Туған жұртым

Бұл бетте «Туған жұртым» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Туған жұртым –
Тым аңғырт та тым аңғал,
Тұрағым-ау тұғыр тепкен Тұраннан,
Мандайыңа менмiн сенiң – Шырағдан,
Жағдайыңды менмiн сенiң Сұрарман.
Көктегi Айдан,
Жердегi Ойдан құралған
Көкiрегiмде – мың бiр мақсат, мың арман...
Сол мақсатқа жегiлген бiр құлыңмын,
«Құлыным!» деп құрақ ұшсаң – ұлыңмын.
Сол арманға құрбан еткен жан-тәнiн
Дала бейiл – данагөйiң, дарханың!
Күннiң нұрын,
Айдың аппақ сәулесiн
Әлдилеумен атса деймiн әр таңың!
Мен алтаудың аласына алаңмын,
Мен қорқаудың аранынан қорқамын.
Бүгiн сенiң ала алам ба еншiңдi,
Ертең сенiң бола алам ба қалқаның?
Қамын ойлап Атырау мен Арқаның,
Халiн ойлап ағайын мен алқаның,
Қарауылдап қасиеттi Хан тағын,
Табанасты таусылғандай талқаным, –
Кейде үйде Көкбөрiдей ұлимын,
Кейде түзде аш Қасқырдай жортамын!..
***
Туған жұртым –
Тым ақпейiл, тым адал,
Арылдың ба құлантаза күнәдан?
Тағдырына табар едi-ау бiр амал,
Тәңiрiне тағзым етсе бұл адам...
Кезiң қанша нарша шөгiп, құлаған,
Кезiң қанша борша егiлiп, жылаған...
Жұмақтайын көзден ұшты-ау небiр күн,
Сынаптайын қолдан сусып сыбағаң.
Сыйың қайда Жаратқаннан сұраған?
Күйiң қайда жоқтан, бардан құраған?
Қабіріңді таба алдың ба жырадан?
Жарығыңды жаға алдың ба шырадан?
Нәубеттiң де алды менен арты бар,
Дәулеттiң де нарқы менен парқы бар,
Тәубе еттiң бе жүргенiңе дiн аман?!
Көңiлiнiң арылмаса күмәнi,
Күнәлi жан әрқашанда кiнәлi.
Кешегiнiң тақсыретiн тани ма
Келешектiң еркебұлан ұланы?
Ертеңiне сапар шеккен еркенiң
Ертегiге елеңдей ме құлағы?
Ләйлә қыздың жүрегiне құйылар
Қайда аңыздың лағыл-кәусар бұлағы?
Баламыздың тар тұтпай ма тақымын
Бабамыздың құстай ұшқан пырағы?
Қаратауды жүрген жоқ па менсiнбей
Алатаудың шыңға қонар қыраны?
Күнiң қашан желге керiп желкенiн,
Айың қашан дөңгеленiп шығады?
Кемемiздi адастырмай келе ме
Жағалаудың өшiп-жанған шырағы?
Дiлiңде ме парасаттың Патшасы,
Тiлiңде ме Пайғамбардың Құраны?!
Қашан бiтер iрiткiнiң ылаңы?
Бұлақ қашан тұмасынан тұнады?
Көңiлiмнiң көбейiп тұр сұрағы...
Iбiлiс пен iшiңде жүр Жын әлi,
Ей, Тұранның алтын бесiк Тұрағы!!!
Ей, Тұранның жұртта қалған Жұмағы!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері