Күзгі бұлттар несіне түнереді

Бұл бетте «Күзгі бұлттар несіне түнереді» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Күзгі бұлттар несіне түнереді,
Сені көрсе олар да гүл егеді.
Мың жерден мұңайтсаң да сұлулығың,
Бір көрінсе,
Жынды ғып жібереді.

Уақыт та – Сені іздеген мұңлы құшақ,
Біресе жапырақты, гүлді құшад(ы).
Жүрісін ұмытып қап Сен болмасаң,
Сен барда ұшып-қонар жынды құсап.

Тағы саған тасуға асығып хат,
Құстарыма самғады қосылып бақ.
Жүргендеймін Сені іздеп арасынан,
Жапырақтары жанымның шашылып қап.

Көктемде көк пен жерге таңсық болған,
Жанымның жапырақтарын жаншып барам.
Аңсатып қойған бәрін біле тұра,
Құдай да менен бетер ғашық саған.

Мендегі орман ойдың көрігі – Сен,
Мен қашан жеңілуші ем,
Шегінуші ем?!
Сондықтан қопарылып құлап тынам,
Ең соңғы жапырағым,
Сен үзілсең!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері