Жасасын әкелер
Бұл бетте «Жасасын әкелер» атты Гүлмекен Қасенбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Жасасын әкелер
Әке деген - арқа сүйер қорғаның,
Әке деген - пана тұтар орманың.
Көрінбейтін кейде ұлы істері -
Орны бөлек қасыңдағы сол жанның.
Әкең барда - сезінбейсің жетімдік,
Әкең барда - киімің - көк, қарның - тоқ.
Әкең барда - қорықпайсың ешкімнен,
Еш алаңсыз ойнайсың жас бала боп!
Әкең барда - жүре тыңдап ақылын,
Елемейсің махаббатын, мейірімін.
Жоғалтқанда мәңгілікке әкеңді -
Есіңе алып, өкінесің әр сөзін..
Әкең барда - үйде нағыз патшасың,
Менсінбейсің туысты да, басқасын..
Әкесі жоқ бала жалтақ келеді,
Құдай Өзі, жетімдіктен сақтасын!
Әкең барда - ойламайсың еш нәрсе,
Әкең барда - үйде күнде мереке.
Әкең берген жүз теңгеде хайыр бар,
Әке деген таусылмайтын береке!
Әкесі бар бала батыл келеді,
Қателіктен қорықпайды, себебі..
Құласа да, жыласа да, қолдайтын -
Әкесі бар, ол үшін жан беретін.
Әкелер тек қорғамайды өз ұрпағын,
Әкелердің мойнында ұлт, ел қамы.
Елі үшін қажет кезде жан берер -
Әрбір әке - қаһарман, өр тұлғалы!
Тарататын елге жаңа білімді,
Әкелетін елге алтын жүлдені.
Дамытатын өнердің сан-саласын,
Біздің елдің әкелері үлгілі!
Құрметтейтін ата-анасын, жұбайын,
Еркелеткен ұл мен қызын ұдайы.
Жасай берсін, біздің асыл әкелер,
Әкелерсіз өмір қызық болмайды!
Ғасыр жасап, аман жүрсін әр әке,
Тұтқа болсын бейбіт күнде мына елге.
Әкелермен шын бақытты бұл қоғам,
Тыныш заман жалғассын тек мәңгіге!
Гүлмекен Қасенбайқызы
10.11.2026
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі