Көктеммен келіп табысқым

Бұл бетте «Көктеммен келіп табысқым» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көктеммен келіп табысқым,
Сезіммен жалғыз алыстым.
Жадағай жабы үміттің,
Жалына барып жабыстым.

Қоңыр күз келіп мұңайтып,
Жазыма жатыр сын айтып.
Келмесін қайта білсем де,
Көктемге келем құмартып.

Пенделік ойдан тазарған,
Жыр жазу маған әз арман.
Қолдағы барды қарыштап,
Келемін қайтып базардан.

Жемсауы толмай жерінген,
Аққу-қаз ұшса көліңнен.
Мансабын малдап тегі жоқ,
Көкірек керер көрінген.

Қампиған шардай үрленген,
«Қамқоршың» көшер іргеңнен.
Дүние жалған екен ғой,
Әп-сәтте басқа түрге енген.

Қиялмен Иран бақтарға,
Оралам өткен шақтарға.
Оңаша кейде үңілем,
Сарғайып кеткен хаттарға.

Жалауы жалқы жанымның,
Желбірегенін сағындым.
Күйзеліп соққан жүректің,
Елжірегенін сағындым.

P.S. Тұсауды салған уақытқа
Келмейді екен бағынғың...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері