Дәулет қонса басыма

Бұл бетте «Дәулет қонса басыма» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Дәулет қонса басыма,
Көңіл жөнсіз тасыма.
Жақсы менен жайсанды,
Жақын тартам қасыма.

Мал бітпесе басыма,
Өр көңілім жасыма.
Ниеті ізгі жақсының,
Жақын қонам қасына.

Дүниесін малданған,
Бай да өтер жалғаннан.
Қолындағы барына,
Жарлы да өтер алданған.

Бар билікті уыстан,
Шығармауға тырысқан.
Таусылғанда талқаны,
Хан да тақтан ығысқан.

Сүрген өмір алаңсыз,
Із қалмаса баянсыз.
Ақындардың артында,
Сөз қала ма қаламсыз?

P.S. Мән-мағына болмаса,
Тіршілігің жарамсыз...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері