Өлең, жыр, ақындар

Мен адамның таппаймын өнерлісін...

  • 15.04.2015
  • 2
  • 1
  • 16351
Мен адамның таппаймын өнерлiсiн,
Ерiнбей еңбек қылған көп жұмысын.
Iш жарып, iшек жалғап, сүйек қиып,
Жамайды ерiн, мұрын, түскен тiсiн.
Аэроплан‚ телефон‚ грамофон,
Электр, радий мен магнит iсiн.
Терең оймен тексермес надандарды
Дегiзген: «Сaйтанбысың, Тәңiрiмбiсiң?»

Осынша өнер тауып асқан адам,
Әлемнiң қиын сырын ашқан адам.
Ол түгiл өмiрге де айла табар,
Өлмей жетер бiрталай жасқа да адам.
Бiрақ адам өз жанын танымайды,
Бiледi бiр өзiнен басқаны адам.
Тiршiлiк – жоғалатын жан сипаты,
«Жаным жоқ»,– деп болады масқара адам.
Жалам емес‚ жазыпты пән деп мұны,
Не демес ойы жетпей сасқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.

Жан жолдан қосылды деп, пән де, дiн де,
Ақылды байлап қойған соған мүлде.
Ең басқы зат: жаны бар, ақылды зат,
Оны ойлаған адам жоқ осы күнде.
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгередi,
Жан жоғалмас деп ойла, соны бiл де.
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзiмдi құлаққа iл де.

Жан – қожа, тән дегенiң – жанның құлы,
Нәпсi неге бiлмеген бұрын мұны?
Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма
Жоғарғы кереметтi неше қилы?
Тән – терезе, қарайтын жан – иесi,
Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны.
«Жолдан шыққан жан жолда жоғалар»,– деп,
Сандырақтап айтқанмен, жоқ дәлелi.
Дәлелсiз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң,
Таза ақылдың алдыңда жоқ қой құны.
Мисыз, күншiл, бiрезу, өзiмшiлдер
Аласұрсын, асқақтап, қозса жыны.
Соқыр бiлмес жарық пен қараңғыны,
Көңiл көзi сынасын‚ болса мiнi.
Өлмей тұрып дәлелiн өзiме айтсын,
Менiң дауым айтылмас өлген күнi.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Бір Аллаға сыйынған адам өлмес...

  • 1
  • 7

Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,
Құдайсыз қу қолынан іс те келмес.
Белін бекем буғанның белі талмас,
Ел бұзса да, адалдық өзгерілмес.

Толық

Қазақ

  • 2
  • 2

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
«Анау – қу, мынау – пысық, мен – батыр» – деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа.

Толық

Арақ, мастық, жар, жан, шатақ иманның шешуі

  • 1
  • 3

Арақ – ақыл‚ мастық – ой, жар – хақиқат‚
Жан – нәпсi, шатақ иман – дiн қиянат.
Маскүнем‚ әйелсүйгiш‚ дiнсiз ғой деп,
Сырым бiлмей сыртымнан қылма ғайбат.

Толық

Қарап көріңіз