Қараүлектің Мамайды жоқтағаны
Бұл бетте «Қараүлектің Мамайды жоқтағаны» атты Нұрпейіс Байғанин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Туырлықтай ту алған Мамай,
Қылышын қанға суарған Мамай,
Жау көргенде қуанған Мамай.
Ертістің басы ер Шаған,
Еңіретіп мұны алған Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Əскерге қару ілдірген Мамай,
Айбатты əскер жүргізген Мамай.
Береңгі жаға, бек сауыт
Белсендіріп кигізген Мамай.
Тастан өткен көк садақ
Белге орай ілгізген Мамай.
Досын сыйлап сақтаған Мамай,
Сансыз əскер болса да,
Мұнан қорқып саспаған Мамай.
Нашарды бағып сақтаған Мамай,
Дұшпанды жерге таптаған Мамай.
Қырымнан əскер жүргізген Мамай,
Қуантып халқын күлгізген Мамай,
Қарсыласқан жау болса,
Қан жаудырып бүлдірген Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің көп ноғай?!
Сансыз əскер құра алған Мамай,
Жауды көрсе қуанған Мамай,
Ерлігі елге сыналған Мамай,
Үртістің басы Үрім хан,
Үн салдырып мұны алған Мамай.
Сөйткен патша Мамайға
Не көрсеттің көп ноғай?!
Үлкендер айтса тіл алдың, Мамай,
Жақсылыққа қуандың, Мамай,
Беренге беркін ту алдың, Мамай,
Қалмақтың басы Қараман,
Қан жаудырып мұны алдың, Мамай.
Сөйткен патша Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Досын көрсе сүйінген Мамай,
Құралдап əскер түйінген Мамай.
Жау көрмесе, күйінген Мамай,
Жаулары жаннан түңілген Мамай.
Құрал жиған дүйімнен Мамай,
Қырымның басы Қытай хан,
Қырғын салып мұны алған Мамай,
Салтанатын сан халықтан оздырған,
Алтыннан орда салдырған Мамай,
Қара түн жауға жаудырған Мамай.
Сан жетпейтін көп əскер
Қарсыласып келгенде
Қалдырмай есін тандырған Мамай.
Еңселескен жау көрсе,
Қайғының отын жандырған Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Ерлікке елге сыналдың Мамай,
Белге буған ақ алмас
Қызыл қанға суардың, Мамай.
Қуаты сен халықтың
Үлкендер айтса тіл алдың, Мамай.
Орыстың басы одаман
Ойран салып мұны алдың, Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Шығыршықты көк сауыт
Белге орай ілгіздің, Мамай,
Шалқытып дəурен сүргіздің, Мамай.
Байтақ ноғай халқыңды
Қуанышпен күлгіздің, Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Жау дегенде желіккен Мамай,
Жау көрмесе еріккен Мамай.
Ойлаған ақыл-кеңестен Мамай,
Талай жаумен егескен Мамай,
Əскерін жиып теңескен Мамай.
Əскерге қару ілдірген Мамай,
Егескен жауын бүлдірген Мамай.
Орағай садақ, сайкез оқ
Беліне құрсай ілгізген Мамай
Құмырысқа бел, құмар көз
Ноғайлының ерлерге
Қалмақтан сұлу сүйдірген Мамай.
Ақ кіреуке қамқадан
Асыл киім кигізген Мамай.
Құрал-сайман бəрі сай,
Ноғайлының жігітін
Сансыз жауға тигізген Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Нұр сəулесін жаудырған Мамай,
Табанын жаудың аудырған Мамай.
Қалмақ деген халыққа
Қайғының отын жандырған Мамай
Талайдың есін тандырған Мамай
Кейінгіге үлгі сөз
Мирас етіп қалдырған Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Байтақ елді меңгерген Мамай,
Жез аяққа жем берген Мамай,
Азды көпке теңгерген Мамай,
Адасқанға жөн берген Мамай,
Жау дегенде тербенген Мамай,
Тербенсе, қалмақ жерге енген Мамай.
Үш күн жауды көрмесе,
Көкірегі шерленген Мамай
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Жау дегенде шаттанған Мамай,
Табысына мақтанған Мамай.
Беліндегі көк алмас
Сары алтынға қапталған Мамай.
Қолындағы көк найза
Шын шынарға сапталған Мамай.
Егескен жауды еңіретіп,
Қара жерге таптаған Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Бақытқа артық жүлделім Мамай,
Сөйлеген сөзді үлгілім Мамай.
Топтан озған дүлдүлім Мамай,
Бақшадағы бұлбұлым Мамай.
Ақ киіктің діңгірі Мамай,
Ақ боз үйдің уығы Мамай,
Боз орданың сырығы Мамай,
Қашағанның құрығы Мамай.
Хан Мамайдан айрылып,
Қор болдың, көп ноғай!
Алтыннан ожау ойдырған Мамай,
Күмістен піспек құйдырған Мамай.
Үйге мейман келгенде,
Ат семізін сойдырған Мамай.
Нашар менен пақырдың
Бəрін сыйлап, тойдырған Мамай.
Жез аяқ тұлпар байлаған Мамай,
Алмасын шарға қайраған Мамай,
Жауды көрсе жайнаған Мамай,
Табаны жаудан таймаған Мамай.
Еділдің басы – үш ақ шат,
Жаз күнінде жайлаған Мамай.
Шыңғыртып құлын байлаған Мамай,
Халықтың қамын ойлаған Мамай,
Жаудан елді қорғаған Мамай,
Өргізген халықты ордадан Мамай,
Төресін тура жолдаған Мамай.
Буыршынның бұйдасы Мамай,
Көк найзаның сидасы Мамай,
Сырлылардың сырласы Мамай,
Мұңлылардың мұңдасы Мамай,
Пақырлардың мұңдасы Мамай,
Патшалардың құрдасы Мамай.
Көп ақылдың ордасы Мамай,
Біліктінің жолдасы Мамай.
Адамның өткір алмасы Мамай,
Хан Мамайдан айрылып,
Ақырында қор болдың, көп ноғай!
Басымнан бағымды арылттың, Мамай,
Кең күнімді тарылттың, Мамай.
Сексен жаста зарықтым, Мамай.
Қайғыланып, қамықтым, Мамай,
Құса басып тарықтым, Мамай.
Жасым жетіп келгенде,
Артыңда жылап қалыппын, Мамай.
Тар құрсағым кеңіттің, Мамай,
Тұла бойымды еріттің, Мамай,
Тас емшегімді жібіттің, Мамай,
Астана елге сүйіктім Мамай,
Қасіретке күйіппін, Мамай.
Хан Мамайдан айрылып,
Ақырында қор болдың, ноғай!
Белдемшесін белсенген Мамай,
Соғысқан жауын еңсерген Мамай,
Хандарды тақтан төңкерген Мамай.
Хан Мамайдан айрылып,
Ақырында қор болдың, ноғай!
Алтын орда бақшасын
Гүлдендіріп жайнатқан Мамай,
Бақшада бұлбұл сайратқан Мамай,
Сарбаз əскер ойнатқан Мамай,
Еменді найза толғатқан Мамай.
Хан Мамайдан айрылып,
Ақырында қор болдың, ноғай!
Қуантып халқын күлдірген Мамай,
Құралды əскер ерлерін
Асқар шыңнан жүргізген Мамай.
Асырмайтын қара тау,
Ортасынан тілдірген Мамай.
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Ай, Орағым, Орағым,
Сөзімді тыңда шырағым!
Екеуің қатар тұрғанда
Мақсұт пен біткен мұрадым.
Бас кес десе, тас кескен
Өткір алмас қияғым,
Егізіңнен айрылып,
Сексенде еңсеп жыладым.
Асырмайтын алтын тау
Желі соғып топанның
Қарағым Мамай, құладың.
Болар ма еді арманым,
Артыңда қалса тұяғың?
Жылар ма едім шырағым,
Айбаты артық өктем ер,
Жау сауытын сөккен ер,
Бір баланың зарынан
Көздің жасын төккен ер,
Айтып-айтпай немене,
Арманда болып кеткен ер!
Жасым жетіп келгенде
Басыма түсті уайым,
Қайырын хақтан сұрайын.
Со секілді Мамайға
Жыламай неғып шыдайын?!
Арманда болған хан Мамай,
Иманың болсын сыбайың!
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі