Өмірдің жазы да сен, қысы да сен

Бұл бетте «Өмірдің жазы да сен, қысы да сен» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өмірдің жазы да сен, қысы да сен,
Әйтпесе саған мойын ұсынбас ем!

Өмірдің өзі де сен, ажал да сен,
Өлең де, тарих та сен жазам десем!

Мендегі бар да сенсің, жоқ та сенсің,
Әйтпесе уақыт бұлай жортпас еркін.

Мендегі жауап та сен, сұрақ та сен,
Қыл көпір, Тозақ та өзің, Жұмақ та сен!

Ауам сен көрінбейтін жәй ғана,
Әйтпесе сенбес едім Құдайға да!

Тағдырдың нұры да сен, түнегі де,
Мәңгілік майдан ашқан жүрегіме!

Өзіңсің батқан кешім, атқан таңым,
Шығарған пенделіктің тас-талқанын!

Мендегі шыдамсыздық, сабыр да сен,
Әйтпесе мың жыл күтіп, жарылмас ем!

Мендегі күнә да сен, пәктік те өзің,
Алғашқы һәм аяулы ақтық сөзім!

Күйініш, сүйініш те, уайым да сен,
Сен үшін ештеңеден тайынбас ем!

Қолын бір-ақ сілтеген бар қызыққа,
Өзіңсің мендегі ұлы жалғыздық та!

Дүниеде о басында сен бар дедім,
Әйтпесе өмір сүріп нем бар менің?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері