Үлес

Бұл бетте «Үлес» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жауыр қылып көкірегін сабалау,
Өз-өзіне сын көзбенен қарамау,
Қуыс кеуде надандардың үлесі –
Адам жанын ойланбастан жаралау.
Сүрінгенді – құлап жатып табалау,
Жақындарын пайда іздеп алалау,
Құлақ кесті сараңдардың үлесі –
Қиналғанда бір демеуге жарамау.
Табиғаттың тылсымына үңілу,
Ізгіліктің құшағына жылыну,
Арыны бар ақындардың үлесі –
Асып-тасып жыр теңізге құйылу.
Бұра тартпай қисынға сай саралау,
Жалтақтамай дарындарды бағалау,
Елге тұлға азаматтың үлесі –
Қазанатты шығынсынбай тағалау.
Зымыраған уақытқа жат дамылдау,
Мүмкін емес тағдырыңа бағынбау,
Құшағы кең жер-ананың үлесі –
Ешкімді де жатырқамай қабылдау...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері