Таң нұры да тастай боп түскен сынып
Бұл бетте «Таң нұры да тастай боп түскен сынып» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Таң нұры да тастай боп түскен сынып,
Тағдыры да бұл күздің үстем, суық...
Өлген жүрек секілді – әр жапырақ,
Түзден түңіліп емес, іштен тынып...
Әйтпегенде, сол еді төзетін ең,
Ештеңені күтпей-ақ келер күннен.
Талай дауыл жұлқылап жұла алмаған,
Түсер ме
еді үзіліп өз еркімен?..
Уақыттың көзі ғана анық жеткен,
Күл емес, күзге айналар жанып көктем.
Содан соң бақыт құсы қайырылмастан,
Соңғы үміті далада қалып кеткен...
Жалған нұрдан жаны алыс, ауыр – шыны
Басқа-басқа бұл күздің мәлім сыры.
Қанатынан шашылып қала берген,
Ал көңілі – құстардың қауырсыны.
Қарға-мұңым, сен мені қарғамашы
Талай тиген толқынмын жарға басы.
Жазылмайтын мың жерден жасырсақ та,
Күз деген – жалғыздардың жан жарасы.
Саған қалай, білмеймін
Солай маған,
Жапырақ боп дос пен жар, қарайды анам.
Сынып жатқан астында табаныңның,
Өзіңді көр, сенбесең, сары айнадан!
Жауыннан да жұбанбас жан азабы,
Тауыңнан да таятын бақ, ажары.
Күз дегенің – танитын, түсінгенге,
Дала заңы емес жай,
Дала зары!
-
-
-
-
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі