Қайғысыз

Бұл бетте «Қайғысыз» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қара суға семіретін Қайғысыз,
Қара жерге мен енетін жайды сыз.
Терең қаз да тепкілеп көм көріме,
Мен жатайын жаным сүйген Ләйлісіз.
Сен жылама,
Ләйлім менің жыласын
Жалғандағы жан еді деп бір асыл, –
Кей итке арнап кеуде толы қарғысын,
Бейітке арнап бейсенбісін, жұмасын.
Сен жылама,
Кімге керек жалған жас?
Жылады деп жиналған жұрт таңғалмас.
Мен өлді деп машығыңнан жаңылма:
Маңайыңа маңғаз қара, маң–маң бас.
Бeу, бай кісім – байламы жоқ байғұсым,
Қайтесің сен қаймананың қайғысын?
Қара шашын қобыратып қара жел
Қабір жақта Ләйлім ғана ләйлісін...
...Жас қабірді жансыз, өңсіз көмді гүл.
Көлдің де анау жанарына толды мұң.
Сен жылама жібітпек боп тоңыңды,
Неғыласың қолдан келмес рөлді бұл?
Сен жылама,
Жылау сенің неңді алған!
Жылайтындай бар ма едi жәй менде оңған?
Ендi еншiңе қалды мынау қара жер,
Ендi еншiңе қалды мынау кен жалған.
Ал, бөлшекте,
Саудаға сал, сатып бақ.
Үлгер,
Күн көр...
Бәрiне де уақыт тап.
Қара жерге бұдан артық қайғы жоқ,
Қайғысызға бұдан артық бақыт жоқ!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері