Ту биедей тартып тұр заман ішін

Бұл бетте «Ту биедей тартып тұр заман ішін» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ту биедей тартып тұр заман ішін,
Таңдамайды – ақпысың, қарамысың.
Аңдып жүрген Ажалдың қаңғымасы
Қазағымның табады қарақұсын.
Қыр соңыңнан қалмайтын осы Елесің
Қайдан білдің маған да өш емесiң?
Кiмнен көрем – тақтан ба, тажалдан ба,
Көктей солған талайдың көсегесiн?..
Ор жатқандай қараймын оң жағыма,
Сор жатқандай қараймын сол жағыма.
Шыққыр көзiм, не дейсiң, шынымен-ақ
Қазақтың жауы – қазақ болғаны ма?!
Қасым ханның түсiндей аян берген
Алақанды аспанға жаям жерден!..
...Оқшантайдан тағы бір оқ атылды,
Ойран болам демесең оян, кеудем!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері