Сезім

Бұл бетте «Сезім» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көңіліме қаяу сап жын қағынып,
Жалғызсырап жатқанда мұң жамылып,
Орамалмен желпіді күлімсіреп,
Ұрын келіп муза-қыз түн жамылып.

Сүт сезімге беріліп түніменен,
Ертесіне жыр жаздым күніменен.
Арман етіп құладым төсегіме,
Білегінен ұстауды шыныменен.

Көзбен ішіп келбетін тауыспастан,
Қадам болды бұл өзі шалыс басқан.
Созған қолым ербеңдеп, ауа қармап,
Үміт жібі үзілді, табыспастан.

Түкпіріне жүректің ұя салып,
Кеткеніне қайтейін кінә тағып.
Жылан-тағдыр қоймастан кектенуін,
Жатқаны ма араға сына қағып?

Ысып денем, өртеніп өзек жатты,
От оранған сезімім безек қақты.
Тас-талқан боп ақылым пәршеленіп,
Таңсәріде шашылып төсек жатты...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері