Өлең, жыр, ақындар

Шаруа мен ысырап

  • 15.04.2015
  • 1
  • 1
  • 11698
Қайтер еді, жігіттер,
Тым қымбатты кимесек.
Мақтан үшін борышты
Үсті-үстіне үймесек.
Қаладағы байлардың
Ыңғайына билесек.
Аяғында қайтеміз,
Банкрот боп күйресек.
Орта кисек ұрса ма,
Біз ешкімге тимесек.
Бұзақылық емес қой,
Құр нақақтан күймесек.
Елтірі мен теріні
Жақсы қылып илесек.
Әрі берік, әрі жылы,
Жыртылмайды сүйресек.
Керім-кербез кей жігіт
Жек көреді-ау бүй десек.
Боламыз ба жазалы,
Шаруаны сүй десек.

Әміркеннен мәсі-етік
Парыз болып шықты ма.
Аяғыңды зорлықпен
Біреу оған тықты ма?
Өңі жылтыр болмаса,
Опайкеден мықты ма?
Етігіңнен именіп,
Жауың, қорқып бұқты ма?
Бұл расходқа еріксіз
Бізді біреу сұқты ма?
Науқас болып немесе,
Қазаққа да жұқты ма?
Киімі қымбат екен деп,
Ешкім сенен ықты ма?
Бұлды киім борыш боп,
Алқымыңнан сықты ма?
Орынсыз шашқан ысырап.
Абыройыңды жықты ма?
Ұрсыңқырып айттым-ау,
Ерегіспей ұқты ма?
Үш теңгелік сукнодан
Мәлескен берік емес пе?
Сыпайы пішіп, жөн тіксе,
Құба төбел демес пе?
Шайды азайтып сүт ішсек,
Жуытпай ма кеңеске?
Бал қоймай-ақ, май қойсақ,
Келген қонақ жемес пе?
Мұнша неге құмармыз
Түбі пайда емеске?
Шалқи бермей шамалан,
Шаруа кетті келмеске.
Күміс тұрман тағынып,
«Мен қалаймын?» деп еспе!
Бәрі – мақтан, бәрі – борыш,
Рас сөзге егеспе.
Не деген мал шыдайды
Бұл кию мен бұл жеске?
Өкінерсің, көрерсің,
Не таңертең, не кешке.

Түлкі тымақ, сырты пай,
Мойында бар ақ шарып.
Қымбат ішік, қыл шапан
Папирос тарттым баптанып.
Бешмет, шалбар –сукнодан
Тігінші тіккен ақша алып.
Күміс баулы сағатым
Қойнымда жүр сақталып,
Резеңкеден калошым,
Аяғыма шақталып.
Ер-тұрманым жарқырап,
Күміс жапқан қақталып.
Қуанып өле жаздаймын,
Киіміме мақтанып.
Үйткенменен бәрі – борыш,
Құтылам ба ақталып?
Пұл әпердім әркімге,
Ерте ойланбай сақтанып.
Бір күн осы кетеді-ау
Шек-қарнымды ақтарып.

Кел, арзандау киелік,
Кербездікті түр қылмай.
Ойланар кез болды ғой,
Орынсызды құр қылмай.
Сабын алып онан да,
Үстімізді кір қылмай,
Тазалайық денені
Сыртымызды сыр қылмай.
Жалтырауық тағынып,
Қылтиғанды қыр қылмай.
Мазақтатып әркімге
Өзімізді жыр қылмай.
Пайдалыны бұл қазақ
Не себептен тұр қылмай?
Мақтан қуған елерме
Шаруаны жүр қылмай.
Бояу мақтан бола ма
Ішімізді нұр қылмай?
Өтеміз бе осымен
Жөнді жұмыс бір қылмай?



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Кәрілік туралы

  • 1
  • 3

Бар болса білім,
Сен сөйле, тілім,
Жан менен дене бірінде.
Ойласаң, көңіл,

Толық

Иманым

  • 1
  • 0

Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным,
Көп ғалымның сөзiнiң
Ақылға алдым сыйғанын.

Толық

«Таң» журналына тағы бір әнмен байғазы

  • 1
  • 2

Кейіме, кәрі жан,
Өмірің тозғанға,
Оянып ұйқыдан,
Әнге сал қозғал да.

Толық

Қарап көріңіз