Ақкенже
Бұл бетте «Ақкенже» атты Нұрпейіс Байғанин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Мен жырлайтын, тыңдаңыз,
Жас күнімде көргеннен,
Сақтаулы бір сөз көңілімде
Айтуға қартың жөнелген.
Бес Шүреннің ішінде
Жалғыз үйлі бір Тама
Қорлық көріп жерленген.
Таманың аты – Батырбек,
Тама бір үй, Шүрен көп,
Күнде қорлық көргеннен
Сол Тама жүрді еңіреп.
Екі ұл, бір қыз баласы –
Көзінің ағы, қарасы.
Қызының аты – Ақкенже:
Ақ алмастың сағасы,
Айдын көлдің жағасы.
Алтыннан артық Ақкенже –
Ата-анаға бағасы.
Ақкенжені айттырған
Төрт жасында шамасы.
Ақкенжеден кем емес
Көшектің де баласы.
Шүреннен шыққан алаяқ
Көшек қу еді құдасы.
Көшек құда менсінбей,
Алшақ болды арасы.
«Жалғыз үйлі келімсек» –
Батырбектің жаласы.
Бойжетсе де Ақкенже
Жегжаттығы болмады,
Құда болып оңбады,
«Қара қарын Тама», – деп, –
Құдасы күліп, қорлады.
Жалғыз үй қызын алғаным,
Қорлық қой деп ойлады.
Арада біраз жыл өтті,
Он сегізге қыз жетті.
Ешкімге қызын бере алмай,
Берейін десе басқаға,
Жалғыз үйлі Батырбек
Өз күшіне сене алмай,
Он сегіз жасқа толғанда
Ақкенжедей аруың:
– Меңдіқара келсін, – деп,
Көзімен келіп көрсін, – деп;
Тең көрмесе бойына,
Рұқсат маған берсін, – деп, –
Хабар салды күйеуге.
– Шақырғанға бармаймын,
Қатар көріп алмаймын.
Қаңғы Тама қызына
Көзімнің қырын салмаймын.
Қыз өзіне қарасын,
Мен бір биік жоталы
Асқар Алатаудаймын.
Созғаныма қол жетер
Өз теңімді таңдаймын,
Рұқсат бердім мен, – дейді,
– Алады деп, Ақкенже,
Дәме қылма, сен, – дейді.
Ұлан-байтақ халықтан
Табылар саған тең, – дейді.
Ақкенже сұлу жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Меңдіқара аласын –
Сәлемінен сынады.
Күйеуі тастап кетті деп
Естиді елдің құлағы.
Бойына сұлу мін көріп,
Қайғымен жасын бұлады.
Меңдіқара мырзадан
Сұлу үзді күдерді.
Қатыны бар шалдар да,
Қатыны өлген жандар да
Айттыра кісі жіберді.
Әкесіне көнбеді,
Ықтиярсыз әкесі
Ешкімге оны бермеді.
Ізбасар дейтін ауылда
Атақты тұқым тегі еді,
«Мықтылық пен болыстық
Бізге мирас», – деп еді.
Алпысқа келген шал Дербес
Ақкенжені алсам деп еді.
Бәйбішеден бала жоқ,
Перзент еді керегі.
«Тамақ істеп берсін, – деп,
Біздің үйге келсін», – деп,
Ақкенжені ардақтап,
Арам Дербес шақырып,
Қармағына түсірмек.
Ақылдасар адам жоқ,
Тек әкесі болмаса,
Жанашыры және жоқ
Шарасыз қыз қамалды,
Бармасына амал жоқ.
«Ақыл айтшы, көке?» – деп,
Әкесінен сұрайды:
– Ел ішінде жалғыз үй,
Қара қарын мен едім,
Жалғыз қызым сен едің.
Өзің ойла, шырағым,
Құтылатын амалды,
Ақыл таппай қарт әкең,
Жөн таба алмай қамалды...
– Амалым бар ма, бараййын,
Қалпын байқап қараййын,
Шамам келсе ораййын
Өзім ойлап табаййын.
Егер теңдік бермесе,
Көзімнің жасын көрмесе,
Мені ауылға мензесе,
Сорлы басым нетермін,
Жылаумен шалға кетермін.
Зарлай-зарлай өтермін...
Көзіңе күйік болғанша.
Әкесі мен шешесі
Үйде жылап қалады,
Амалы жоқ Ақкенже,
Шарасыз кетіп барады.
Көргеннен-ақ Дербес шал
Қызды еркіне қоймады.
Көнбеймін десе ұрады,
Көзден акқан ыстық жас
Омырауын жуады.
Қартыш деген молданы
Шақыртып алып сол күні
Басып неке қияды.
Артынан келер адам жоқ,
Қыздың көңілі торықты,
Өлтірем деген сөзінен
Аккенже сұлу қорықты.
Ел билеген Дербеске
Шарасыз әйел болыпты.
Амалы бар ма Аккенже,
Туысқан жоқ, тума жоқ
Қапас күнге жолықты.
Айдай ару Аккенже
Шалға катын болады,
Мендіқара мырзаның
«Жесірін шалға кетті» деп,
Бетіне әркім соғады.
Бай баласы басылып,
Арланып атқа мінеді,
Үйшікке мырза келеді,
Үйезге арыз береді.
Жетік тілмаш Байсалы:
«Үйшіктегі үйездің
Билігі менде», – деп еді,
Есебі жоқ ақшаны
Байсалыға береді.
Айыбымен өзіне
Аккенжедей аруды
Қайтарып берем деп еді.
Көп кешікпей шақыртып,
Қыз бен Дербес зәлімнен
Жауап алам деп еді.
Орнына ісім келді деп,
Қуанып елге келеді.
Кешікпей-ақ шақыртқан
Қызға да хабар барады,
Алаяқ Дербес қалтаға
Көп ақшаны салады.
Жеті жігіт қасында,
Аккенжені ертіп ап,
Үйезге жетіп барады.
Қыз үйезге келеді,
Залым тілмаш Байсалы
Жауап алған жері еді.
Әйел де болса артықша
Ақылы дария көл еді.
«Ықтиярсыз кәрі шал,
Қорашсынып кедейді
Басып алды», – деп еді.
Сонда тұрып Байсалы:
«Бір-екі күн ішінде
Жауабын ал», – деп еді.
Үш күн бұлар қарады,
Байсалының амалы:
Өтірік қызды көнді деп,
Көп ақшасын Дербестің
Тағы да ептеп қағады.
Алтын менен күмісті
Қалтаға тағы салады.
Үйшіктің игі жақсысын
Бөгеймін деп параға
Күні-түні жол жүріп,
Меңдіқара да келіпті.
Сары бала – Байсалы
Тағы олжа болды деп,
Мұртынан күліпті.
«Бес жүз сом акша берсен», – деп,
Сен жағына шығам, – деп,
Айтқаныма тұрам, – деп,
Тек орыстың аты ұлық,
Өзімізде құрал», – деп,
Бес жүз тенге акшасын
Тағы да алдап қағады.
«Ісім оңға келді», – деп,
Мәз болып елге барады.
Он бес күннің соңынан,
«Аккенже сендік болды» деп,
Ашық хат қағаз жазады.
Үйшіктегі адамды
Тойғызам деп параға,
Он төрт қара, жетпіс қой,
Айдап барып салады
Меңдіқарадай мырза да.
Ай жарым өтіп арада
Аккенже мен Дербеске
Шақырту қағазы келеді.
«Қайтемін, деп Аккенже?»
Кәрі Дербес сөз катты.
Аккенжейдей арудың
Сүймеген көңілі тым қатты.
«Барам десең, баралық» –
Қыз сөзіне сүйеніп
Қара нарға жүк артты.
Кілем мен киіз көп артты,
Байсалы досын көрмекке
Тағы Дербес құмартты.
Жол шығыны болсын деп,
Үйдің мұлкін шын артты.
Атаңа нәлет Байсалы
Нәпсі үшін бұлардың
Дауын созып ұзартты.
Қанбак деген базарға
Тағы да малын айдады.
Дауға басы ілініп,
Дүниесі бүлініп,
Дербестің соры қайнады.
Үйшіктегі кілең қу
Арыз қуған адамнан
Солай тапқан пайданы.
Малды сатып базарға
Сандыққа ақша салады.
Байсалыдай тілмаштың
Керегін сайлап барады.
Қонақ кылды Дербестер –
Құрмет әбден жағады.
Байсалы сонда сөйлейді:
– Дауға, Дербес, көп болды,
Жәрдем беріп қорғадым.
Меңдіқара екеуін,
Бұл дауыңды қоймадың.
Губернатор Геккеге
Арызыңды жолдадым.
Ісім ұзап кетті деп,
Қайтпасын, Дербес, назарын,
Бұзылмасын ажарың,
Жас алпыстан асса да,
Жастан артық базарың.
Сонан келер рұқсат,
Аулына бар да жата бер,
Почта арқылы өзіңе
Жібереміз хабарын.
Жылмаңдаған Байсалы
Арбауды әбден табады,
Тағы да алдап қарады.
Мүлік пенен ақшасын
Тағы олжаға алады.
Осыменен алданып
Дербес қайтып барады.
Қар кетті де, жаз болды,
Жер бетінен су ағып,
Үйрек ұшып, қаз қонды.
Үйшіктегі алдауыш
Арбап айтқан сөзіне
Арам Дербес мәз болды.
Көшпелі көшіп кетеді,
Арада төрт ай өтеді.
Бүлгін, сүргін قуыспен
Екі жылға жетеді.
Мал шығыны үдеді,
Мендіқара, Дербестің
Суыды даудан жүрегі.
Байсалының алдаған
Таусылмады қу ебі.
Ақкенженің дауынан
Бар малынан айрылып,
Екеуі де жүдеді.
Осы даудың зарпынан
Меңдіқара, Дербестің
Қиынға басы қалып жүр,
Күйініп іші жанып жүр.
Ел ішінде тағы да
Сөйлеймін деп сөзіңді,
Екеуінен ақырын
Қулар ептеп алып жүр.
Ісі оңға келмеді,
Меңдіқара мырзаң да
Жүрісінен танып жүр.
Нақыл болды халыққа
Осы Дербестің бүлігі.
Сөз сөйлеген адамның
Сатулы болды билігі,
Күннен-күнге ұласып,
Ашылды даудың тығыны.
Меңдіқара, Дербестің
Көп дәулеттен айрылып,
Басынан асты шығыны.
Мендіқара мырзаның
Сүйегінен сөз өтеді,
Жалғыз үйлі Тамаға
Қалай да әлі жетеді.
«Қызыңды өзің бердің» деп
Шауып алып кетеді.
Батырбектей кәріпті
Талапайға салыпты.
Он бес кісі құралмен
Малын қуып алыпты.
Бір сиыр, бір нар, жалғыз ат,
Мал сілекей қалыпты.
Бар малынан айрылып,
Елсізде жылап тарықты.
Туысқансыз, туғансыз,
Қысқа қолды бейшара
Қайғыменен жабықты.
Малын талап Таманың
Шүрен алып кетеді.
Таманы шал алғаны
Ел-елге тарап жетеді.
Қалниязды шақыртып,
Дербес залым алады.
Сөзбен орап алды-артын,
Күлімсірей қарады:
– Қалнияз батыр, қайтпайтын
Еңіреген ер едің.
Екі талай жер болса,
Батыр жүрек сен едің.
Жүз де болса қашпайтын,
Қайраты мәлім халыққа,
Адамнан қорқып саспайтын.
Барымталы жер болса,
Азаматты баспайтын,
Айтамын саған сөзімді.
Жаныма теңеп, жас батыр,
Жолдас қылам өзіңді.
Осы сапар қолыңда,
Ашамын десең көзімді.
Кем болмайды ер жігіт
Ерлігі мен ары бар,
Жеделге мінген жігіттің
Әр керегі табылар.
Мына Ақкенже сұлудың
Үйінде қалған нары бар.
Соған сені жұмсаймын,
Алып келсең нағылар?
Батырбекке барып кел,
Барын берсін қызына,
Құлағына салып кел.
Бермесе нарын безеріп,
Қалайда болса алып кел.
Қалнияз сонда сөйлейді:
– Тама да болса батыр, – деп
Қызын алған жақының.
Қорлағанға әкесін
Ренжімей ме, Дереке,
Сүйіп алған қатының?
Ақкенже естіп жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Жалғыз нарын алма деп,
Дербестен жылап сұрады.
«Қатынның сөзі не керек,
Атыңа бүгін мін, – деді.
Таба қылмай дұшпанға
Таңға жақын жүр, – деді;
Беті алғаннан қайтпаған
Қаһарлы батыр сен, – деді.
Сені дауға бермеймін,
Сүйенішің мен, – деді.
Жылайды деп қатынды,
Жалтарғаның нең?» – деді.
Қамшы басты қараға,
Сол күн қонды араға.
Қалнияз келіп жолықты
Ертең сәске болғанда,
Түйе баққан балаға:
– Түйеші бала сен, – деді,
Қалнияз деген мен, – деді.
Үмітің болса жаныңнан,
Жалтақтамай, жүгірмек,
Нарды тауып бер, – деді.
Түйеші бала түнеріп,
Түйені қарап тұрады.
Қаһарын тіккен батырға
Баяулап мойын бұрады:
– Астыңда атың сабылған,
Қиналып терге малынған.
Түсің қатты түн қатқан,
Жолаушысыз нағылған?
Қатуланып Қалнияз,
Балаға төне ақырды:
Алты қырлы қамшыны
Арқасына батырды,
Шырылдап бала бақырды.
Құлындай шығып дауысы
Тұщы еті дуылдап,
Нарға қарай жүгірді.
Жас жүрегі суылдап,
Аш күзендей бүгілді.
Бұйдасынан жетелеп,
Нарды алып келеді.
Айыр кезең қызыл нар
Жетекке еріп жөнеді.
Басы жұмыр Батырбек
Сыртынан жалын көреді.
Жалғыздық түсіп басына,
Батырбек сонда қамықты.
Күйікпен жаны күйініп,
Көзінен жас ағыпты.
Жан-жүйесін кеміріп,
Қасірет-қайғы дамыпты.
Сырты бүтін, іш түтін,
Құр сүлдері қалыпты.
Күшейіп зорлық-зомбылық,
Сондай заман түс болды.
Жалғыз бенен жарлыға
Көрсеткені күш болды.
Кеңдік те жоқ, теңдік жоқ,
Басып жейтін іс болды.
Ағайын, тума, ауыл жоқ,
Бірге туған бауыр жоқ.
Батырбектің қолында
Жалғыз ешкі сауын жоқ.
Аш-жалаңаш жүрсе де,
Жәрдем етер қауым жоқ.
Адамға ашып айта алмай
Ішінде шер, арманын,
Уайыммен сарықты
Ақ жүзінің бар қанын.
Жан жолдасы Қанымай
Қатар көшкен аулының
Сұрап ішті айранын...
Батырбектің туысы
Тама деген ел еді,
Сол Таманың ішінде
Руы «Бұйра» дер еді:
Түйетастың сағасы,
Ақбұлақтың жағасы.
Ағайыны байғұстың
Әбіл, Бәбіл деп еді.
Қатыны мен екеуі
Кезек мініп атына,
Майдың айы туғанда
Түйетасқа келеді.
Әбіл менен Бәбілдің
Дидар жүзін көреді.
Көрген кемдік, қорлығын
Соларға шаққан жер еді.
Әбіл, Бәбіл азамат
Маңындағы халықтан
Жәрдем жиып береді.
Жас балалар сыйлайды
Батырбек шал, бабасын.
Құрмет етті інілер
Жетпістен асқан ағасын.
Елінен келіп Батырбек
Азамат басын құрады.
Көргенін айтып жыр қылып
Мұңын шағып жылады:
«Дербесте кегім кете ме?»
Жасынан оқып ысылған
Әбіл білгіш паң еді,
Жөн сұраған адамға
Айтқаны оның заң еді.
Кектенгенге кезерген
Арлы туған жан еді.
Бейілін бермей безерген,
Алды сондай тар еді.
Егескенге ерімес,
Өткелсіз терең жар еді.
«Келдің, Бәке, маған, – деп,
Заң-законды табам, – деп.
Меңдіқара, Дербестен
Кегіңді сенің алам, – деп;
Аралап елді мауқың бас,
Жабығып, болма алаң, – деп.
Үйшіктегі ұлыққа
Арызыңды жазам», – деп.
Әбіл білгіш ойланбай,
Арызын жазды ұлыққа,
Ол да күйіп қорлыққа,
Үйездегі ұлықтар
Хатты оқып қарады.
Батырбекке келсін деп,
Шақыру қағаз жазады.
Үйшік алыс, жер шалғай,
Шілде ыстық, күн қандай!
Түйесі арып шалдығып,
Қартыңнан кетті әл-жағдай.
Ел арасы тым сирек,
Уағында келмейді.
Батырбек қартың шөлдейді.
Алыс сапар жол шеккен
Қалжырап байғұс меңдейді.
Есіне түсіп көргені,
Жолда жүріп еңірейді.
Талай қонып арада,
Жиырма төрт күн өткенде,
Арып, шаршап-шалдығып,
Барды Үйшік қалаға.
Үйшікке қартың барыпты,
Қуандырды сөзбенен
Батырбек нашар кәріпті.
Алдағанға мәз болып,
Сорлы шалың қалыпты.
Оған билер сөйлейді:
– Ұлықтан келген әмірді
Әбден қабыл көреміз.
Күшті келген бұл әмір,
Малыңды алып береміз.
Қабылдаймыз арызды,
Мал өнбейді демеңіз,
Сегіз бидің біреуі –
Алдындағы мен, – дейді, –
Мәнісін білген кісісің,
Өзің ойлап көр, – дейді, –
«Ер еңбегі» деген бар,
Шайлығың болса бер, – дейді.
Сұрап апты сол қарттың
Насыбай салған шақшасын.
Елді жеген жалмауыз
Тағы әдетін бастасын.
Қағып алды сегіз би
Қалтада бар ақшасын.
«Қайта тұр, қартым, сіз, – дейді,
Таянды жақын күн, – дейді.
Осы мизам ішінде
Волостной үйезде –
Меңдіқара, Дербесті
Шақырамыз біз», – дейді.
Он төрті деп мизамның
Қағазын қолға алады,
Батырбек қайтып барады.
Оңғарылды, – дейді жұрт
Батырбектің талабы.
Билердің берген мерзімін
Батырбек күтіп қалады...
Жұлдызында мизамның
Би, болыс үйезд бастады,
Қасында бар көп жолдас,
Елдің ішін қаптады.
Пара берген адамды
Би мен болыс мақтады.
Пара таппас нашардың
Орындамай арызын,
Ілтипатсыз тастады.
Мендіқара, Дербесті
Шақыратын келді жер.
Адамға теңдік бермейтін
Азулы қара Дербесті
Жығар ма екен бұл билер?
Батырбекке билердің
Жүзі суық көрінді,
Мықтыларды көрген соң,
Арасы биден бөлінді.
Бәрінің бастық болысы,
Көп бидің сөзін жөн деді.
Екеуі де ақыры
Сонша қуған арыздан
Ешбір пайда көрмеді.
Төресін тура берген жоқ,
Туралық биден көрген жоқ.
Жылап қайтты үйіне,
Қайғыдан қарт өлген жоқ.
Еңіреп үйге келеді,
Көрген қорлық, көп құса –
Еңіреудің себебі...
Екі ай жатып ауырып,
Қайғымен қарт өледі.
Қысқа қолы күрмеулі,
Арманда өткен ер еді.
Қара басы Ақкенже
Күннен-күнге үдеді.
Қатты көрген қысымнан
Қайда деп өлім тіледі.
Жүндей сабап бәйбіше,
Қайғыға толды жүрегі.
Ажар кетті, өң кетті,
Бәйбіше сабап меңдетті.
Қармаққа шаншар еті жоқ,
Жылатып күнде еңіретті.
Ұсқыны менен түрі жоқ,
Күннен-күнге кер кетті.
Ажар-көрік бетте жоқ,
Ақыл да жоқ, ес te жоқ,
Арсиған құр сүйегі,
Денеде шаншым ет te жоқ...
Қалыбында тұрмақ жоқ,
Қамқа тоны тозады.
Жамандықты жақсылық
Бір-ақ күнде бұзады.
Жиырмадағы Ақкенже
Күндерде жүкті болады.
Тоғыз айдан өткенде,
Санаулы күн жеткенде,
Бір қыз бала туады.
Көңілімнен құса кетті деп,
Өзіне сұлу шарт қойды,
Жаңа туған сәбиге
«Алданыш» деп ат қойды.
Еріні жылып сүйген соң,
Қайғысын сұлу тастады.
Талпынып бала күлген соң,
О да күле бастады.
Баласыз Дербес қуанып,
Баланы сүйіп, қолға алды.
Садаға болып сағатта,
Айналды да толғанды.
Кеше туған жас бала
Төртке жасы жетеді,
Тілі шығып, былдырлап,
Үйін базар етеді...
Енді қоңыр күз болып,
Атырауға ел көшеді.
Қонды ауыл Аралға,
Шара бар ма ажалға,
Сағынып көрген сәбидің
Санаулы күні жетеді.
Қоңыр түсті қорасан
Бөбегін алып кетеді.
Ақкенже ана зарланып,
Қайғыменен қан ішті,
Төсі сыймай кеудеге,
Тұлымын жуып жер құшты:
«Шарқ ұрып жүрген, құлыным,
Тарылтып кетті заманды,
Бал татыған шырыннан,
Суалтып кеттің анаңды.
Аялаған, Алданышым,
Аңыраттың анаңды.
Қуанышым, қуатым,
Сенсіз күнім қараң-ды.
Сергелдеңде жүргенде
Сен жазып ең жарамды!» –
Деп зарланған Ақкенже
Ұзамай дертке шалынды.
Жас жүрегін өртеді
Қайғының өрті жалынды.
Қызыл жүзі сарғайып,
Қос өкпесі қабынды.
Қайғыменен қан жұтып,
Ақкенже байғұс торықты.
Тор етінен арылып,
Өлер халге жолықты.
Жайнаған сұлу ажары
Топырақтай болыпты.
Жатқан жерден тұра алмай,
Кірпік қағу, ұйқы жоқ,
Езу тартып күле алмай,
Түзелетін сиқы жоқ.
Өзегіне өрт толды,
Айдай сұлу Ақкенже
Мезгілі жоқ мерт болды...
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Әңгіме еткен араңда.
Әлі есімнен қалған жоқ
Біздер көрген заманда
Сондай-сондай көп болды...
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі