Ой азасы

Бұл бетте «Ой азасы» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жүрегімді қалдырдың ғой далада,
Өтіп кеткен бақытымның қорлығы-ай.
Ғашықтарын жерлеп біткен қалада,
Екеуміз-ақ тірі жүрміз СОРЛЫДАЙ!..

Мына қала тәні жетім ару ма,
Махаббаты бұл дүниеден озғасын?!
...бақыт екен, бірге өле салу да,
Сүйгеніңнің сүртіп тұрып, көз жасын.

Бұл қалада өкпелеткен кім мені,
Жек көрсе де сүйе алатын басқа кім?
Сенің құрбың – бұл қаланың түндері,
Ал көшелер – менің сатқын достарым.

Бұл қалада мұңлы үмітті мәңгі үздік,
Далам... далам маған ашулы.
Ойлайтыным өзің ғана,
Жалғыздық –
Кесіп тастағанша менің БАСЫМДЫ!

Көңілдерді қайғысына талатса,
Бұл қаланы жылыта алмай екі дем,
Сенің жоқтығыңды көріп,
Таң атса –
Оянғаным үшін ғана өкінем!..

Түбінде бір бақыт қонар мұңға да,
Жүректердің жыртықтары жамалмай,
Ғасырларға сандалады-ау,
Бұл қала,
Ғашықтарын жерлейтін жер таба алмай...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері