Жан жаһаным ғаріп болды

Бұл бетте «Жан жаһаным ғаріп болды» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жан жаһаным ғаріп болды.
Қазан ұрды бау-бақты.
Жапырағым тоңып қалды,
Тұман жаулап тау жақты.
Табиғаттың бала шағы –
Көктем қайда?
Жаз қайда?
Тамашаны, оңашаны
Бізге тағдыр жазбай ма?
Қызық еді-ау жас шағыңда
Қыз қылығың, нұр жүзің?..
Енді кімнің аспанында
Жарқырайды жұлдызың?
Ләйлі-ләззат рахатым.
Келші маған, келе ғой.
Жүрегімнің жарақатын
Кім жазады сен емей?!.
Жаратқаннан жалдап алып
Таң шапағын қан қызыл,
Тағдырыма таңба болып
Қалсын деп ем соңғы ізің...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері