Көгершін – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Көгершін» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 5205
Сөгіп қара түн өлкесін,
Күн шұғыласын шашқанда.
Хабар тасып көк көгершін,
Көтерілді аспанға.
Сол хабарда жатыр еді,
Картасы қыр-сайлардың.
Сол хабарда жатыр еді,
Картасы қан майданның.
Көгершіннің қанатында
Өмір, өлім таласы...
Жалғасты тез қапелімде
Майдандардың арасы.
Көк көгершін жауапты алып,
Оралды күн батарда.
Көгершіндей қанаттанып,
Шықты ерлер сапарға.
* * *
Ормандары орыстың,
Отын кештің соғыстың.
Қалқан болып кеудеме
Бомба түссе болыстың.
Әр қарағай, әр қайың,
Досым болдың әрдайым.
Жапырағыңа сүңгіді,
Дулығалы маңдайым.
Жандым лаулап көмірдей,
Кештім күннің ауырын.
Сақтап қалды өмірдей
Тереңдегі тамырың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері