Сарайым – сәуiр, сыртым – қар

Бұл бетте «Сарайым – сәуiр, сыртым – қар» атты Исраил Сапарбай жазған табиғат туралы өлең берілген.

Сарайым – сәуiр, сыртым – қар,
Сырымды менiң кiм тыңдар?
Ұғымы кеңдеу ұлына
Жұғымы кемдеу жұртым бар.
Жақпарын кезiп жар, құздың
Жанымды шоққа қарғыздым.
Жаһаннан мынау жай таппай
Жапанда жүрген жалғызбын.
Көмейге неге тас тұрды?
Жанарға неге жас тұнды?
Жақынның сертi сетiнеп,
Ақынның дертi асқынды.
Бiрде аяз өмiр, бiрде алау,
Үйде де, түзде – бiр қамау.
Жанымды менiң жұбатып,
Жайымды ұғар кiм бар-ау?
Азуы кеткен Арланша
Азаптай бермей жанды онша,
Аузына түскiм келедi
«Әу» дейтiн бiреу бар болса…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері