Сені  қалай ұмытайын?

Бұл бетте «Сені  қалай ұмытайын?» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Хабарсыз кетіп сарсаңға салсаң төзімді,
Зарыға күттім,
Сарыла күттім өзіңді.
Үкілі үміт қалса да сәулем үзіліп,
Күттім ғой сенің
Бір ауыз жылы сөзіңді.

Құрықтай алмай жүрсем де құлан – сезімді,
Ұмытқым келді,
Сүйіктім болған кезіңді.
Түсіме еніп жүрсең де жиі мазалап,
Ұмытқым келді,
Суытқым келді көңілді.

Ұмытқым келді қарақат мөлдір көзіңді,
Ұмытқым келді
Бақытты болған кезімді.
Сағыныш сазы саябыр таппай санамда,
Азапқа салып
Жүрмін ғой бірақ өзімді.

Қайырмасы:

Айдында жұбын жазбаған,
Аққудай бірге жүзетін,
Жанымыз жаздай жадырап,
Күн қайда бірге жүретін?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері