Отпен ойнау

Бұл бетте «Отпен ойнау» атты Нұржан Қыдырәлі жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ғазиз елім, жолыңда жантайғанша,
Күйіп-жанған қанатым көкке бойлап.
Көлеңкеңді жамылып қартайғанша,
Қыршының боп кетейін отпен ойнап.

Құйрық-жалы өртенген тұлпарды да,
Сұңқарды да соры артық жоқтар бәлкім.
Тас қараңғы, сұп-суық бұл тағдырда,
Рухыма кім қалды оттан жақын?!

Жарық күткен, ем іздеп ғаріптіктен,
Жан сарайы болатын, жатқа қамал.
Шоғына да жолатпас жанып біткен,
Бұл жүрекке дос бар ма оттан адал?!

Алауында жанса да жылдар қанша,
Ару бар ма жүрегі – асқақ әлем,
Мемен бірге өртеніп күл болғанша,
Екінші рет жанбайтын басқаменен?!

Жанып өтсе, ғұмырды жарық етсе,
Оңашада мұңдас қой от та жанға.
Тәннің шоғы күл болар ары кетсе,
Жанның шоғы жылу боп басқаларға...

Содан кейін сүт болған сүйегі оттан,
Мен едім сол өртіңнен қалған шуақ.
Маңдайына анасы күйе жаққан,
Бабалардың рухына жанған шырақ!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері