Өлең, жыр, ақындар

Алматыда ленин ескерткіші

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 1981
Тұр тұғырда аршындап ол аттамай,
Кетпейді оған күн мен ай қонақтамай.
Қарауылда тұрады қызыл гүлдер
Қызыл жұлдыз қадаған солдаттардай.
Алатаудың ақ бұйра бұлағындай
Шалқиды оның жанынан күй арылмай.
Көгершіндер қалқиды төбесінде
Көгершіндер көсемнің қиялындай.
Бауырына баладай басып бәрін,
Құшады ол аспандай ашып жанын.
Желбірейді тулардай ақ қайыңдар
Жапырақтары жап-жасыл шашып жалын.
Дүние сыйып көзінің қиығына,
Қарайды ол қазақтың қиырына.
Ақсақал тау қазақтың ақ шапанын
Ақша бұлттай жабады иығына.
...Ол асығыс ойменен таңды атырған,
Ол атқарар міндет көп алда тұрған,
Әр уақытта бір соны арқа тұтып,
Бар Алматы қарайды Алматыдан.
* * *
Майданға келді бір хат қарлығаштай, Тамған бір найзағайдан қанды жастай. Қиылып қарсы алдымда тұрып алды Ұялшақ биязы бір қарындастай.
Аралап қан майданды жөнелді үні, Секілді өмірімнің келер күні. Сөйледі хат ішінен суырылып, Шертіліп шешен тілдің шеберлігі.
Жорықта өтті менің нелер қысым, Астасты алай-түлей өң мен түсім.
Қоймасам хатқа қарап күндіз-түні,
Ұшпады «көкала үйрек» өлең-құсым.
Сол бір хат талай ұшты көл құсы боп,
Ұшырар оны басқа жел күші жоқ.
Сол бір хат жүрегімде тұрып қалды
Мәңгілік махаббаттың белгісі боп.
* * *
Күзетер мені тауларым,
Таулар бір биік қорғандар.
Күзетер мені арманым,
Күзетер қалың ормандар.
Күзетер зеңгір асқарым,
Қалса да жалғыз бұлт тамбай.
Күзетер биік аспаным,
Мөлдіреп таңғы шықтардай.
* * *
Төбемізде қызыл-жасыл аспан тұр, Театрдың сахнасындай,— Ферғананың жібегіндей, Марғұланның атласындай.
Көшелерді жапқан кешкі ымырттай, Көлеңкесі айқасқан көк шынардың. Кәрілікті өз бойына жуытпай, Көлденеңдеп қыстың тосып тұр алдын.
* * *
Күз суретін салады,
Күңіреніп ой аулап.
Жансыз жатқан даланы
Сары алтынмен бояулап.
Кемеріне көл теуіп,
Шаң борайды жолдарда.
Жапырақтар өртеніп,
Жанады көк орманда.
* * *
Теңізге барсаң желдің иісін сезесің,
Жел еспей қанаты талса да.
Аспанға ұшсаң көлдің иісін сезесің,
Көл сенен алыс — жер қойнында қалса да.
Достарың жаныңда жүрсе де,
Соларды сағынасың көрмегендей.
Бұлақтар жаныңда күлсе де,
Боласың шөлдегендей.
* * *
Құйшы менің жаныма,
Жарық пенен жылылық.
Келсін қайтып тағы да,
Кішілік пен ұлылық.
Жас таусылса көзіңнен,
Көктен сұрап бұлт алшы.
Содан кейін жаңбыр боп,
Құйшы маған бір тамшы.
* * *
Мен тауларды көрген жоқпын азап деп, Таулар мені қуантады ғажап боп. Алатауға сүйсінемін, қараймын, Осы тұрған менің бабам қазақ деп.
Өз елімнің қандай сонша жері көп, Оның тіпті, дүниеде теңі жоқ. Өзенімнің қандай сонша селі көп, Өз елімнің қандай сонша ері көп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аспанда

  • 0
  • 0

Қалып жатыр шөл, ыза...
Шетсіз аспан әлемі.
Көрінді тау Феруза,
Аты қандай әдемі.

Толық

Мұса жәлел ескерткіші

  • 0
  • 0

Аяқ-қолы қыл арқанмен байлаған,
Тұр ол бүгін ескерткішке айналған.
Көгершіндер төбесінде ұшады
Тірі қалған қиялындай майданнан.

Толық

Байқал аңызы

  • 0
  • 0

Куәсі сан күндердің,
Байқал сыры тым ұзақ.
Миллион жылдар дүниенің
Өткізген көшін тұнжырап.

Толық

Қарап көріңіз