Ертегілер елі

Бұл бетте «Ертегілер елі» атты Ахат Кендебай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Әбілда Аймақтың рухына)

«Пенделердің түк таппай сенімінен,
Анда-санда байларға еріп үрем»,-
Деп жырласа Әбілда шайырымыз,
Аллаһ салған аузына сөзі білем?..

Шенділерге үн қосып, арқа сүйеп,
Жүрген болар арбасын алға сүйреп...
Екі жүзді қоғамға тап болған соң,
Не шара бар жатса да жарға тіреп.

Өлшенген соң аброй теңгеменен,
Тобасынан жаңылар пенде деген.
Кірпияздау көңілге кірбің түсіп,
Тітіркеніп кетеді кейде денем.

Айтар болсам жасырмай пенде мінін,
Бетке салық менің де кенделігім.
Мал-мүлкімен мақтанып жатса біреу,
Ызыңдаған ілесер желге мұңым.

Зәбір көрсе ізгілік қиянаттан,
Ақын үшін атады жылап ақ таң.
Дүниеге кіріптар етіп қойып,
Сыбырлайды екенсің
О, Жаратқан!

Жақсы хабар есітсе шаттанады,
Жайсыз болса еңсесі тапталады.
Тәңір сөзін жеткізіп пенделерге,
Ақын жаны жаннатқа аттанады.

Тоқтаған соң тынымсыз соққан жүрек,
«Ертегі елі бар»,- дейді жатқан гулеп...
Шын болса егер Әбілда жүрген шығар,
Пенделердің бақытын Һаһтан тілеп?!.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері