Ұсыныс

Бұл бетте «Ұсыныс» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Қ.Төретайұлына)

Қаламдас достым, Қабылбек,
Сыйлаймын сені ақын деп.
Өтініш айтсаң орынды,
Орындамауға хақым жоқ.

Жіберген маған «Қасқаның»,
Жинағын оқи бастадым.
Дән таппай түйір ішінен,
Қайтадан жауып тастадым.

Поэма жазған өлеңмен,
Жан екен өзі өлермен.
Жүйесіз, ойсыз, манмұнсыз,
Алмақшы бопты көлеммен.

Ұйқасты қуған саны көп,
Өлеңдер өлі – жаны жоқ.
Қуғынбек мені кешірсін,
Жазғандарының мәні жоқ.

Жатса да қанжар шалқайып,
Буынсыз жерге салмайық.
Киелі бекзат өнерге,
Қиянат жасап алмайық.

Ұсыныс айтып Одаққа,
Қалмайық біздер мазаққа.
Музаға зорлық еткенді,
Жолатпа достым, жолатпа!

19.02.2012ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері