Атқан таң қанша көктен төксін нұрды
Бұл бетте «Атқан таң қанша көктен төксін нұрды» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Ф.Гарсия Лоркаша)
Атқан таң қанша көктен төксін нұрды,
Жапанда жалғыз ағаш көп жыл тұрды.
Бір күні дауыл соқты, дүлей дауыл,
Шіркіннің өр бұтағын морт сындырды...
Ескіше елестетіп ғашықтарды,
Жайқалған жапырағын шашып соңғы,
Екіншісі еңкейіп шорт кеткенді,
Құлатпады, құшаққа басып қалды.
Қанша дауыл соқса да одан әрі,
Ол екеуін ешбірі қозғамады.
Ай мен күннің астында айқасқандар,
Селді көктем, күзде де ажырамады.
Аяз келді мүйізін мұзға қайрап,
Шөл де келді тамырын тынбай қажап.
Қураған қу бұтақты екіншісі,
Жапырағымен жасырды жылда аймалап.
Ең ақыры өрт шалды бұл даланы,
Жалғыз ағаш жалынға шыдамады.
Ал екеуі алаулап ұзақ жанды,
Күлге айналып кетсе де құламады.
Самалменен самғады алуан жолды,
Сай салаға себілді, тауға қонды.
Айналасы бүгінде екеуінің,
Бұтақтары айқасқан орман болды...
-
-
-
-
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі