Әке арманы

Бұл бетте «Әке арманы» атты Ахат Кендебай жазған әке туралы өлең берілген.

Ұл-қыздарым,
Жанарымның ағы мен қарашығы
Сендерменен өмірдің жарасымы.
Күліп кіріп жүрсеңдер босағадан,
Бал татиды тәңірдің қара суы.

Құндыздарым,
Қамқа тоным сездірмес күз ызғарын,
Патша көңіл аңсайды уыз дәмін.
Қараша үй сендерге ұйытқы боп,
Бірге ұйып жүріңдер уыздайын.

Жұлдыздарым,
Сәуле шашқан биіктен шырақтарым,
Бұлақ болып жеймін мен құрақ қамын.
Өркен жайып өссеңдер – өріс кеңіп,
Фәниде де көрер ем жұмақ барын.

Қайырмасы:
Гүлге тұнған бақтарым,
Жеміс берер шақтарың.
Қамсыз түйін түйсін деп,
Жел өтінен сақтадым.
Арайлы боп таңдарым,
Орындалса арманым.
Ұмыттырып жіберер,
Дүниенің жалғанын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері