Төл басы едің қарағым

Бұл бетте «Төл басы едің қарағым» атты Ахат Кендебай жазған махаббат туралы өлең берілген.

Төл басы едің қарағым,
Ес кірер жасқа қарадың.
Түн қатып жүрер ұрыдай,
Бітпей-ақ қойды саяғың.

Жалғанға жалдап жанымды,
Алдыңа жайдым барымды.
Түз торып жүріп үйдегі,
Білмейсің менің халімді.

Күлкісіз күнді батырдым,
Ұйқысыз таңды атырдым.
Өзіңнен күткен көп үміт,
Құнындай қара бақырдың.

Сайтанның ерсең соңына,
Баса ма ісің оңына?
Ішкен ас бойға дарымай,
Сүземін көзді жолыңа.

Таяныш көріп қараңды,
Алпысқа жасым таянды.
Мақтаныш көріп жүргенде,
Ит-құсқа ойым таланды.

Қыңсылап күшік – көңілім,
Қырманға жимақ егінін.
Күздегі жауын-шашынға,
Болмай тұр бірақ сенімім...

Қансоқты болған жүрегім,
Үзбейді сенен күдерін.
Ішімде боран ұйтқып,
Сыр бермей сыртқа күлемін.

P.S. Тік ұстау үйдің тірегін,
Емесін оңай білемін.
Періште болғын демеймін,
Адами бақыт тілерім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері