Махаббатты қорғау
КIРIСПЕ ЯКИ ҒАШЫҚТАР ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН
I
Бiз екеумiз жолықтық,
Бipaқ тым кеш жолықтық,
Достасудан от тұтап, қоштасуға қорықтық.
Маған құйды жарығын сенiң көңiл-терезең,
Арқамызда - құзар шың,
Алдымызда - өр өзен.
Өр өзеннен өтуге кiм бередi қайықты,
Кiм бар бiздi түсiнер, қане, кiм бар байыпты?
Ал қайықшы - қиқар шал,
Жалынғанмен, не бiттi?
Қайығына қабаған итiн байлап кетiптi...
Япырай, бiз соншама дәрменсiз боп тудық па?
Бойымызда жоқ екен иттi алдайтын қулық та.
II
Көбелектiң "кеселi" -
Тұрақсыздық деседi.
Гүлден алған шапағатты ceзiмi
Келесi бip гүлге жетпей өшедi.
Өз мiнeзi өзiне үкiм кеседi...
. . . . . . . . . . . . . . . . .
. . . . . . .
Менiң саған айтпағым да осы едi!
III
Амал бар ма, махаббатқа жан пидалық ете алмадың,
Аққу-арман жалт бергенде, қуып көрдiң, жете алмадың.
Жете алмадың, көлеңкеңнен алыс ұзап кете алмадың,
Жанар майын жағып бiткен машинадай от алмадың.
Epкiң қайда,
Сертiң қайда, (бөркiң қайда, құрып қалғыр?)
Ең шешушi кез келгенде, тiлiң тiстеп тұрып қалдың.
Еңселiм деп ойлаушы едiм,
Еркелеушi ем ерге балап,
Ең шешушi кез келгенде тұрып қалдың жерге қарап.
Артық қорлық бар ма әлемде сенгенiңнен безiнуден,
Құлай сүйген адамыңның осалдығын сезiнуден...
Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым мен саған бipaқ,
Сен деп шыққан сенiмiмнiң биiгiнен барам құлап.
Махаббатқа жан пидалық етпедiң бе,
Бәрi бекер!
Ендi қалған қызығыңның нарқы кемiп, мәнi кетер.
Өзiнiң ең қасиеттi әнiн қорғай алмаған жан -
Басқа icтe де қабiлетсiз... бағы мәңгi жанбаған жан.
Cipә, бағың жана қоймас, басқан iзiң кеттi кейiн,
Әйтсе де, мен жылап тұрып, жолың болсын деп тiлеймiн.
IV
Бақшадан алма ұрлаған баладай нақ
Кеудемде үркек сезiм салады ойнақ.
Отыздың орманында жүргенiмде
Алдымнан шықтың, айнам, ағатайлап.
Сен мендiк бар шаттықтың төресi ме ең,
Жүр едiм өткен шақтың елесiмен.
"Мұнда кел, мұнда кел" деп қол бұлғадың
Жиырманың көк балауса белесiнен.
Селк еттiм дауысыңнан шошығандай,
Жүр едiм өз мұңымды өшiре алмай.
Жиырмамда алдап кеткен махаббаттың
Kүнәciн әлi күнге кешiре алмай.
Сен болып қайта жанды-ау сағынышым,
Бәлкiм, тар маңдайымның бағымысың?!
Бәлкiм, сен менен қашқан махаббаттың
Ойланып қайта соққан шағымысың?!
Сол болсаң, қолыңды бер, жүр, қарағым,
Сен барған жерге мен де бip барамын.
Көл едiм тасымаған, тасыттың ғой,
Бақша едiм бағы тайған, гүлге орадың.
Кәнеки, жалыныңа жалға менi,
Күтiп тұр пәк махаббат, арман елi.
Өмiрде менi алдаған адамдар көп.
Тек қана сен алдаушы болма менi!
1. Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек
V
Ар алдында адал, ақпыз десек те,
Сан сұрақтар алар кейде жағадан.
Мүмкiн, бiздi таңар шулап өсекке,
Мүмкiн, бiздi түсiнбейдi көп адам.
Алуан ұғым алуан жаққа тартады,
Сан көңiлдiң тұйығына малтыдым.
Ғашық болып көрмегендер бар тағы,
Олар бiздi қайдан ұқсын, алтыным.
Көзiмдi алмай маздап жанған оттардан,
Саған сенем, Саған сенiм артамын.
Қорықпаймын түciнiгi жоқтардан,
Жүрегi жоқ адамдардан қорқамын!
Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек
Замана тұр бөркін алып ойланып,
Сол түнгі ойлар кетті бізді қайда алып? ...
Сол түні біз сенің туған сіңліңнің
Он сегізге толған күнін тойладық
Мен қуана тост көтердім қызға арнап: —
Ал сапарың сәтті болсын, қызғалдақ.
Өмір мынау:
Қатар тосқан жеңілі мен ауырын,
Қайғысы мен сауығын,
Шуағы мен дауылын.
Бүгін, міне, сенің туған күніңде
Қандай тілек айтсам екен, бауырым?
Саған байлық тілер ем мен, бірақ ол бір әңгүдік,
Есігіңнен кіргенімен паң күліп,
Жүргенімен шеру тартып, сән құрып,
Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік.
Бәлкім, ерлік тілер ем мен тамыр алған төзімнен,
Ерлік сезім бірақ сенің табылады өзіңнен,
Онсыз адам жүре ала ма соқпақтар мен жолсызда.
Ал сұлулық тілер едім, сұлусың сен онсызда.
Қайтсем екен?
Мен одан да бүкіл адам аңсаған,
Бүкіл адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,
Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсаған,
Кез келгеннің бақшасында піспейтін,
Кез келгеннің уысына түспейтін,
Зор махаббат тілейінші мен саған - Деп едім.
Тіпті сол сәт ұқпай қалдым себебін,
Сен орныңнан кенет атып тұрдың да,
- Махаббат жоқ! — деп күрсіндің ызғар шашып қабағың.
Мен жүзіңе аң-таң қалып ежірейе қарадым,
Қарап едім жасқа толып кеткен екен жанарың.
- Махаббат жоқ! — дедің тағы, —ол әншейін далбаса,
Ғашықпын деп,
Сүйемін деп,
Сенем деп,
Адамдардың бірін-бірі алдайтыны болмаса,
Махаббат жоқ, ол әншейін далбаса!
Айтып-айтпай не керек,
Бір кез мен де мына сіңлім сияқты
Ұяң едім,
сұлу едім керемет.
Менің асқақ сезімімнен үміткер
Аз болмайтын біздің жақта жігіттер.
Қатал, қиқар тағдырынан тек махаббат сұраған,
Махаббатты таппай қойман деп талпынса бір адам,
Ол мен едім.
Бірақ бүгін сол сезімнен не қалды?
Сондағы үміт талдан ұшқан жапырақтай жоғалды.
Қазір момын күйеуім бар және екі-үш балам бар,
Жағдайым жоқ ештеңеге алаңдар.
Не ішемін, не киемін демеймін,
Мәселесін шешіп алғам қарын менен көмейдің.
Міне, қара, саусақтарым көрінбейді алтыннан,
Тек баяғы шат қиял жоқ сан тарапқа шарқ ұрған,
Тек баяғы жігіттер жоқ тереземді торыған,
Олардың да бағы алыстау болған шығар сорынан.
Кездескенде жалқау тартқан басын изеп өтеді
Ұлын ертіп соңынан.
Жылдар бойы алаңдаумен қуатымды сарқыдым,
Босқа шаштым жігерімнің жарқылын.
Жер бетінде махаббаттың бар екені шын болса,
Айтшы, кәне, мен неліктен жолықпадым, жарқыным?
Үндемедім, тарылғандай кеңісім.
Мосқал көрші жауап берді мен үшін.
— Иә, иә, өміріңе өкпелісің, қарындас,
Оған біраз себептер бар,
Тірлікте бір бекеттер бар кілтін таппай алынбас.
Ырық бермес бөгеттер бар не түрлі,
...Алматыдан шыққан жолдың барлығы,
Отырарға бастап алып бармайтыны секілді.
Өмірдегі сан салалы жолығу мен жүздесу,
Табысу мен кездесу,
Талпыну мен түйісу,
Сағыну мен сүйісу,
Тіпті кейде одан да өзге сезімдер
Махаббатқа бастап бара алмайтыны белгілі,
Махаббат ол — жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі.
Не болды екен сені мұнша жүдеткен,
Үміт қайда жүрегіне гүл еккен?
Сұлулығың кем емес қой Баяннан,
Ақылың да кем түспейді Жібектен.
Сенде де бар тым сезімтал көз, көңіл
Көңілі мен көздеріндей өзгенің.
Айлы кеште саған да айтты ғашығың
Ұлы Абайдың Тоғжанға айтқан сөздерін.
От боп өртеп ғашықтықтың ықпалы,
Ән қостыңдар...
Жұрт қуана құптады.
Талпындыңдар,
Алқындыңдар, ал бірақ
Одан Қозы, сенен Баян шықпады.
Неге бұлай?
Өмір бақи бұл сұрақ
Өтер, мүмкін, намысыңды шымшылап.
Қайда жүрсе тек өз әнін айтатын,
Елікпейтін өзге шу мен сарынға,
Қажымайтын қар мен желдің өтінде,
Махаббат та ұқсайды ұлы дарынға,
Шын дарындар аз ғой жердің бетінде.
Иә, махаббат қайсар құзды жарып өтер тасты жол,
Махаббатта сезім ғана ойнамайды басты рөл,
Ұға алмадың сен оны, айнам.
Жеткен жерге талабың мен ақылың,
Сезімің мен батылың,
Қырсыққанда, жетпей қалды шыдамың,
Әне, соның кесірінен қаншама жыл жыладың.
Шыдам жоқта, төзім жоқта,
Көкірегіңде көзің жоқта,
Жүрегіңде ерлік жоқта қорғай алар шаттығын,
Махаббат та жоқ, күнім!
Кездер аз ба ой көргенді көз көрер,
Отын өзің жаға алмаған,
Өзің іздеп таба алмаған асылды
Таппайды деп неге ойлайсың өзгелер?
Қарашы, әне, мына сіңлің сияқты
Инабатты, албырт әрі ұятты,
Алаулаған желегі
Соңымыздан асау ұрпақ, арынды ұрпақ келеді.
Оларға пәс болар әлі
Бізге биік көрінетін төбелер.
Біз сүрінген кезеңдерден,
Біз жүзуге жасқанған өзендерден,
Солар жүзіп өтеді деп сене бер.
Бұған күмән келтіруің азаматтық болмас та.
Бүкіл адам іздегенмен бақыт жолын, бақ жолын,
Ешкім оңай таба алмайды Абайы мен Тоғжанын.
Өйткені асқақ азаматтық жоқ жерде,
Қайсар сенім жоқ жерде,
Махаббат та жоқ, жаным! ?
Ортамызда қалжың айтып бір жігіт,
Отыр еді қалың жұртты күлдіріп.
Отыр еді бізден гөрі сіңліңе
Жақын, сырлас екендігін білдіріп.
- Ал мен таптым Тоғжан сынды пәк жанды, — деді ол
Масаң діріл қосып сөзіне.
- Өзін Абай болмаған соң,
Мазалама Тоғжанды, —
Деді сіңлің жас үйіріп көзіне... — ?..
2. Ғайша
Ғайша жеңгей сүйген жарын аттандырды майданға...
Сенген жүрек серттен оңай тайған ба?
Соғыс бітті.
Ал күйеуі келмеді.
Үш жыл күтті.
Бес жыл күтті...
Өлді деген суық сөзге сенбеді.
Тұманға орап тілекті
Тағы төрт-бес жыл өтті.
Тәтті арманын көңіліне тоқ санап,
Күте берді сағат санап, сәт санап.
Кейде аусар тағдырына нала боп
Көкірегінде маздап, ұйтқып жанады от.
Тым құрыса, Тым құрыса, құдай-ай,
Алданыш қып отыратын бала жоқ.
Артса да үміт бір күннен соң бір күнге,
Жалғыз жанға жараспайды күлкің де.
Болмады ғой.
Болмаған соң ақыры
Көрші қартқа ерге шықты бір түнде.
Сол түн тыныш ұйықтады
Жаңа үмітін жағып бір,
Кеудесіне қанағаттан тағып гүл...
Ал таңертең арман болған күйеуі
Терезені қағып тұр.
Ғайша сорлы күйіп кетті бұл қорлықты көргенде,
Тастай қатып қалды тілсіз, естен тана үдеріп,
Сонан кейін шашын жайып жіберіп,
Күйеуінің аяғына құлады.
Құлап жатып ағыл-тегіл жылады,
Жылап жатып зарлады,
Өзін-өзі жерге соғып қарғады.
...Махаббаттың құм секілді мінезі жоқ сырғыма,
Жүргенімен көп опық жеп алданып...
Ғайша кенет орнынан сүйретіліп тұрды да,
Бір ғана ойға табан тіреп түбірлі,
Ту еңісте тасып жатқан долданып,
Асау Ақсу өзеніне жан ұшыра жүгірді...
Бағаласақ, махаббатты бағала,
Бағаласаң, махаббатты бағала...
Сәлден кейін сорлының
Орамалы ғана жатты жағада.
3. Түркістан аңызы
Он төртінші ғасыр тудырған ғаламаттардың бірі — Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи ескерткіші. Бірақ өкінішке орай, осы алып ғимараттың бас қанатын сәулеттендіру жұмысы аяқталмай қалған.
(Газет мақаласынан үзінді).
Талай-талай биікпаз асылдарды
Теңескенде келтірмей иығынан,
Ескерткіш тұр
Қаншама ғасырларды
Ұзатып сап, күлімдеп миығынан.
Жалқау, қиқар түйедей тартыншақтап,
Жылжыды өмір үстімен кемел жердің.
Ескерткіш тұр ұлылық қалпын сақтап,
Даңқын сақтап данышпан шеберлердің.
***
Мизам түсіп, — күз қызығы қалған кезде азайып,
Түркістанда бір ескерткіш бой көтерді ғажайып.
Күннен-күнге келбеттеніп, күннен-күнге сән құрып,
Нән ескерткіш бой көтерді жұртты өзіне таң қылып.
Сан мыңдаған күл-құтандар ертелі-кеш тынбастан,
Сар даланың кеудесіне жазып жатты бір дастан.
Мерейі асқан зарлы дастан секілді еді ол дегенмен,
Иран, Үнді елдерінен жеткізілді шеберлер.
Жалынына темір балқып, илеуіне тас көнер,
Хас шеберлер арасында болатын бір жас шебер.
Ол туралы жұрт айтатын:
"Өнерінің өрті бар,
Тәңір қалай жарылқайын десе, әрине, еркі бар.
Саусағының салымы бар, сосын, әттең, бөркі бар...
Ал әйтпесе, қызда сирек кездесетін көркі бар".
Қайран шебер қалбаң қағып, еркін алып тынысын,
Басқарып жүр ескерткіштің ою-өрнек жұмысын.
Қор бейнеттен жұрт кешкілік дем алғанда болдырып,
Түркістанды түрлендіріп ән бастайтын сол жігіт.
Ол ән салса, қапас, тұйық кеудесінде жел тұрып,
Бірде жарын, бірде анасын көз алдына келтіріп,
Басыбайлы батпан мұңы сәл де болса кертіліп,
Күл-құтандар жадырасып, қалатын бір серпіліп.
Ол ән салса, ұзақ түнді кірпік ілмей атырған,
Сәукелелі қыз шығатын шеттегі алтын шатырдан.
Тілек сайын тізгіндескен неткен іңкәр өмір бұл,
Сол бойжеткен балдызы еді қаһарлы Ақсақ Темірдің.
Міндет ауыр. Хан бұйрығы мәмілеге қарай ма?
Ғимаратты енді аз күнде бітірген жөн қалай да.
Шеберлерді ықыластап, ынталамақ ниетпен
Хан оларға балдызының қызметін сый еткен.
Хан балдызы — Мәрзия ару ішке бүгіп мұратын,
Күнде түсте шеберлерге сусын әкеп тұратын.
Сырт көздерді қалдырмайын дейді ме өрттің өтіне,
Паң бойжеткен жұқа ғана перде ұстайтын бетіне.
Гүжбан тағдыр иығына нені артса да көнердей
Шебер жігіт Мәрзияға ғашық еді өлердей.
Ғашығының айдай жүзін бір көруге тамсанды,
Бірде сусын әкелгенде пердесіне қол салды.
Қыз қымсынып тұрып қалды,тұрып қалды күлімдеп,
Алма беті гүл-гүл толқып, оймақ ерні дірілдеп.
Сосын, ләм деп тіл қатпастан, еркін басып шеткері,
Өзіне арнап орнатылған ақ шатырға беттеді.
Мосқал шебер күйіп-пісті:
"Қарағым-ау, мұның не,
Көпсінгенің осы нұрсыз шабаталы күнің бе?
Сезіміңнің төзім жібін албырттығың қиды ма,
Енді қайттің,
Әлде басың өкпелі ме иығына?
Пітінелі болмақ енді саған мына атар таң,
Ертең ерте Ақсақ Темір оралады сапардан.
Болған жайды балдызы оған айтпай, сірә, тұрмайды,
Айтты, бітті, жаның онда жаһаннамға зырлайды.
Солай, ұлым. Әміршіден енді рақым іздеме,
Бірақ сенің кесепатың соқпай кетпес бізге де".
Жігіт боп-боз.
Қаны қашып сөзін зорға бастады,
(Бедерсізін бұрын қалай сезбей келген достары).
- Туысқандар,
Қамданайық, амал-айла жасайық...
Біреу айтты:
- Бүгін түнде ұйымдасып қашайық!
Келісілді. Бірақ, бірақ... жөн болды ма қашқаны?
Хан әскері қуып ұстап зынданға әкеп тастады.
Енді ненің мәні қалды.
(Мұңдан, мейлі мұңданба?!)
Ертеңгілік Мәрзиядан хат кеп түсті зынданға.
Жігіт жылдам оқып шықты дір-дір етіп қолдары,
Қыздың хаты мынау еді сондағы:
"Бір күнде ашып мінезіңнің бар қырын,
Тез сөндірдің жігеріңнің жарқылын.
Ұнап еді батылдығың алғашқы,
Тырағайлап қашқаның не, жарқыным?
Жарылардай саған құштар сезімнен,
Өзімді-өзім тұсаулаушы ем төзіммен.
Өлімнен де қаймықпаған тілекті
Қалай оқи алмағансың көзімнен?
Өнерің бар қараған жұрт қанбаған,
Әнің анау аспанымда самғаған.
Құдай саған бәрін беріп,
Тек қана
Ерлік бермей қойғанына таң қалам.
Енді бәрі өшті,
Сенді.
Далбаса.
Амал қанша әз сенімім алдаса?!
Сен әлді деп өкінбеймін. Әттең-ай,
Бітпей қалған мына ескерткіш болмаса!
Бұлақ өмір сүргенімен құрақсыз
Сезім өмір сүре ала ма мұратсыз?
Жүрегінде ерлігі жоқ адамның
Барлығы да махаббатқа тұрақсыз!"
Ақерке
Өлеңдері жақсы
рахмет
керемет