Қайдасың менің көктемім?

Бұл бетте «Қайдасың менің көктемім?» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сағындым сені – қызылды-жасыл гүлзарым,
Бар шығар әлі тататын сенен тұз-дәмім?
Сусыған құмдай уақытқа құрық салынбай,
Қойды ма әкеп ақпанның суық ызғарын?..

Сағындым сені – жайнаған жасыл бақтарым,
Бар шығар әлі бақытқа бөлер шақтарың?
Соңына түсіп өмірім асыл арманның,
Білмеймін қашан, қай жерге барып тоқтарын?..

Сағындым сені – балауса шыбық шас шағым,
Нәуірзек – көңіл шарлайды қиял аспанын.
Алдамшы уақыт еркіме менің көнбестен,
Түсімде ғана дамылдап жатыр қас қағым.

Қайырмасы:
Қайдасың менің көктемім,
Нөсер боп неге төкпедің?
Жабырқау менің жанымды
Жасынға жанып кетпедің.
Өзіңді аңсап жүргенде,
Қарашы, күздің жеткенін.
Қайдасың менің көктемім?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері