаншама іздесең де,
Көре алмайсың сурет көрмесінен!
Өнер мұңы əйтеуір тарамайды.
Қашан бізді талдайды,
Даралайды?!
Концерттермен бітеді барлық форум,
Кейбіреулер оған да қарамайды.
Болса керек қонбайтын əн басына,
Басын изеп бір келген жолдасына,
Асығады қаланың сыртындағы
Дачаларға,
Мініп ап «Волгасына».
Сынар ма екен таланттың тағы сағы:
Шын асылға мың масыл жабысады.
Концертте емес,
Қалталы
Əн-күйменен
Ресторан залында «табысады».
Тауға ұрыңыз бұл басты,
Тасқа ұрыңыз!
Тарихыңды жамандап бастырыңыз!..
Қымызыңды ішелік,
Етіңді жеп,
Керек емес ал ескі дəстүріңіз!
Көне заман күйлері – дана нұсқа,
Өнерпазды мəпеле,
Аман ұста!
Театрдан үнемдеп,
Үш əуейі
Бір жартылық ішеді демалыста!
Жақындадық дегенмен мұратқа анық,
Жапа шеккен құрбандар тұр ақталып.
Көп, əрине, көбіктер,
Көпіршіктер,
Талғамсыздан тұрмайды бірақ халық!
Сыйлы төрге таласып орынсыздар,
Жанымызды қарыды барынша ызғар.
Қай заманда болмасын,
Қай қоғамда
Жасамаған өнерді дарынсыздар!
Дарын – менің əулием,
Кенішім де.
Айқасамын,
Күресем сол үшін де!
Көре-тұғын көз болса,
Əттең, шіркін!
Өнерпаздар жетеді ел ішінде!
Тербетеді халықты жүрек жыры,
Толып жатыр дарынның жүдеу жылы.
Талай ақын тамаша өлең жазған
Аэропортта,
Вокзалда түнеп жүріп!
Осы өлең – биігің,
Қанатың да.
Оқи-тұғын дұғаң да,
Аятың да!
Авторы оның жүреді қырық жылдай
Жас ақынның, апырай, санатында!
Қазағымның өртенді қанаты мың,
Өртенсе де алған жоқ дала тыным.
Қытай, орыс, ағылшын – керек тілдер,
Керек емес ал сенің ана тілің!
Келешекті бетке алып даңғыл жыры,
Кереңдерге қор болып алғыр жылы,
Керемет əн,
Керемет күй шығарып,
Талай дарын өледі қаңғып жүріп!
Қазақтардын, болған ба аз қонағы!
Біз тұрған үй əн-жырдан қозғалады.
Дарынды жас
Көзінің тірісінде
Жатақхана алғанға мəз болады!
Талантыңды түртетін түлен дейді.
Түлені бар – арқалы,
Тіленбейді.
Бір əдемі домбыра алу үшін
Бейшара əнші тамақтан үнемдейді!
Еркіндік бар қашанда жүрісінде,
Алдында оның шіренбе,
Ірісінбе!
Өлгеннен соң – табысы қоғамдікі,
Байымайды ал өзі тірісінде!
Қалар ма екен астында тағы сынның!
Бізге қиын
(Сынбайды сағы сұмның!)
Ақша табу бір азап,
Таба қалсаң,
Жырып алар жартысын табысыңның!
Тумай жатып тап болдық көп тиымға,
Тиым салған талайлар өтті ұйымға...
Патша дейміз,
Патшаңыз
Өнерпаздың
Табысынан алмаған көк тиын да!
Алаңдайды көңілім,
Алаңдайды.
Өлең – қайғы,
Тіл – қайғы.
Далам – қайғы.
Өнерге де аямай салық салдық,
Салық салған Өнерге ел оңбайды!
Қайран өлең өшпеген,
Көнермеген –
Пірім дер ем, сұрасаң егер менен.
О заман-ай! Қас-дұшпан қалмағандай
Қаншама жыл ұстастық Өнерменен!
***
Пұшайман перзент, жетім ел
***
Ақын ғұмыр арналар сыр аулауға,
Солай болу тиіс пе жырауларға?!
Кеудем толып жүреді құса-мұңға,
Басым толып жүреді сұрауларға!
Ащы сөйлер кей кезде тілім майда.
Қысыр бие – қысыр ой,
Құлындай ма?!
Ақыл қайда?
Паспорт бар қолымызда,
Диплом бар қып-қызыл,
Білім қайда?!
Ақыл, шіркін, өзара ауыспай ма?
Қасіреттен қабырға қайыспай ма?!
Киіз кітап!
Сол өзі қайда кетті?
Кодекс бар,
Мораль бар...
Намыс қайда?!
Жүре-жүре от жүрек салқындай ма?
Тыңдамайды сəбилер,
Шал тыңдай ма?!
Əке көрген – оқ жонар,
Шеше керген – ...
Ұлтың да бар,
Жұртыңда...
Салтың қайда?!
Іздеп кетті адамдар артық пайда!
Жас ұқпаса ұқпасын!
Қарт ұқпай ма?!
Қирап түсті қоғамның қабырғасы...
Заңың да бар,
Сот та бар,
Тəртіп қайда?!
Айналғанда отты ойлар нажағайға,
Көңіліңді бір күдік қажамай ма?!
Неге кедей бай елде тұрған адам?
Кеніш те бар,
Кен де бар,
Қожа қайда?!
Айналаға қарап ел жайды ұқпай ма?!
Түбі жауап берем деп қаймықпай ма?!
Сөрелерге жығылар шыбын тайып...
Табысың бар,
Ақшаң бар,
Байлық қайда?!
Келіп қалды кезіміз көгеретін!
Кезі болды көп ойдың көнеретін.
Еркең де бар,
Ер де бар,
Есті де бар,
Серкең қайда артынан Ел еретін?!
Жақсы болсаң, данадан бата аласың,
Жаман болсаң, бір күні шаталасың!
Жетімхана айнала,
Жетімектер,
Ал солардың қайда жүр ата-анасы?!
Жез таңдайға обал ғой,
Мыс таңдайға.
Таза жүрек құсадан ысталмай ма?
Əдеп қайда, қыздар-ау,
Ұят қайда?!
Тізгін қайда, жігіттер,
Ұстам қайда?!
Арты қатты тірліктің,
Алды майда.
Опасыздық адамды аңдымай ма?!
Сезіміңді қоярға жер таппадың,
Сəбиіңді қоясың енді қайда?!
Үміт деген ердің-ау бір сағымға.
Жұбатам ба қайтемін?
Ұрсамын ба?!
Баспана бар,
Құжат жоқ
Есептен тыс
Өсіп жатыр əзірше құрсағыңда.
Не істегенін ойланып,
«Ер» талдай ма?!
Сығып қалсаң бетіңді,
Ар тамбай ма?!
Өсіп жатыр əзірше ұл құрсағыңда,
Ертең қайда қоясың,
Ертең қайда?!
Дұрысырақ бұл сөзді ұғыналық,
Жүре-тұғын өзіңсіз түбі налып.
Жігіт – қораз
Шақырып отыр қазір
Басқа дуал үстіне шығып алып!
Ойлай-ойлай кетеді ісіп бас та,
Ару басқа, көкетай, мысық басқа!
Ата-анадан,
Ауылдан қысылғаннан
Құтылады біреулер түсік тастап!
Гүл ие ме өмірге?
Пұл ие ме?
Қуаныш па?
Немесе мұң ие ме?!
Жылай-жылай жетесің толғағыңа,
Шыр-шыр етіп келеді ол дүниеге!
Жазылғандай кəдімгі сценарийде
Жігіт қайда?
Қашып жүр ол əр үйде.
Болмайтынын білген соң отасудың,
Бас тартасың баладан сен, əрине!
Аласың жоқ біреуде,
Жоқ бересің.
Аһлаумен күндерді өткересің.
Алданған соң...
Ол түгіл,
Басқаларды
Жазықсыздан жазықсыз жек көресің!
Ішің күйіп,
Ашуың қайнағандай.
Өзіңді-өзің боласың байлағандай.
Өкіресің,
Өксисің,
Ал сəбиге
Келіп-кетер осыдан пайда қандай?!
Аманыңда,
Өзіңнің есеніңде
Тиген оған зияның,
Кеселің де:
Бесік жырын естімей,
Емшек ембей,
Өседі ол бүрісіп төсегінде!
Жəрдемдестім,
Талайға көмек бердім.
Парыз деген болады,
Төлеп көргін!
Жетімхана – бесігі бақытсыздың,
Жетімхана – түрмесі бөбектердің!
Ауырар ол сан мəрте тəні қызып,
Бұл ғана ма?
Болады əлі қызық.
Кім деп оны сен ертең айта аласың:
Өңі – қазақ,
Тілі – орыс,
Қаны –бұзық?!
Араласқым келмейді көп дауыңа.
Арынды өмір,
Қиындау тоқтауыңа.
Ол баланың құқы бар не істесе де:
Сені жəне əкесін соттауына!
Боратады тағдырдың желі құмды.
Ақтай қояр мұндайда Елі кімді?!
Жаратқан да,
Жұртың да,
Келешек те
Бұза алмайды ешқашан ол үкімді!
Сен, білемін, жабасың жастығыңа.
Жаратқанның,
Жазмыштың қастығына.
Дұрыстық, бар сөзіңде...
Сені алдаған
Əкесінде, əрине, басты кінə!
Шошытпайық заңыңа шорқақ елді,
Жолбарыс ұл дей алман жорта келді.
Екеуіңді білмейді жетім сорлы,
Перзент ортақ,
Үкім де ортақ енді!
Ауа бар ма жайлаудың ауасындай!
Дауа бар ма туған жер дауасындай?!
Кім болады ол ертең,
Кім болады,
Білмеген соң даласын... анасындай?!
Омырауын ұқыпты түймелесін.
Түймелесін,
Саз-балшық илемесін.
Кім болады ол бірақ та
Атасы мен
Ақ əжесі бетінен сүймегесін?!
Бала кездің бақытын бермегесін,
Шайқалмасын өскенде жер – кемесі!
Кім болады ол
Боздаған бота менен
Кісінеген құлынды көрмегесін?!
Таң атады,
Түседі күнде бесін.
Тісін қайрап шыдасын!
Үндемесін!
Кім болады дегенмен,
Кім болады,
Махаббатын ананың білмегесін?!
Жанашыр аз...
Білмейміз кінəміз не?!
Жалғызсырап жылаймыз құла күзде.
Қазақстан – ол да бір жетім бала,
Өгей шеше – Ресей мына бізге!
Кім естиді бұл сөзді,
Зарды мына?
Кім кінəлі заманның тарлығына?!
Сұрақтар көп қоятын,
Сауалдар көп...
Жауап қайда осының барлығына?!
***
Жанталас жəне Желтоқсан
***
Жаратқанның осы ма теңгермегі!
Жастай солды жайсаңдар,
Көгермеді.
Не көрмеді баяғы бабам менің.
Ұрпағы оның бүгінде не көрмеді?!
Айырбастап бөбекке жарты нанды,
Өте шықты бір жылдар арты қанды.
Ұлы қазан əкелген жақсылықты
Кіші қазан түк қоймай тартып алды.
Талайларға жабылып жала, көкем,
Болды оларға Магадан жаңа мекен.
Труменнің тастаған бомбасынан
Пулеметі аштықтың жаман екен!
Өткен-кеткен, бауырым, байқа өмірді:
Жаңа жағдай барлығын қайта құрды,
Аман қалған аштықтан аз қазақты
Тағы қырдық… мадақтап Байқоңырды.
Арал жақтың тұрғыны əрі өспеді.
Өлім, өлім...
Амалсыз бəрі өстеді.
Тағдырынан түңілген қасіретті ел
Бесігімен көмеді нəрестені!
Бəрін сезіп үлгерген қамалдарда
Қандай кінə тағамыз даналарға?!
Сəбилерді əлдилеп ұйықтататын
Бесік жырын ұмытты аналар да!
Тапталды гүл,
Тапталар көде ме еді?!
Жанұшырдық,
Жаратқан жебемеді.
Жетімдерге қол берген жаңа заман
Не істемеді соңынан?
Не демеді?
Аяқ асты аурудың асқынбағы,
Таусылады төзімі тастың-дағы!
Жер сенікі,
Əйтсе де сенікі емес
Үстіндегі,
Сол жердін, астындағы!
Керек еді желбау мен басқұр кімге?!
Кейбіреулер сияқты қасқыр мүлде.
Қара жердің құйқасын тілген соқа
Жыртып өтті қыртысын дəстүрдің де!
Тағдырына ызалы,
Аса кекті
Іздегендей сақ пенен массагетті,
Жыртып берді даланы,
Жыртқан кезде
Ата-баба қорымы қоса кетті!
Өзен түгіл,
Тамшы су тапшы мұнда,
Шаруасы жоқ ал сонда хатшының да...
Миллиард па? –
Бересің миллиардты,
Қалмаса да қамбаң мен қапшығыңда!
Иланбай гөр дүние жалғанына!
Тағдырдың бұл басыңа салғаны ма?!
Бəрін, бəрін бересің орталыққа,
Шүкір, дейсің, ал өзің қалғанына!
Солай шешіп шаруаны шашпа бастық,
Солақайлау қылығы шаштан асты...
Жазираға сыймаған
Желдей жүйрік
Жылқымыздың орынын шошқа басты!
Тұрғызасың бір белгі өлгендерге,
Өлгендерге –
Бəріне көнгендерге
Сойылған мал – садаға! – көршілерге,
Салынған үй – алдымен келгендерге!
Кіршең көңіл осыдан сіркелейді,
Шопан үйін – үй емес – күрке дейді.
Елге оралса – жастарға қызмет жоқ,
Астанада жұмыс бар,
Тіркемейді.
Ауылда да,
Тас бауыр тасқалада
Бір бақыты адамның – баспана да!
Құжыра жоқ үйленбек болса жігіт,
Қыздарымыз қартайды астанада!
Əжуалап жалқауды,
Еріншекті,
Ата-анасы далада егін септі.
Азаматы қалада қаңғып жүрді,
Босағасын паналап келімсектің!
Əттең, шіркін!
Мұны ешкім елемеді.
Қашан оның ақысы төленеді?!
Коммунизм орнатпақ болған мықты
Не үйретпеді біздерге?
Не демеді?
Аман-есен шыққанмен тозақтан да,
Алынбады бойдағы азап таңба.
Қазақ болып жазылсаң жазыла ғой,
Жазыла ғой,
Алайда қазақ болма!
Зенбірегі заманның тағы атылды:
Шығарды жұрт бір-бірін бағатынды.
Жылдан жылға азайды,
Жылдан жылға
Мектеп біздің – бесігі ана тілдің!
Халық мұқтаж, əрине, сүйенерге,
Қай кезде де атқан оқ тиеді ерге.
Кісі өлтірсең кісі өлтір!
Болады ондай...
Тек ұлтыңды, көкетай, сүйе көрме!
***
Алаңдар жəне адамдар
***
Жыр болмаса көңілге кірмеген Күн,
Халқымменен тағдыры бірге өлеңнің.
Бүрліктіріп
Басталған желтоқсанда
Басылған жоқ сарыны дүрбелеңнің.
Неге соқты, көрдіңіз, түбі міне!
Күдіктенді ел ең мықты іліміңе.
Жұрттың көбі сенбейді ертеңіне,
Біраз бастық сенбейді бүгініне.
Айтқаныңды тыңдауға,
Ұюға бар.
Момын халық шамданар,
Диюланар.
Отыз жылда жорғалап əрең жеткен
Əкімдігін біреулер қиюға бар.
Бір құмалақ шірітіп,
Бұзып майды,
Жалғасты да ұзарды үзік қайғы.
Жанын сала ұмтылып.
Бұрынғыдай
Басшылыққа енді жұрт қызықпайды.
Сендіруге болады бұған елді:
Қол созбайды билікке ұлан енді.
Хатшы болған қазақтар кей ауданда
Молда болып оп-оңай шыға келді.
Əкімшілік кеше жұрт керек еткен
Айырылды құдірет,
Кереметтен.
Партиядан біреулер ерте шықты
Бір кездері өздері керек еткен.
Желікпелер жұмыстан босай қалып
Жұртты жинап,
Митингі жасайды анық.
Талай тарпаң əлі де мас болып жүр
Демократия буына басы айналып!
Ұлы арманмен айқасып күйкі армандар,
Кеше ғана су қашып,
Күйді ормандар.
Қиындықтар,
Қаптаған қиындықтар,
Олардан да көбірек бейформалдар.
Туған талай китіңді,
Итіңді де
Сонымен күй тынды де...
Əке-шеше дефицит кезегінде,
Бала-шаға алаңда,
Бітті дəуір,
Митингіде.
Қонбаған ба, немесе, бата бізге?!
Солдаттар тұр «Ат!» – десе, атамыз деп.
Шындық іздеп келсе жұрт
Осы арада
Кейбіреу жүр абырой-атақ іздеп!
Ерлер де бар Елім деп елеп келер.
Ездер де бар жік салып, Бөлектенер...
Аты шықса болғаны, Көзге түссе,
Жер өртеуге дайын жүр желөкпелер!
Естен шыққан тəрізді ажал бары,
Жоқ қолына қару ап қожаңдары...
Бармақтарын шайнайды
Пенсияға
Шығып кеткен Тəртіптің көкжалдары.
Аман өтсек осынау өліараны,
Аңсаған күн жарқырап келер əлі.
Жасырады қалтада жұдырығын
Ішкі істердің қартайған генералы.
Күні кеше
Əйгілі басты алаңда
Көрінбейді жастарды жасқағандар.
Жариялап біреулер жатыр аштық,
Тойып жүрген тəрізді басқа адамдар!
Өзің үшін,
Жер үшін,
Ер үшін де
Келген дұрыс болар ма келісімге?!
Салпанқұлақ
Баяғы əдетінше
Сөз жинап жүр дүрліккен ел ішінде.
Сезу керек заманның мерезін де!
Айналайын,
Бар ма еді көз өзіңде?!
Сайтандар да аз емес бұл арада,
Бұл арада аз емес əзəзіл де!
Барлығы ма жастардың,
Нарлығы ма?
Құлақ қоймас қалаатком жарлығына.
Өкіметтің кешегі өкілдері
Тыжырынып қарайды барлығына.
Жап-жас еді,
Олар да қартайыпты.
Қартайыпты,
Беттерден əр тайыпты.
Олар түгіл,
Ағайын тыңдар емес
Сүлейменов,
Акуев,
Сартаевты!
Сөйлете бер ығай мен сығайыңды,
Сөзіңнен-ақ таниды сыңайыңды.
Тыңдамайды сəлделі мүфтиіңді,
Тыңдамайды дəл қазір Құдайыңды!
Еркіндік боп басыңа қонған ырыс.
Жасаған жөн, бауырым, оңған бір іс.
Шуласын жұрт,
Шуласын!
Қымыз толы
Местің желін шығарып тұрған дұрыс!
Қасіретті,
Қауіпті ұғар ма адам?!
Абай болсын жиынға құмар балаң.
Митингіге барарда
Жөн дегенмен
Желтоқсанды есіңнен шығармаған!
***
Эпилог немесе шамырқану
***
Қоя алмайсың жасырып тауды қармен.
Халықта – тау...
Айтыспан дау құмармен.
Митингімен бір ғана не істемексің?
Не болмаса...
Қаптаған қаулылармен?!
Біз – қазақпыз,
Қанша рет күйрегенбіз!
Көп болғанбыз,
Біртіндеп сирегенбіз.
Егемендік алдық деп желікпелік,
Жартыкешпіз,
Əлі біз ширек елміз.
Ұмытқан жөн баяғы алыс дауды.
Көгертіп бақ Торғайды,
Маңғыстауды.
Кейбір қазақ кеткен жоқ қалалық боп,
Бірақ ұмытып үлгерді мал ұстауды.
Еске салар күзгі аспан,
Қысқы аспанды
Жуу керек көңілін ыс басқанды.
Тірлігі үшін халықтың,
Бірлігі үшін
Қою керек өзара ұстасқанды!
Мүмкін емес жақсының зарды ұқпауы.
Керек ердің қарлықпау, барлықпауы.
Жек көрсе де бір-бірін басын қоссын
Болсын деген қазаққа барлық қауым!
Ұлы тойдың түбінде болары қақ:
Тұғырына жеңістің қонар ұрпақ.
Бірақ оған жетпейміз тұра алмасақ
Мүмкіндіктің өзінен жоғарырақ!
Көзіңді сал:
Кеппеген қанды іздерге.
Ұрпақ керек, бауырым, балдыз дерге.
Жоғалмайды көп халық көптігімен,
Мықты болмай болмайды ал біздерге!
Айналдырма еліңнің құтын уға,
Барыңды бер халыққа тұтынуға.
Қандай ойын болса да
Бұдан былай
Бір қазақтың қақы жоқ ұтылуға!
Болмайды енді бір қадам шегінуге!
Қол жаюға басқаға,
Емінуге.
Қандай күрес болса да
Бұдан былай
Бір қазақтың қақы жоқ жеңілуге!
Мəз болып қалсын ісіңе ырымшыл ел,
Алынбаған біздерден бұрын шідер.
Боксер болсаң ұрып жық Мұхамбетті!
Ал жарыссаң – бəйгеден бірінші кел!
Көрдік біздер біразын топалаңның.
Авторымыз қайғылы,
Қапалы əннің.
Қанағат қып ұйқысын бір кісінің,
Жасау керек жұмысын екі адамның!
Ұрпағымның өмірден көп алары,
Жасалуда жақсылық жобалары.
Егер жаның еліңе ашымаса,
Қазақ болмай пəтшағар,
Жоғал əрі!
Десең егер шынымен шынығалық,
Артық етті тастайсың сылып алып.
Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға,
Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!
Ел мен халық оп-оңай өсіп пе еді!
Отыруға болмайды тосып тегі.
Елдің қамын,
Жер қамын,
Кəрі түгіл,
Ойлау керек сəбилер бесіктегі!
Кетпеу керек бетімен бала лағып,
Кетпеу керек сағыммен далаң ағып.
Елдің қамын,
Ер қамын ойлау керек
Əйелдер де отырған бала бағып!
Біздің халық айтысқа мұқтаж-ақ па?!
Айтыс онда басқамен!
Бұқпа! Жатпа!
Бір қазаққа жақсылық жасау керек
Түк билігі қолында жоқ, қазақ та!
Құқың бар ма еліңді елім дерге?!
Құқың болса,
Бір дəнін тегін берме!
Неге бірақ өздерін өзі шектеп,
Азайтып жүр тууды келіндер де!
Кімге қажет көкірек,
Астамдығың?!
Өтіп жатыр ауыр кез бастан бүгін.
Үйленбеуің, ей жігіт, отызыңда –
Қазағыңа жасаған қастандығың!
Жек көреді аймалап құшқанды кім?!
Сүйген күнің –
Құс болып ұшқан күнің.
Тұрмыс құрмай қартаю,
Қарындасым,
Ол да еліңе жасаған дұшпандығың!
Асқақтама болдым деп жаста көркем!
Ақыл тоқтат!
Сəл басыл, асқан еркем!
Жақсы əйел боп тумайды қыздар бірден,
Табыскер боп тумайды бастан еркек!
Басқара алмас,
Ел түгіл,
Бөлімшені
Толып жатыр жалқауың,
Еріншегің.
Өзің қандай болсаң, беу, азаматым,
Сондай болмақ түбінде келіншегің!
Білем! Білем!
Сертінен тайғандарға
Шын өкпелі Шолпандар,
Аймандар да!
Бірақ, бірақ...
Сыйлаған келіншегін
Біздер түгіл,
Мұхамбет пайғамбар да!
Керегі жоқ тірлікті балағаттап.
Ауылдарда,
Қалада,
Рабатта
Махаббатқа мас болып жанұясы,
Жүру керек аулада бала қаптап!
Көзіңді сал:
Кеппеген қанды іздерге.
Ұрпақ керек:
Бауырым,
Балдыз дерге.
Жоғалмайды көп халық көптігімен,
Мықты болмай болмайды ал біздерге!
Емес маған қызықты өмір бөтен,
Елім жайлы жырымды дəуірлетем.
Бірі темір,
Бірі құм,
Бірі цемент
Жасау керек қазақтан темірбетон!
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі