Екеуміздің арамыз

Бұл бетте «Екеуміздің арамыз» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Екеуміздің арамыз –
Қағаз бенен қаламдай.
Жарамыздан басқасының бәрін бірге жазамыз,
Басқа медет таба алмай...

Тәңір солай жебер деп,
Мейлі жүрек қозғасын.
Өзендерше ақтарылған айғыз-айғыз өлең боп,
Сия – сенің көз жасың!

Көңіл күткен сезім боп,
Сағынышты жаз мәңгі.
Менің дағы отқа оранып, шимайланған кезім көп,
Аппақ тұсым аз қалды...

Теңіз сырды төге бер,
Иемізге ол да аян.
Жел ұшырып алып кетсе сенен алыс мені егер,
Жазуыңмен сарғаям.

Өмір бізсіз айтар ән,
Өлең қалай кешірмек?!
Қағаз бенен қалам егер қауышпаса қайтадан,
Жазу қалар жетім боп!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері