Тауысқанша тауқымет пен тұз-дәмді

Бұл бетте «Тауысқанша тауқымет пен тұз-дәмді» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тауысқанша тауқымет пен тұз-дәмді,
Тауысуға асығамыз біз мәнді.
Сүйгендердің көз жасы да ыстық қой,
Сүймегеннің күлкісі де ызғарлы.

Қоштасуды айта берме ауыр деп,
Қайтіп егер қауышпасаң зарың көп.
Сүйген жүрек қайғыға да, мұңға да адал,
Сүймегеннің жүрегінде Тәңір жоқ!

Ғашық жүрек періштедей самғайды,
Өліп кетсе өкінбейді, сол қайғы.
Өйткені ол бәріне адал, тек қана,
Өзін ғана соңғы үмітпен алдайды.

Көз ілмейтін жан дүниеңе күйреген,
Құлақ аспай, «күйсең, өзің күй!» деген,
Нағыз қорқақ – сол қатыгез жүректер,
Өйткені олар өздерін де сүймеген.

...Жалғыздығын жаншығанда мұң басып,
Ай аймалап, болады оған түн ғашық,
Топырақтан гүлге айналар сүйген жан,
Жүз жылдан соң көбелекпен сырласып.

Ал қатыгез жасай берсін, қош делік,
Есесіне енді артпайсыз босқа үміт.
Тау да теуіп тастайды оны түбінде,
Ары кетсе жатар құлпытас болып!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері