Мен екінің бірі емен!

Бұл бетте «Мен екінің бірі емен!» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен екінің бірі емен!
Ұғына біл,
Құлақ аспас Құдайдың құлына кім?!
Балық барда Сырдың да суы мәлім,
Халық барда ханның да сыры мәлім.

... Көш ұзап,
Көз алдында көшкін ағып,
Өмірден қанша жандар өшті налып...
Ақылын апиынмен қоса ішпесе,
Ақынын еркелеткен есті халық.

Ақынын еркелеткен халық – дана,
Жатпайды ол тыным тауып табытта да!
Ақынның Алатаудай жүрегі бар,
Сенбесең, көкірегін жарып қара?!

Жалғанда жақсы кім деп, жаман кім деп,
Қолыма шаңқай түсте шам алғым жоқ.
Арасы қас пен көздің көк пен жердей,
Адаспау аралықта – маған міндет.

Көз – моншақ,
Көкірек – кен,
Көңіл – айна,
Көңілге қарамаймыз көп райда...
Айтатын әнім бүгін, амал қанша,
Ауысқан «Елігайдан» «Елім-айға».

Шен-шекпен,
Алтын, алқа – кірі қолдың,
Келмейді кеңсе ішінде «шіріп, өлгім...»
Қош көрген хансарайдан жансарайын
Бүгінгі Жиреншенің бірі Менмін!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері