Шыңғыс ханның соңғы аманаты

Бұл бетте «Шыңғыс ханның соңғы аманаты» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ұлы қаған – ұлы қайғы меңдеген,
Төсек тартып жата берді дембе-дем.
Шақыртқан соң – үш баласы келіпті,
Жошы ғана Хорезмнен келмеген...

– «Сендер үшін мен найзаның ұшымен,
Ақыл-айла, білегімнің күшімен,
Ұлан-ғайыр дала менен қаланы,
Жаулап алдым өзен, тоғай, құсымен.

Жауды аяма, досты көтер төбеге,
Жандарың бір мынау үлкен кемеде.
Мен өлген соң ұлы хандық тағдырын,
Өз қолдарың байламасын жебеге.

Мен өлгенде жыламаңдар таусыла,
Ескерткіштің керегі жоқ басыма.
Таласпаңдар, – Мирасқорым Үгедей,
Бір інімді жіберемін Жошыға...

Тоқтатпаңдар кіргенімше табытқа,
Таңғұттарды алам соңғы бағытқа.
Бұрқан ханды тобасына келтіріп,
Жорықта өлсем бұйырмаңдар айыпқа.»

Шыңғысханды ауру меңдеп алғанмен,
Асықпастан қолды жиды талғаммен.
Кәрі тарлан жүрген кезде жорықта,
Жошы хан да қоштасыпты жалғанмен.

– «Қап, әттең-ай, - асығыпты Өтжеген,
Оқыс жағдай болды ма екен, күтпеген?..
Батыс жаққа бастап барар қолымды,
Жошы хандай ешкім жоқ қой – діттеген...

Хорезмде кім қалады – хан болып,
Асықтым ба, өз баламды жау көріп?..
Өтжегеннің кінәсі жоқ, зәредей,
Жошы ханды өлтіріпті аң теуіп...»

Қайта-қайта сандырақтап қарт қаған,
Сүбетайға сырын айтты сақтаған:
– Күннен-күнге кесел жеңіп барады,
Достым енді...мына өмір жат маған.

Жете алмадым ең ақырғы теңізге,
Өлім деген өзектіге егіз бе?..
Жау жүрегім – үзеңгілес серігім,
Бұл қайғыны немереме жегізбе.

Бату албырт – бұғанасы қатпаған,
Сені соғыс ақ күмістей қақтаған.
Мені енді жер қойнына тапсыр да,
Суыт жүріп, ақылшы боп – жет соған!

Сүлде құдай бар жорығын жақтаған,
Жорықта өлді дәл осындай Бас қаған.
Бұл өлімнің ашылмады қыр-сыры,
Моласын да әлі ешкім таппаған.

Сүбетай мен Бату хандар қауышып,
Қызбалыққа салиқалық ауысып.
Қылыштарын қара тасқа қайрап ап,
Еуропада жүрді кейін қан ішіп...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері