Өлең, жыр, ақындар

Өкпелесіп қалып еді қос ғашық...

  • 20.07.2016
  • 0
  • 0
  • 10482
Бір-бірімен жан-дүниесі астасып,
Шын сезіммен жүрген еді достасып.
Көз тиді ме, тіл тиді ме, білмедік,
Өкпелесіп қалды бүгін қос ғашық.

Айналды енді бір-біріне сенбеуге,
Әркімде де бар ғой, шіркін, өр кеуде.
Өкпелесіп қалғандығы соншалық,
Дайын еді бір-бірін де көрмеуге.

Қыз ойлады: "Енді саған сенбейм(ін) деп,
Қоңырау шал, мейлі, жауап бермейм(ін) деп.
Мінезіңді қалай білмей келгенмін?
Оңбаған-ай, енді сені көрмейм(ін) деп.

Ерегіссем тауып алам басқаны,
Сен емессің бар жігіттің асқары!.."
Осылайша қара көзден жас тамып,
Бойжеткеннің жәбірленді жас жаны.

Қиялменен басқа жан да табылды,
Бірақ ашу сезімге кеп бағынды.
Түн қойнында жалғыз жатқан қыз-жүрек
"Оңбағанын" ұзамай-ақ сағынды.

Қалғандай еді жаңа ғана алданып,
Сағынышын басуда енді зорға анық.
Жігітінен күтіп жатты қоңырау,
Ұялысын қайта-қайта қолға алып.

Көз алдынан кетпей бейне, жүз таныс,
"Қайда жүр?" - деп қылаң берді қызғаныш.
Бірінші боп соғар еді қоңырау,
Жібермей-ақ қойды-ау, шіркін, қыз-намыс.

...Жігіт отыр ауласында долданып,
Ол да бүгін қалғандай еді алданып.
Көптен бері тастап кеткен шылымын
Отыр енді қайта-қайта қолға алып.

"Өткен күнді қалай ғана ұмытады?!
Таба қылады екеуін де жұрт әлі.
Тауып алған, тауып алған ғой басқаны,
Бүгінгісі тек әшейін сылтауы...

Аяқталды енді солай біздің ән,
Алдамшы екен, деуші едім-ау ізгі жан".
Деген жігіт оқталады шылымға,
Мұндай сәтте артық та емес жүз грамм.

Бұл да біреуді тауып алады, тоқтасын!
Ұмытады бәрін жүзді жұтқасын.
Соғар еді өзі алғаш қоңырау,
Қыз көтермей қойса қайтеді тұтқасын?

...Айтылсын деп жүректегі сыр енді,
Соқты ақыры, шыдамады бірі енді.
Үкілеген сезімдердің үмітін
Бір қоңырау жалғастырып тұр енді.

Көңілдерін өкпе мен наз шайқаған,
Байланыстан тек қос жүрек айтады ән.
Соққан қыз ба, жігіт пе әлде, бәрібір,
Тек ғашықтар табысса екен қайтадан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бақыт қонып ақ отау түндігіне

  • 0
  • 0

Жалғастырып кеше мен бүгінгіні,
Еске сап ата дәстүр - бұрынғыны.
Міне, тағы бас қосты ортамызда
Екі жас ұнатқан соң бірін-бірі.

Толық

Бесігінде сәби жатыр бұлқынып

  • 0
  • 0

Болу үшін күні ертең де ұлты нық
Тани білсін бесігінен жұрты ұғып.
Ана әуенге қосып бірге уілін
Тал бесікте сәби жатыр бұлқынып.

Толық

Мәдениетті қолдау жылы

  • 0
  • 0

Өмірдің көп екен-ау бұралаңы,
Осы еді тақырып қып құрағаны.
1910 жыл – алғаш рет
Өмірге келді қазақ романы.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер