Тосын құбылыс

Бұл бетте «Тосын құбылыс» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Селт еткізіп сезімді қалғып кеткен,
Нөсер құйды шілдеде, қайтып көктем.
Құс жолына үмітті жалғағандай,
Кемпірқосақ көрінді қалқып көктен.

Жонын тіліп аспанның жасын ойнап,
Ақылыма сезімді қарсы қоймақ.
Бір күй менің тербетіп жүрегімді,
Шақыратын сияқты жасыл аймақ.

Гүл құлпырып, ағаштар сілкінеді,
Көктем орнап жүректе жыр түледі.
Алпыс жасым артына шегіншектеп,
Балалық шақ сол күні бір түнеді.

Қуаныштан орын жоқ қайғы-мұңға,
Сәби-көңіл мінгесті тай-құлынға.
Қаршығаның ілініп қанатына,
Қиял кетті тау асып қарлы шыңға.

Ақша бұлт оранып шың басында,
Еңлік гүлі құлпырып тұр қасымда.
Қарсы қойып тәкәппар нәзіктігін,
Бет қаратпас қояншық бұрқасынға.

Зорға түсіп көңілім сабасына,
Қайта келдім пенделер арасына.
Шыңға біткен осы гүл арман болып,
Алпинистің сіңген-ау санасына...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері