Өлең, жыр, ақындар

Қобланды батыр

  • 02.09.2017
  • 0
  • 21
  • 130952
Кешегі өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Қарақыпшақ Қобланды,
Атасы мұның Тоқтарбай
Халықтан асқан болды бай.
Байлығында есеп жоқ,
Айдалып бағып жайылды
Төрт түлік малдың бәрі сай.
Жаз жайлауы Көздікөл,
Көздікөлді жайлаған
Қалың Қыпшақ жағалай.
Тоқтарбайдың дәулеті —
Ішкені мас, жеген тоқ,
Бай-кедейдің көңілі жай.
Қыс қыстауы Қараспан,
Қараспан көкке таласқан.
Ат үйірінен адасқан,
Қалың Қыпшақ тізіліп
Қонса, қоныс жарасқан.
Әліп таңба Қыпшақтың
Атағы озған алаштан.
Сексенге жас келгенше
Бір бала көрмей Тоқтарбай,
Қайғыменен қан жұтып,
Ақылынан адасқан:
«Шөл иесі сұңқар қияқсыз,
Еш нәрсе көрмей дүниеден
Өткенім бе,— деген,— тұяқсыз»
Тоқтарбайдың зарына
Қалың Қыпшақ қайысқан.
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі.
Аналықтай бәйбіше
Қабырғасы майысқан.
Елуге жасы келгенде,
«Көзімді ашпай дүниеден
Өтемін бе?» дегенде,
Сонда көрген арыстан —
Бір ұл, бір қыз атадан:
Қыздың аты Қарлығаш,
Қобландыға қарындас.
Алты жасқа келгенде,
Арыстан туған Қоблан
Қазынадан қамқа киеді,
Өзімнің еншім болсын деп,
Тобылғы меңді торы атты
Енші қылып мінеді.
Қобландының тілегін
Бүкіл Қыпшақ тіледі.
Қайыры көп халқына,
Енді түсіп салтына,
Таулар күйіп, тас жанған
Алты жаста баланың
Елбеңдеген зарпына.
Өзі алты жасында,
Кәмшат бөркі басында,
Тобылғы торы ат астында,
Қаршығасы қолында,
Тазысы ерткен соңында.
Жеті пірге сыйынып,
Баратұғын жолында.
Тоқтарбайдың жылқыда
Тоқсан құлы бар еді,
Тоқсанының бастығы
Естеміс деген ер еді.
Естемісті көруге
Жылқыға бала жөнелді.
Жылқыға бала барғасын,
Бауырап малын алғасын,
Тоқсан құл мен Естеміс
Риза тауып қалғасын,
Қолқанат пен құйрыққа
Енді Тоқтар кенелді,
Қобландыны барғасын
Естеміс ерің баулиды.
Күнде киік аулайды,
Кездессе, жауын жаулайды.
Жылқыда жатып Қобланды
Екпіні оттай қаулайды.
Қаршығасы қолында,
Құмай тазы соңында,
Көрсе киік, заулайды.
Естеміспен екеуі
Қонып жатса бір тауда,
Намазшамнан өткенде,
Құтпан мезгіл жеткенде,
Құлағына батырдың
Бір дауыс кеп шулайды.
Ту сыртынан сол таудың
Бұрқыраған бу шықты,
Шуылдаған шу шықты.
«Бұл не қылған дауыс?»— деп,
Естемістен сұрайды,
Айтпасына қоймайды.
Сонда Естеміс сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Арғы астында бұл таудың
Қызылбастың елі бар,
Жасыл байтақ жері бар,
Айдынды шалқар көлі бар,
Көктім Аймақ ханы бар,
Неше мың сан жаны бар.
Қанша жиған халқына
Көрсетіп тұрған сәні бар.
Құртқа деген қызы бар,
Жұртына жайған назы бар.
Ай астына аспанға
Құрды бақан қақтырып,
Алтын теңге аттырып.
Теңгені атып түсірген —
Құртқаны сұлу сол алар.
Соның даусы бұл дауыс,
Көптен шыққан бұл хабар.
Көңілің ауып, шырағым,
Бұған болма ынтызар.
Шарға салып басыңды,
Бола көрме сен құмар».
Қанша айтса да Естеміс,
Барғысы келді баланың,
«Түсірем,— деп,— атып дәл,
Кәміл пірлер болса жар».
Естеміс тағы сөйлейді:
«Қой, шырағым, жассың ғой,
Қабырғаң сенің қатқан жоқ,
Омыртқаң өсіп жеткен жоқ.
Жіберуге қорқамын,
Тілімді алсаң, рұқсат жоқ.
Барғанмен кезек келмес-ті,
Баланы көзге ілмес-ті,
Бағып жатқан Құртқаны
Қырық бес кез Қызыл ер,
Шырағым, тектен бермес-ті».
Отырып бұлар кеңесті...
Мінген аты ала еді,
Қылшық жүнді қара еді.
Тоқтау салды Естеміс,
Жібергісі келмей баланы.
«Батаңды бер, көке,— деп,
Алдын-артын орады.
ЖадЖ қыламын, Естеке,
Жеті кәміл бабаны!»
Барғысы келіп батырдың,
Тоқтамайды табаны.
Естемістей еріңнің
Таусылғасын амалы,
Батасын беріп қол жайып,
Жад қылады Құданы <қосылма>.
Үстіне сауыт кигізді,
Жанына байлап болатты,
Беліне садақ ілгізді.
«Тапсырдым,— деп,— Жалғызға!»,
Амандасып жүргізді.
Жүрегі таймай баланың,
Ерлігін кәміл білгізді.
Тобылғы меңді торы атпен
Дөңгелетіп жөнелді.
Атып жатқан жеріне
Іркілместен келеді.
Келгендігін баланың
Көктім Аймақ көреді.
Айбатынан сестеніп,
Баланы келген сынады.
Қобландыдай төрені:
«Қазақтың ері келді»,— деп,
Көктім Аймақ патшасы
Кезекті бұған береді,
Кәміл пірлер жебеді.
Қолына алып толғанып,
Қозы жауырын жебені,
Ат үстінен шіреніп,
Сонда тұрып тартады.
Кәміл пірлер сенгені,
Құрулы бақан басында
Екі бөліп ұшырды
Ай астында теңгені.
Құртқа көріп батырды,
Шашу шашып басына,
Бұралып келді қасына.
Нұрына тойып төнгені,—
Көзі көрмей өңгені,
«Іздеген теңім келді»,— деп,
Патшаға салып жеңгені.
Айтқан серттен қайта алмай,
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Көктім Аймақ атасы
Қыз Құртқаны бергені.
Жұртын жиып той қылып,
Аққа белін шешіпті,
Пайғамбар құда несіпті.
Құртқа сынды сұлуды
Қобландыдай батырға
Берейін деп жатқанын —
Қырық бес кез Қызыл ер
Хабарын мұның есітті.
«Меніменен күресіп,
Жықса, алар»,— десіпті.
«Аты-тонын олжалап,
Аман қайтса, жарар»,— деп,
Өзінше желдей есіпті.
Бетіне жан қаратпай,
Көңілі әбден өсіпті.
Бұл сөзді естіп Қоблан:
«Артымда жау қалдырман,
Берсе Құдай несіпті».
Мініп алып атына,
Қызыл ерге келеді,
Келіп те сөйлей береді:
«Қобланды келді, шықсын!»,— деп,
Дауыстап хабар береді.
Шықпағасын Қызыл ер,
Жүгіріп үйге енеді.
Төсекте жатып Қызыл ер
Қобландыны көреді.
«Аяғыммен күрес»!,— деп,
Бір аяғын береді
Алпыс құлаш ала арқан,
Қызыл ердің ілулі
Босағада тұр еді.
Іліп алып аяққа,
Мініп алып торы атқа,
Дүрілдетіп жөнелді.
Қызыл ерді сүйретті,
Сүйреткі қылып үйретті.
Ішінде шеңгел тікенге
Өкпе-бауырын түйретті.
Тақымға салып сүйретіп,
Қабырғасын күйретті.
Менсінбеген дұшпанды
Ақыл тауып үйретті.
Көкпары қылып дұшпанын,
Тау мен тасты күңірентті.
Қорлықпенен өлсін деп,
Қызыл ерді еңіретті.
Тасқа соғып боршалап,
Кеудесінен жан кетті,
Домаланды жерге бас.
Қобланды сынды жас бала
Істі орнына келтіріп,
Құртқаға келіп сөйледі,
Көңілі ердің желпініп.
«Сұлтаным не қылды екен»,— деп,
Құртқа сұлу жүгіріп,
Алдынан шыққан ентігіп,
Көктімге хабар береді.
Дұшпанынан құтылып,
Көңілдері жайланды.
Жөнелтуге Құртқаны
Көктім Аймақ ойланды.
Алтынмен ішін безеген,
Сырты күміс ақ отау
Келістіріп түзеген,
Арттыруға сайланды
Қырық түйе қазына,
Қырық құл мен қырық күң
Қосып берді қызына.
Ел-жұртымен қоштасқан
Құртқа сынды сұлудың
Жұрт таң қалды назына,
Сөйлеген сөзі — базына.
Көктім Аймақ көрісіп,
Ертеңгі Шолпан батқанда,
Сарғайып таң атқанда,
Жөнелтуге Құртқаны
Жүгін артып жатқанда,
Қобланды бала келеді,
Көктімге сәлем береді:
«Еншісін бөліп Құртқаға,
Бәрін де беріп жатырсың,
Бергенің маған не?»— деді.
Көктім Аймақ атасы:
«Шырағым, балам, кел!— дейді,
Бергенім саған біл,— дейді,—
Төбеңде тұрған төрт бұлт,
Еншің, балам, сол,—дейді.—
Жаз болса, шығар күн жақтан,
Қыс болса, шығар жел жақтан,
Жау келсе, түсер жау жақтан.
Шырағым, балам, сен,— дейді,
Тапсырдым сені соған,— деп,
Енді атыңа мін»,— дейді.
Атасымен қоштасып,
Құртқаны алып ұзатып,
Елге қарай жөнелді.
Кіміл пірлер жебеді,
Ісі жөнге келеді.
Мінген аты ала еді,
Қылшық жүнді қара еді.
Қобландыдай батырың
Көшті тартып барады.
Бірнеше күн жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп,
Өткен күнді санады.
Бір күндері болғанда,
Қара жолдың үстінен
Қалың жылқы жарылып,
Екі жақта қалады.
Құртқа сынды сұлуың
Күймеден басын шығарып,
Жылқыға көзін салады.
Ортасында жылқының
Көкала бие жусап тұр,
Құртқаның көзі шалады.
Тоқтатып қойып күймесін,
Ағытып тастап түймесін,
Шақырып алып, «сұлтан» деп,
Қобландыдай баланы,
Биені көріп, сынады:
«Мынау жатқан көп жылқы
Кімдікі?— деп сұрады.
Сонау тұрған биені
Мені берсең де алғын»,— деп,
Батырға әмір қылады.
Батыр Қоблан күледі,
Әзіл айтып іледі:
«Басымды оққа байлаған,
Сені берсем, Қыз Құртқа,
Бір елдің малын алармын!— деп,
Езу тартып күледі.
Осы жатқан көп жылқы —
Немере туған ағамыз
Сәлімбай байдың жылқысы.
Жанындай мені көреді,
Не сұрасам, береді».
Тағы Құртқа сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Құлақ салып сөзіме,
Бері таман кел,— дейді,—
Тобылғы меңді торы атың
Жауға мініп шабуға
Жарамайды бұл,— дейді.—
Жан серік атың, сұлтаным,
Көкала бие ішінде
Көкбурыл құлын бар,
Жан серік атың сол,— дейді,—
Бұл сөзімді біл,— дейді.—
Құртқаның сөзін сынарсың,
Жылқысы болса ағаңның,
Ала көр бірақ сен»,— дейді.
Құртқаның сөзін есітіп,
Қондырып көшін сол жерге,
Енді атына мінеді.
Ойлау жерден орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Аяңдамай желеді.
Сәлімбай байдың тоқсан құл,
Қара Көжек бастығы,
Сәлем беріп келеді.
Келіп, сөйлей береді:
«Асқар төбе белсін,— деп,—
Қатар көшкен елсің,— деп,—
Ағамызға сәлем де,
Келінін алып келемін,
Көрімдігін берсін де,
Келінін келіп көрсін де.
Қырық нарға артқан қазына —
Бәрін де келіп алсын де,
Бұл сөзіме нансын де.
Көрімдігі Құртқаның —
Көкала бие жылқыда,
Інім десе, берсін де,
Бұл сөзіме сенсін де».
Қара Көжек, ал сонда,
Батырдың сөзін есітіп,
Елге шапты жосылтып.
Бұрқыратып тозаңын,
Желге қарсы есілтіп,
Жылқыға жау тигендей
Елдің шетін шошынтып,
Байға жетіп келеді,
Қарала атты көсілтіп.
Келіп, сөйлей береді:
«Қобланды батыр жіберді:
«Ағама дұғай сәлем,— деп.—
Келінін алып келемін,
Қырық нарға артқан қазына —
Бәрін де соған беремін.
Көрімдігін берсін,— деп,—
Келінін келіп көрсін,— деп,—
Бұл сөзіме сенсін,— деп.—
Көрімдігі Құртқаның —
Көкала бие жылқыда,
Інім десе, берсін»,— деп.
Қобланды мені жіберді,
Береді деп биені,
Үзбей отыр күдерді».
Көжектің сөзін есітіп,
Сәлімбай бай сөйледі:
«Бұл жібердім қалаға,
Бұзау, баспақ, танаға,
Арнап едім балаға.
Бір тайдың несін сұрайды,
Әкете бермей далада?!
Бір тай түгіл, Қобланнан
Жалғыз жаным садаға!
Қалағанымды алдым деп,
Мақтанып барсын алдына —
Тоқтар сынды ағаға».
Байдың сөзін есітіп,
Қаралатты көсілтіп,
Қайта шапты балаға.
«Қалағаныңды берді»,— деп,
Шыбын жанын құрбан қып,
Қара Көжек арада.
Баладан болып садаға,
Ұстап беріп биені,
Жад қылады Иені,
Қарны жерге тиеді.
Құртқа сұлу күймеден
Қарғып түсіп, биені
Маңдайынан сүйеді.
Көшіне тіркеп жөнелді,
Көкала бие шұрқырап,
Көбік шашып бұрқырап,
Емшегі бұлақ иеді.
Айы-күні жетіп тұр,
Тууы тұлпар қиын боп,
Жүруге халі бітіп тұр.
Ішінде тұлпар тулайды,
Биенің тынысы бітіп тұр.
Қасына адам жолатпай,
Құртқа жалғыз күтіп тұр.
Көкала бие дөңбекшіп,
Домаланып сұлады.
«Тұншығып тұлпар қалар»,— деп,
Құртқаның жаны шығады.
Тонын жарып тұлпардың,
Құлынға тыныс қылады.
Сонда жатып құлындап,
Бурыл тұлпар туады.
Тұяғын жерге тигізбей,
Үстіндегі шешініп,
Құртқа сынды сұлуың
Алтын тонға орады.
Аузын үріп сыпырып,
Маңдайынан иіскеп,
Шүкір ғып Хаққа тұрады.
Аршын басты Бурылы —
Қабырғада қанаты,
Сұлтанының жан аты.
Күн түсірмей көзіне,
Жел тигізбей өзіне,
Үстіне шатыр тіккізді.
Құртқа сынды сұлуың
Айтса, сөзін өткізді.
Көп нөкерін жүгіртіп,
Не керегін жеткізді.
Үйір болып сол жерде,
Қырық күнге шейін Бурылға
Қулықтың <қосылма> сүтін емізді.
Және қырық күн біткенше,
Қысырдың сүтін емізді.
Сексен күні біткесін,
Тоқсан күні жеткесін,
Арымасын, талмасын деп,
Маңқа, қолқа <қосылма> болмасын деп,
Жеміне қосып, Қыз Құртқа,
Қызыл дәрі жегізді.
Бурылға Қыз Құртқа
Түндікпенен күн берді,
Түтікпенен су берді,
Дәрілеген жем берді.
Құртқа сынды сұлуың:
«Отауды жығып, тиес!»,— деп,
Қобландыға дем берді.
Алтыннан жабу оюлап,
Бурылға Қыз Құртқа
Құлағын тігіп қыюлап,
Балағына түсірді.
Елі түсіп есіне,
Дүйсенбі күні бесінде,
Отауды жығып, көшірді,
Бурылын құндақтап,
Биені тіркеп көшіне.
Асқар төбе — бел еді,
Белден көшкен ел еді,
Көшті тартып келеді.
Бірнеше күн дегенде,
Тоқтарбайдың жанына
Отауды әкеп тігеді.
Әлқисса, Қобланды батыр әкесі Тоқтарбайдың жанына отауын тігіп жатып, әкесіне келіп:
— Мен кеткелі жылқыдан, біраз айлар болды. Сонан бері тоқсан құл мен малдан хабар бар ма?— деп сұрады.
— Жоқ, шырағым, құлдан да, малдан да хабар жоқ,— деді. Құйған шайдан ішпей, ашытқан балдан ішіп: «Мен малдың хабарын біліп келейін»,— деп жүріп кетті.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Әкесімен сөйлесіп,
Атқа мінді күн бата.
Отарда жатқан жылқының
Қарасын көрді таң ата.
Барса, малы аман-ды,
Құлдар көріп қуанды.
Қобланды батыр келгесін,
Көтеріп қолға ту алды.
Судай тасып жұбанды,—
Қыдыр дарып, бақ қонған
Келгеннен соң Қобланды.
Бөтен сөзді қоялық,
Не ғылып жатыр Қыз Құртқа?
Енді содан сөз қозғап,
Ақ қағазды боялық.
Естеміске қосылып,
Ит жүгіртіп, құс салып,
Қобландыдай батырың —
Жата берсін балалық.
Аз ба, көп пе жатқаны
Қобландының, қаралық.
Құртқаның баққан Бурылы
Жасқа толып, тай шықты,
Жалтырап маңдай ай шықты,
Тайдан құнан бұл шықты.
Тасқа тиген тұяғы
Көмірдей ойып, жаншыпты.
Құнаннан шығып — дөнен-ді,
Күн көрмеген көбен-ді.
Жуандап мойны өссін деп,
Бір байталға жіберді,
Бестісінде үйретті.
Жібек арқан құлаштап,
Таралып мойны өссін деп,
Ұзын байлап сүйретті.
Алты жаста ақтатты,
Өзіне өлшеп Бурылдың,
Алтыннан тұрман қақтатты.
Ат болар деп батырға,
Бурылын мақтатты.
Құртқа сұлу батырға
Қарағай найза саптатты.
Алмас қылыш соқтырып,
Күмістен қынын шақтатты.
Бурылының Қыз Құртқа
Кекілін, жалын тарайды.
Күніне неше қарайды,
Салдырып оған сарайды,
Баласындай жебеді.
Күніне неше баулыды,
Атқа қылған еңбегі
Күннен — күнге көбейді.
Алты жасқа толғанша,
Қобландыдай батырың
Үйге, сірә, келмеді,
Бар еді Құртқам демеді.
Әлқисса, сол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып, жатып алды дейді.
Қызылбастың елінен
Қазан деген ер шықты,
Жөн білмеген шер шықты.
Ноғайлының көп елін
Олжалап шауып, жаншыпты.
Бағынбаған адамын
Қырып, жойып таусыпты.
Жерін, малын олжалап,
Қатарынан асыпты.
Мал-жанына қарамай,
Ноғайлы елі қашыпты.
Олжалап жанын басыпты,
Ноғайлының көп елін
Қаратабан десіпті.
Қырлы қала, Сырлы қаласын
Тартып алып ер Қазан,
Гүрілдеп судай тасыпты.
Сырлы қала дейтін қаласы —
Қорғансыз, сырты ашық-ты.
Қырлы қала дейтін қалаға,
Атарман да, шабарман
Бектері басын қосыпты.
Қырлы қала маңынан
Жау жүре алмас десіпті,
Көңлі сондай өсіпті.
Қызылбастың ағасы,
Қырлы қала шәһәрінің
Бір жағы судың жағасы,
Алты қабат ор қазып,
Тереңдігін мол қазып,
Бекіткенін қарашы.
Қырық жерден құйдырып,
Болаттан соғып қақпаны,
Алпыс батыр жапқаны.
Жер жүзіне жайылды —
Ноғайлының көп елін
Шауып алып жатқаны.
Әлқисса, Қазанның бұл хабарын төменгі қырық мың үйлі Қиятта Сейілдің баласы Қараман батыр естіп, аттың жалын тартып, атадан ер болып туғасын, Ноғайлының жеріне қызылбастарды қондырып қоюымыз сүйекке таңба емес пе деп, елінен аттанып шықты.
Қырық мың үйлі Қияттан
Қырық мың әскер қол алып,
Аққара бас ту алып,
Қызылбасқа жол алып,
Көшірем деп Қазанды,
Бұда күшті мол алып,
Боз ат шалып Құдайға,
Жұртын жиып қуанып,
Қияттан шыққан бес батыр:
Қарақозы, Аққозы —
Қатардан асқан қос батыр,
Қаражанұлы Қосдәулет —
Топты бұзған бұл батыр.
Қара Боқан жауырыншы
Түнде қалың жол тартар,
Ғайыптан болжап сөз айтар.
Қарамандай батырдың
Қабағына қар қатты,
Кірпігіне мұз қатты.
Қазанның естіп хабарын,
Ұйқы көрмей, түн қатты.
Ноғайлыны алды деп,
Сүйекке таңба салды деп,
Өлейін десе, жан тәтті,
Кірейін десе, көр қатты,
Қырық мың әскер қол алып,
Қайырын сұрап сапардың,
Қызылбасқа жол тартты.
Қостанып шыққан қосынға
Қараман батыр толғапты:
«Тілімді алсаң, азамат,
Жаппарға жан аманат,
Қараспан тауын жайлаған
Қалың Қыпшақ елі бар,
Қобланды деген ері бар,
Дуа тиген керемет,
Атағы жұртқа мәлім ед,
Баса жүріп қонысын,
Барса, ертіп алайық,
Ермесе, бата сұрайық,
Жақсыдан тиер шарапат!
Жасы — құрдас менімен,
Мұңы — мұңдас менімен,
Жылы — жылдас менімен...
Мақұл көрсең, әлеумет,
Сөз айтамын шынымен,
Жүрейік соның жолымен!»
Ақылдасып көп Қият,
Мақұлдасып сонымен,
Баса жүрді жолымен.
Қараспан таудың етегіне
Келіп қонған Қараман
Ауыр әскер қолымен.
Көп әскерді көргесін,
Жай емесін білгесін,
Қобландыдай батырың
Енді атына мінеді,
Жақындап қарсы келеді.
Естемісті жіберіп,
Кім екенін біледі.
Естеміс барып қосынға,
Достығына сенеді.
Батырға атой <қосылма> береді,
Қобланды да келеді.
Қараманмен көрісіп,
Амандық сұрап білісіп,
«Жол болсын, құрдас!»,— дегенге,
Қараман құрдас не деді?
Әлқисса, Қараман батырдың Қазанды алуға бара жатқандығын айтқан жері:
«Мен — Сейілдің ұлы Қараман,
Қазанға кетіп барамын.
Жүрмеймісің, құрдасым <қосылма>,
Қол ағалық қыламын.
Замандасым, мұңдасым,
Заманың бірге сырласым,
Жылың бірге жылдасым,
Жасың бірге құрдасым,
Қазанның алған шәһәріне
Сапар тартып жол шектім,
Жүрмеймісің, жолбарысым?
Қобланды сынды батырым,
Жасыңнан артық ақылың.
Жұлдызың туған жоғары,
Білемін, Қоблан, данасың!
Дұға тиген ер едің,
Кезіңе келген дұшпанның,
Білемін, Қоблан, оңбасын!
Осы қылған сапарға
Кетемін ертіп сені деп,
Әдейі келдім, жолбарысым!»
Сонда Қоблан сөйледі,
Әзіл айтып іледі,
Езу тартып күледі:
«Мінетін атым қолында,
Барар-бармас жолымды,
Хабар салып алайын,
Үйдегі Құртқам біледі.
Алты жыл болды баққалы
Түндікпенен күн беріп,
Түтікпенен су беріп,
Бағымды бастан алмасын,
Алды-артымды шалмасын,
Қияметтік жолдасым,
Жан серік атым қолында,
Үйдегі Құртқам біледі
Менің де барар-бармасым».
Бұл сөзді айтып Қобланды,
Шатырға қайтып келеді,
Келіп, сөйлей береді:
«Мынау келген көп қосын
Сейілдің ұлы Қараман
Қазанға қылған жол,— деді.—
Алып келгін Бурылды,
Жүр деп отыр бұл,— деді.—
Барамын бірге мен»,— деді.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Қобландының жанынан
Естеміс шыққан ел жата.
Тоқтарбайдың жанында
Құртқаң тіккен отауға
Естеміс келді таң ата.
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Ақ отаудың ішінде
Құртқажан ұйқтап жатқанда,
Естеміс келіп сөз қатты,
Күн шыққан жоқ, таң атты,
Дауыстап тұстан сөйледі:
«Үйдемісің, Қыз Құртқа,
Түздемісің, Қыз Құртқа?
Әйел болдың, амал жоқ,
Егер еркек болғанда,
Болар ең жұртқа бір тұтқа.
Мінген атым қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Жол қылмаққа дұшпанға
Батырдың көңлі бұзылды.
Мінуге керек қазанат,
Беліне керек шар болат,
Денеге керек жалаңқат <қосылма>,
Жаппарға жан аманат,
Жалғыз емес Қобланды,
Қияттан шықты қолқанат.
Батырың мініп шабуға,
Асыл туған Құртқажан,
Жарамай ма, жарай ма
Алты жыл баққан бурыл ат?»
Сонда сұлу Қыз Құртқа
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Шекеде шоғы бұлт етіп,
Алтынды тоны жылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сыңқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ дулыға
Шекесінде жарқылдап,
Мақпал төсек мамықтан,
Алтын иек, ақ тамақ,
Көтеріп басын, сөйледі
Естеміс құлға былқылдап:
«Екі саулық, бір қозы
Берер едім қырқарға,
Дүниедегі адамзат
Жан тоя ма іңкарға?
Жұмсады ма сіздерді
Үйдегі бурыл тұлпарға?
Дұғай сәлем дегейсің
Тұлпарына жұмсаған
Жұрт иесі — сұңқарға.
Және де сәлем дегейсің
Қарамандай құрдасқа,
Заманы бірге сырласқа,
Жылы бірге жылдасқа,
Жауы бірге мұңдасқа.
Аттың күні толмай тұр,
Зор салмасын жолбарысқа.
Мінемін көшке көк қасқа,
Саламын қамшы жамбасқа.
Бөрі де қастық қылмайды
Жанындағы жолдасқа!
Бәдік <қосылма> пенен той басқа,
Ешкі менен қой басқа,
Шайтан менен жын басқа,
Бәйбіше мен күң басқа,
Туған ұл мен құл басқа.
Жұмсады ма сіздерді.
Біздей нашар жолдасқа?
Жолдасына жұмсаған
Бас құрмалдық дегейсің,
Қараспан тауды жайлаған
Халық иесі жолбарысқа!
Әуелі, Құдай алмасын,
Алды-артымды шалмасын.
Тілімді алса, сұлтаным
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын.
Көп жылады дегейсің
Үйдегі нашар жолдасың!
Асқар тауда белдік бар,
Жасағанда кеңдік бар.
Азда қанша теңдік бар?
Құрдаста қанша елдік бар?
Сұлтаныма сәлем де,
Тілімді алса, бармасын,
Біздің баққан Бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар».
Мұны естіп Естеміс,
Кейін шауып жөнелді,
Жауабына кенелді.
Айтқанының бәрін де
Қобландыдай батырға
Бұлжытпай айтып береді.
Мынау сөзді есітіп,
Қобланды барды құрдасқа,
Жүремін деген жолдасқа.
Сонда тұрып сөйледі:
«Әуелеп ұшқан қалбаймын,
Жаманның тілін алмаймын.
Хақ бұйырған сапардан
Жан құрдасым, қалмаймын.
Асыл досым, сөкпеңіз,
Бұл сапарға бармаймын,
Бұл олжадан алмаймын.
Саған да сәлем көп айтқан,
Құрдасым, көңлің қалмасын,
Өтініш қылып зарлаймын.
Асқар төбе бел деген,
Ақ бармақпен жемдеген,
Өзінен басқа мінбеген,
Бағып тұрған баласы,
Күтіп тұрған анасы,
Өзі әйелдің данасы,
Тұлпар туған Бурылдың
Қырық үш күні кем деген».
Қараман сонда сөйлейді:
«Бұл барғаннан барсақ біз,
Қалың тобын жарсақ біз,
Біз Қазанды өлтіріп,
Қаласын бұзып алсақ біз.
Сұлуынан қызылбас
Қойынға бір салсақ біз.
Еркек болып не етеміз,
Әр талапқа шығарда
Қатынға ақыл салсақ біз,
Қатынның тілін алсақ біз?!
Есіктің алды ебене <қосылма>,
Ерлер киер кебене <қосылма>,
Кеткен кісі, келе ме?
Алғанын, Тәңір бере ме?
Әр талапқа шығарда
Қатынға ақыл салған соң,
Қатынның тілін алған соң,
Неше батыр болсаң да,
Арыстаным Қобланды,
Қатын да емей, немене?!»
Қараман бұл сөзді айтқан соң,
Қобландыдай батырдың
Тері тамып иектен,
Түгі шығып білектен,
Жаны бір тулап жүректен,
Неше бір құрдас айтса да,
Қараманның бұл сөзі
Өтіп бір кетті сүйектен.
Сөз сүйектен өткен соң,
Тобылғы атқа ер салды,
Ақ алмасты қолға алды.
Қамшы басып сауырға,
Екпіні ұсап дауылға,
Тобылғы меңді торы атпен
Қобланды шапты ауылға —
Қатуланып, қаттанып,
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тоңып,
Әр жақ пенен бер жаққа,
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Батыр кейіп келеді,
Еш жазығы жоқ еді
Бұлаңдаған Құртқаның,
Сөзге сынық қылдың деп,
Егер шықса алдынан,
Басын кесіп алмаққа.
Дарбазалы есік-ті,
Пайғамбардай несіп-ті.
Үйде отырған Қыз Құртқа
Дүбірін аттың есітті.
«Екпіні қатты кім болсын,
Сұлтаным дағы» десіпті.
Түрегеліп бұлаңдап,
Ашып көрді есікті,
Көргеннен соң қамықты.
Құс төсекте мамықты,
Арпа, бидай қабықты,
Көтере алмас кедейлер
Жылына салған салықты.
Шыдай алмай, Қыз Құртқа
Және де ашты жабықты,
Жабықтан көзін салыпты.
Салса, ерді таныпты,
Түсі суық көрінді,—
Ерге болған секілді
Бір сөзбенен жазықты.
Батырдан Құртқа қорыққан соң,
Төмен қарап, жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты.
Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады.
Сасқан емей, немене,
Аш күзендей бүгілді,
Құртқа жаннан түңілді.
Шыдай алмай, қорыққаннан,
Есік пенен төріне
Неше қайта жүгірді.
Сасып жүріп жөн тауып,
Ақыл менен ой тауып,
Түтікпенен су берген,
Түндікпенен күн көрген
Төрде тұрған Бурылдың
Басын шешіп алады,
Мойнына арқан салады,
Шылбырынан жетелеп,
Бурыл атты Қыз Құртқа
Қобландының алдынан
Бұлаңдап кетіп барады.
Бәйгеден келер көк дөнен,
Жеміне қосып жеді өлең,
Туғалы күнді көрмеген,
Түнектен шыққан Тайбурыл
Айдалаға шыққан соң,
Түлкідей көзі жайнайды,
Қаруы сыймай қайнайды,
Көлденең жатқан көк тасты
Сұлым ғой деп шайнайды.
Он екі құлаш кезеңнен
Атылып Бурыл ойнайды.
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағымен Қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа қыз да тым күшті.
Батыр жанына келгенде,
Қамығып Құртқа сөйледі:
«Асқар таудың белдігі,
Аздың бар ма теңдігі,
Құрдастың бар ма елдігі?
Жалғыздарға жар болған
Алланың көп дүр кеңдігі.
Үш ұшар ең аспанға,
Бір ұшуың кем болды,
Мен қайтейін, Бурылжан,
Қырық үш күннің кемдігі».
Кентті жерде жайлаған
Үзілмейді базары.
Қайда қалмас жігіттің
Өлгеннен соң мазары.
Бурылды көзі көрген соң,
Қобландыдай батырдың
Құртқадан қайтты азары,
Бурылға түсті назары.
Қобланды сонда сөйледі:
«Көлден ұшқан қаз деймін,
Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң, жаз деймін.
Ақылы жоқ, мен — ақымақ,
Бүйтіп жүрген Құртқамды
Шауып тастай жаздаймын.
Сарай да сарай, сарай бар,
Сарайға қолды жеткізген
Қос өркешті қызыл нар.
Әр бендеге ылайық
Өзіне Тәңрім қосқан жар.
Атымды бүйтіп баптауға,
Асылдан соққан сүңгімді
Ырғай алып саптауға,
Құртқадай болып мініскер <қосылма>,
Жар тапқанша талай бар».
Батырдың сөзін есітіп,
Батыр жанына келгенде,
Наз қылса да, қорықса да,
Құртқа сынды сұлуың
Төмен қарап, жер шұқып,
Өксіп жылап қамықты.
Қамыққанын көрген соң,
Сонда Қобланды сөйлейді:
«Қызыл тілім шешен-ді,
Қатардан басым көсем-ді.
Артықша туған Құртқажан,
Атың әйел десем де,
Басқа әйел болғанда,
Қауіпсіз болып тұрғанда
Кеудеден басың кетеді.
Менің көзім тіріде,
Ердің құнын жесең де,
Құртқажан, неге қамықтың
Жолбарысың — мен есенде?!
Құс төсекте мамықты,
Арпа, бидай қабықты.
Мені көріп, Құртқажан,
Қуанбасаң, қамықпа.
Меніңкөзім тіріде,
Қараңғы түн ішінен
Шығарармын жарыққа!
Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсам,
Әйел де болсаң, Құртқажан,
Хан қылармын халыққа!»
Сонда Құртқа сөйледі:
«Айдынды көлден қу аттым,
Дертке дәрі етіне.
Ойнап балық шығады
Айдын көлдің шетіне.
Қисең, киім жарасар
Ақ патсадай етіңе.
Талап етіп, ойға алсаң,
Жеткейсің мұрат-ниетіңе.
Сіздер — сұңқар, біз — қарға,
Сіз даладан келгенде,
Ажырайып қарарға
Жарамаймыз бетіңе.
Аға-інің сенің жоқ,
Жазым болып, келмесең,
Мен күйермін дертіңе».
Сонда Қоблан сөйледі:
«Жылқы ішінде аламын,
Қылшық жүнді қарамын.
Аға менен інім жоқ,
Жеке туған дарамын.
Тоқтар менен Аналық
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Шыбын жанын және айтып,
Безіп дүние малынан,
Тірідей безіп жанынан,
Тілеп алған баламын.
Жатпады деп бүгінше,
Өкпелеме, Құртқажан,
Кемпір-шалдың қойнына
Жатайын деп барамын».
Бұл сөзді айтып Қобланды,
Тобылғы меңді торы атпен
Дөңгелетіп жөнелді
Тоқтардың тіккен ордаға.
Көлге біткен жекен деп,
Бүршігі жоқ тікен деп,
Үйде отырған кемпір-шал
Жүгіре шықты далаға:
«Жалғызым келген екен»,— деп.
Көзі түсті балаға,
Бірден жылап екеуі,
Баладан болды садаға.
Шылауына шырмалды,
Шылбырына оралды,
Оң тізгінін қолға алды.
Қобландыны жетелеп,
Үйге алып кеп түсірді.
Өлгенде көрген жалғызға
Шәрбаттың суын ішірді.
Және айналып-толғанып,
Кезек-кезек қолға алып,
Қобландыны кемпір-шал
Күн батпай-ақ жатқызды.
Жатқызды көрпе-төсекке,
Кезек-кезек сөз қатты,
Үндемей Қоблан, тек жатты.
Тілеп алған жалғыз ұл
Кемпір-шалға тым тәтті.
Ол уақытта пенде жоқ,
Қобландыдай сымбатты.
«Өзіме қара, қалқа»,— деп,
Ірге жаққа шал тартты.
«Өзіме қара, қозым»,— деп,
От жақтан кемпір бұл тартты.
Ортасында Қобланды
Алма-кезек домалап,
Шал-кемпірдің қойнында
Артық туған Қобланды
Кірпік қақпай, таң атты.
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Кемпір-шалдың қойнында
Қобланды ойнап жатқанда,
Бәйгеден келген көк дөнен,
Түнімен ұйқы көрмеген
Қобландыдай батырдың
Тоқтамасын білген соң,
Тайбурылдың үстіне
Алтыннан тұрман ер салып,
Аз ғана азық, жем салып,
Ақ орданың алдынан
Өткізді Құртқа көлденең.
Тайбурылды көргесін,
Қобланды тұрды төсектен.
Өткен Бурыл есіктен,
Үйдің сырты жиылған
Ағайын-жұрты есіткен.
Жиылып жұрты жылады,
Халайық қайран қылады.
Жіберуге қимайды
Қобландыдай баланы.
Киініп үйден шыққасын,
Халқы ортаға алады.
Жиылған жұртпен қоштасып,
Қобландыдай батырың
Тайбурыл атқа мінеді,
Беліне семсер іледі,
Ақ сауытын киеді,
Ноғай бөркін киеді.
Дүйсенбі күн сәскеде
Қараспан тауды бөктеріп,
Кешегі кеткен Қияттың
Қобландыдай батырың
Соңынан желіп жөнелді.
Тоқсандағы Тоқтарбай,
Алпыста шешесі Аналық,
Қарындасы Қарлығаш,
Қосақ жары Қыз Құртқа —
Төртеуі жылап соңынан,
«Кескілей кет,— деп,— қолыңнан»,
Қобландының артынан
Олар да еріп жөнелді.
Түстік жерге келгенде,
Қарындасы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Халық ұйғарса, қалмайсың,
Көңлің сүймей, бармайсың.
Жалғыз ағам, жан көкем,
Сапарландың талапқа.
Ақ сұңқар сеніп ұшады
Құйрығы мен қанатқа.
Сайға біткен қоқтымын <қосылма>,
Бөрік үстінде шоқтымын.
Көкежан, қайтып келгенше,
Ел-жұртың есен көргенше,
Айтып кеткен Құдайға
Қоңыр шұнақ тоқтыңмын.
Мен түсемін қиялға,
Нешік айла болады
Көзімнің жасын тиярға?
Көкежан, қайтып келгенше,
Ел-жұртың есен көргенше,
Артыңда қалған мен — нашар
Айтып бір кетші ниязға <қосылма>.
Көзге, көке, жас алдық,
Көкежан, қайтып келгенше,
Артыңда қалған мен сорлы
Болайын сенен тасаттық <қосылма>.
Басымда бар алтын шоқ,
Көкешім барда көңлім тоқ.
Көкежан, сені көрмесем,
Басымнан өтер дүние боқ,
Табаныма тиер шоқ!
Сізге деген Құдайдың
Бізге болсын ажал-оқ!
Ақ маңдайда тұлымым,
Бірге туған құлыным,
Керекке біткен жауырын,
Бірге туған бауырым,
Қолқанатым, құйрығым,
Судан шыққан сүйрігім,
Суырылып озған жүйрігім,
Сізге деген Құданың
Қабыл еттім бұйрығын!
Қозыдай менің егізім,
Тел қозыдай сезімім,
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
Қарға жүнді қаттасым,
Үйрек жүнді оттасым,
Бірге туған тектесім,
Қысылған жерде демесін!
Тоғай толған түйең бар,
Қора толған қойың бар,
Оны кімге тапсырдың?!
Жерге сыймас жылқың бар,
Тоқсанда атаң Тоқтарбай,
Алпыста анаң Аналық,
Жан көке, кімге тапсырдың?!
Өзіңмен бірге туысқан,
Тай-құлындай тебіскен,
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
Мен сорды кімге тапсырдың?!
Бұл дүниеде мұңдасың,
Ахиреттік жолдасың,
Төсекте жатса — сырласың,
Құдай қосқан қосағың,—
Көктімнің қызы Құртқаны —
Жеңешемді кімге тапсырдың?!»
Қоблакең сонда тарықты,
Батыр сөзге толықсып,
Көп ойлады халықты.
Қарлығаш даусы шыққасын,
Қобландыдай батырың
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп жылап қамықты.
Қайта айналып қаз қонар
Ұя салған жеріне.
Әркім ойнап-күледі
Өз уақытында теңімен.
Ақ найзаға сүйеніп,
Қарлығашқа көрсетпей,
Жасын сүртті жеңімен.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса, шығар көзден жас.
Тар қолтықтан оқ тисе,
Шығады сүйеп қарындас.
Қарындасың болмаса,
Жауда қалар ғазиз бас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Айналайын Қарлығаш,
Айтқан сөзге құлақ ас!
Мен кешігіп келмесем,
Сендерді мұндай жылатпас,
Қалың қыпшақ қарындас!
Қарлығаш, сенен айналдым,
Ағызба, қалқам, көзден жас!
Жасыңды тыйшы көзіңнен,
Сай сүйегім сырқырар
«Жан көке» деген сөзіңнен!
Бір сүйгізші, шырағым,
Жаудыраған көзіңнен!
Атадан тақ баламын,
Жауға кетіп барамын.
Жасым үлкен ағамын,
Әлдеқандай боламын.
Әйел де болсаң, бір тудың
Нашарсынып не етейін!
Мойныңды бұршы, Қарлыжан,
Көкең сүйсін бетіңнен,
Армансыз болып кетейін!
Қарындасым Қарлыжан,
Тоғай толған түйемді,
Сарысуға тапсырдым.
Желі толған жылқымды,
Жасанған жауға тапсырдым.
Қорам толған ақты қой,
Ашбөріге тапсырдым,
Азу тісі балғадай
Жас бөріге тапсырдым.
Тоқсанда атаң Тоқтарбай,
Құдіретіне тапсырдым.
Алпыста анам Аналық,
Бибібатимаға тапсырдым.
Шырағым, сені, Қарлығаш,
Қарашаш ханымға тапсырдым.
Қосақ жарым Құртқаны
Балуан қызға тапсырдым.
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Айналайын Қарлығаш,
Көкеңді кімге тапсырдың?»
Қарындасы сөйледі:
Сөйлегенде бүй деді.
«Бұл жібердім базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салса, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Құлақ сал, көке, сөзіме:
Осы барған сапардан
Жан көкем есен келгенше,
Ел-жұртын есен көргенше,
Он сегіз мың ғаламға
Падиша болған Хақ Жаббар,
Тек тапсырдым өзіңе!»
Қарлығаш және сөйледі:
«Басымнан дүние өткен-ді,
Көрінбесең көзіме,
Құлақ сал, көке, сөзіме.
Ата-анасын көргенше,
«Қалқамбысың» дегенше,
Мен көкемді тапсырдым,
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы, өзіңе!
Қараспан тауын жайлаған
Біздің қалың көп Қыпшақ.
Көкемнің оңғар сапарын,
Жасаған Құдай, беріп бақ!
Алды-артыңда сүйеу жоқ,
Атадан, көке, тудың тақ,
Сіз тұрғанда көңлім шат.
Сапарыңнан қайтқанша,
Аман-есен келгенше,
Мен көкемді тапсырдым
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы — жалғыз Хақ!
Көп қайырың тиеді
Еліңде қоңсы-сыбайға.
Көз салмадың, жан көке,
Бірге туған жұбайға.
Адалдан жиған малыңды
Залымдарға тапсырдың,
Осының, көке, ұнай ма?
Көкем есен келгенше,
Ата-анасын көргенше,
Жалғызымды тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға».
Қарлығаш айтып болғасын,
Құртқа келіп не деді?
Ел жайлаған еп еді,
Зарлы-мұңды көп еді,
Жалғыз ұлдан айрылып,
Кемпір мен шал жүдеді.
Бұлаңдап келіп жанаса,
Енді Қоблан сұлтанға
Сұлу Құртқа сөйледі:
«Иреуі жоқ күмісім,
Жасаған қосқан белесім,
Ойын менен күлісім.
Сұлтаным, сізге бас қосып,
Кеңейіп еді өрісім.
Алтыннан соққан кебісім,
Сегіз ұжмақ бейішім,
Қауыз, кәусар суындай
Бейіштен шыққан жемісім,
Арыстаным, аман бол!
Осы барған сапардан
Қиын болар келісің!
Жылқы ішінде аласың,
Қылшаң жүнді қарасың.
Ағаң, інің сенің жоқ,
Жеке туған дарасың.
Атам менен енемнің
Безіп дүние малынан,
Тірідей безіп жанынан,
Тілеп алған баласың.
Сөйткен бала тастар ма
Атасы менен анасын!
Сұлтанымның меңзеймін
Тоқтамасқа шамасын.
Кетер болсаң, сұлтаным,
Енекемнің еміп кет
Төсінде екі мамасын.
Сабындаса, ағармас
Іштен туған қарасың.
Құдай қисық жаратты,
Кімнің тілін аласың.
Өз дегенің болмаса,
Жөнге көнбес баласың!
Тіл білмеген дұшпанға
Жалғыз кетіп барасың.
Қош, сұлтаным, аман бол,
Әлде қандай боласың?!
Асқар төбе, бел дерсің,
Тайбурыл атпен желерсің.
Жақсы-жаман қадірін
Құртқаның сонда білерсің.
Құртқаның сөзіне сенерсің:
Кешегі кеткен Қияттан
Он екі күн бұрын барарсың.
Қазан алған қос қала —
Қырлы қала, Сырлы қала деп,
Сырлысын бұрын аларсың.
Жалғаса біткен жанында
Қасқарлық деген тауы бар,
Басына оның шығарсын.
Атыңды көкке қаратып,
Кіндігінен жаратып,
Жата бергін, сұлтаным.
Қараман атты құрдасың
Қазанның Қырлы қаласын
Аламын деп, ала алмас,
Алты қабат орынан
Қарғытып ішке ене алмас,
Қақпаның аузын аша алмас,
Қайраты жетіп таса алмас.
Тауда жатқан өзіңе
Қараман келер — құрдасың.
Қатын деп кеткен сөзіне,
Бетіне сонда соғарсың.
Асқар төбе белдігі,
Аздың бар ма теңдігі,
Құрдастың бар ма елдігі?
Астыңдағы Бурылдың,
Көбіктінің екі аты
Үйіріне қарай қашқанда,
Сол уақытта көрінер
Қырық үш күндік кемдігі.
Асқар төбе бел дерсің.
Тайбурыл атпен желерсің.
Жақсы-жаман қадірін
Құртқаның сонда білерсің.
Тоқсанға келген атамның
Бұтында жоқ дамбалы,
Тізесіне тон жетпей,
Қызылбастың елінде
Қара табан болып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Алпыста анаң Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Құрт қайнатып жүргенде,
Қайғыменен қан жұтып,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Қарындасың Бикешжан
Әбдестесі <қосылма> жанында,
Бес кесесі қолында,
Белдемшесі белінде,
Қызылбастың елінде
Шай қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Көк етіктің мықтысы,
Күзгі жердің шықтысы.
Сенен қалған мен сорды
Бір дұшпанның мықтысы
Аламын деп тұрғанда,
Қараңғы үйге салғанда,
Көңілге қайғы толғанда,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Мінген атың ақ табан,
Айтулы едің мақтаған.
Құданың ісі көп шығар
Өлмегенге сақтаған.
Алла қосып, сұлтаным,
Сапарландың талапқа,
Қош, аман бол, Алла жар,
Жалғызымды тапсырдым,
Құданың досты пайғамбар!
Мерген байлап оқ атар
Ұшқан көлдің қуына.
Иманды құл кез келер
Қаузы, кәусар суына.
Бұл дүниеде келмесең,
Құртқамбысың демесең,
Қазаң жетіп бұл жолда,
Хаққа дүзеп бетіңді,
Арыстаным, жөнелсең,
Жұбайым бар деп еске алсаң,
Сұлтаным, сонда мені ізде,
Табысайық мақшарда <қосылма>,
Пайғамбар тіккен тауында».
Сол уақыттар болғанда,
Шешесі келіп жылайды.
Қобландыны құшақтап,
Көздің жасын бұлайды:
«Он сегіз мың ғаламға
Патша болған Хақ Жаббар,
Есіт мынау сөзімді!
Он үш жасар Қобланды
Ерінбей сүйер кезімде.
Кітаптардың ішінде
Қырық пайғамбар аты бар,
Қырда Қияс пайғамбар,
Ойда Ілияс пайғамбар,
Сізден басқа кімім бар?!
Бас-басыңа бір жандық,
Дем бермесең, біз қалдық.
Асқар төбе бел өттік,
Белден асып ел кеттік.
Әулие-аруақ, салсаң көз,
Ата жолын тербеттік!
Бір жылқыдан кем шаппас
Келінжан баққан Бурыл ат!
Денеге оқты дарытпас
Дәуіт соққан жалаңқат.
Асынғаны жанына
Қынабының сабы алтын,
Ұстар жері сары алтын,
Қынаптан шықса — қылт еткен,
Тасқа салса — лып еткен,
Шүберектей қуарған,
Қайтпасын деп тау-тастан,
Заһарға салып суарған,
Балдағы алтын шар болат!
Шырағымның шыбын жан,
Жасаған, саған аманат!
Ақ сұңқар құс мақтанса,
О да бір күн кез келер
Құсбегінің торына.
Арғымақ ат мақтанса,
О да бір күн кез келер
Қаланың қазған орына.
Ықылас атты Шәшті Әзіз,
Осы кеткен қозымды
Тек тапсырдым қолыңа,
Қозымды жықпа орыңа,
Жолықтырма зорыңа!
Алпыс жасқа келгенде
Қобландыдай ұл тапқан
О да менің сорым ба?
Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсаң,
Егіз туған көк қошқар —
Ол да сенің жолыңа!
Егіз туған көк бура —
О да сенің жолыңа!
Көл иесі Қамбар-ай,
Шөл иесі Қамбар-ай!
Қамбар, өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар-ай!
Қазанға қайдан жол қылдың,
Қараман деген заңғар-ай!
Қала қоймас Бурыл ат
Қатар шапқан жарыстан.
Жақын емес, шырағым,
Жау іздедің алыстан.
Қыс болғанда жылқы ықпас
Көлге біткен қамыстан.
Осы кеткен қозымды
Өз қолыңа тапсырдым,
Ғали атты арыстан!
Аязды күн айналған,
Бұлтты күні бұрылған,
Айқара бесік таянған,
Дыбысы шықса, оянған,
Алтыннан бесік ойдырып,
Ақ торғынға бөлеген,
Өлгенде көрген көбеген,
Ел тілегін тілеген,
Қабырғам жездей қайысқан,
Көтергенде бесіктен,
Он саусағым майысқан.
Тас емшегім жібіткен,
Тар құрсағым кеңіткен,
Балапан қаздай ерткен,
Алсам, қолым талдырған,
Сүйсем, мейрім қандырған,
Денемнен шыққан балдырған!
Шаһизада хазірет,
Жарылқаушы құдірет,
Қызылбас басқа, біз — үмбет,
Қозымды сізге тапсырдым,
Алланың досы Мұхамбет,
Жалғызыма жәрдем ет!»
Сонда Қоблан сөйледі:
«Қой, шешеке, жылама,
Жылағанмен бола ма?
Мен сапардан қайтқанша,
Ата-анам, ел-жұртым,
Тапсырдым енді Құдаға».
Қараман кетті жиып қол,
(Сөйлейді сөзді оңды-сол).
Қобландыдай батырға
Жиылып халық, беріп қол,
Жылаумен қалды кемпір сор!
Тоқтарбайдай шалыңыз
Көзі-басы іріңдеп,
Буындары дірілдеп,
Жүре алмады, болып қор.
Орта жолда зарлайды,
Қайрылып Қоблан бармайды.
«Жалғызыма жар бол!»,— деп,
Жад қылып Жаббар Құдайды,
Қала берді кемпір-шал,
Аруақтарға жалынып!
Қобланды мінген Тайбурыл
Шиыршық атып ойнайды,
Атандай төсті салынып.
«Айт, жануар, шүу!» — деді,
Құбылып бурыл гуледі.
Табаны жерге тимеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан сайын өрледі.
Көлденең жатқан аңғарды
Жерошақ құрлы көрмеді.
Атына көңлі біткесін,
Батыр Қоблан сөйледі:
«Әуелі, Алла анайым,
Хақ жаратқан Құдайым,
Үйдегі Құртқа жұбайым.
Жарым олқы болды деп,
Жемеймін тіпті уайым.
Құртқажан «тұлпар» деп еді,
Айтқан сөзін сынайын.
Жайың қалай, Бурыл ат?
Қолтығыңда қос қанат,
Үстіңде мен аманат.
Үкілі құйрық, майда жал,
Сөзіме менің құлақ сал.
Алтын, күміс қият жал,
Лебізің сенің сары алтын,
Үстіңдегі түгіңнің
Жары — күміс, жары — алтын.
Жан серігім Бурыл ат,
Терлемессің, күн салқын.
Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім.
Қыдыра жалды, қыл құйрық
Сенен озбас деп едім.
Екі аяқты, бір басты
Менен озбас деп едім.
Біздің ауыл ағыста,
Есебі жоқ алыста.
Азаулының бойында,
Жылқылары қамыста.
«Қатын Қоблан» қалды деп,
Кешегі кеткен Қиятқа
Қоямысың намысқа?
Жан серігім Бурыл ат,
Барыңды бүгін қарышта!
Қаса тұлпар ат болсаң,
Ұшқан құстан қалыспа.
Қырық күнішілік Қазанға
Бір-ақ күнде жетуге
Сіздей малға алыс па?!
Бұл жібердім базардың
Бояғы менен бөзіне.
Салса, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Жан серігім Бурыл ат,
Сал құлағың сөзіме.
Қырық күншілік Қазанды
Көрсетші бүгін көзіме!
Көрсетпесең көзіме,
Онда Құртқа, мен мұнда,
Қалар көңлім өзіңе!»
Құралайдың талына,
Алуа, шекер, балына.
Тобылғы сапты қамшымен
Тартып-тартып жіберді
Тайбурылдың санына.
Жан серігі Бурылдың
Жаман батты жанына.
Жанына батпай не қылсын,
Қарға, құзғын тойынды
Санынан аққан қанына.
Қобландының қамшысы
Тайбурылға шын батты,
Шыбын жаны тым тәтті.
Санына қамшы батқан соң,
Қаны судай аққан соң,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Тайбурылға тіл бітті,
Тайбурыл сонда сөйледі:
«Тауға бітер емен, тал,
Кімге келмес керімсал,
Назбедеу атқа бітер жал.
Аямай тарттың қамшыңды,
Өлмесем де кеудемнен
Шыға жазды шыбын жан,
Батыр туған Қоблан нар!
Қызылбастың шәһәріне
Мұнша болдың ынтызар!
Ата-анадан жалғыз тақ,
Жалғыздық кегін менен ал.
Төрт аяғым тең жорға,
Тізгінім тартпай, сал жолға.
Үстімде сен есенде,
Астыңда өзім аманда,
Қажу бар ма мен сорға?!
Ат қылып Тәңірім жаратты
Сен секілді сыбайға.
Қысылған жерде ер жігіт
Бір Тәңірге жылай ма?
Қырық күншілік Қазанға
Бір-ақ күнде жет дейсің,
Ұшқан құсқа оңай ма?!
Қиын да болса, Қобланды ер,
Қиналармын, қайтейін,
Уағдаңыз солай ма?
Намаздігер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Қазанның Сырлы қаласын
Көрсетпесем көзіңе,
Түсірмесем жүзіңе,
Жан серігің Бурылды
Сол жерде шал Құдайға!»
Бұған Қоблан қуанып,
«Шырағым, Бурыл, шүу!»— деді,
Құбылып бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Тау менен тасты өрледі,
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қараша емес, қауыс-ты,
Қоңыраулатып дауысты,
Жақын қылды алысты.
Берсін кімге намысты,
Күн төбеден аумай-ақ,
Түзеді Бурыл шабысты.
Қос құлағы тігілді
Қайырға біткен қамыстай.
Түс ауған соң бүгілді
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғын көсілді,
Әрбір сымдай есілді.
Кешегі кеткен қосынға
Жетемін деген Қобланның
Жоқ еді тіпті есінде.
Бұлаңдаған Бурылмен
Артық туған Қобланды
Аңқып жетті бесінде.
Қол соңында барады
Қарабұқан жаурыншы.
Бұқанға келді: «Арма!— деп,—
Алдыңда кісі бар ма?»— деп,
Қарабұқан сөйледі:
«Жылқы ішінде аланы,
Жоқтап ек Қоблан баланы.
Аты қалар деймісің
Өзіңнен үлкен ағаны?!
Осынау белдің астында
Қосдәулет кетіп барады».
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып:
«Үлкен едің, арма!— деп,—
Алдыңда кісі бар ма?»— деп.
О да айтады «аланы» —
«Жоқтап ек Қоблан баланы,
Қылшық жүнді қараны.
Осынау белдің астында
Аққозы кетіп барады».
Тайбурылды құтыртып,
Оған да келді сыпыртып:
«Үлкен едің, арма!— деп, —
Алдыңда кісі бар ма?» — деп.
Ол да айтады «аланы»,
Қылшық жүнді қараны.
«Адасты деп ойлап ек
Қобланды сынды баланы.
Осынау белдің астында
Қарақозы кетіп барады».
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып,
Оған да келіп: «Арма!— деп,—
Алдыңда кісі бар ма?»— деп,
Қарақозы сөйледі:
«Алыстан айқын көрінген
Жылқы малдың аласы,
Ағынан көп-ті қарасы.
Оңдаса Құдай сапарды,
Бенденің болмас шарасы.
Қызыл тілді сөйлеткен
Қаусырма жақтың арасы.
Жеткен-ді деп ойлаймын,
Өз көңлімше шамасы.
Кешегі қонған мезгілден,
Шапқаннан бері, шырағым,
Көрінген жоқ көзіме
Құрдасыңның қарасы».
Көктем мезгіл болғанда
Көктен құйған тамшыдай,
Шебер қыздың қолында
Балдағы алтын қайшыдай,
Қарамандай құрдасы
«Кетіп қалды» деген соң,
Бұлаңдаған Бурылға
Тағы да басты қамшыны-ай.
Найзасы аумай қолынан,
Жұлдыз туып оңынан,
Қобланды сонда «шүу!» деді,
Құбылып Бурыл гуледі
Қараманның соңынан.
О да кетіп қалыпты
Үздік озып қолынан.
Беті қайтпай барады
Сапар еткен жолынан.
Тайбурылды гулетіп,
Келіп жетті соңынан.
Қобланды жетіп, сөйледі:
«Болғаның ба, досым-ай,
Мақтаған атың осы ма-ай?!
Он екі күнде келерсің
Менің бүгін кеште тіккен қосыма-ай!
Жағалай таудың татыры-ай,
Жарасар тіккен шатыры-ай.
Анау күні «қатын» деп,
Қарамай кеткен батыр-ай!
Көрдіңіз бе, Қараман,
Қатынның баққан атын-ай!
Қатын да болса, білдің бе
Құртқаның асыл затын-ай,
Қатынның баққан атын-ай?!
Қапыда қалма, батыр-ай!
Жүрмейсің бе, Қараман?
Үш күн кейін соң қалып,
Мен де озып барамын,
Қалсаң, өлім жақын-ай!»
Қобланды гулеп жөнелді,
Көп Қиятқа қарамай.
Қалың Қият-көп қосын
Бәрі қалды артында,
Бірі еруге жарамай.
Сонда Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Аманбайдың ақ тікен
Асып Бурыл жөнелді,
Қарсы келген қабақтан
Қарғып басып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіре басып жөнелді.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар көл төбе,—
Онан да өтіп жөнелді.
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Шегендінің желді көл,
Шағалалы шалқар көл,
Қызғыштының Қызды көл.
Құмыра, Қотан, Қоскөлден,
Айналасы бес көлден,—
Бәрінен өтіп жөнелді.
Құдердің қара дөңінен
Бесінде өтті деңінен,
Барлы, барлы, барлы тау,
Басы биік, қарлы тау,
Хан жайлаған Қаратау,
Би жайлаған Алатау,
Онан да өтіп жол шекті-ау.
Түйе мойнақ иір тау,
Қыз емшекті сүйір тау.
Атасу мен Манащы,
Мал оттауға оты ащы,
Ішейін десе, суы ащы,—
Мұнан-дағы жол шекті.
Қампай-құмпай қасынан,
Жем, Темірдің басынан,
Қолбағайлы шөлдерден,
Қасқалдақты көлдерден,
Асқар-асқар белдерден,
Айдын шалқар көлдерден,
Қан сасыған жерлерден,
Тобылғылы нұрадан,
Сексеуілді жырадан,
Баялышты құмайттан,
Бүлдіргенді шыңайттан
Жалғыз шауып жол шекті.
Астына мінген Бурыл ат
Жауатын күндей күркіреп,
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Құбылып ойнап жер басты.
Алдыңғыдан артқысын
Сынық сүйем кем басты.
Жалғаса ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Асқар төбе бел еді,
Бір шауып, бір желеді,
Құбылып ойнап жер басып,
Дөңгеленіп келеді,
Садақтың бауы сартылдап,
Масатыдан шалбардың
Сала құлаш балағы,
Алтынды зермен көмкерген,
Жел соққандай жалпылдап,
Белеңнен асты былқылдап,
Тозаңы шықты бұрқылдап,
Аттың жолы қазылды.
Ұмтылғанда қысылып,
Бес жүз құлаш жазылды,
Бурыл көкке секірді,
Омырауда тері көпірді,
Шаба-шаба шатылды,
Табаны тиіп ұшқан тас,
Қызылбас мылтық оғындай
Аспан көкке атылды.
Тақиядай көрмеді
Үстіндегі батырды.
Бұлаңдаған Бурылдың
Маңдайында масаты бар,
Марал ішсе — таусылмас.
Құйрығында құдық бар,
Құлан ішсе — таусылмас.
Арандай аузын ашады
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұсады.
Құлан менен құлжаның
Ұзатпай алдын тосады,
Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен қарабай
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен басып асады.
Дуадақ пен жек қалды,
Әлде өтірік, әлде шын,
Ақ сұңқар мен ылашын,
Өлген құсты жеп қалды.
Ебелек ұшпас елсізден,
Көбелек ұшпас көлсізден,
Құла мидай шөлдерден,
Адам жүрмес жерлерден,
Батпақ ылай көлдерден,
Асқар-асқар белдерден
Жалғыз шауып жол шекті.
Үмітін үзіп келеді
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерден.
Намаздігер өтті енді,
Мезгілі шамның жетті енді.
Қобланды мен Бурылдың
Уәдесі бітті енді.
«Көріне ме шәһәр»,— деп,
Ілгері қарап, күткен-ді.
Сол уақыттар болғанда,
Белес-белес бел көрді,
Бел астында ел көрді.
Бидайықты ақтатыр,
Ақты, бозды қой жатыр.
Тіктен шауып қалаға
Қоблекем келе бұл жатыр.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты,
Жетемін деп торықты.
Намазшамның кезінде,
Бес ағаштың түбінде,
Қазанның салған жылқыға
Ағыны қатты Бурылмен
Аңқытып келіп жолықты.
Көкалалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы,
Гулетіп жылқыны алады,
Айқайлап жиған көп жылқы
Бір уыс болып қалады.
Жылқыны жөнге шығарып,
Қазанның Сырлы қаласын
Қайта айналып шабады.
Бетіне қалқан далдалап,
Шәһәріне шапты аллалап.
Қаланың аузын қандатып,
Көшенің аузын шаңдатып,
Қақпадан атын қарғытып,
Кіндіктен оғын сырғытып,
Туырлығын тоқым қып,
Керегесін отын қып,
Мал шығармай далаға,
Ел шығармай салаға,
Жау бетінде жад қылып
Жеті кәміл бабаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қазанның Сырлы қаласын
Бұзып-жарып Қоблекең,
Он екі күн дегенде,
Жалғыз жанды құтқармай,
Айдап шықты далаға.
Құлақ салмақ сауап-ты
Бес уақытқы азанға,
Төрт құлақты Қазанға.
Ителгі құстың тырнағын
Мың сан қарға жазар ма?
Сырлы қаланы алады,
Адамын жөнге салады.
Қаланың қиғаш қасында,
Қасқырлы таудың басына
Бұлаңдаған Бурылмен
Батыр Қоблан шығады,
Құртқаның сөзін сынады.
Жан-жаққа көзін салады,
Батырдың көзі шалады;
Қалың қият, көп қосын,
Он екі күн дегенде
Олар да келіп қалады.
Өзі жатқан Қазанның
Қырлы дейтін қаласын
Қырық мың қолды әскермен
Алты қабат орының
Сыртынан орап алады.
Қараман атты батырың
Аламын деп, ала алмай,
Алты қабат орынан
Қарғытып ішке ене алмай,
Қақпаның аузын аша алмай,
Қайраты жетіп таса алмай,
Үш күн тұрып сыртында
Болдыра алмастай болған соң,
Енді атына мінеді.
Мініп алып атына,
Тауда жатқан батырға
Қараман өзі келеді.
Келіп, сөйлей береді:
«Айбалтам тасқа өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмеймісің, құрдасым,
Қызылбастың еліне
Сенсіз күшім жетпейді!»
Сонда Қоблан сөйледі:
«Асқар ма екен, тау ма екен?
Арғымақ па екен, ат па екен?
Жая ма екен, жал ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Ер бұзбаған қамалды
Қатын бұзған бар ма екен?
Мал салдым базар бөзіне,
Салса, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Ерді қатын дей ме екен,
Не деп айттың өзіме?
Сен бір айтпай, үш айттың,
Келмеді ме кезіне?
Көрінбе менің көзіме!
Неше батыр болсаң да,
Үйде қалған Құртқаның,
Сатса, алмаймын өзіне.
Өзі түгіл, Құртқаның,
Сағынғанда, алмаймын
«Қалқамжан» деген сөзіне!»
Қобланды бұл сөзді айтқасын,
Қараман құрдас өкпелеп,
Көрмеймін деп, жер тепкілеп,
Наза боп қайтып жөнелді:
«Алсам, мұны алармын,
Алмасам, өліп қалармын.
Қатынының тілімен
Қобландыдай батырың
Жүр ме еді әлі кекті?» — деп.
Жая да емес, жал-ды деп,
Шекер де емес, бал-ды деп,
Бір қатынның тілімен
Құрдасым көңлі қалды деп,
Аршын басты Бурылмен
Аңқытып желді соңынан,
Іс келеді қолынан,
Былқылдап Қоблан желеді,
Соңынан жетіп келеді.
Қобланды батыр келгесін,
«Сыбағамды бердің»,— деп,
Қараман құрдас күледі.
Қуанғаннан батырдың
Төбесі көкке тиеді.
Қараман, Қоблан қосылып,
Қосынға келіп енеді.
Ордың мініп басына,
Қаланың келіп қасына,
Қобландыдай батырың
Тайбурылға сөйледі:
«Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң құлақ сөзіме,
Салсаң, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Жая қандай, жал қандай?
Шекер қандай, бал қандай?
Екеуміз жолдас болғалы
Бүгін емес, бірталай.
Анаңыз тұлпар деуші еді,
Қалмақтың терең қаздырған
Алты қабат орынан
Жетінші қабат қалаға
Қарғытамын, Бурылым,
Қарғимысың, жай қандай?»
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Екпініменен сыбырлап,
Сонда Бурыл сөйледі:
«Артыңда қалды еліңіз,
Болды ма менде кегіңіз?
Шешем Құртқа деген соң,
Сатылмайды теріміз,
Көңілде жоқ кіріміз,
Қысылған жерде дем берсін
Жылқышы Қамбар піріміз.
Көңіліңе алсаң, қоймайсың,
Қайсар Қоблан шеріміз.
Салған қолқаң сол болса,
Қобланды сынды еріміз,
Қарғысам, қарғып көрейін,
Қарғи алмасам, өлейін,
Тәуекел етіп көріңіз».
Мұны естіп Қоблан,
Бурыл атқа «шүу!»— деді,
Бүктеле беріп жазылып,
Бурылы бұлқып гуледі.
Алты қабат орынан
Жетінші қабат қалаға
Қояндай ырғып жөнелді.
Ортасына шәһәрдің
Бурыл барып топ етті,
Жердің шаңы бұрқ етті,
Ат тұяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Қалаға Қоблан кіргесін,
Ерлігімен кіріп кеткесін,
Бала да болса келбетті,—
Ене алмай қалды Қараман,
Ордың сыртын айналып.
Маңдай шып-шып терледі,
Ене алмағасын қиналып.
Көп әскерді көргесін,
Жау екенін білгесін,
Шәһәрі жұрты жиналып,
Қазан ханы бас болып,
Ұрысуға сайланып,
Жатыр екен жиналып.
Арқада бар бөрі көз,
Жақсыда ғой тәуір сөз,
Неге ұмытсын көрген көз?
Арыстан туған Қобланды
Көп әскерге келді кез.
Арыстан туған Қобланды
Көп әскерге келгенде,
Қырық мың атты қызылбас
Қолына жасыл ту алып,
Арыстан туған Қобланды
Ақ білегін сыбанып,
Көңілі тасып келеді,
Жауды көріп қуанып.
Сол уақытта алдынан
Қара қасқа ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген,
Алдына дабыл төңкерген,
Артына сауыт бөктерген,
Аламанға дем берген,
Азды көпке теңгерген,
Қара бөрік қалпайған,
Қайратымен мал жайған,
«Мен сондай!»— деп далдайған,
Қысқа күнде қырық шапқан,
Тері тонды теріс артқан,
Қызылбасқа жан тартқан,
Қазақ десе, оқ атқан,
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан,
Он екі күнде бір жатқан,
Он үш күнде бір татқан,—
О да айтулы ер еді,
Қызылбастың елі еді,
Құдайдан дұспан сұраған,
Жау көрмесе, қураған,
Найзаның ұстар жеріне,
Қолыма жұмсақ болсын деп,
Топтап барқыт ораған,
Шын қаһарына келгенде,
Жауған қардай бораған,
Суда болар ақ сазан,
Молдалар айтар бес азан,
Үлкендете жолымен:
«Қашпа, бала, қашпа!»,— деп,
Алдынан шықты ер Қазан.
Хан шыққан соң, кім қалсын:
Ханның ұлы қарауыл,
Бектің ұлы бекауыл,
Хан жігіті жасауыл,
Хан қасында қайдақтар <қосылма>,
Қатыны жоқ бойдақтар,
Отыз төре қызылбас,
Үй басына он сомнан
Жиып жеген бейбақтар,
Мысық құлақ мылтық қолында,
Қара сұңқар қойнында,
Бәйгіден келген дөнені,
Бұл шәһбаздың <қосылма> гөзелі <қосылма>,
Талай батыр ұмтылған,
Қаланың аузын қандатып,
Әскерін жаяу андатып,
Қызылбас болып қол алып,
Қобландыға жол алып,
Сәске мезгіл болғанда,
Қырық мың әскер қол шықты,
Қазан ханы бас болып,
Он кісіден қос болып!
Арқада бар бөрі көз,
Жақсыда бар тәуір сөз.
Қолды бастап шығарып,
Қазан сынды батырың
Қобландыға келді кез.
Өзі жеке келгесін,
Қайыспасын білгесін,
Басын тартып қара аттың,
Қобландыдай батырға
Бір-екі ауыз айтты сөз:
«Алатаудың қырғызы,
Кигенің ала қырмызы.
Ат саурысын басыпты,
Көп шабысты көргендей.
Аттың жалы жатыпты,
Алыс жолдан келгендей.
Қабақ қаның тасыпты,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Қай шәһәрге барасың?
Қай орынға қонасың?
Бурыл атты жас қырғыз,
Кімнің ұлы боласың?!
Атаңды сұрасам, кім деймін?
Анаңды сұрасам, кім деймін?
Батыр Қазан мен деймін
Шын сөзіңмен кел деймін,
Қалжың сөзге көнбеймін.
Ашуыма жолықпай,
Бурыл ат пен ақ сауыт,
Қол тигізбей, бер деймін».
Сонда Қоблан сөйледі:
«Бұл жіберіп шығып ем
Базарда алтын қасыққа.
Ат беруге арланам
Сендей дінсіз сасыққа.
Ат алуың қаша ма,
Дем алғанша асықпа!
Келмей жатып ат бер деп,
Қызылбас неден есірді?
Бұл сапарда ен жатқан
Сүйермін деп ек жесірді.
Шыдамасаң, бері кел,
Көрсетейін кесірді.
Атасы жаман атасыз,
Атамды сұрап нетесіз?
Анасы жаман анасыз,
Анамды сұрап нетесіз?
Анаң сенің некесіз,
Некесін сұрап нетесіз?
Ашулансам, боларсың
Әр кез жарық көргісіз.
Өзіңнің соққан қақпаңнан
Зар қылармын жүргісіз.
Қазан деген ерсің сен,
Жөн білмеген серсің сен.
Патшаңнан алған қамқаңды
Қан қылмай-ақ шешерсің!
Асқар төбе белсін сен,
Қызылбас деген елсін сен.
Арақ ішіп, нан жесең,
Қала ішінде есерсің.
Көкірегіңді басайын,
Желденіп көңлің келсең сен.
Қарақасқа тұлпардың
Сауырынан түсерсің!
Мойныңнан аққан жылы қан,
Шамаң келсе, ішерсің.
Жауға шабар ер жігіт
Жаманнан ақыл сұрамас.
Бетімнен қаһар шығады
Жаңбырлы қардай аралас.
Мұсылманның баласы
Өзім өлмей жыламас.
Іздегенім қызылбас,
Аты-тонын әр жерде
Беруші еді сендей нас.
Қылышпенен өлтірсем,
Қиқаладың дерсің сен.
Найзаменен өлтірсем,
Миқаладың дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
Қапыл қалдым дерсің сен,
Мылтықпенен өлтірсем,
Жазым қалдым дерсің сен.
Мінген атың құла ғой,
Сендер көп те, мен жалғыз,
Қолыңа келді бір бала,
Білгеніңді қыла ғой!»
Ел жайлауы Арыс-ты,
Батырлар қылды намысты.
Әуелі тәуір сөйлесіп,
Артынан шайтан жабысты.
Шайтан емей, немене,
Ырғай сапты сүңгіні
Ырғай, ырғай салысты,
Итерісіп тұрысты,
Найза қанға майысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе, бүгісе тұрысты.
Тебінгіге тер қатып,
Қақырғаны қан татып,
Түкіргені жын татып,
Қақырғанда қан ішті,
Түкіргенде жын ішті,
Қанжарменен қармасты
Семсерменен серместі.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Диқан еккен егінді,
Есен алса, тегін-ді.
Қан қабақтан төгілді,
Ерлер жаннан түңілді,
Аш күзендей бүгілді,
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.
Сол уақыттар болғанда,
Артық туған Қобланды
Найзасын ырғап ендірді,
Қазанды аттан төндірді,
Ат көтіне міндірді.
Ту жығылар айшықты,
Ақ денеден қан шықты,
Шауып еді, жан шықты.
Ұлы сәске болғанда,
Ішкі қала тұсында,
Сыртқы қала ішінде,
Ер Қазанның аузына
Қобландыдай батырың
Толтырады балшықты.
Қазан аттан құлады,
Көріп, елі жылады.
Шәһәрі байтақ жұртына
Тегіс хабар салады,
Жұртын жиып алады,
Алтын құндақ ақберен,
Шілдедегі бір айда
Көктен түскен самал-ды.
Тура келген ажалға
Кім табады амалды?
Өлген құлдың басынан
Өткізеді заманды.
Қырық мың атты қызылбас
Алдында қойдай қамалды.
Қамалмасқа бола ма,
Кез қылды Құдай қабанды,
Қабанның ойыны жаман-ды.
Қырық мың атты қызылбасқа
Тұтам қылды заманды,
Тоқтата алмай табанды,
Қалаға қайтып кете алмай,
Барайын десе, бата алмай,
Дарбазадан өте алмай,
Ортөбеде топтанып,
Шиыршық атып шоқтанып,
Қолына бір-бір оқты алып,
Көптігіне мақтанып,
Қазан ханы өлгесін,
Жекпе-жектен тоқталып,
Бірте-бірте жиналды.
Жауды көрген мезгілде,
Арыстан туған Қобланды
Жан-жаққа көзін салады.
Қырық мың атты қызылбас
Жалғыздығын білгесін,
Енді ортаға алады,
Тұрған жерде қамады.
Артық туған Қобланды
Жалғыздығын білгесін,
Қамағанын көргесін,
Жалғыздықты айтып жабығып,
Бір Тәңірге зарығып,
Сонда тұрып налыды:
«Өзі болат, өзі өткір
Бұрынғы ердің найзасы,
Бақ қараған бенденің
Басында болар айласы.
Алды-артымда таяу жоқ,
Қараспан толған көп елдің
Қанеки, енді пайдасы?!
Мініп шықтым үмітпен
Жолдасым Бурыл дөненді,
Көкке тойған көбеңді.
Қызылбас қашып, мен қалсам,
Ерлігімді кім айтар
Қараспанды жайлаған
Қалың Қыпшақ көп елге?!
Жар болғай Алла өзіме,
Шыбын жаным көрінді
Бүгін менің көзіме.
Кәміл пірлер, құлақ сал
Ауыздан шыққан сөзіме.
Жазым болып мен түссем,
Бір найзадан қан құссам,
Үстімдегі ақ сауыт,
Астымдағы Тайбурыл,
Жалғызының исі деп,
Кім апарып көрсетер
Кемпір-шалдың көзіне?!
Бурылға жаптым көк мауыт,
Сыйынған пірім ер Дәуіт
Шабамын кәпірге ауыт-ауыт.
Бүгін қанға боялсын
Балғаң тиген ақ сауыт,—
Бекітіп соққан ер Дәуіт.
Жауды көріп, қызды арқам,
Қашар ма жаудан мен салқам?
Бүгінгі күні не көріп,
Иманмен өтсем, жоқ-ты арман.
Толғамалы ақ сүңгім
Шаншылар майдан күн бүгін.
Былғары садақ, бұқар жай
Тартылар майдан күн бүгін.
Алтын құндақ ақберен
Атылар майдан күн бүгін.
Толғамалы ақ сүңгім,
Шанша алмасам, маған серт!
Қанға тойсаң, саған серт!
Бұлғары садақ, бұқар жай,
Тарта алмасам, маған серт!
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен сынсаң, саған серт!
Алтын құндақ ақберен,
Ата алмасам, маған серт!
От алмасаң, саған серт!
Таямай атса, оқ өтпес,
Шуақ шықса, күн өтпес,
Жаңбыр жауса, су өтпес
Жағасы алтын, жеңі жез,
Бадана көзді ақ сауыт,
Бекітіп соққан ер Дәуіт,
Қалмақтың қалың қолынан,
Шашақты найза жолынан,
Бұл әскердің өзінен,
Қылышының жүзінен
Тая жүрсем, маған серт!
Ата-анам сүйген ақ денем,
Оқ дарытсаң, саған серт!»
Қобланды айтып болғасын,
Қиналарын білгесін,
Бауырын жазып Бурыл ат,
Шиыршық атып ойнайды.
Батыр туған Қобланды
Ерегіскен жауының
Басын жоймай қоймайды.
Шабайын деп батырың,
Талбойын алды аршындап.
Астындағы Бурылдың
Тасқа тиген тұяғы
Қар кешкендей қаршылдап.
Қыл қобызға жағады
Қарағайдың шайырын.
Шабайын деп батыр тұр,
Қырылуға кәпір тұр,
Алла берсін қайырын.
Алтын қалпақ, жез телпек
Баса киіп көзіне,
Көп әлеумет, құлақ сал
Аузымнан шыққан сөзіме,
Қырық мың атты қызылбас,
Қырық кісідей көрінбес
Батырыңның көзіне.
Тікелеп атқан оқтары
Тікенектей қадалмас
Қоблекеңнің жүзіне.
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып,
Қатуланып қаттанды,
Буырқанып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды,
Топтанып тұрған кәпірге
Қобланды батыр жол салды.
Жалғыз өзі батырың
Жойып кетіп барады.
Қойға тиген қасқырдай,
Сойып кетіп барады.
Жолбарыс шапқан құландай,
Шоршып кетіп барады.
Үш мың атты бір сайға,
Төрт мың атты бір сайға,
Аламын деп қайтарда,
Қойып кетіп барады.
Қайтарында алмаққа
Тізгінінен қосақтап,
Түйіп кетіп барады.
Ақ білегі қан болып,
Тұла бойы сал болып,
Жау үстіне жол салды,
Үкімін жауға мол салды,
Көмегі жоқ соңында,
Жаны Құдай қолында.
Туырлықтай ту алып,
Туды қанға сауарып,
Қырық мың атты қызылбас
Әрі-бері қозғалды,
Қырылмағаны аз қалды.
Қызылбас қашып жосыпты,
Қашқанына қойсын ба,
Батырың алдын тосыпты!
Ықтиярсыз найзалап,
Біріне-бірін қосыпты.
Бөлек-бөлек қылады,
Есебі жоқ қырады.
Бірін шауып, біреуін
Қылышпенен ұрады.
Атуымен оқ қалды,
Тартуымен дөп қалды,
Қоблекеңнің сүңгісі
Қызыл қанға боялды.
Көбісі тұрып шәрінің,
Ұйқысын ашып, оянды.
Қашпағанды Қобланды,
Алты күн ұдай ұрысып,
Бітіруге таянды.
Үкімін жауға мол салды,
Жетінші күні сәскеде,
Жаудың бәрін тауысып,
Ақ найзаға сүйеніп,
Қобланды жалғыз бұл қалды.
Сол қаланың әйелі
Ерлерінен айрылып,
Бәрі де жесір, тұл қалды.
Бұл қырғанға қоймады,
Қоблекең бұған тоймады.
Шәрін тегіс бұзсам деп,
Ат қоймаққа ойлады
Қазанның Қырлы қалаға.
Қобланды тұрып сыйынды
Жеті кәміл бабаға.
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Ел шығармай салаға,
Мал шығармай далаға,
Қаладан атын қарғытып,
Кіндіктен оғын сырғытып,
Қаланың аузын қан қылып,
Қақпаның аузын шаң қылып,
Тұлымдысын тұл қылып,
Айдарлысын құл қылып,
Солқылдаған мырзасын
Табанға салып жүн қылып,
Алтын артты шанаға,
Қарамай қатын-балаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қырық қақпалы Қазанды
Он сегіз күн дегенде
Бұзып-жарып батырың,
Малын-жанын ызғытып,
Қақпаның аузын аштырып,
Айдап шықты далаға!
Есіктің алды мойыл-ды,
Ашыққан Қият тойынды.
Жаманның ісі бола ма,
Атадан алтау туғанмен,
Асылмен белін буғанмен,
Қай күнде жаман оңа ма?
Ызғытып малды шығарып,
Қобланды батыр келеді.
Қияттың жаман әскері
Көп олжаға кенелді.
Қаладан сыртқа шыққасын,
Көше алмай қосын бөгелді.
Атадан жаман туғандар,
Арамтамақ олжаға
Беті-қолын жуғандар
Қоста отырып кеңесті,
Кеңескенде не десті?
«Қобланды елге барғанда
Қаланы өзім алдым дер,
Олжаны өзім салдым дер.
Босқа келіп, бос қайтты
Қияттың мың сан нөкер дер.
Әлі кімге жетер,— деп, —
Қобланды елге сау барса,
Қадіріміз кетер,— деп,—
Жалғыз атты Қыпшақты
Өлтіріп кетсек нетер»,— деп,
Далада отырған көп жаман,
Қоблекеме бой ұрды.
Бой ұрғанмен, не қылсын,
Күңкілдесіп көп жаман,
Түн ортасы болғанда,
Күңкілдің арты қойылды.
Айтса-дағы қылмады,
Мұрады қабыл болмады.
Қараман біліп бұларды:
«Қас жаманы жігіттің
Жолдасын ерген қарақтар,
Қойыңдар!»,— деп бұйырды.
Батырлар мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды,
Іс тағдырға сызылды.
Бес күндей малы тойынып,
Алтыншы күні Қияттың
Қайтуға көңілі бұзылды.
Қосындар жүгін артқанда,
Көшейік деп жатқанда,
Бос қайтам ба жаудан деп,
Іздеп келіп бұл жерге,
Қараман батыр кезенді.
Қобландыға келеді:
«Ай, Қобланды, құрдасжан,
Қайратыңды мен көрдім,
Бәрекелді, ер!— дейді.—
Найзам тимей дұшпанға,
Арманда барам мен,— дейді.—
Осы бүгін естідім,
Жақын жерде бір шәһәр,
Көбікті хан бар дейді.
Жүрсең, соған барайық,
Жылқысын айдап алайық.
Қазаннан алған бұл малды
Баға тұрсын халайық.
Көбікті келсе малына,
Салайын жәбір жанына.
Көбіктіні өлтіріп,
Бір тояйын қанына.
Көбікті де ер дейді,
Қайратымды көр,— дейді,—
Найзам тимей дұшпанға,
Арманда барам мен»,— дейді.
Қобландыдай батырың
Мақұл көріп бұл сөзін,
Асып-тасып екеуі,
Алланы алмай аузына,
«Барайық десең, жүр»,— дейді:
Ер салды атқа батырлар
Алтынды тұрман тағынып.
Екі батыр жөнелген
Сыйынбай пірге, жаңылып.
Көп қосынға тапсырды
Қазаннан алған көп елді.
Қараман, Қоблан екеуі
Көбіктінің шәһәріне
Сапар қылып жөнелді.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота,
Бұл сөзімде жоқ қата,
Көп қосыннан екеуі
Сапарланды ел жата.
Көбіктінің шәһәрін
Қарасын көрді таң ата.
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Екі батыр кез келді
Құба көлде Көбікті
Отар салған жылқыға.
Көкалалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы —
Гулетіп жылқыны алады,
Айқайлап жайған көп жылқы
Бір уыс болып қалады.
Тізе қосып екеуі,
Айдап кетіп барады.
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай, жыра екен,
Көбіктінің Тарлан ат
Жылқы ішінде жүр екен.
Жамандатқыр Тарлан ат
Құйрығын құстай тарады,
Кіндігінен жарады,
Кесесінен қарады,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
Сыртына құйрық салады,
Қайта айналып шәһәрға
Тарлан ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қайтара алмай қалады.
Жетпедім деп Тарланға,
Астындағы Бурыл ат
Басын жерге салады,
Қырық үш күндік кемдігі
Бурыл атты қамады.
Құртқаның сөзі келді деп,
Батыр Қоблан сенеді.
Таң Шолпаны батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Демалам деп азырақ,
Бауырында бір таудың
Қобланды ұйықтап жатқанда,
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті,
Ат барғасын желікті.
«Жау тиді ғой малға»,— деп,
Ашуланып демікті.
Базардан келген қасық-ты,
Тарлан атқа кідіріп,
Ер салғанша асықты.
Ат басындай тас шоқпар
Тақымына басыпты.
Тарлан атты Көбікті,
Еріндіктеп алады,
Беліне терлік салады,
Тас шоқпары тақымда,
Айдауға кеткен жылқының
Соңынан қуып барады.
Жебелі найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан,
Ерте Шолпан батқанда,
Сарғайып таң атқанда,
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
«Таста,— деп,— малды»,
барқырап,
Көбікті жетті соңынан.
Көбікті келе сөйледі:
«Ел иесіз дедің бе?
Жер иесіз дедің бе?
Мал иесіз дедің бе?
Жан иесіз дедің бе?
Отарда жатқан жылқымның
Отарын бұзған кім едің?
Өрісте жатқан жылқымның
Өрісін бұзған кім едің?
Тыныш жатқан жылқыма
Оқ тастаған кім едің?
Көкорайлы шалғынға
От тастаған кім едің?
Жусап жатқан жылқымның
Жусауын бұзған кім едің,
Батыр жігіт, қайдасың?»
Батырлар табар айласын,
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізер пайдасын.
Сол уақытта Қараман
Көбіктіні шанышпаққа
Оңтайланды найзасын.
Қараман ерлік бастады,
Ерлігін Алла қоспады.
Қараманның найзасын,
Денесіне тигізбей,
Көбіктідей батырың
Қолындағы шоқпармен
Допша қағып тастады.
Ұмтылумен Көбікті
Қараманды ұстады,
Желкесінен қысады.
Күшіктейін шыңғыртып,
Қараманды Көбікті
Тақымына басады.
Қулық пенен сұмдықты
Көбікті тағы ойлады.
«Оянып кетсе, болмас»,— деп,
Қобландыны Көбікті
Ұйықтап жатқан жерінде
Тоғыз қабат тор салып,
Бекітіп әбден байлады.
«Енді үзіліп кетпес»,— деп,
Қобландыны Көбікті
Оятпаққа сайланды.
«Тұр!»,— деп еді Көбікті,
Қобланды батыр тұрмады,
Ұйқысын Қоблан бұзбады.
Болады деген мұндай іс
Үш ұйқтаса ойда жоқ.
Жиып алды Көбікті,
Қару-жарақ бойда жоқ.
Хабарсыз жатып дұшпаннан,
Басынан өтті дүние боқ.
Аңдаусыз жерде Қобланды
Бенде болып дұшпанға,
Табанына тиді шоқ.
Бір уақытта оянып,
Қобланды батыр көсілді,
«Дұшпан» деген батырдың
Әлі де жоқ есінде.
Көбіктінің байлаған
Тоғыз қабат торының
Бес қабаты шешілді.
Көбікті тұр таң қалып,
Қобланды қалды сандалып.
Қобланды батыр сасады,
Басынан бақыт қашады.
Ыза болып Қобланды,
Жын қаққанға ұсады.
Кісен салып Көбікті,
Қараман мен Қобланның
Аяқ-қолын тұсады.
Қос батырдың бұл жерде
Бағы тайып басынан,
Пірлері тайып қасынан,
Жанторсыққа ұсады.
Жеті кәміл бабасын
Жад етуге жаңылып,
Енді қара басады.
Қос батырдың қос тұлпар
Жылқыға айдап қосады.
Ел қаптайды салаға,
Мал қаптайды далаға.
Жаудың қолы тиді ғой
Қапияда балаға.
Ұлы бесін болғанда,
Тақымында қос батыр —
Көбікті тартты қалаға.
Белес-белес бел еді.
Тарлан атпен желеді,
Асып туған қатардан
Көбікті де ер еді.
Дұшпанын батыр байлап ап,
Қаласына келеді.
Қалыңнан соққан қарсақтай
Салақтатып екеуін,
Қақпасына енеді.
Аттан келіп түсіпті,
Көзі-басы ісіпті.
Қобаған мұрын, қой көзді,
Талма бетті, нұр жүзді
Қарлыға деген қызы бар,—
Қарлығаны шақырып,
Дауыстап Көбікті сөйледі:
«Үйдемісің, Қарлыға,
Түздемісің, Қарлыға?
Алланың қатты жарлығы,
Жер астына бір түсер
Осы көптің барлығы.
Қайысқан болат сынғандай,
Желіккен көңіл тынғандай.
Екі пенде әкелдім,
Берсем сені күйеуге,
Бас жетімің қылғандай!
Көк шыбын қонсын қабаққа,
Іріткі беріп тамаққа,
Жауып таста, Қарлыға,
Бұл екеуін апарып,
Кілт есікті лабаққа <қосылма>!».
Қарлыға мінген кер еді,
Маң-маң басып келеді.
Байлауда жатқан батырды
Қарлыға сұлу көреді.
Атасы әйел демесең,
Бұл шәһәрдің бегі еді.
Жерде жатқан екеуін
Боғжамадай қолтықтап,
Қарлыға алып жөнелді.
Көк шыбын қонды қабаққа,
Іріткі берді тамаққа.
Жауып шықты Қарлыға,
Бұл екеуін апарып,
Кілт есікті лабаққа.
Көбікті мініп аласын,
Ағынан көп-ті қарасын,
Той қылуға жар салып,
Енді жиды қаласын:
«Қобландыны байладым,
Құртып жаудың қарасын»,—
Алшағырға жіберді
Қасына жолдас кісі ертіп,
Шақырып алып баласын:
«Жеті атадан кегі бар,
Алшағыр енді шапсын,— деп, —
Қараспан таудың ағасын.—
Біршымбайға:— бар, — деді.—
Сүйіншіге Шағырдың
Қанікей менен Тінікей
Қарындасын ал»,— деді.
Біршымбай кетті жүріп жол,
Сүйінші деп бармаққа
Алшағырдай қалмаққа,
Қанікей менен Тінікей
Қарындасын алмаққа.
Бара тұрсын Біршымбай,
Ұзын сөзді қысқартып,
Келейін енді қыз жаққа.
Қарлығадай сұлуың,
Батырды жауып лабаққа,
Үйіне қайтып келеді,
Әуеге қарап жүреді.
Көбіктідей батырың
Қарлығаның анасын
Мұсылманнан олжалап
Алып келген қыз еді.
Содан туып Қарлыға,
Анасының сол кезде
Өліп кеткен кезі еді.
Өлерінде анасы:
«Көзімнің ағы-қарасы —
Менен туған қыз болсаң,
Мұсылманның, шырағым,
Етегін ұста»,— деп еді.
Шын мұсылман анасы,
Әйел де болса ер еді.
Шешесінің бұл сөзі
Көңіліне келеді.
Бірнеше күн өткесін,
Қарлығадай сұлуың
Қобландыға келеді,
Батырларды көреді.
Екі батыр зарланып,
Жатқаннан соң байлауда,
Кәміл пірі жебеді.
Пірлері медет бергесін,
Қобландыны көргесін,
Нұры шарпып батырдың,
Балқыды сұлу денесі.
Қобландыдай батырдың
Аруағы асады.
Қобландының айбаты
Арыстанға ұсады.
Ілгері аяқ баса алмай,
Аяғын кейін басады.—
Қарлыға қайтты үйіне.
Қарлығадай сұлудың
Көңліне түсті түйіні.
Түйінді шешпей жүруге
Сұлуға болды қиын-ды.
Қиын емей, немене,
Қобландыдай батырға
Ғашық болып сұлуың,
Жата алмады үйінде.
Жылай берді енді өксіп,
Қобланды еске түскенде.
Үйінен шығып паналап,
Тар көшені сағалап,
Аяғын басып жүре алмай,
Көрінгенді саялап,
Қобландыға келді жағалап.
Екеуі жатса лабақта,
Ай тумас жақтан ай туды,
Күн тумас жақтан күн туды.
«Бұл несі?»— деп қараса:
Қара тамды ағартқан —
Қарлыға қыздың сәулесі.
Қарлыға келіп сөйледі:
«Есіктің алды ақтақыр,
Ақтақырда мал жатыр.
Байлауда жатқан қос батыр,
Есермісін, сермісін?
Бекер жатқан ермісің?
Қолыңды шешіп, қашырсам,
Еліңе барып мақтанып,
Қарлыға қыз қашырмай,
Өзім қаштым дермісің?
Мейіз берсем, жермісің?
Далада жатқан жылқымды
Айдап қашқан ермісің?»
Қараман сонда сөйледі:
«Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын.
Бұл бейнетті көргенше,
Шеш қолымды, Қарлыға,
Рұқсат берсең, қашармын».
Қобланды сонда сөйледі:
«Ай, қаш, залым, қасымнан,
Қиямет салма жасымнан.
Дәулет құсты ұшты деп,
Тіліне дұшпан көнбедім.
Өшті болған әкеңнен
Өшімді алмай кетпеймін.
Кекті болған әкеңнен
Кегімді алмай кетпеймін.
Жаз жайлауым — Көздікөл,
Қыс қыстауым — Қараспан,
Ат ізінен адаспан.
Алты жаста ат міндім,
Он үш жасқа мен келдім.
Аман қалған жоқ еді
Қызылбас тиіп жанасқан.
Таңбам әліп Қыпшақпын,
Мұсылманда жоқ еді
Өзімнен артық күші асқан.
Таулар күйіп, тас жанған
Қобланды деген зарпыма,
Қорған болып отырғанмын
Туғаннан-ақ халқыма.
Асықпасаң, Қарлыға,
Бір мінерсің Бурылдың
Жайдақ сауыр артына.
Әуелі Құдай ағындым,
Ата-анамды сағындым.
Жауға бенде болғаным —
Жау жақындап келгенде,
Қара басып өзімді,
Ұйқы басып көзімді,
Ықылас ата, Шашты Әзіз,
Омар менен Оспандай
Жеті пірді жаңылдым,
Жеті пірді жаңылып,
Ішім толып пұшманға-ай <қосылма>,
Жазым түстім дұшпанға-ай.
Егер пірді жад етсем,
Дұшпан батыр болар ма?
Қош, Қараман, аман бол!
Қайтасың ба елдерге?
Бізден сәлем дегейсің
Азаулы деген көлдерге,
Асқар-асқар белдерге,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың Қыпшақ елдерге!
Ел ішінде сәлем де
Замандас құрбы, теңдерге,
Ит жүгіртіп, құс салған,
Найза ұстаған ерлерге.
Және де сәлем дегейсің
Тұлпар мініп, ту алған
Елдегі жолдас бектерге.
Мені жауда қалды деп,
Аяққа кісен салды деп,
Үлкен аға, кіші іні
Зер салмасын біздерге.
Аһ, дариға, дүние-ай,
Асқар-асқар белдерім,
Азаулы деген көлдерім,
Қараспанды жайлаған
Қалың Қыпшақ елдерім!
Ол елде де көп еді,
Көсіліп найза көп ұстап,
Жекелеп шапқан ерлерім.
Қызылбастың елінде
Қол-аяғым байлаулы,
Пенделікпен жатырмын.
Жазым болып, көз жұмсам,
Кім жоқтайды, беглерім?
Бүгін туған күндерім,
Қолдамады пірлерім.
Мені жауда қалды деп,
Не қылайын жанды деп,
Артымнан жоқтар ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ.
Мені жауда қалды деп,
Не қылайын жанды деп,
Ізімнен жоқтар інім жоқ,
Жалғыздықтан мінім жоқ,
Қазақ көппін дегенде,
Көппін деп айтар тілім жоқ.
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Күмбезі алтын белге тоқ.
Қызылбастың елінде
Бенде болып жатырмын.
Жазым болып, көз жұмсам,
Бетімді жабар кебін жоқ.
Арқанменен арыған,
Шабын айыл қарыған,
Жан серігім Бурылға
Қай қызылбас от берсін?!
Қай қызылбас су берсін?!
Тоқсанда атам Тоқтардың
Тасқа тиді тұяғы.
Алпыста шешем Аналық
Үзілді ғой қияғы.
Қарындасым Қарлығаш —
Өшкен шығар шырағым.
Жан қосағым Қыз Құртқа,
Арыстаны мен-пенде,
Қандай екен сияғы?»
Әлқисса, Қобланды бұл сөзді Қараманға айтып болғасын:
Қарлығадай сұлуың,
Шықпас ойын білгесін,
Қобландыдай батырға
Тұрыңыз деп жалынды,
Жүрегі оттай қабынды.
Қараман мен екеуі
Көтере алмай налынды!
Келіп ед кеше қолтықтап,
«Бүгін мұнша ауыр»,— деп,
Мойындары салынды.
Қараман тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Пірі тайған мезгілде
Көтеріп келдің сен,— дейді.—
Қазіргі жатқан кезінде
Көтере алмас ел»,— дейді.
Қарлыға сұлу есітіп:
«Жылқыға барып, Қараман,
Атыңды ұстап мін,— дейді.—
Қобландының Тайбурыл
Жетелеп алып кел,— дейді.—
Ақылын таптым мен,— дейді,—
Ердің жаны — аты деп,
Өз жанынан артық деп,
Тақымына Бурылдың
Бұрау салып шыңғыртса,
Шығады сонда шын»,— дейді.
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Қарлығадай сұлуың
Өзі қайтып үйіне,
Қараман кетті жылқыға.
Таң атқанша Қараман
Өкпесін алып қолына,
Бір шыбындай жанын сап
Қобландының жолына,
Сәске түсте жетеді
Көбіктінің малына.
Өз атын ұстап мінеді,
Тайбурылды жетелеп,
Қалаға түнде енеді.
Қарлығадай сұлуға:
«Келемін кешке»,— деп еді.
Қараман менен Қарлыға
Лабақтың келіп алдына,
Қыл шылбырмен бұрау сап
Бурыл аттың санына,
Құлындай қылып шыңғыртты,
Жәбір қылып жанына.
Бурылдың даусын есітіп,
Қобландыдай батырың
Салды ойран тамына:
«Не қылсаң да, маған қыл,
Бурылға, сірә, қағылма».
Тамды бұзып Қобланды,
Далаға шықты қабына.
Қобланды батыр шыққан соң,
Өзінің ақуал, хал-жайын
Батырға айтты Қарлыға:
«Дүниенің кеңдік, тарлығы,
Басыма менің түсіп тұр
Ғашықтықтың зарлығы.
Сеніменен бірге өлсем,
Анамның айтқан өсиеті
Болады кәміл барлығы.
Сөзімді тыңдап, батырым,
Бурылыңа мін,— дейді,
Қарыңа сүңгі іл,— дейді,
Кешегі жатқан жылқыға
Тағы да барып ти,— дейді.
Тарлан қашар жылқыдан,
Қумай-ақ қой сен,— дейді.
Тәңірі жазса, Тарланды
Көбіктіге міндірмей,
Алармын қолға мен,— дейді.
Көбіктінің қанаты —
Жылқыдағы көк аты,
Бұл сөзіме сен,— дейді.—
Кегің болса бұл жауда,
Сөйлесерсің соңынан,
Бұл сөзімді біл!— дейді.—
Екеуіңнің, батырлар,
Сауыт-сайман, қаруың
Бәрі де менің қолымда,
Берейін алып, жүр,— дейді.—
Қаруыңды, батырым,
Қойғамын тығып мен,— дейді,—
Кереметім көр,— дейді,—
Қобланды мен Қараман,
Кел, соңыма ер»,— дейді.
Ертіп барып сұлуың,
Сарайына енгізді.
Сақтап қойған жерінен
Қаруын батыр көргізді,
Ақ сауытын кигізді,
Ақ семсерді ілгізді.
Шын достығын Қарлыға
Қобландыға сенгізді.
Уағда байлап, қол беріп,
Тайбурылға мінгізді.
Қарлыға бұл сөзді айтқасын,
Енді атына мінеді,
Бадана көзді ақ сауыт
Денесіне киеді.
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі,
Қараман мен екеуі
Көбіктінің көп жылқы
Және сүзіп жөнелді.
Құба көлден өткенде,
Сары өзенге жеткенде,
Көбіктінің Тарлан ат
Құйрығын құстай тарайды,
Шекесінен қарайды,
Кіндігінен жарайды,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
Сыртына құйрық салады,
Көк ат қашып барады.
«Барса, барсын көк ат»,— деп,
Екеуі қумай қалады.
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті.
Ат барғасын желікті,
«Қарлығажан қайда?— деп,—
Ат ертте»,— деп демікті.
Аңдып тұрған Қарлыға
Көбіктіге келіпті:
«Ұйқыңды бұзба, Көбікті
(Сорлы әкем, неге желікті),
Мал иесі жануар
Жем жеймін деп келіпті».
Көбіктіні жатқызып,
Ақмоншақ аттың үстіне
Алтыннан тұрман ер салып,
Аз ғана азық, жем салып,
Қобланды еске түскенде,
Қыздың шері қозғалып,
Ақмоншақ атқа мінеді,
Беліне семсер іледі,
Денеге сауыт киеді,
Төбеге шашты түйеді,
Ноғай бөркін киеді.
Қобландының соңынан
Дөңгелетіп жөнелді.
Қуып жетіп бұларға,
Әкесінің жылқысын
Бірге айдасып келеді.
Қаладан қиғаш өткенде,
Сары белге жеткенде,
Күн сәскеден өткенде,
Бұзылып аттың жүрісі,
Оттамайды, жусайды,
Бүгежектеп, жүрмей келеді
Ақмоншақ аттың інісі.
Өзі-өзінен ылаңдап,
Келеді бітіп тынысы.
Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшаң жүнді қара-ды,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
Шекесінен қарады,
Кіндігінен жарады,
Құйрығын сыртқа салады.
Қайта айналып көк бесті,
Шәһәрге қарап жөнелді.
Жалғаса қуған үшеуі
Қайтара алмай қалады.
«Қандай заман болар»,— деп,
Қарлыға сұлу нала-ды,
«Барса, барсын көк ат»,— деп,
Басын қосып үшеуі,
Бір төбеге барады.
Көбіктінің үстінде
Тоғыз қабат ақ сауыт,
Шапсаң, қылыш кеспейді,
Атсаң, мылтық өтпейді.
Қобландыдай батырға
Қарлыға сұлу сөйледі:
«Оған қылар амалы —
Кіндігінің тұсында
Кем соғылған төрт көзі
Жел соғарлық шамалы.
Мерген болсаң, батырым,
Кіндікті байлап атпасаң,
Басыңа салар қараны».
Қараман естіп бұл сөзді,
Тоқтамайды табаны.
Бір Құдайға тапсырып
Қобландыдай баланы,
Жылқыны қуып барады.
Қарлыға мен Қараманды
Ілгері қарай жөнелтіп,
Жолын тосып Көбіктінің,
Қобланды жалғыз қалады.
Қисайған оғын түзетіп,
Көбікті қашан келер деп,
Қобланды тосып тұрады.
Қашып барып көк бесті,
Қалаға барып еніпті,
Естіді дүбір Көбікті.
Ат барғасын желікті,
Кеткенін қыздың білген соң,
Қаһарланып Көбікті,
Көк бесті атқа ер салды,
Бір күндік азық, жем салды.
Ат басындай тас шоқпар
Көбікті батыр қолға алды.
Енді мініп атына:
«Менің келер,— келмесім
Екіталай енді»,— деп,
Амандасып халқына,
Бұрынғы тартып салтына,
Жылқысын алған жаулардың
Көбікті түсті артына.
Белес-белес бел еді,
Өзінің туған халқына
Белгілі туған ер еді.
Ертең Шолпан батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
Қобландының тұсынан
Көбікті өтіп барады.
Көбіктіні көрген соң,
Көтеріліп Қобланды,
Айқай салып ақырды,
«Кел бері!»— деп шақырды.
Садағын қолға алады,
Оғын кезеп Қобланды,
Сонда тұрып сөйлейді:
«Сынғыр қолым, сындың ба?
Шыққыр көзім, шықтың ба?
Шынымен қазам жеттің бе?
Шын бұйрығым біттің бе?
Қысылған жерде дем берер
Ықлас ата, Шашты Әзіз,
Жеті кәміл пірім-ай,
Сарт болып-ақ кеттің бе?
Жалғыздық қайғы басымда,
Жолдасым жоқ қасымда.
Мұндай қайғы көріп пе ем
Өзімнің өмір жасымда?
Кәміл пірлер, жар болмай,
Салғаның ба уайым?
Бір өзіңе сыйындым,
Жарлықаушы Құдайым!»
Бұл сөзді айтып Қобланды,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Көп оғына жол салды.
Әр оғының басында
Жолым үйдей шоқ қалды.
Қалмақы ердің қасы деп,
Нақ кіндіктің басы деп,
Қыз айтқан жердің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Салдыр-гүлдір еткізіп,
Оқ масаққа жеткізіп,
Қобланды тартты бір оқты,
Бір де болса ірі оқты.
Жанына азап берілді,
Азап емей, немене,
Көбіктінің бөксесі
Кеудесінен бөлінді!
Атта қалып бөксесі,
Оқпен ұшып кеудесі,
Қобландыдай батырдың
Қабыл болды тәубесі.
Жәрдем беріп бабасы,
Шамасы келер күн болса,
Қылуға қайрат жарады.
Көбіктідей батырдың
Жерге түскен кеудесі
Екі қолымен еңбектеп,
Артында қалған шоқпарға
Тағы да кетіп барады,
Шылбырын қолға алады.
Оқпен түскен кеудесі,
Қару қылар шама жоқ,
Жан-жағына қарады.
Қобланды келіп қасына,
Заманақыр тақалды.
Саудагер сатар бақалды <қосылма>,
«Қыз жау деген осы»,— деп,
Айтып отыр мақалды.
Екі қолдап Көбікті
Жұлып отыр сақалды.
Болмады енді қашпасқа,
Ізденіп болмас дос басқа.
Балдағы алтын болатпен
Қобланды тартты қақ басқа.
Шалқасынан сылқ етіп,
Жерге түсті сор қасқа.
Ақыл айтып өлтірткен
Айла қанша қыз жасқа!
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне ісін келтіріп,
Көк бесті атты жетелеп,
Жүретін жолын төтелеп,
Қарлығамен қосылып,
Жібектейін есіліп,
Қарлығамен екеуі
Аударыспақ ойнайды.
«Қобландымен бірге өлсем,
Армансызбын, Алла»,— деп,
Күліп-ойнап барады.
Осы барған жолында
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай, жыра екен.
Сайымұлы Қараман —
Алдыңдағы тоғайда
О да күтіп тұр екен,
Шыға келді алдынан:
«Шешен сөйлер дауға,— деп,—
Қайрат қылдың жауға,— деп,—
Олжа салғын, құрдасжан,
Беріңіз бізге сауға»,— деп.
Қобланды сонда сөйледі:
«Жая менен жал құрдас,
Шекер менен бал құрдас.
Көбіктінің көп жылқы
Олжа қоспай ал, құрдас».
Қараман тағы сөйлейді:
«Мал саттым базар бөзіне,
Салса, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Жаман-жақсы десең де,
Наз қыламын өзіңе,
Олжаның келдім кезіне.
Құлағың сал сөзіме,
Тағы да сауға өзіме:
Көбіктінің көрдім өлгенін,
Өлтіріп ердің келгенін.
Көбікті қызы Қарлыға
Жөн еді қоса бергенің».
Қобланды сонда сөйлейді:
«Құртқа баққан Тайбурыл —
Астымда дөнен мінгенім.
Тайбурылды мінгесін,
Дұшпанға теңдік бермедім.
Он үш жасқа келгенше,
Басыма келген кемшілік
Көбіктіден көргенім.
Көп қайғының ішінде
Менің бүйтіп жүргенім.
Мынау тұрған Қарлыға
Ата-ана, ел-жұртын
Қиып шықты мен үшін.
Артықша тиіп пайдасы,
Көбіктінің өлгені —
Қарлыға қыздың айласы.
Көбіктінің көрдің өлгенін,
Тәңірім бақыт бергенін.
Қызметі белгілі,
Артықша мақтап қайтейін,
Өзі сүйсе, бергенім».
Сол уақыттар болғанда,
Қарлыға тыңдап тұрғанда,
Қараман келіп сөйлейді:
«Мұңлық пенен Зарлық,— деп,—
Түйенің көркі нарлық,— деп,—
Жүктің көркі сандық»,— деп,
Қарлығадай сұлуды
Жетелеп алып жөнелді:
«Құрдасжан берді, алдық,— деп,—
Татулыққа қандық»,— деп.
Мінген аты дөнен-ді,
Көкке тойған көбең-ді.
Байдың қызы жамылар
Масаты менен беренді.
Азырақ тұрып сөйлесіп,
Үшеуі тоқтап, бөгелді.
Тізе қосып үшеуі,
Көбіктінің көп жылқы
Гулетіп айдап жөнелді.
Бірнеше күн өткен соң,
Әкеліп қосты жылқыны
Қазаннан алған көп елге.
Жатыр екен қосындар
Тастап кеткен жерінде.
Даярланып жатқан көп Қият,
Екеуі қосқа келген соң,
Дүркірей көшіп жөнелді.
Атқа мініп желгендей,
Ер қадірін білгендей,—
Қобландының Тайбурыл
Ұмтылып аяқ баспайды,
Бір нәрсені сезгендей.
Қобланды құлға ұқсайды,
Мезгілсіз жылап, қақсайды.
Бекер жылап не қылсын,
Жан серігі Бурыл ат
Ілгері аяқ баспайды,
Омырау қағып ақсайды.
Бурыл ат ақсап, жүрмегесін,
Қалың қосын көше алмай,
Күн батпай қонды Ақсайға.
Қол Ақсайға қонғасын,
Қарлығаны алып оңғасын,
Қараман барып алғандай,
Қосынға олжа салғандай,
Ақымақ Қият бірталай
Қараман атты батырды
Көтеріп аттан алады,
Ақ кілемге салады.
Арыстан туған Қобланды,
Атын ұстар кісі жоқ,
Қобландыны көп Қият
Кім екен дер ісі жоқ.
Мінген аты қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Олжаға көңілі біткесін,
Қияттардың бұл жерде
Қайтуға көңілі бұзылды.
Байдың қызы жамылар
Масаты мен қамқасын.
Қобландыға қарамай,
Үдере көшті көп қосын.
Қобландыдай батырдың
Аты ақсап, жүре алмай,
Жұртта жалғыз қалғасын,
Шыбын жанын қинаған,
Көздің жасын бұлаған,
Сөйтіп алған олжасын
Қият алып кеткесін,
Жалғыздықтан жабығып,
Өксіп жылап қамығып,
Сүйекке намыс жеткесін,
Қарамандай құрдасы
Көптігіне мастанып,
Есіне алмай кеткесін,
Сонда Қоблан сөйледі:
«Жақсының ісі бітеді,
Жаманның ісі жетеді.
Шыбын жанды қинаған,
Көздің жасын бұлаған,
Бүйтіп алған олжамды
Қият алып кетеді.
Ақылсыз туған мен ақымақ,
Бүйтіп жалғыз шыққанша,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ жұртымнан
Онды-бесті соңыма
Қосшы ертсем, нетеді?!
Шыныменен шамдансам,
Қосын түгіл, Қияттың
Еліне күшім жетеді.
Үйге барсам, түзім жоқ,
Түзге барсам, үйім жоқ,
Өстіп жалғыз жүргенде,
Өтесің бе, дүние боқ?!
Жалғыз туған мен сордың
Алдымда сүйеу ағам жоқ,
Құдайдан басқа панам жоқ.
Қазақ көппін дегенде,
Көппін деп айтар тілім жоқ.
Артымда ерген інім жоқ,
Жалғыздықтан мінім жоқ.
Білмей қалдым басымнан
Өткеніңді, дүние боқ!
Мінәжат <қосылма> етіп жылаймын
Өзімнің нашар халімді.
Жазым болып, көз жұмсам,
Жау талайды малымды.
Атадан алтау екен деп,
Өзімнен төмен жаманға
Болайын неғып жалынды?!
Қай уақытта көремін
Үйдегі кемпір-шалымды?
Құлым десең, Құдая?
Бүгін маған көрсетші
Ататұғын таңыңды.
Ойла менің қамымды,
Тағдырымды бітіріп,
Тауыс менің нанымды!
Осы таңнан өткізбе,
Күн шығуға жеткізбе!»
Бұлайша деп Қобланды,
Түн ортасы болғанда
Тайбурылын тұсады.
Алып туған қатардан
Шаһзада кісі еді.
Құрбысында адам жоқ
Қоблекеңдей мүшелі.
Жамандар қылды өсекті,
Жылап-жылап Қоблекең,
Тоқымнан қылды төсекті.
Қараман қылды мастықты,
Жылап жүріп Қобланды,
Ерден қылып жастықты,
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Етбетінен құлады,
Ұзынынан сұлады.
Алтынды ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.
Жылап жатып Қобланды,
Ортасы түннің болғанда,
Көзі ілікті ұйқыға.
Көзі ұйқыға кеткенде,
Мезгілі таңның жеткенде,
Көк есегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі ақтың жолында,
Он сегіз мың ғаламның
Он бесі бар қасында,
Жеті кәміл бабасы
Келді жетіп қасына:
«Ояумысың, Қобланды,
Ұйқыдамысың, Қобланды?
Бұл сапарың болмады.
Мінген атыңбоз-ды ғой,
Арқам сөзге қозды ғой.
Саған келген бәлені
Қорғаймын деп, Қобланды,
Алтын тонның етегі
Тамтық қалмай тозды ғой!
Құланнан атқан қодықты,
Көлден тартқан борықты,
Кеше түсте әкеңе —
Тоқтар шалға жолықтым.
Оқпанды сай, жыра екен,
Асқар-асқар бел екен.
Сенің әкең Тоқтар шал,—
Тізесіне тон жетпей,
Бұтында жоқ ыстаны,
Қара табан қойшы боп,
Әкең қойда жүр екен.
Алпыста шешең Аналық —
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Қасіретті көп тартып,
Қозы бағып, бүкеңдеп,
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарындасың Қарлығаш —
Әбдестесі қарында,
Бес кесесі қолында,
Белдемшесі белінде,
Қызылбастың елінде
Шай қайнатып жүр екен.
Өзіңнен қалған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деп жүр екен.
Қалмақтың ханы Алшағыр —
Алтынды таудың астында
Тастан соққан қорғанды,
Бүгін үш күн болады
Шауып кетті еліңді,
Сындырып кетті беліңді,
Кесіп кетті желіңді.
Өзің есен-сау күнде
Қыпшақты жауға бергенің —
Ол да саған өлім-ді!
Қайғы тартқан еліңе
Сатамысың теріңді?
Үстіңе келген дұшпанға
Көрсетсейші көрімді.
Жалған айтар дей көрме
Жеті кәміл піріңді!»
Бабасы айтқан хабармен
Қобланды шошып оянды.
Көзін ашып қараса,
Таң сарғайып атыпты,
Таң Шолпаны батыпты.
Мақпал төсек мамық-ты,
Оянып, өксіп, қамықты,
Жау шапқасын халықты.
Ойына жұрты түскесін,
Байлауға Құртқа түскесін,
Мұны біліп Бурыл ат,
Күйініп ақсап жүр екен.
Пірден хабар тиген соң,
Ақсағынан жазылып,
Құландай ойнап қалыпты.
Белгілі төбе бел екен,
Қыз да болса ер екен —
Сауғаға берген Қарлыға,
Қараманның жанынан,
Ұйықтап Қоблан жатқанда,
Шылбырын шешіп белінен,
Майқара мен бетеге,
Жусан менен көдеге
Ақмоншақ пен Бурылды
Қарлыға бағып жүр екен.
Қос бүйрегі бүлкілдеп,
Көздің жасы мөлтілдеп,
Бір қадам басып жүре алмай,
Қарлығадай сұлуға
Әрең жетті еңкілдеп.
Қоблан келіп сөйледі:
«Жолдас болдың, Қарлыға,
Алланың көп қой жарлығы.
Жер астына бір түсер
Бұл пәнденің барлығы.
Құдіреті күшті Құданың
Осы көптің ішінде
Жалғыз маған түсіпті
Қысым қылған тарлығы.
Жау шауыпты елімді,
Жау басыпты белімді,
Жау кесіпті желімді.
Менен қалған байтақ ел
Көрген сияқты көрімді.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Алтынды таудың етегінде
Тастан соғып қорғанды,
Шауып кеткенге ұсайды
Қараспан таудағы елімді.
Жалған айтар демеймін
Жеті кәміл пірімді,
Айтамын саған сырымды.
Жылқы ішінде аламын,
Қылшаң жүнді қарамын.
Көмек берер демеймін
Сейілдің ұлы Қараман.
Әйел де болсаң, дана едің,
Мұңымды саған шағамын.
Қош, Қарлыға, аман бол,
Қалмақ алған халқыма,
Көмегім жоқ артымда,
Жалғыз кетіп барамын.
Тәңір оңғарса жолымды,
Алаулаған қалмақтан
Кегімді барып аламын!»
Қарлыға сонда сөйледі:
«Ер де сасар болар ма,
Етегін басар болар ма?
Сіз сияқты батырдың
Елін жау алар болар ма?
Әуелі Алла анайым,
Хақ жаратқан Құдайым!
Бөлініп үйден шыққасын,
Сіз болар ма деп едім,
Тәңірі қосқан жұбайым.
Сізден басым қалғанға
Соншама жеймін уайым.
Сіз деп бақи дос болып,
Сүйіп шыққан Қобланнан
Кеудедегі шыбынның
Несін аяп қалайын!
Қайғы тартып қан құсса,
Запыран етіп май құсса,
Шабылған елге кете гөр,
Бүлінген елге жете гөр!
Белгілі түбі бел болса,
Еретұғын ер болса,
Қараманға барайын,
Оған да жүр деп қарайын!
Ерсе, жинап қолымнан,
Ермесе, тастап, соңыңнан,
Ертең түстен қалмаспын,
Қобланды, мен де барайын!»
Қарлыға бұл сөзді айтқасын,
Бурылға Қоблан мінеді,
Қарына семсер іледі.
Беліне байлап болатты,
Ақ сұңқар құстай қанатты
Жануар асыл Бурылды
Қараспан тауға қаратты.
Күн тимеген сауырға,
Жел тимеген бауырға
Қамшымен соғып барады.
Бурыл атты «шүу!» деді,
Құбылып Бурыл гуледі.
Ертемен шапқан Қобланды
Кешке шейін шабады.
Келіп жетті жеріне,
Жақындады еліне.
Намаздыгер өткенде,
Құтпан мезгіл жеткенде,
Екпіндеген Бурыл ат
Етпетінен жығылды.
Жығылғасын, Қобланды
Аттан түсе қалады,
Жерді сипап қарады.
Ертеңгі таң атыпты,
Бұйырған дәмін татыпты.
Жазығы мал демесең,
Адамнан ақылы артық-ты.
Ел барында Құртқаның
Екі мезгіл жем берген,
Жаныменен тең көрген,
Алтыннан соққан ақырға
Бурыл құлап жатыпты.
Мінген аты құла-ды,
Ертемен шауып бұлады.
Құртқаның баққан жұртына,
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Батыр Қоблан құлады.
Алтынды ерге сүйеніп,
Елі-жұртын сағынып,
Өксіп-өксіп жылады.
Осы жерде Қобланды
Таң атқанша болады.
Таң сарғайып атқанда,
Таң Шолпаны батқанда,
Жан-жағына қараса,
Жұрты жатыр, елі жоқ,
Батпағы жатыр, көлі жоқ.
Қаңғырып жүріп далада,
Өткенің бе, дүние боқ?!
Таң атқан соң, батырың
Тағы да түсті жарысқа.
«Байлауда Құртқа жатқанда,
Жан серігім, қарышта!»
Асқар-асқар беліне,
Белден көшкен еліне
Ертемен шауып Қобланды,—
Бұлаңдаған Бурылмен
Жүгіртіп келді Қобланды
Айна көлде Құртқаның
Ордасын тіккен жеріне.
Жұртын көріп Құртқаның,
Көзіне батыр жас алды.
Неше батыр болса да,
Буыны балқып, босады.
Жұртына көзін салады,
Қараса, күлдің ортасы
Көтеріңкі көрінді.
«Күл ішінде не бар?»— деп,
Қобланды күлді қарады.
Ашып күлді қараса,
Жая менен жал екен,
Түрлі тағам бар екен.
Өзін қалмақ алғанда,
Көк арбаға салғанда,
«Кез болса бұған батыр,— деп,—
Тауып, азық қылсын»,— деп,
Ақылды туған Құртқаның —
Бөтен нәрсе тастарға
Шамасы келмей сұлудың,
Көміп кеткен наны екен.
«Бұйырғаны Құдайдың
Осы шығар бізге»,— деп,
Шетінен тістеп алады,
Қоржынға батыр салады.
Тайбурыл атқа Қобланды:
«Айт, жануар, шүу!» — деді,
Құбылып Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Ертеден шапқан Қобланды
Кешке дейін шабады.
Жете алмады қалаға,
Бекер шапты далаға.
Сылтауды анық табады,
Түнге дейін шабады,
Түн ортасы болғанда,
Есіктің алды ығын-ды,
Бола жазды шығынды.
Шығын болмай, не қылсын,
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етбетінен жығылды.
Қобланды түсе қалады,
Жерді байқап қарады.
Аллаға тілім жазықты:
«Аты арыса, қарны ашса,
Қылсын деген азықты» —
Қыз Құртқа қағып кетіпті
Кез бойы алтын қазықты.
Қолын жерге салыпты,
Тайбурылдың астынан
Қобланды тауып алыпты,
Ол қазықты бес бүктеп,
Ат қоржынға салыпты.
Атына Қоблан мініпті,
Тайбурылды тайдырмай,
Табан жолға салады.
Артық туған Қобланды
Таң атқанша шабады.
Таң салқыны жеткенде,
Ағыны қатты Бурылмен
Алтынды таудың етегіне
Аңқытып жетіп келеді.
Алшағырдың шәһәрін
Батырдың көзі шалады,
Шәһәрға жетіп барады.
«Еменнен кестім найза,— деп,—
Пенделік тартқан халқыма
Тигіземін пайда»,— деп,
Күн шыққанша шәһәрін
Екі айналды Қобланды,
Енуге есік қайда деп.
Енуге есік таба алмай,
Кіруге тесік таба алмай,
Күн шыққанша батырың
Айналып жүрді сыртында.
Қуыстау жерге жеткенде,
Мүйістеу жерге жеткенде,
Жылқыда құмай аланы,
Атадан тақ дараны,—
Жалғызым деп Тоқтар шал,
Жоқтаушы еді баланы:
«Уа, қозым!»— деп зарлаған,
Жас қозыдай маңыраған,
Саулы інгендей аңыраған,
Сыртта жүрген Қобланның
Құлағын жарып барады.
«Қалайша жоқтар екен?»— деп,
Құлағын батыр салады.
«Келелі түйем ішінде
Қайырлы бураға ұсаған
Қайырлы туған Қоблан,
Ботам, сенен айрылдым.
Алалы жылқы ішінде
Көзге түсер тұлпардай,
Тұяғы бүтін сұңқардай,
Құлыным, сенен айрылдым.
Ай мүйізді қошқардай
Тілеп алған жалғызым,
Қозым, сенен айрылдым.
Көл айнала шаңдатқан,
Байламаса, тынбаған
Көкала бұқаға ұсаған
Мен бұзаудан айрылдым.
Ішіме толған көп қайғы
Аһ ұрсам да кетпейді.
Дұшпанның берген тері тон
Тіземе тартсам, жетпейді.
Ал десем де Тәңірге,
Өлшеулі өмір бітпейді.
Жалғызым барда — көңілім тоқ,
Құлынымнан айрылып,
Табаныма тиді шоқ!
Бұл қорлықты көргенше,
Тигені артық ажал-оқ!
Айы біткен, айда өлер,
Күні біткен, күнде өлер.
Жалғызым деп зарласам,
Сүйексіз тілім дөңгелер!
Атаңа нәлет Алшағыр,
Көрсеттің ғой өкімді!
Жалғызым тірі бір келер.
Асықпай тұр, қызылбас,
Сыбағаңды сол берер!
Жалған дүние сырғанақ,
Шыныменен айрылсам,
Жалғызым, тезірек келмесең,
Мені бір Құдай ұрғаны-ақ!
Дұшпанға пенде болғанша,
Жалғызымнан айрылып,
Бұл бейнетті көргенше,
Неге өлмедім мен шұнақ?!
Қорлық берді бұл дұшпан
Тоқсанға келген жасымда,
Пенде болып кәпірге,
Қойын бақтым осында!
Жалғызым менің келер ме?
Пірлерден тиіп бір хабар,
Тайбурыл атпен желер ме?
Соры қайнаған мен сордың
Жаратқан Жаппар Құдайым
Көзімнің жасын көрер ме?
Я болмаса, сол жақта
Қазасы жетіп өлер ме?
Я болмаса, жарылқап,
Пірлері хабар берер ме?
Я болмаса, Құдай-ай,
Менің мұндай жайымды,
Көңілге түскен уайымды
Жалғызым менің білер ме?»
Сол уақыттар болғанда,
Қозы Көрпеш — Баяндай,
Өлім Хақтан аянды-ай,
Алпыста шешесі Аналық
Ұйқысын ашып, оянды-ай:
«Қырғауылдай көжек-ті,
Талықтым тасып тезекті.
Жалғызымды жоқтаймын,
Шаршағанда тоқтаймын,
Жан қосағым Тоқтар шал,
Берші маған кезекті?!
Көп жылама, серігім,
Ойыным менен күлісім,
Жасаған қосқан білісім!
Жалғызымның барында
Кеңіп еді өрісім,
Алтыннан еді кебісім!
Көріп едім тіріде
Жеті жұмақ бейісін!
Бүгінгі күн түсімде
Құбыла жақтан жел соқты,
Жаңылмасам деп едім,
Жалғызымның астында
Тайбурыл аттың желісін.
Ақ мүйізді қошқардай,
Жасаған сені қосқанға-ай,
Жұмылған көзді ашқанда-ай,
Ішіміз толды пұшманға-ай!
Атасы берген шырақтың
Бұлты келді төбеңнен,
Қыс болса, шығар жел жақтан,
Жаз болса, шығар күн жақтан,
Жауың келсе, түсер жау жақтан!
Жолыңды күтіп, жалғызым,
Болайын құрбан сенен мен!
Бұлтың келді, өзің жоқ,
Жалғызым барда — көңлім тоқ.
Шырағым, сенен айрылып,
Табаныма тиді шоқ!
Жалғызымның барында
Пешпент ойдым мақпалдан,
Тақия, бөрік, үкі шоқ!
Жалғызым, сенің барыңда
Көшке жорға мінгенім,
Еруге қамқа кигенім.
Жалғызым, сенен айрылып,
Осынша бейнет көргенім!
Жайықтың суы ылай-ай,
Көр болды көзім жылай-ай.
Осы күнде, Тоқтар шал,
Оң қабағым тартады,
Қуантамысың, Құдай-ай!
Осы күні, Тоқтар шал,
Аузы құрғыр тартады,—
Жалғызымды сүйгендей!
Иіні құрғыр тартады,—
Қараспан тауға ел қонып,
Еруге қамқа кигендей!
Осы күні, Тоқтар шал,
Тақымы құрғыр тартады,—
Қараспан тауын жағалап,
Қалың Қыпшақ ел көшіп,
Сұр жорғаны мінгендей!
Осы күні, Тоқтар шал,
Төсімде жатқан қос тері,
Терісі қатқан бос тері,—
Бұлақ болып ашылды,
Шырағым келіп емгендей!
Анаң байғұс зарлайды
Ботасы өлген інгендей.
Ернім және тартады,—
Он үш жасар шырақтың
Ақ бетінен сүйгендей.
Жүрегім алып ұшады,—
Кеткен қозым келгендей,
Жұмылған көзім ашылып,
Жалғызымды көргендей.
Алпыс жасқа келгенде,
Арқан ескен не қорлық,
Құрт қайнатып, жүн түтіп?!
Шырағым үйден кеткесін,
Есімнен кетпес бұл зорлық!
Өзге қорлық қорлық па?
Өзіңнен қалған Құртқаны?
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын дейді — сол қорлық!
Дұшпанның түсіп торына,
Отыр Құртқа сол мұңлық.
Осындай болып жатқанда,
Жалғызым келіп ат қояр
Алшағыр жиған нөкерге.
Дұшпанның қылған зорлығы
Есімізден кетер ме?
Мұндай болып біз тұрмыз,
Шырағым, жүрсің бекерге!
Зарланған менің дауысым
Жалғызыма жетер ме?»
Сол уақыттар болғанда,
Қарындасы сөйлейді:
«Тұра тұршы, жан шеше,
Жан көкеме түс көрдім
Өткен түні мен кеше!
Адыра қалғыр айбалта
Тасқа тиді, кетілді,
Қайрап ем — тағы жетілді.
Тәңірі аяр болар ма
Біздей ғарып, жетімді?!
Жетім емей, немене,
Атаңа нәлет Алшағыр
Көрсетті ғой өкімді?
Көкем үйде болғанда,
Бұзар ма еді кентімді <қосылма>?
Құлақ салшы, кемпір-шал,
Есітіп пірдің хабарын,
Көңілім менің бекінді!
Шаба алмай да жүрмесе
Астындағы Бурыл ат,
Бабадан хабар тиді ғой,
Жетсе керек жан көкем
Тайбурылын сауырлап!
Жан ата, менің түсімде
Өзімнің бабам ішінде,
Бұл уақытта жан бар ма
Жан көкемдей пішінді?
Қазанның Сырлы қаласын
Жалғыз шауып жүр еді.
Алтынды туға ақырып,
Қараманды шақырып,
Қасқырлы таудың басында
«Қатын» деген бір сөзін
Бетіне соғып жүр еді.
Көкемнің айтқан сөзіне
Қараман батыр өкпелеп,
Жамандарша кек тұтып,
Көкем желді соңынан,
«Өкпелеп досым кетті»,— деп,
Ордың мініп басына,
Қаланың келіп қасына,
Ордан атын қарғытып,
Кіндіктен оғын сырғытып,
Қазанды шаншып, жау қашып,
Көп қосынға жан көкем
Олжа салып жүр еді.
Бөлінбеген ұйқысын,
Жыртылмаған құлпысын,
Қараманмен екеуі
Таң ата айдап жүр еді
Көбікті ханның жылқысын.
Жамандатқыр Тарлан ат
Сонда қашып еліне,
Ер салғанша асығып,
Терлік салып беліне,
Қараман мен көкемді
Көбікті басты тақымға.
Көкемнің құрып айласы,
Басынан сынып найзасы,
Жан көкемді пенде ғып,
Көбіктінің көңілі желікті.
Бұл секілді қорлыққа
Жан көкем не ғып көніпті?
Көкемнің тайып бабасы,
Батырлардың бұл жерде
Болмады қабыл тобасы.
Мақтануға жарады,—
Дұшпанның асып айласы.
Өз аттасым Қарлыға
Көкеме тиді пайдасы.
Жамандығын жасырып,
Жақсылығын асырып,
Қол-аяғын босатып,
Жан көкемді қашырып,
Қару-жарақ, ат-тонын
Қойған екен жасырып.
Сарт болмаса, Шашты Әзіз
Қызметін асырып,
Өз аттасым Қарлыға
Дос болып сонда жүр еді,
Аяғына бас ұрып.
Қараман менен жан көкем
Тағы да айдап жүр еді
Көбіктінің жылқысын.
Тағы да қашып көк бесті,
Көбікті мініп атына,
Бұрынғы түсіп салтына,
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне мұның келтіріп,
Жұмысын анық бітіріп,
Қарлығадай сұлуды
Қарамандай құрдасқа
Сауғаға беріп жүр еді.
Ақ бөкендей жосылып,
Қазаннан алған көп малға
Жылқыны айдап қосылып,
Даярланып жатқан көп қосын
Дүркірей көшкен жосылып.
Бурыл ат ақсап қалғасын,
Көкемнің көңілі басылып,
Жалғыздықты айтып зарығып,
Пірлерге налып жүр еді.
Хабарланып пірлерден,
Жалғыз шауып жан көкем,
Қараспанның тауында
Жұртына келіп жүр еді.
Жеңешем көмген сар нанның
Шетінен тістеп жүр еді.
Аллаға тілім жазықты,
Атына жем, өзіне
Қылсын деген азықты —
Бурыл ат тауып жүр еді
Жеңешем көмген қазықты.
Белгілі төбе бел еді,
Ықылас ата, Шашты Әзіз
Шын сарт болып кетпесе,
Осы күнде көкешім
Мұнда келіп жүрген-ді».
Сол уақыттар болғанда,
Құртқа келіп сөйлейді:
«Тұра тұршы, бикешжан,
Дүйсенбі күн сәскеде
Аспаннан ай түсірдім,
Қараспан таудың басында
Ақ сұңқар құсымды ұшырдым.
Ойпаң жерден ор қаздым,
Сұлтаным түзде жүргенде
Жауға пенде қылғандай
Мен Тәңірге не жаздым?
Қараша таудың жылғасы,
Баурында ойнар құлжасы.
Әр бәндеге бітер ме
Сұлтанымның тұлғасы?!
Құдай кіші жаратты
Төмен етек ұрғашы.
Сұлтаным сүйген ақ денем
Бола ма жаудың олжасы?
Аламын деп қинап жүр
Діні жаман болмашы.
Қартаймақ Хақтан жарлық-ты,
Құлыны өлген қулыққа
Тай теліген зорлық-ты.
Ботасы өлген інгенге
Нар теліген зорлық-ты.
Ақ сұңқар қонар тұғырға
Қарға қону зорлық-ты.
Тәңірі басқа салғасын,
Дұшпаннан көрдім қорлықты.
Сары бал салдым аяққа,
Бұғалық салдым саяққа,
Ніл өтпейді бояққа.
Перзентім деген Бурыл ат,
Менен кеттің қай жаққа?
Мінген де атым Шалқасқа,
Қызмет еттім сен жаста.
Алтыннан таға салдырдым,
Таймасын деп тау-тасқа.
Қырық күнің біткенше,
Қысырдың сүтін еміздім.
Алғалсыз болсын бедеу деп,
Қулықтың сүтін еміздім.
Сексен күнің біткесін,
Тоқсан күнің жеткесін,
«Арымасын,— деп,— талмасын,
Маңқа, құлақ болмасын»,
Жеміңе қосып, мен саған
Қызыл дәрі жегіздім.
Құртқаның баққан Бурылы
Қыдыра жалды, қыл құйрық
Жылқыдан қалмас дегіздім.
Құнанда емдің, тайда емдің,
Сөйткен сенен не көрдім?
Бес жасыңа келгенде,
Бие қызығын көрсін деп,
Бес бедеуге салдырдым,
Алты жаста ақтаттым,
Ат болар деп батырға,
Сені сонша мақтаттым.
Асаудан ат қып үйреттім,
Таралып мойны өссін деп,
Жібек арқан құлаштап,
Ұзын байлап мойныңа,
Бурыл, саған сүйреттім.
Менің балам сен болып,
Сенің анаң мен болып,
Бір көрсетші қараңды,
Қай тарапқа жөнелдің?!
Жан серігі батырдың,
Осындай қиын жерлерде
Үстіңдегі сұлтанды
Бір көрсетер деп едім.
Көңілдегі арманым:
Сұлтаным келіп сәлемет,
Дұшпанға салса әлемет!
Алаулаған қалмаққа,
Өзінікін келтіріп,
Бір көрсетсе қорлықты!»
Дарбазалы тесікті
Шәһәрдің тұрып ішінде,
Қыз Құртқаның зарланып
Шығарған қатты дауысын,
Періштелер жалғасып,
Сыртта тұрған тұлпардың
Құлағы анық есітті.
Қыстың басы қауыс-ты <қосылма>,
Артық туған Қобланды
Ерегескен дұшпанның
Басын қоймай тауысты.
Құртқаның сөзін есітіп,
Анасын тұлпар білген соң,
Қайта-қайта кісінеп,
Шығарды қатты дауысты.
Бурыл аттың дауысын
Құртқаға жел жеткізді.
Танығасын дауысын,
Көңілден кірін кеткізді,
Айтса, сөзін өткізді.
«Сұлтаным келген екен»,— деп,
Жоғары шығып қарады.
Қаланың қиғаш шетінде,
Шалқар тоғай бетінде
Бір дуадақ атып ап,
Белінен кесіп шайнаған
Арыстан туған батырды
Құртқаның көзі шалады.
«Келген екен сұлтаным,
Шапса, қылыш өткізбес
Басыңда болат қалқаның.
Қолыңдағы дуадақ,
Жүнін үйтіп, тазалап,
Пісіріп жесең, болмай ма?»
Батырды танып біледі,
«Сұлтаным келген екен»,— деп,
Артық туған қыз Құртқа
Ақ сұңқардай түледі.
Сол бетімен сұлуың
Алшағырға келеді.
Келіп, сөйлей береді:
Енді қойып күлкісін,
Тілеп алды күн шықпай
Алшағыр ханның ұйқысын.
«Арызым бар,— деп сөз айтты,—
Елімді шапқан Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр.
Сақтағаны Құданың
Сен итке де бар шығар!
Мінген атың кер ме еді,
Сұлтанымның барында
Сырттан келген дұшпанға
Намысымды бермеді.
Сұлтанымның жоғында
Сен болды менің ергенім.
Әкелдің де қамадың,
Жарық сәуле көрмедім.
«Далаға шығып Қыз Құртқа,
Бойын жазсын»,— демедің.
Рұқсат берсең, Алшағыр,
Далаға шығып азырақ,
Бой жазайын деп едім.
Ала қапты алайын,
Беліме арқан шалайын.
Тезек теріп, бой жазып,
Шәһәрдің шығып сыртына,
Бойымды жазып қалайын».
Алшағыр да ер еді,
Аламын деп қашаннан
Дәмеленіп жүр еді.
Сұрағасын, сұлуға,
Мақұл көріп бұл сөзін,
«Барсаң, бар,— деп,— ендеше»,
Рұқсатын береді.
Ала қапты алады,
Беліне арқан шалады,
Сенбегесін, қашар деп,
Екі құл мен екі күң
Бақташыға салады.
Шәһәрдің шығып сыртына,
Бақташысы қасында,
Құртқа кетіп барады.
Келді бір сайдың басына,
Сайдың кіріп тасына,
Төрт бақташы қасында,
Отырып кеңес бастайды,
Күң мен құл сөзін қостайды.
Бір күң менен бір құлын
Осы сайға тастайды.
Ол сайдан да өтеді,
Және бір сайға жетеді.
Отырып кеңес бастайды,
Күң мен құл сөзін қостайды.
Бір күң менен бір құлын,
«Ойнай тұр»,— деп тастайды.
Бойын жазып алғасын,
Мінген аты қылаң-ақ,
Ала қапты төрт бүктеп,
Ішіне тықты Қыз Құртқа,
Қобланды ерді сынамақ.
Қатын-қыздар жағады
Қарағайдан шайырды.
Үлкен-кіші жігіттер
Тереді бір қайырды.
Манағы тоғай тұсы деп,
Болмаса тоғай осы деп,
Тоғайға тіке қайрылды.
Тоғайға келіп енеді,
Келе жатып қыз Құртқа,
Терекке басын байлаған,
Шиыршық атып ойнаған
Бурыл атты көреді.
Бұлаңдаған Құртқаны
Бурыл ат та көреді,
Анасын танып Тайбурыл,
Теректегі шылбырын
Үзіп ала жөнелді.
Ат қашқасын,
«Тәк-тәк»,— деп,
Қобланды батыр жүгірді.
Ұмтылғанда Тайбурыл,
Шыдай алмай Қыз Құртқа,
Омыраудағы он түйме
Ағытып бәрін жіберді.
Есіктің алды ығын-ды,
Бола жазды шығынды.
Шығын емей, немене,
Екпіндеген Бурыл ат
Омырауына Құртқаның
Тұмсығын тыға жығылды.
Ат жығылған мезгілде,
Бұлаңдаған Құртқаны
Қобланды батыр көреді.
Келе жатқан батырды
Қыз Құртқа да көреді.
Танығасын батырды,
Қол қусырып түрегеп,
Иіліп сәлем береді.
Құртқа сұлу сөйледі:
«Дүниедегі іңкәрім,
Екі саулық, бір қозы
Баһар <қосылма> айда қырқарым.
Бұрын жетті өзіңнен
Астыңдағы Тұлпарың.
Тұлпар мініп, ту алған,
Кеткен жерің қуарған,
Келген жерің қуанған,
Аман-есен келдің бе,
Жұрт иесі сұңқарым!
Жаудың бақтым қаласын,
Дұшпанның міндім аласын,
Қалмақтың жектім шанасын,
Қайсар Қоблан сұлтаным,
Әлдеқандай қыласың?
Жаманның тарттым жаласын,
Сұлтаным түзде жүргенде,
Өкімінен жүкті едім,
Бір дүшпанның баласын,
Әлдеқандай қыласың?»
Сонда Қоблан сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Заманым қайда баяғы?
Кім ұстамас жылқының
Жекелеп шыққан саяғын.
Біреу түгіл, мыңды тап,
Көріп келдім бұл сапар
Жалғыздықтың азабын.
Адам болып, ер жетсе,
Өзімнің соғар таяғым».
Қобланды кеңдік бастады,
Кеңдігін Құртқа қостады.
Тұл болсын деп ала қап,
Артық туған қыз Құртқа
Қобланды сынды батырдың
Көзінше алып тастады.
Қап екенін көргесін,
Иек тартып күледі.
Аузы айтса да, батырдың
Іші қимай тұр еді.
Қобланды сонда сөйледі:
«Көптен бері жол жүріп,
Сағынған жарың мен едім.
Дұшпаннан көріп кемшілік,
Сарғайған жұптым сен едің.
Арманым жоқ дүниеде,
Есен-аман қауыстым,
Құдай қосқан қосағым.
Ақылды туған Құртқажан,
Ата-ана, көп халқым
Көре алмаспын деп едім.
Қыпшақтың мекен жайлауы
Қараспан еді өркені.
Көрмегелі сіздерді
Көп болып еді, Құртқажан,
Көріселік, кел бері!»
Батырдың мінген қызыл-ды,
Жал-құйрығы ұзын-ды.
Талма түсте сұлуға
Батырдың көңілі бұзылды.
Белінен қысып құшақтап
Құртқа сынды қызыңды,
Сағынғаннан бір-бірін
Көзінің жасы төгілді.
Батырым ұстап тұтқанда,
Сұлудың белі үзілді.
Сол уақыттар болғанда,
Құртқа сұлу сөйледі:
«Мінген атың құлаңыз,
Шабуыл салып бұлаңыз.
Көптен төсек көрмеген,
Күйінішті болған шығарсың,
Алайда болса, сұлтаным,
Аз-кем күнге шыдаңыз!
Алыптан еді бір басың
Тайбурыл атты ойнаттың.
Дұшпаның көп-ті, досың жоқ,
Сұлтаным, бұзба қайратың.
Айдынды көлде қу аттым,
Дертке дәрі етіне.
Ойнап балық шығады
Жазғы судың шетіне.
Ағаң, інің сенің жоқ,
Халық қолыңа тигенде,
Біреуменен ұрыссаң,
Біреуменен керіссең,
Әзілдесіп, күлісіп,
Жамандардың тілі ащы,
Қадір білмес кей жаман:
«Ата-анасын жоқтамай,
Қатынын тапқан Қоблан»,— деп,
Кінә қылар бетіңе!»
Сонда Қоблан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Бұлғай да бұлғай, бұлғай ма?
Бұлғайдың түбі тынғай ма?
Өтірік айтқан оңай ма?
Түлкі киген тоңғай ма?
Бұл ақылың, Қыз Құртқа,
Патшаға бітсе болмай ма?
Сөзің дұрыс, Құртқажан,
Тапсырдым сені Құдайға.
Бұлаңдаған Қыз Құртқа,
Әйел болдың, айла жоқ,
Егер еркек болғанда,
Болар ең тұтқа бір жұртқа.
Төрткөлден соққан төбе еді,
Есілден шыққан көл еді.
Жалғыз да болсам жасымнан,
Көпке басым тең еді.
Неше жылдай жол шегіп,
Ауыр азап көп көріп,
Сарғайған нарың мен едім,
Сағынған жұптым сен едің.
«Сүйтіп көрген сұлтаным
Бір ауыз сөзге жарамай
Кетті»,— деп айтар деп едім.
Арманым жоқ дүниеде,
Есен-аман қауыштым
Құдай қосқан жарыма.
Ата-анамды, көп жұртым,
Көре алмаспын деп едім.
Ертең Бурылға мінейін,
Қарыма сүңгімді ілейін,
Сендерді алған дұшпанға
Жалғыз да болсам тиейін.
Дәуіт соққан беренді
Кебінім деп киейін.
Матау көріп байланған
Біздің Қыпшақ ағайын
Бүгін қойсын ұйқысын.
Түніменен сайланып,
Бітіре берсін жұмысын.
Жан басына тоғайдан
Кесіп алсын бір келте.
Ертеңгі таңда күн шыға
Атойлаған дауысым
Аш қарында шыққанда,
Мендікпін деген ағайын
Дарбазада табыссын.
Тоқым салдым алаға,
Жау іздедім далада.
Ағайын, туған қарындас,
Қарамай ата-анаға,
Мұншама, Құртқа, бой жазып,
Не қылып шықтың далаға?
«Келінің ұзап кетті»,— деп,
Өкімі жүрген ит қалмақ,
Барғанша азап бермесін
Ата менен анаға.
Құртқажан, енді кешікпе,
Қайт тезірек қалаға.
Және де сәлем дегейсің
Қыпшақта үлкен ағаға,
Өзімнен кіші балаға.
«Көріп келдім, сұлтаным
Келіп отыр,— дегейсің,—
Қаланың сырты далада.
Әділ сұлтан бір жанын
Қылып отыр,— дегейсің,—
Ағайын, жұрттан садаға.
Қош, есен бол, Құртқажан,
Ертеңге шейін мен сені
Тапсырдым енді Құдайға!»
Сонда Құртқа сөйледі:
«Қайт десең, сұлтан, қайтайын
Алшағыр соққан қалаға.
Көрген соң сені, шыдамай,
Шығып едім далаға.
Сұлтаным, сенен айрылып,
Ішім толды санаға.
Шыбыныңды тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға.
Қандай қара басыңнан
Мендей сорлы садаға!»
Құртқа сорлы жылап тұр,
Екі көзін қадап тұр
Қобланды сынды балаға!
«Айдынды көлде қу аттым
Дертке дәрі етіне.
Ойнап балық шығады
Жазғы судың шетіне.
Шырағым, жаның сау болса,
Кегіңді мықтап аларсың
Қызылбастың кентінен.
Тым болмаса, мойның бұр,
Кетейін сүйіп бетіңнен!
Құдай қосқан нашармын
Жазым болып, көз жұмсаң,
Мен әуремін дертіңнен!
Жаз мінгенім жалды еді,
Қыс мінгенім қоңды еді,
Сүйгенімнің алды еді,
Сүйгенім сені осы еді».
Мойнын бұрды Қоблан нар,
Құртқа сұлу ынтызар,
Ауыздан сүйді Құртқа жар.
Аузын сүйді аймалап,
Алқымын сүйді қармалап.
Алқымға азуын салады,
Өліп-өшіп барады,
Көбірек тұрып құшақтап
Қобланды сұлтан баланы.
Қожа бесін болғанда,
Ғашық жармен көрісіп,
Ішкен асы сұлудың
Бойына енді тарады.
Көңілі тасып, шат болып,
Шұбалаңдап Қыз Құртқа,
Шәһәрге қайтып барады...
Төрт бақташы қасында,
Құртқа сынды сұлуың
Алшағырдың шәріне
Тезірек жүріп барады.
«Қақпаның аузын аш»,— деуге
Сұлу Құртқа жарады.
Қалаға Құртқа енген соң,
Күңмен құлды әкеп берген соң,
«Сүйінші, сұлтан келді»,— деп,
Дұғай сәлем айтып қалады
Атасы мен анаға,
Қыпшақта үлкен ағаға,
Өзінен кіші балаға.
Тоқтар басы көп Қыпшақ
Естігесін Құртқадан,
Біреуі жылап, біреуі
Есінен танып қалады.
«Жалғызға жәрдем бергей»,— деп,
Жаратқанға тапсырды
Қобландыдай баланы.
Құртқа сұлу кеткесін,
Қожа бесін болғанда,
Қобландыдай батырың
Бір төбеге барады,
Алды-артына қарады.
Қарлыға қыз келер деп,
Сол уақытта қараса,
Өкше ізінен шаң шықты.
«Не қылған шаң?»— деп қараса,
Саулы іңгендей ыңқылдап,
Күшігендей сұңқылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ дулыға
Шекесінде жарқылдап,
Қалың шаңның астынан
Ақмоншақ атпен Қарлыға
Шыға келді жарқылдап.
Қарлығаның соңынан,
Мінген аты көк бесті,
Сейілдің ұлы Қараман —
О да келді былқылдап.
Қараманның соңынан
Қосынның қалған елінде
Орақ дейтін бір батыр,
Шешесі Қамқа түс көріп,
Таңғажайып іс көріп:
«Қыпшақты жау алды,— деп,—
Басына қайғы салды,— деп,—
Қараспан таудың сағасын
Адыра талқан қылды,— деп,—
Жалғыз ұлы жауда жүр,
Аналық пенен Тоқтардың
Төбесінен ұрды,— деп,—
«Шырағым, атқа мін,— дейді.—
Қалың Қыпшақ бүлді,— деп,—
Көрмегенін көрді,— деп,—
Қобланды да жеткен-ді,
Бабасы хабар берді,—деп,—
Жау шапқасын халықты,
Көзінің жасы көл-ді»,— деп.
Шешесі бұл сөзді айтқасын,
Есіктің алды балдырған,
Қызылбас көңілін қалдырған,
Қызылбастың жұртына
Талай бүлік салдырған,
Жіңішке жирен аты бар,
Қолында жазған хаты бар,
Аллаға жеткен даты бар,
Шақырушы Қарлыға
Екеуіне қосылып —
Айдынды Орақ, Ай-ды Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Қобландының көп елін
Қалмақ алды деген соң,
Елінен шықты сол шырақ.
Қарлығаға кездесіп,
«Барасың қайда?»— жөн сұрап,
Жолы бірге болғасын,
Бірге шапты бұрқырап.
Ақ бөкендей жосылды,
Еркінше шауып көсілді,
Келеді деген бұларды
Жоқ еді ердің есінде.
Соңынан келіп үш көкжал,
Қобландыменен бас қосып,
Шаттанысып, қуанып,
Есендік-саулық айтысып,
Амандасты бесінде.
Тұра тұрсын төртеуі,
Ойын-күлкі, сауықпен
Ештеңе жоқ есінде.
Құлақ салып тыңдауға
Ерінбесең, жігіттер,
Өзімнен келер жел сөздің
Аянайын несіне.
Алшағыр ханның сол кезде
Сиқыршы болған кітаппен
Шешесі мұның бар еді.
Кітап ашып, бал салып,
Төңірекке көз салып,
Пәлені түскен алдында
Батырларды көреді,
Келгендерін біледі,
Шақырып алып баласын,
Сонда кемпір сөйледі:
«Жалғыз балам Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр!
Қастары төмен салынған,
Кеуліне алған табылған,
Іздеген дұшпан шабылған,
Қобаған мұрын, қой көзді,
Талма бетті, нұр жүзді
Біріне Қоблан ұқсайды,
Келді, балам, тұрсана!
Қорасан жүзді, қой көзді
Қараман келгенге ұқсайды,
Келді, балам, тұрсана!
Сүйек біздік, ет басқа,
Ақмоншақ ат астында,
Қамшат бөркі басында,
Қарлыға келгенге ұқсайды,
Келді ғой, балам, тұрсана!
Қабағы қарыс жабылған,
Іздеген дұшпан шабылған,
Жіңішке жирен аты бар,
Қолында жазған хаты бар,
Әлемге жеткен даты бар,
Бейне Ораққа ұқсайды,
Келді, балам, тұрсана!»
Алшағыр сонда сөйледі:
«Шешен тілді сөйлеткен
Қаусырма жақ иегі.
Батыр туған ерлердің
Тартар садақ білегі.
Бұл сөзіңе балаңның
Қозғалмайды жүрегі!
Жоқ сөзді айтып қинама,
Қазан барып соғысып,
Көбікті барып жоқ болған —
Қайдан келсін бұл жерге
Қобландының сүйегі?!
Неше балшы болсаң да,
Айтқан сөзің, жан шеше,
Үйлеспейді жүйеге!»
Тағы кемпір сөйледі:
«Май түбінде тортамын,
Ақ бөкен аңдай жортамын.
Мінген аты, шырағым,
Келді, балам, Бурылы,
Қобланды деп қорқамын!
Таңбасыз жатқан тайыңды
Таңбалар деп қорқамын.
Енсіз жатқан қойыңа
Ен салар деп қорқамын.
Басыңнан көшер аруақ,
Астыңдағы алтын тақ
Сол мінер деп қорқамын.
Шері байтақ жұртыңды
Сол билер деп қорқамын.
Үстіңдегі ақ сауыт
Сол киер деп қорқамын.
Ылдидан шапса, төсте озған,
Ертеден шапса, кеште озған
Томағалы қасқа азбан
Сол мінер деп қорқамын.
Ор түбінде бәйтерек
Басы көкке қараған,
Тамыры жерге тараған,
Жапырағы бар еді
Сом алтыннан жараған,
Сол кесер деп қорқамын.
Атаң жайған байтақ ел
Бүлдірер деп қорқамын,
Қанікейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз
Күлкі етер деп қорқамын.
Шағалаға шәулі <қосылма> сап,
Ілдірер деп қорқамын.
Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын.
Сен жатсаң да, мен жатпан,
Қанікейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз,—
Екеуін алып қашармын.
Жау қолында жылатпан,
Күймеге салып екеуін,
Белден белге асармын!»
Ыңғайланды қу кемпір
Қызын алып жүрмекке,
Әркім елде құмар қыз
Қолына тисе, сүймекке.
Қарамайды қу кемпір.
Алтын, күміс дүниеге.
Екі қызын алады,
Күймесіне салады.
Қақпаның аузын аштырып,
Кемпір қашып барады.
Қаладан қашқан кемпірді,
Қарлыға көзі шалады.
Қуып жетіп көк атпен,
Қу кемпірге білдірмей,
Сыртын жарып күйменің,
Екі қызды Қарлыға
Ұрлап алып қалады.
Күймеде қызым аман деп,
Кемпір кетіп барады.
Қарлығаның алғанын
Қараман көзі шалады.
«Қарлығажан, сауға»,— деп,
Қарлығаның алдынан
Қараман жақын барады.
Қарлыға сонда сөйледі:
«Көлге біткен жекенсің <қосылма>,
Бүршігі жоқ тікенсің.
Артық асқан бағаң жоқ,
Құдайдан сұрар шамаң жоқ,
Өзіңе біткен мал-жанды
Сауғадан жиған екенсің.
Ақмоншақ атпен желейін,
Байытқалы келіп пе ем
Қияттың жаман кедейін?
Қараман, саған не дейін?
Өзімнің басым сауғадан
Құтыла алмай жүргенде,
Мен кімге сауға берейін?»
Қараман сонда сөйледі:
«Мұсылманға маза аттық,
Қызылбасқа қаза аттық.
Қанікей мен Тінікей —
Екі қызды бер маған,
Қарлыға, сені алмаймын,
Басыңа бердім азаттық».
Мінген аты ала-ды,
Қылшаң жүнді қара-ды,
Көңілдегі сананы
Шығара алмай барады.
Қарлыға сынды сұлудың
Көңілі қатты сүйеді
Қобландыдай баланы.
Қанікей мен Тінікей —
Қос сұлуды бір беріп,
Қарамандай батырдан
Артық туған Қарлыға
Басын сатып алады.
Төртеу еді — алтау боп,
Басын қосып төрт көкжал,
Кеш болғасын жағалап,
Бір төбеге жатады.
Төртеуінің тұлпары
Бауырынан қатады.
Қоржындағы азықтан
Бұйырған дәмін татады.
Ұйқы көрмей төрт батыр,
Таң сарғайып атады,
Таң Шолпаны батады.
Масыл, масыл, масыл ма,
Аққа құлпы жасырма.
Ғашық боп жүрген Қарлыға,
Қараманнан шыға алмай,
Жүрегінен қан құсып,
Басын қосқан сықылды
Қобландыдай асылға.
Мұратына жеткендей,
Бұлаңдаған Қарлыға
Отыра кеткен асыла,
Сауғада басы жүргенде
Жоламаушы еді қасына.
Тас түлектей түледі,
Еркіндік алып басына.
Таң атқасын төрт көкжал
Қару-жарақ киініп,
Бір Құдайға сыйынып,
Енді атына мінеді,
Денеге сауыт киеді,
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі,
Алшағырдың шәріне,
Туын ұстап батырлар
Қала аузына келеді.
Шәрге жақын келгенде,
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Қабағы тастай түйіліп,
Арыстан туған Қобланды,
Күн шығуға қарамай,
Ат қоюға ойланды,—
Ата-анасы, ел-жұрты,
Асыра Қыпшақ баласы
Жатқаннаң соң байлауда.
Қақпаның келіп аузына,
Батыр Қоблан ақырды,
Нар түйедей бақырды,
Алшағыр деп шақырды:
«Ау, Алшағыр, Алшағыр!
Сөзіме құлақ сал, Шағыр!
Менің атым Қобланды,
Әуелі өзің алдан шық,
Алды-артыңды қармай шық,
Қалдырмастан, жалмай шық,
Арманда, қапы қалмай шық!
Қарақасқа атың міне шық,
Оқ өтпес тоның кие шық,
Қарыңа сүңгі іле шық!»
Белес-белес бел еді,
Хан болғалы Алшағыр
Асып жүрген айласы,
Мұсылманнан қанша ердің
Басын жойған ер еді,
Қызылбастың пілі еді.
Қобландының дауысы
Құлағына келеді.
Естіген соң дауысын,
Шешесінің сөзіне
Енді Алшағыр сенеді.
Шыдай алмай, Алшағыр
Үстіне сауыт киеді,
Беліне байлап болатын,
Қарына найза іледі.
Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдидан шапса, төске озған
Томағалы қасқа азбан,
Алтын тұрман ер салып,
Енді атына мінеді.
Қара қасқа тұлпардың
Құйрығын шарт түйеді,
Шақырып тұрған батырға,
«Қорықты дер,— деп,— бармасам»,
Алдынан жүре береді.
Сол уақыттар болғанда,
Түлкідей көзін жайнатып,
Қаруын бойда қайнатып,
Тасқа шаншып найзасын,
Қарыс сүйем бойлатып,
Қоблекең келді бұл жақтан
Тайбурыл атты ойнатып.
Жайықтың бойы қамыс-ты,
Бермейміз деп намысты,
Екі батыр екпінмен
Жақындасып қалысты.
Өшігіп жүрген батырлар,
Бір ауыз сөзге келмей-ақ,
Шегінісіп екеуі,
Еменнен найза салысты,
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе-бүгісе тұрысты.
Біріне-бірі ұмтылып,
Тақымдары құрысты,
Он саусағы қарысты.
Бірін бірі ала алмай,
Біреуі дүние сала алмай,
Қақырғаны қан татып,
Түкіргені жын татып,
Қақырғанда қан ішті,
Түкіргенде жын ішті,
Жанынан күдер үзісті.
Қанжарменен қармасты,
Семсерменен серместі,
Сөйтіп ойын ойнасты,
Шыбын жанды қинасты.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып,
Ерлерің жаннан түңілді.
От шығады ұртынан,
Үмітін үзді Алшағыр
Шәрі байтақ жұртынан.
Сол уақыттар болғанда,
Домаланып барып жығылды
Қарақасқа аттың сыртынан,
Сонда жатып құлайды.
Артық туған Қобланды
Ерегіскен дұшпанның
Басын жоймай қоймайды.
Есіктің алды кендір-ді,
Қобландыдай батырың
Найзасын ырғап ендірді,
Алшағырдай дұшпанын
Ат саурына міндірді.
Қатуланып Қобланды,
Түгі шығып білектен,
Етке тоқтар қайрат па,
Өтіп кетті сүйектен.
Қайта тартса, шықпайды
Қобланды ердің найзасы
Қанмен қатыс жібектен.
Алшағыр ханды өлтіріп,
Дұшпанның күнін қуырып,
Артықша тартып найзасын,
Күшпенен алды суырып.
Алшағырдың соңынан
Белгілі судың сағасы,
Қызылбастың ағасы,
Құртқаны алар сапарда
Өлтіріп кеткен Қобланды,
Шауып шықты қаладан
Қырық бес кез баяғы
Қызыл ердің баласы —
Ағанас пен Тоғанас —
Қаладан шықты екі жас.
Әкесін Қоблан өлтіріп,
Құртқаны алған жерінде,
Көктім Аймақ елінде
Ежелден кекті, болған қас,
Ағасы еді Ағанас,
Інісі еді Тоғанас.
Қаладан шығып екі жас,
Қобландыдай батырға,
Көздерінен ағып жас,
Ортаға алып екеулеп,
Келе салды найзаны,
Таптырмай ақыл, айланы.
Қараспан таудай алысып,
Еменнен найза салысып,
Олар екеу, бұл жалғыз,
Қарсыласып, шабысып,
Дұшпанын Қоблан табады,
Енді ортаға алады.
Пірлері кәміл қолдады
Қобландыдай баланы.
Көңілге кінә болмаса,
Қоблекеңнің бөксесін
Бурыл аттың үстінен
Қисайтып кетіп барады.
Қобландының ауғанын
Қарлыға көзі шалады.
Жетіп келіп Қарлыға,
Ағанасты сол жерден
Алып тастай береді.
Қисайған Бурыл үстіне
Түзеліп Қоблан мінеді.
Жеке бір жалғыз қалғасын,
Тоғанасты Қобланды
О да бүріп іледі.
Бұл екеуінің артынан
Көкқасқа атпен Ақтайлақ
Ұрысқа шықты жағдайлап.
Орақ шығып бұ жақтан,
Ақтайлақты сол жерде
Іліп тастай береді.
Ақтайлақтың соңынан,
Баласы еді Нарқызыл,
Шығып еді қаладан,—
Қараман шығып бұ жақтан,
Бұл-дағы іліп тастады.
Қазан басты қара дәу
Шығып еді қаладан,—
Қарлыға іліп тастады.
Қалмақтың қара батыры
Шығып еді қаладан,—
Қоблекең іліп тастады.
Қылышпенен ұрады,
Осылайша батырлар
Келгендерін қалмақтың
Кезек-кезек төртеуі
Баудай жаншып тұрады.
Сонша ердің соңында,
Күмбезді найза қолында,
Ағын судың сағасы,
Берен тонның жағасы,
Қызылбастың ағасы,
Көбікті ханның баласы —
Құндыз бөрік басында,
Әскері бар қасында,
Өзі он бес жасында,
Сүйіншіге қыз алып,
Күйеу боп жатқан осында —
Үстіне дұшпан келгесін,
Байлауда қалған Қоблан
Босағанын білгесін,
Ұрыспасқа айла таба алмай,
Үстіне сауыт киеді.
Болатты байлап жанына,
Қарына найза іледі —
Қаланың аузын аштырып,
Біршымбай шықты қаладан.
Шыға салып Біршымбай,
Ала кетті жағадан:
«Көрсетіңдер,— деп,— ерлікті
Мен көрмеген манадан!»
Келуімен Біршымбай,
Бөтен сөзге қарамай,
Қобландыны бір шаншып,
Қарлығаны бір шаншып,
Қараманды бір шаншып,
Ер Орақты бір шаншып,
Көкала атпен Біршымбай
Сыпыртып өтіп жөнелді.
Және айналып толғанып,
Найзасын және қолға алып,
Ер Орақты бір шаншып,
Қараманды бір шаншып,
Қарлығаны бір шаншып,
Қобландыны бір шаншып,
Сыпыртып өтіп жөнелді.
Етіне киген жейде еді,
Маңдайы шып-шып терледі.
Біршымбайдың қайраты
Барған сайын өрледі.
Самсап тұрған ерлерді
Бір адамдай көрмеді.
Осылайша Біршымбай
Үш-үштен найза түйреді,
Етіне найза ендірді.
Үш-үштен найза тигесін,
Етіне найза енгесін,
Төрт көкжал да меңдеді.
Меңдегенін көргесін,
Қарлыға сұлу сөйледі:
«Мал шыдамас жауырға,
Жан шыдамас бауырға.
Сендер мұнда тұра тұр,
Есебін тауып, жігіттер,
Өлтірейін мен,— деді.—
Менен күші әкемнің
Бір батпандай артық-ты.
Әкемнен күші мұның да
Сегіз батпан тартыпты.
Үстіндегі сауыттан
Атсаң — оғың өтпейді,
Шапсаң — қылыш кеспейді.
Оған қылар амалы —
Көк желкенің тұсында
Кем соғылған төрт көзі
Жел соғарлық шамалы.
Өлтіріп кетсе мені егер,
Көк желкеден атыңдар,
Жігіттер, болмай ғапыл-ай».
Мінген аты кер еді,
Атасы әйел демесең,
Қарлыға қыз да ер еді.
Қобландыдай батырың
Қарлығаға сенеді.
«Есебін тауып, айламен
Өлтірмесем, болмас»,— деп,
Бөркін жұлып алады.
Шашын жайып Қарлыға,
Ақмоншақ атты қамшылап,
Ерлердің шығып қасынан,
Біршымбайдың алдынан
Қарлыға шауып барады.
Жетіп барып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Айналайын Біршымбай,
Сал құлағың сөзіме.
Сен кеткесін, Біршымбай,
Шәһәрді басып көп дұшпан,
Еліңе ойран салғаны.
Байлаудан қашып Қобланды,
Әскер жиып барғаны.
Қайратқа әкең жарамай,
Қаза тауып қалғаны.
Дұшпанды қырып, шырағым,
Бәріңді алдым босатып,
Бір жанымды аямай.
Жалғыздық түсті басыма,
Серікке атаң жарамай.
Қашып еді үш батыр,
Жалғыз қудым шыдамай.
Енді өлсем де арман жоқ,
Көрсетті енді бір Құдай.
Мені танып, шырағым,
Атыңның басын бұрмадың.
Қайратыңнан айналып,
Жалғыз бауырым, Біршымбай,
Болайын сенің құрбаның.
Менен қашқан үш дұшпан
Мынау келіп тұрғаны.
Сөзімді тыңда, шырағым,
Жалғыздық түсіп басыма,
Көңілімде бар қапа.
Бұл дұшпанды ала алмай,
Басына қайғы сала алмай,
Ақыл-айла таба алмай,
Басымды саған қоса алмай,
Жаудың тұрмын қасында,
Жаралы болған басымды
Адам көрмес жерге апар.
Қайтып келіп, үш ерден
Найза сұғып кек әпер.
Бір туғызған, шырағым,
Екеумізді бір Құдай.
Туғаны көрсе кемшілік,
Кімнің жаны шыдайды?!»
Жара қатты, жан тәтті,
Басынан бөркін жұлып ап,
Бірге туған Қарлыға
Алдына келіп жылайды,
Біршымбай сонда сөйлейді:
«Ой, апеке, білмедім,
Жау ішінде жүргенің,
Кім екенің көрмедім.
Толықсыған найзамды
Оңды-солды сермедім.
Кетті көзім қарайып,
Кім екенің білмедім.
Бері жүргін, жан апа,
Тауға апарып қояйын,
Қайтып келіп, үш ерге
Найзамды кезек ұрайын».
Алдына түсіп барады,
Қарлығадай сұлуың
Алды-артына қарады.
Көк желкенің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Жайымен бара жатқанда
Найзаны алып ұрады.
Біршымбайдай серкеден,
Тозады мақпал көрпеден,
Назары әрмен ауғанда,
Өз апасы Қарлыға
Найзаны салды желкеден.
Біршымбай мінген ала ат-ты,
Ала атты шауып сұлатты,
«Жан апа» деп жылапты.
Жан апасы құрысын,
Біршымбайды Қарлыға
Айламенен құлатты.
Біршымбайды өлтірді,
Сәтіне ісін келтірді.
Көкала атты жетелеп,
Жүрер жолын төтелеп,
Ерлігін анық білдірді,
Үш батырға келеді.
Келгеннен соң Қарлыға,
Көңілі тасып, шат болып,
Қарлығаға сенеді.
Көрген адам таңданар
Қарлығаның пормына.
Көп дұшпанын мұқатып,
Құдайы қалап ерлерді,
Істері келді орнына.
Қарлыға мінген кер ме еді,
Қапияда Біршымбай
Айламенен өледі.
Қарлыға айла қылмаса,
Күшті туған Біршымбай
Дұшпанға болар ер ме еді?!
Қарлыға менен Қоблан,
Қараман, Орақ — төртеуі
Бастарын қосып батырлар,
Намыстарын бермеді.
Қобланды ердің бақыты
Барған сайын өрледі.
Біршымбайдың соңынан
Ешкім шықпай қаладан,
Баспақты сиыр танадан,
Алтын-күміс шарадан,
Жүгін тиеп шанаға,
Тоқтар бас боп, көп Қыпшақ
Шуылдап шықты қаладан,
Қалмай қатын, баладан.
Есіктің алды Есіл-ді,
Есілдің талы кесілді.
Үлкен қақпа алдында
Қаладан шығып көп Қыпшақ,
Қойдай маңырап шуылдап,
Қозыдай маңырап дуылдап,
Қобланды ерге қосылды
Ертеңгі күн бесінде.
Қабыл болды бұл сапар
Қобланды ердің мұраты.
Құтылып жаудан ел-жұрты,
Есендік-саулық сұрады.
Көп мұқатып дұшпанды,
Ерлердің көңілі тынады.
Алшағыр ханның шәһәрін,
Бүкіл Қыпшақ жабылып,
Он сегіз күн шабады.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Іздегенін табады.
Қыпшаққа тиген Алшағыр
Бүтін жұртын жалмады.
Алтын-күміс, бар малын
Ырғап-жырғап алады,
Артық бақыт табады.
Шауып жаудың қаласын,
«Шырағым» деп жұбатты
Жылаған Қыпшақ баласын.
Олжа малға толтырған
Қараспан таудың сағасын.
Белдемше буды беліне,
Белгілі болды еліне,
Нан піседі деміне.
Қалың Қыпшақ, көп Қият
Көп олжаға кенелді.
Дұшпаннан алған көп малды,
Қараспан тауын бетке алып,
Ызғытып айдап жөнелді.
Артық туған Қобланның
Келмеді дұшпан шеніне.
Ойлаған оның мұратын
Келтірді Тәңірім жөніне.
Үш ай, үш күн дегенде,
Қараспан тауын жағалап,
Азаулы деген көліне —
Тоқтар басы, көп Қыпшақ
Келіп қонды баяғы
Алшағыр шауып зарлатып,
Бөлініп көшкен жеріне.
Құланнан атқан қодықты,
Көлден тартқан борықты —
Қалың Қыпшақ жағалап,
Қараспан тауға қоныпты.
Кемшілік көріп кәпірден,
Пенде болып байланған,
Жылаған Қыпшақ баласы
Бұрынғыдан екі есе
Бақ-дәулетке жолықты.
Келіп қонды көп Қыпшақ
«Азаулы» деген көліне.
Бұрынғыдан көп артық
Дәулет бітті еліне.
Артық туған Қобланның
Ісі келді жөніне,
Келмеді дұшпан шеніне.
Қалмақтан алған көп олжа
Әділдікпен батырың,
Жиып алып көп халқын,
Бөліп берді еліне,
Пақыр, кедей, кеміне.
Кедейі байға теңеліп,
Риза болды бәрі де
Қобланды сынды еріне.
Ешкі малдың серкесін,
Ақсақал жер шекесін.
Ұзын сөзді қысқартып,
Енді айтайын төтесін.
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Қобландыдай батырға
Құртқа сынды сұлудың
Осы жерде қиды некесін.
Батырың менен Құртқаны
Тоқсан екі қатын жеңгелеп,
Қия кесіп жал қойды,
Аяқ тола бал қойды...
Құмырсқа бел, тал бойлы
Тоқсан екі қатындар
Жал мен жая асады.
«Батырға жеңге болдым» ,— деп,
Қуанып, судай тасады.
Бірін-бірі жұлмалап,
Алдынан шашу шашады.
Қатарлап қамқа басады,
«Шаршап келген шырақтың
Етіне де батар»,— деп,
Әр қамқаны бір сілкіп,
Тегістігін басады.
Күн қызылы батқанда,
Ауылдың алды жатқанда,
Тоқсан екі қатындар
Қобландыны жетелеп,
Ақ отауды төтелеп,
Құртқаға тіккен ақ орда
Батырды әкеп енгізді.
Белі қылдай, беті айдай
Құртқаны оған көргізді...
Тұра тұрсын бұл сөзім
Айтамын рас, шын сөзім,
Кетейін тағы баян ғып,
Қарлыға сұлу не ғыпты?
Қаншама еңбек қылса да,
Қобланды батыр алмайды,
Сөзіне құлақ салмайды,
Қараманға бармайды,
Не қыларын біле алмай,
Қарлыға сұлу зарлайды.
Жалғыздық түсті басына,
Ешкім келмей қасына.
Қобландыға өкпелеп,
Сегіз құлақ ақ шатыр
Таудың тікті басына.
Жата берді бұл жалғыз,
Еріп шыққан батырым,
Көрсеткенің осы ма?
Жата тұрсын тау жайлап
Қарлығадай сұлуың,
Ақмоншақ ат астында.
Қобландыдай батырың
Кеңеске жиып жақынын,
Қарындасы Қарлығаш
Ораққа берді той қылып.
Күйеу қылып Орақты,
Тігеді алтын шатырын.
Қызын беріп Тоқтарбай,
Қайырлы етіп ақырын,
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Қарындасын ұзатқан
Қазына артып, жүк тиеп
Қобландыдай батырың.
Әлқисса, Қараман батыр Қобландыға Құртқаны қосып, Қобланды қарындасы Қарлығашты ұзатқан соң, еліне қайтпақ болды. «Алшағырдың қарындасы Қанікей, Тінікей екі қызды алуға той қыламын, тойыма кел»,— деп Қобланды, Құртқаны шақырды. Қараманның тойына бара жатып, орта жолда тіккен Қарлығаның шатырына Қобланды, Құртқа кез келеді.
Қарамандай батырың
Қыпшақты тауға қондырып,
Көңілдерін тындырып,
Құртқаны қосып Қобланға,
Шын достығын білдіріп,
Қобландыдай құрдастан
Қайтуға рұқсат сұрайды.
Жаманның тілі кекесін,
Жақсы болса жолдасың,
Мұратыңа жетесің.
Қараман құрдас сөйлейді:
«Қобланды менен Құртқажан
Екеуі бірдей жүрсін,— деп,—
Мереке қызық тойым бар,
Көзімен кеп көрсін,— деп,—
Қанікей мен Тінікей,
Өзі жүріп Қобланды,
Некесін қиып берсін,— деп,—
Қараман кетті еліне,
Нан піскендей деміне,—
Кешікпей, ертең келсін»,— деп.
Шақырған соң Қараман,
Қобланды мен Құртқажан
Күймелі арба сүйретіп,
Сүйретуге атын үйретіп,
Үш жүз кісі қосшы алып,
Қобланды, Құртқа жөнелді
Жердің жүзін күңірентіп,
Қараманның тойына.
Көреміз деп көп елді,
Қалың Қыпшақ баласы
Қараманның еліне
Сапар тартып келеді.
Арқада бар бөрікөз,
Неге ұмытсын көрген көз.
Келе жатып батырың,
Қарлыға жатқан шатырға
Талма тал түс кезінде
Қобланды, Құртқа келді кез.
Алдынан шығып Қарлыға,
Қобланды менен Құртқаға
Бір-екі ауыз айтты сөз.
Ақмоншақ ат астында,
Қамшат бөркі басында,
Атқан оғы жасыл-ды,—
Көрген көзі қимайды
Қобланды сұлтан асылды.
«Сенің үшін әуелден
Бәйгіге тіктім басымды,
Төбеге түйіп шашымды,
Тауда жалғыз жатырмын
Ағызып көзден жасымды.
Осылай ма еді уағадаң,
Әуреге салдың басымды?
Шатырымды көрсет, кел,
Апекеме қасыңда!
Қобланды, саған не жаздым?
Қайда барсаң, кім айтар
Дұрыс деп қылған ісіңді!»
«Апеке, түс»,— деп жалынды,
«Жездеке, қон»,— деп налынды.
Қарлығадай сұлудың
Жүрегі оттай қабынды.
Құртқа сұлу батырға,
Қарлыға жылап тұрғасын,
Түсейік деп жалынды.
Арқада бар қарағай,
Қатты қылды бір Құдай.
Қанша жылап айтса да,
Қайрылмай кетті Қобланды,
Құртқаны алып, қарамай.
Көп нәрсе түсіп өксіді
Қарлығаның ойына.
Ақ найзаға сүйеніп,
Әрең жетті Қарлыға
Шатырлы сайдың бойына.
Қобланды, Құртқа барады
Қараманның тойына.
Әділдігін айтады,
Екі ай жатып той тойлап,
Қарамандай құрдасқа
Екі қызды некелеп,
Еліне тағы қайтады.
Бірнеше күн жол жүріп,
Қобланды тағы кездесті
Қарлыға жатқан шатырға.
Қарлыға шығып алдынан,
Арыстан Қоблан батырға:
«Құюлы тұрған шай бар-ау,
Сары аяқта май бар-ау.
Сізді күтіп алуға
Қарлығада жай бар-ау.
Өзімнің әкем, ел-жұртым
Кім үшін мен қиып ем,
Білемісің, заңғар-ау?»
Қарлығадай сұлудың
Жүрегі оттай қабынды,
«Түсе гөр!— деп жалынды,—
Тауда жалғыз жатырмын,
Қараманның тойына
Ала кетсең, не қылды?»
Арқада бар қарағай,
Ер жігітке мал бітпес
Шыбын жанын баламай.
Қарлығадай сұлуың
Қаншама жылап айтқанмен,
Тағы да кетті Қобланды
Құртқаны алып, қарамай.
Еліне бұлар келген соң,
Ел-жұртын есен көрген соң,
Қобланды мен Құртқаның
Қосылғанына санаулы
Сегіз ай мерзім өткен соң,
Тоғыз ай, он күн жүзінде
Перзенттің туар күні боп,
Сұлу Құртқа толғатты.
Ер толғағы тым қатты,
Ұйқы көрмей, түн қатты.
Ел ішінде Құртқажан
Адамнан озған сымбатты.
Сол уақыттар болғанда,
Төбесі жерге тарс етті,
Маңдайы күнге жарқ етті.
Қырық бір қатын жиылған
Көтеріп алып баланы,
Құндаққа орап салады.
Талпынғанда жас бала,
Құндағы дал-дал болады.
Арыстан туған екен деп,
Асыра жұрты қуанды.
Сүйінші сұрап жан-жаққа,
Қолдарына ту алды.
Тоғыз күн жиып ел-жұртын,
Ат қоймаққа балаға
Қобланды батыр той қылды.
Електен өтсең — Есенбай,
Қыс қыстауы Бұқаржай,
Қалың Қыпшақ, көп ноғай —
Жұрт жақсысы баланың
Атын қойды Бөкенбай.
Келді Бөкен бір жасқа,
Бір жасына келгенде,
Оғын тартты жартасқа.
Келді Бөкен екіге,
Жан қарамас бетіне.
Екіге келген баланың
Нан піскендей лебіне.
Келді Бөкен үшіне,
Үшке келген жас бала
Қара тасты көтерер,
Естіген риза күшіне.
Келді Бөкен төртіне,
Төртке бала келгенде,
Ат шапсам деп ойлайды
Қызылбастың кентіне.
Келді бала бесіне,
Беске келген баланың
Күндіз-түні қайғысы —
Жау түседі есіне.
Келді Бөкен алтыға,
Алтыға жеткен баланың
Артық тиді пайдасы
Қыпшақтың бүкіл халқына.
Алты жасар Бөкенбай
Атаның түсіп салтына,—
Таулар күйіп, тас жанған
Бөкенбайдай береннің
Екпіндеген зарпына.
Қарамай алды-артына,
Енді мініп атына,
Қазынадан қамқа киеді.
«Өзімнің еншім болсын»,— деп,
Өкім құла атқа мінеді,
Алладан пәрмен тіледі.
Таулы жерден сырғытып,
Ойпаң жерден қарғытып,
Аяңдамай желеді.
Өзі алты жасында,
Сусар бөркі басында,
Өкім құла ат астында,
Жолдасы жоқ қасында,
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Көңілі кетті көрмекке
Отарда жатқан тау жайлап
Естеміс жатқан жылқыға.
Бөкенбайдай жас берен
Жылқыны іздеп барғасын,
Бауырап малды алғасын,
Тоқсан құлмен Естеміс
Баланың қылған ісіне
Риза тауып қалғасын,
Қараспан таудың басына
Жаңадан қоныс салғасын,
Ойыны күшті жас арыстан
Қолына найза алғасын,
Астына мініп дөненді,
Үстіне киген беренді,
Жылқыға бала барғасын,
Қолқанат пен құйрыққа
Қобланды батыр кенелді.
Әлқисса, енді бұл жерде тұра тұрсын, ендігі сөзді Көбіктінің жиені Шошай ханнан естіңіз. Шошай дейтін батыр қырық мың әскер алып, Қыпшақты шабамын, нағашымның кегін аламын деп, іздеп келген жері.
Бір күндері болғанда,
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Қобланды ұйықтап жатқанда,
Жылқыға Бөкен кеткенде,
Қалың елді жайлаған
Қатарлап бие байлаған,
Тау етегін бойлаған,
Тозаң қалың шаң басты
Дарбаза алды есікті.
Дүбірді Құртқа есітті,
«Жау келді деп оятсам,
Сұлтаным шошыр»,— десіпті.
Шабуылдап қызылбас,
Найзамен келіп тірейді
Қобланды жатқан есікті.
Ертесі мен кеші жоқ
Берсе Құдай несіпті.
Құртқа сынды сұлуың
Батырдың басын құшақтап,
Тізесінің үстіне
Қырмызы қызыл көрпемен
Отырып Құртқа желпиді.
Осы келген қызылбас
Жая десең, жал екен,
Шекер десең, бал екен,
О да өз жұртында нар екен.
Жаңа емес, басында
Ескі кегі бар екен.
Қызылбасқа жан тартқан,
Қазақ десе — оқ атқан,
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан,
Қызылбастың жұртында
Көбіктінің жиені
Шошай дейтін хан екен.
Әз әскерін шақырып,
Қаһармандай ақырып,
Сонда Шошай сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Жүк көтерер қара нар,
Жалаңаш Қоблан жатқанда
Қатынының қойнында,
Өлтіруге маған ар!
Келіңдер бері, киінсін,
Алдын-артын жиынсын,
Аруағына сыйынсын.
Айбатыма шыдамай,
Үрейі ұшып, күйінсін!»
Хан айтқасын, болсын деп,
Қызылбастың әскері
Екпіндеп елді басқанмен,
Тау түбіне тоқталды,
Шиыршық атып шоқталды,
Көптігіне мақтанды.
Қолына бір-бір оқты алды,
Атуға мерген жақты алды.
Қозы Көрпеш — Баяндай
Өлім Хақтан аянды-ай,
Орамалдың исімен
Жаудың даусын есітіп,
Қобланды шошып оянды-ай.
Жаудан шошып денесі,
Жүрегі мұздап қабынды,
Қобланды сынды батырың
Ұшып тұрып орнынан,
Іс келеді қолынан,
Бөрігі жоқ,— тақияшаң,
Шапаны жоқ,— жейдешең,
Шалбары жоқ,— дамбалшаң,
Үйде тұрған найзаның
Түбінен ұстап алады.
Ұйқыдан шошып оянған,
Сасқалақтап қалады.
Үйінің барып сыртына,
Қатуланып ақырып,
Дауыстап айқай салады.
Қобландыдай батырдың
Даусы жерді жарады,
Ертеңгі даусы батырдың
Айшылық жерді алады.
Қатуланып ақырды,
Нар түйедей бақырды.
Есіктің алды дұшпанды
Даусыменен қорқытып,
Нар қамыстай жапырды.
Найзасын алып сүйретіп,
Үйден шықты далаға.
Батырың тұрып сыйынды
Жеті кәміл бабаға,
«Кім айтар екен және,— деп,—
Жылқыда Бөкен балаға?»
Іздеп келген бұл жауға
Найзаменен шабақтап,
Қасқырдай тиіп тамақтап,
Берер еді сыбаға,
Келтіріп өзін тобаға!
Жүгіре басып Құртқа да,
Ақырда тұрған Бурылды
Шығарып ептеп алады,
Беліне терлік салады.
Базардан келген қасық-ты,
Бурылына кідіріп,
Ер салғанша асықты.
Арыстан туған батырың
Қайрат қылар демейді
Қызылбас дінсіз жасық-ты.
Құралын ердің даярлап,
Құртқа сынды сұлуың
Жүгіре аяқ басыпты.
Бурыл қолға тигесін,
Қару-жарақ кигесін,
Кәміл пір мәдет бергесін,
Батырым судай тасыпты.
Елге шапқан қызылбас,
Батырдың қорқып зәрінен,
Жылысып тауға қашыпты.
Арыстан туған Қобланды
Бурылға мініп алады,
Ақырып айғай салады.
Бурыл атты ойнатып,
Алдына дабыл қағады.
«Қызылбас, шыққын жеке»,— деп,
Қасына жетіп барады.
Қызылбастың Шошай хан:
«Алды-артымды жияйын»,— деп,
Қобландыдай батырдан
Үш күн пұрсат сұрады.
«Арманда қалдым демесін»,— деп,
Бұл сөзін қабыл қылады.
Тұра тұрсын бұл сөзім,
Сол уақыттар болғанда
Қалың шаңды көргесін,
Жау келгенін білгесін,
Батырдың даусын есітіп,
Өлейін десе, жан тәтті,
Кірейін десе, көр қатты,
Адамнан өткен сымбатты,
Сөйлеген сөзі бал тәтті,
Жеті жыл толық толғанша
Тауда жалғыз бұл жатты —
Жалғыздықтан тарығып,
Күдерін үзіп Қобланнан,
Ертелі-кеш зар қақты,
Басынан бағы тайғасын,
Болғанмен қанша ардақты,
Ақмоншақ атпен Қарлыға
Жетіп келді орғытып
Қобланның соңынан.
Бұл да қалмай шаңынан,
Қалың шуды көргесін,
Жау екенін білгесін,
Батырдың даусын есітіп,
Мінген аты көк бесті —
Ақмоншақ аттың інісін
Ор қояндай сырғытып,
Сейілдің ұлы Қараман
О да келді соңынан,
Батырға бұл да қосылды.
Келеді деген бұларды
Жоқ еді тіпті есінде.
Қараманның артынан —
Бұ да бір қалмай салтынан,
Ағар таудың бұлағы,
Ертемен тұрып таңертең
Дәрет алып жүргенде,
Дауыс пенен тозаңды
Қарындасы Қарлығаш
Естіген екен құлағы:
«Көкемнің даусы келді,— деп,—
Бір нәрсе оған болды»,— деп,
Шыдатпайды Орақты,
Қарлығаштай кемеңгер
Бірге туған шырағы,
Жақынның болмас жырағы:
«Тезірек баршы, батырым,
Көкем мен сенің жолыңа
Мен бір құрбан лағың!»
Күрең атты даярлап,
Беліне терлік салады,
Батырды қолдан мінгізіп,
Көлденеңдеп тұрады.
Жіңішке жирен атпенен
Орақ та жетіп барады.
Ер Орақтың соңынан —
Бөлінбеген ұйқыдан,
Жыртылмаған құлпыдан,
Батырдың даусын есітіп,
Қалың шаңды көргесін,
Жау екенін білгесін,
Өзі алты жасында,
Сусар бөркі басында,
Өкім құла ат астында,
Естеміс ер бар қасында,
Қабағы тастай түйіліп,
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Ойыны күшті арыстан —
Алты жасар Бөкенбай
О да келді жылқыдан.
Бөкенбайдың соңынан
Тоқпақ жалды торы атпен
Қайың құрық қарында,
Бар қаруы бойында,
Естеміс келді соңынан.
Алам деп жаудың жолынан,
Алтауы бірге қосылды,
Ақ бөкендей жосылды.
Алтауы тұрды кеңесіп,
Басын қосып бесінде.
Жалғызбын деген батырың
Еркінше шауып көсілді.
Арқада бар бөрі көз,
Жақсыда ғой тәуір сөз,
Неге ұмытсын көрген көз!
Пұрсаты қалмақ біткесін,
Хан Шошай мен Қобланды
Шаншысуға келді кез.
Жекпе-жекке дегенде,
Жекеленіп найза төнгенде,
Бірін-бірі екеуі
Шаншамыз енді дегенде,
Сол уақыттар болғанда,
Қарлыға келді соңынан,
Қайрат қылды қолынан:
«Өш алғанда, өш жоқ,— деп,—
Кек алғанда, кек жоқ,— деп,—
Шошай ханның алдында
Кегімді мен де алдым,— деп,—
Атым әйел болса да,
Жүзімді төмен салдың»,— деп,
Қобландыға Қарлыға
Найзаны салды қоңынан.
Қапияда іс қылып,
Қайратына кенелді.
Байлап берді дұшпанға
Қобландыдай беренді.
Батырды аттан түсіріп,
Оған да бұған қарамай,
Ақ шатырды бетке алып,
Қараспан тауға жөнелді.
Жеті жыл жатып зарығып,
Кіжініп жүрген бұрын да,
Ешкімге айтпай сырын да.
Қобланды аттан түскесін,
Басынан бағы көшкесін,
Жаудың көңілі өскесін,
Қызылбас мінген ала-ды,
Шамасы келер күн болса,
Қылуға қайрат жарады:
Біреуі шаншып найзамен,
Біреуі келіп қызылбастың
Шоқпарменен ұрады.
Ортасынан шығармай,
Ұстаймыз деп Бурылды,
Қаншама әскер қамады.
Жан серігі Бурыл ат:
«Мінуге жайың бар ма?»— деп,
Қобландыны шыр айналып,
Қасқырша шауып дұшпанға,
Айналақтап қарады.
Омар менен Оспандай,
Ай мүйізді қошқардай,
Ұстатпайды Бурыл ат
Қамалаған дұшпанға-ай.
Жанына қысым келгесін,
Соншама әскер үстінен
Гулеп ұшты аспанға.
Жерде ұстамай қамалап,
Кім ұстасын аспанда-ай!
Сол уақыттар болғанда,
Бурыл атты көргесін,
Түскенін ердің білгесін,
Сейілдің ұлы Қараман
Тік ұмтылды ортаға.
Бурыл атты көргесін,
Болғанын бір іс білгесін,
Жіңішке жирен атпенен
Ұмтылды Орақ ортаға.
Тайбурылды көргесін,
Түскенін ердің білгесін,
Өзі алты жасында,
Сусар бөрік басында,
Өкім құла ат астында,
Қабағы тастай түйіліп,
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Етек-жеңі жиылып,
Арыстан туған Бөкенбай
О да ұмтылды ортаға.
Балтасы тасқа өтеді,
Балаға көңілі бітеді.
Бәрінен бұрын Бөкенбай —
Жүрген жерін есік қып,
Әкесінің үстіне
Бөкенбай келіп жетеді.
Көп тұруға шыдамай,
Шуылдаған қызылбас
Баладан қашып кетеді.
Тайбурылды көргесін,
Түскенін ердің білгесін,
Тоқпақ жалды торы атпен
Естеміс шапты ортаға.
Қайың құрық қарында
Ортасынан бөледі.
Арыстандай ақырып,
Ортаға бұлар кіреді.
Екі қолын сыбанып,
Қос етегін түрініп,
Бұл да айтулы ер еді,
Қойға тиген қасқырдай
Қызылбасты бүледі.
Қобландының үстіне
Бұл да жетіп келеді.
Жаралы болып қалғанын
Батырдың келіп көреді.
«Уа, сұлтаным»,— деп Естеміс,
Қобландының үстіне
Нар түйедей шөгеді.
Құртқаға хабар беруге
Енді атына мінеді.
Ақ орамал басында,
Тоқпақ жал ат астында,
Құртқаға жетіп келеді,
Келіп сөйлей береді:
«Жаралы батыр болды,— деп,—
Жатырсың неғып сен?— дейді.—
Жарасын батыр байлауға
Ақ дәрісін аюдың
Тезірек алып жүр,— дейді.—
Қансырап, қаны азайса,
Кетеді әлі шын,— дейді.
Құртқа сынды сұлуға,—
Бол, атыңа мін,— дейді.—
Жаралы болған сұлтаным,
Қылайық оған ем»,— дейді.
Құртқа естіп жүгіріп,
Құлады батыр дегесін,
Көзінен жасы төгіліп,
Сасқанының белгісі —
Етегіне сүрініп,
Құртқа сынды сұлуың
Алдырады жорғаны.
Естемістей шалыңыз
Ақырып еді қуырып:
«Болыңдар,— деп,— тезірек!—
Бетіне жанды қаратпай,
Жауатын күндей торлады.—
Қобландының үстіне
Тез қондыр,— деп,— орданы!»
Қобландыдай сұлтаным,
Бұл сапарың болмады.
Әлқисса, бұлар тұра тұрсын, ендігі сөзді Қобландыдан естіңіз. Қобланды есінен танып қалып, бір уақыта есін жиып, баласын шақырып алып, айтқан сөзі:
Бір уақыттар болғанда,
Кете жаздап арманда,
Қобландыдай батырың,
Тәніне найза тигесін,
Үстінен тозаң өткесін,
Көзін ашып қарады,
Жан-жаққа көзін салады,
Есін жиып алады.
Қызылбас қашып салақтап,
Өкім құла атпен бұлақтап,
Шұбалып шапқан баласын
Батырдың көзі шалады.
Шақырып алып баласын,
Қобланды батыр сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Електен өтсең — Есенбай,
Қыс қыстауы Бұқаржай.
Сені берген иемнен —
Айналайын бір Құдай,
Дәмем еді осындай.
Сен болмасаң, тік шауып,
Кім жетер еді үстіме-ай!
Қостанып шыққан елінен
Көк шекпенді көк бөрі —
Қызылбастан хан Шошай.
Менен туған ұл болсаң,
Бөкенбай, қалма соңынан,
Найзаңды салмай қоңынан!»
Жеті пірге тапсырды,
Түрегеліп орнынан:
«Омар менен Оспаным,
Үстімдегі жеті пір,
Бөкенбай, саған қосқаным.
Ханнан бүкпей тіземді,
Батырдан бүкпей тіземді,
Бір қатыннан мен шөктім,
Өлгенше кетпес пұшпаным!
Қапияда іс қылды
Ойламаған дұшпаным».
Әке сөзін есітіп,
Жөней берді Бөкенбай.
«Тоқта, Шошай, тоқта,— деп,—
Тоқта!»— деп бала ұмтылды.
«Қашпа, Шошай, қашпа,— деп,—
«Қашпа!»— деп бала ұмтылды.
Арқада құлан топтады,
Мерген мылтық оқтады.
«Қайтер бала дейсің»,— деп,
Қосынды Шошай тоқтатты.
Бала екенін білгесін,
Көріп Шошай қорықпады.
Жайықтың бойы қамыс-ты,
«Бермеймін,— деп,— намысты»,
Бала да болса таймады,
Саз балшықтай жабысты.
Емен сапты сүңгімен
Еңкейістеп шегініп,
Еменнен найза салысты.
Қарсыласып шабысты,
Бірін-бірі қағысты.
Бөкенбай мінген құла ат-ты,
Құла атпен шауып бұлатты,
Бөкенбайдай батырға
Тәңірім беріп қуатты.
Ертемен жаумен алысып,
Қайратын жұртқа сынатты.
Кіші бесін болғанда,
Қызылбастың Шошайын
Бөкенбай аттан құлатты.
Шошай ханның әскері,
Сүйегіне шаба алмай,
«Ой, бауырым»,— деп жылапты.
Қараман менен Ораққа
Қайратын бала сынатты,
Қызылбасты құлатты.
Орақтың келіп жанына,
Бөкенбай батыр сөйлейді:
«Көкемді мана көрмедім,
Аз ба, көп пе жарасы —
Анығын оның білмедім.
Мен көкеме барайын,
Жақсы ма, жаман ба сұрайын.
Мен келгенше, екеуің
Әскеріне қалмақтың
Тарттыра тұр сазайын».
Бұл сөзді айтып Бөкенбай,
Елге шауып жөнелді.
Оңдайды ғой Жасаған
Оңдармын деген пендесін.
Тыңдап қара, жарандар,
Бөкенбай ердің кеңесін.
Шауып шығып көреді
Бөкенбай батыр Құртқаның
Ордасының төбесін.
Үйге жақын келгенде,
Түсемін енді дегенде,
Қыл шашын байлап қылаңдап,
Шашбауын байлап сылаңдап,
Өз үйінен Құртқажан
Бөкенбайдың алдынан
Шыға келді бұлаңдап.
Алдынан шығып сөйледі:
«Көкеңнің бардың сөзімен,
Ердің дұшпан ізінен.
Менің жаным құрбандық,
Айналайын Бөкенбай,
Көкең мен сенің өзіңнен.
Дұшпанның бардың соңынан,
Алдың дұшпан жолынан.
Менің жаным құрбандық,
Айналайын Бөкенбай,
Көкең мен сенің жолыңнан.
Ерегескен дұшпанға
Намысты бермей қолыңнан,
Айырып алдың көкеңді
Қызылбастың қолынан,
Секілді қарға тобынан.
Тайбурылға міне алмай,
Қарына найза іле алмай,
Тұра алмай көкең орнынан
Найзаның салған зорынан,
Бурыл ат ұшып аспанға,
Ұстатпаған дұшпанға
Қамаған оңы-солынан.
Менің жаным құрбандық,
Айналайын Бөкенбай,
Көкең мен сенің жолыңнан.
Түйенің көркі нар қылып,
Өзеннің көркі жар қылып,
Көкең аттан түскенде,
Шулады ел-жұрт зар қылып.
Жаратушы бір Құдай
Он сегіз мың ғаламды
Жоқтан өзі бар қылып.
«Ханнан бүкпей тіземді,
Батырдан бүкпей тіземді,
Бір қатыннан шөктім,— деп,—
Қапияда тізе бүктім»,— деп,
Жатыр көкең ар қылып,
Үйдің ішін шар қылып.
Барма көкең қасына,
Қарамас көздің жасына.
Қаһары келіп жатқанда,
Шынымен шабар басыңды.
Ашуланып сұлтаным,
Ішпей отыр асын да.
Жарасын жақсы дарулап,
Мен отырмын қасында.
Тілімді алсаң, Бөкенжан,
Ертемен тұрып, атпай таң,
Бұлаңдаған Бурылды
Білдірмей алып берейін.
Астыңа оны мінсейші,
Алты құлаш ақ семсер
Көрсетпей алып берейін,
Қынай белге ілсейші.
Ойпаң жерден орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Аяңдамай желсейші.
Көп дұшпанның ортасында
Көкеңді шаншып найзамен
Тауға кеткен Қарлыға,
Шамаң келер күн болса,
Түсіріп аттан жетелеп,
Көкеңді сөйтіп көрсейші.
Жалғаны жоқсөзімнің,
Шырағым, қозым, сенсейші!
Барар болсаң, шырағым,
Тапсыратын сөзім бар,
Бұл сөзімді білсейші».
Бөкенбайдай батырың
Құртқаның тыңдап ақылын:
«Әкел,— деді,— Бурылды»
Қайырын сұрап, ақырын.
Бұлаңдаған Бурылды
Бөкенбайға мінгізді.
Алты құлаш ақ семсер
Қынай белге ілгізді.
Бурылына мінген соң,
Бөктеріп тасты желгізді,
Желмек түгіл, шапқызды,
Жарлардан қарғып атқызды.
Жығылмасын Құртқаға
Бөкенбай батыр білгізді.
Ат үстінен еңкейіп,
Тас көтеріп өңгеріп,
Кереметін көргізді.
Құртқаның көңлі сенгесін,
Жығылмасын білгесін,
Шақырып алып баласын,
Құртқа сұлу сөйлейді:
«Бұл жібердім базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салса, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Айналайын Бөкенбай,
Салғын құлақ сөзіме.
Шамаң келер күн болса,
Қарлығадай сұлуға
Қан жұтқызба аузына!
Көп жақсылық іс қылған
Көкеңнің-дағы өзіне.
Көкеңе қылған Қарлығаның
Жақсылығы көп еді.
Тапсырғаным осынша:
Жазым жерде жоқ қылсаң,
Өкпелермін өзіңе —
Өлгенше көрмен жүзіңді,
Есіт менің сөзімді».
Бөкенбайдай батырың
Құртқаның сөзін есітіп,
Аққа белін шешіпті:
«Жамандық өзі қылмаса,
Мен тимеймін,— десіпті.—
Әкесі кәпір Қарлыға
Көп дұшпанның ішінде
Көкемді менің шаншыпты.
Түсіріп аттан көкемді,
Қараспан тауға қашыпты.
Ақмоншақ атты көсілтіп,
Күдерден күдер асыпты.
Мұны ойламай Қарлыға,
Мұншама неге асықты?
Әлі білмей жүр ме екен
Асыл менен жасықты!
Сенің сөзің болмаса,
Тақымға салып сүйретіп,
Қабырғасын күйретіп,
Ойнатар едім асықты».
Бұл сөзді айтып болғасын,
Бөкенбайдай берен-ді,
Астына мініп дөненді,
Торғынға өзін бөледі.
Қарлығаның ізінен
Бөкенбей батыр жөнелді.
Тайбурылды «шүу!» дейді,
Құбылып бурыл гулейді,
Табаны жерге тимейді,
Алмас қылыш сартылдап,
Алтын жүген жарқылдап,
Өмілдірік сом алтын
Омырауда алқылдап,
Буырыл аяқ басқан жер
Ойыла жаздап солқылдап,
Шаңы аспанға бұрқылдап,
Бөкен батыр келеді.
Қарлығадай сұлу да
Келмесе екен дейді екен
Қобландының баласын.
Бала да болса қайратқа
Байқаған екен сұлуың
Манағы жерде шамасын.
О да қоймай тұр екен
Көп жад етіп бабасын.
Келе жатып Бөкенбай
Қараспан таудың басында,
Ақмоншақ атпен көлбеңдеп,
Көлденеңдеп жүргенін —
Бөкенбай бала көреді
Қарлығаның қарасын.
«Қашпа, Қарлыға, қашпа»,— деп,
Бөкенбай батыр ұмтылды.
«Қашпасаң, бала, саспа»,— деп,
Қарлыға қарсы ұмтылды.
Бөкенбай келіп бұл жақтан,
Қарлығаға сөйлейді:
«Ай, Қарлыға, қашпаймын,
Қайратым бар деп таспаймын,
Дұшпаннан қорқып саспаймын.
Құртқаның айтқан сөзі бар,
Тапсырған қатты кезі бар,
Табаныма баспаймын.
Қанша айтсаң, сонша айт,
Қарлыға, сені шанышпаймын».
Бөкенбай айтып болғасын,
Үлектен туған маядай,
Мая жолдан тая ма-ай,
Баланың сөзіне қарамай,
Бөкенбайға Қарлыға
Найзасын салды аямай,
Қанша айтса да Бөкенбай,
Қарлыға бұған қарамай.
Есіктің алды кендір-ді,
Етіне найза ендірді.
Аямасын білгесін,
Етіне найза енгесін,
Толғамалы ақ сүңгі
Толғап алып Бөкенбай,
Қақ жүректен Қарлығаға
Бөкен де найза төндірді,
Жанған отын сөндірді.
Сауыттың көзі тарқалып,
Алысқанда екеуі
Жүрген жерін ор қылды.
Сол уақыттар болғанда,
Қарлығадай сұлуды
Ақмоншақ аттың саурынан
Дөңгелентіп төндіріп,
Ат көтіне міндіріп,
Найзаны ырғап ендіріп,
Жығылар мезгіл болғанда,
Қарлыға сұлу сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Бұл жібердім базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салса, жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Айналайын Бөкенбай,
Салғын құлақ сөзіме.
Жасың кіші болса да,
Құлдығым бар өзіңе.
Өлтірер болсаң, шырағым,
Үйдегі жатқан көкеңнің
Көрсетіп өлтір көзіне,
Түсіп тұрмын тезіңе.
Түйенің көркі нар еді,
Өзеннің көркі жар еді.
Өзімнің әкем, ел-жұртым,
Соның үшін қырып ем —
Сенің жынды әкеңе
Не жазығым бар еді?»
Бөкенбайдай батырың,
Қарлыға бұл сөзді айтқасын,
Найзасын тартып алады.
Ақмоншақ аттың үстіне
Түзетіп қызды салады.
Босанса, қашып кетер деп,
Ақмоншақ атты жетелеп,
Жүретін жолын төтелеп,
Ауылға алып барады.
Қарлыға сұлу сөкпейді
Бөкенбайдай баланы.
Қарлығаны іздеп ауылдан
Шығып еді таң ата.
Үйге түсті Бурылмен
Құтпан ауып, ел жата.
Қарлығаны жетелеп,
Бөкенбай елге келеді.
Қос тұлпардың дүбірін
Сұлу Құртқа біледі.
Құтпаннан қалмай келер деп,
Құртқа да күтіп тұр еді.
Жүгіріп шығып далаға,
Бөкенбайды көреді.
«Қарлығаны алып келді»,— деп,
Батырға хабар береді.
Қарлығаны жетелеп,
Баласы үйге енеді.
Сағынып жатқан баласын
Батыр Қоблан көреді.
Ұшып тұрып орнынан,
Бөкенбайды сүйеді.
Қарлығаны көргесін,
Баласы алып келгесін,
Сегіз жыл жатып далада,
Қарлыға сұлу күйгесін,
Ақыл кіріп батырға
Найзаның ұшы тигесін,
Ашуын тастап батырың,
Аққа белін шешіпті,
Көңілі бір тасып өсіпті:
«Бұл елдің қайда молдасы,
Қарлығадай сұлудың
Некесін қисын»,— десіпті.
Қобландыдай батырдың
Қарлығадай сұлуды
Алайын деп жатқанын
Қараман құрдас есітті.
Қараман сонда сөйледі:
«Менен туған ұл болса,
Қобландының ұлы деуші едім,
Қобландының баласын
Өзімнің ұлым деуші едім.
Баламның тапқан олжасын
Бізге әкелсе, болмай ма?
Теке менен тушадан
Түгендеп сойып, той қылып,
Екеуінің некесін
Қиып қоссам, болмай ма?
Сұлу сурет қоласың,
Шаба алмай жүйрік боласың.
Қарлығадай сұлу да
Сегіз жыл тауда бос жатты.
Шығармас па едім көңілінен
Екеуінің кінәсын!»
Қараманның бұл сөзін
Қобланды батыр естіді.
Бөкенбайға сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Түйенің көркі нар, балам,
Өзеннің көркі жар, балам.
Әкеңіз қатты кейіпті,
Алып келген анаңды
Әкеңіздің алдына
Тезірек алып бар, балам».
Батырдың сөзін есітіп,
Бөкенбай мінді күн шықпай
Жылқыдан ұстап дөненді.
Торғынға өзін бөледі,
Қарлығадай шешесін
Ақмоншақ атпен жетектеп,
Қараманға жөнелді.
Қараман, Орақ екеуі
Қызылбасты адақтап,
Найзамен қуып шабақтап,
Қойға тиген қасқырдай
Алқымынан тамақтап,
Алды-артына қарамай
Қызылбас қашып салақтап,
Найзасына сүйеніп
Екі батыр тұр еді.
Қарлығаны жетелеп,
Алып келген баланы
Бұл екеуі көреді.
Әкелгесін Қараман
Қарлыға мен Бөкенді,—
Ертіп алып Орақты,
Қайрылмайды бұл елге,
Еліне алып жөнеді.
Еліне келіп Қараман,
Алпыс бие бұл сойып,
Алты ру ел шақырды.
Жетпіс бие бұл сойып,
Жеті ру ел шақырды.
Жұрт мақтады бұл жерде
Қарамандай батырды.
Ұзын көлдің басына
Жағалай тіккен шатырды,
Қобланды мен Құртқаны
Тойға кел деп шақырды.
Кешке шейін тіккізді
Жүз сексен басты ордасын.
Той аяғы өткесін,
Мереке қызық біткесін,
Шақырып алған Қыпшақтан
Қобландыдай жолбарысын.
«Көңіліңнен кінәң кетсін»,— деп,
Оңаша берген қолына
Қарлыға сынды жолдасын.
Қасына адам келтірмей,
Қараман өзі тыңдады
Қарлыға, Қоблан құрдасын.
«Қалдырмай сөйле бәрін де,
Іште кінәң қалмасын.
Бір-біріңе нақақтан
Өтірік жала болмасын».
Қараман бұл сөзді айтқасын,
Қарлыға бастап сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Ауылдың алды бел,— дейді,—
Белден көшер ел,— дейді,—
Көл қатырған сең,— дейді,—
Қобланды батыр, айтайын,
Қараман отыр ортада,
Құлағың сал сен,— дейді.—
Басыңа ғашық болдым ғой,
Көргеннен соң мен саған,
Басыңа басым тең,— дейді.—
Бір сен үшін ауылдан
Ел-жұртымның бәрін де
Қиып шықтым мен,— дейді.—
Қисық та болса, әркімнің
Өзіне ісі жөн,— дейді,—
Әуел бастан, айтайын,
Қараман, тыңда сен,— дейді,—
Қараман менен екеуінді
Тақымына қыстырып,
Қалыңнан соққан қарсақтай
Ақмоншақ атпен Көбікті
Қалаға алып келгенде,
Қол-аяғың байланып,
Абақтыда жатқанда,
Мына отырған Қараман,
Ұмыттың ба, не деді?
Алдырып атың мінгізіп,
Көбіктіден жасырып,
Сауытыңды тығып кигізіп,
Найзаңды білекке ілгізіп,
Өзімнің әкем Көбікті
Ақылын айтып өлтірттім.
Білдің бе, Қоблан, кім үшін?
Оны да жалғыз сен үшін!
Басыңа ғашық болдым ғой,
Басыңа басым тең үшін.
Ол асылды білмедің,
Асылды көзге ілмедің,
Алшағыр еліңді алғанда,
Қараспан құлап қалғанда,
Бурыл ат ақсап жүре алмай,
Қараман тастап жұртына,
Өзің жалғыз қалғанда,
Басыңа қайғы салғанда,
Қайрылып барған сонда кім?
Білдің бе, Қоблан, кім үшін?
Оны да жалғыз сен үшін!
Алшағыр еліңді алғанда,
Басыңа қаза салғанда,
Батырдың бәрін тауысып,
Біршымбай жалғыз қалғанда,
Төртеумізге найза салғанда,
Төртеумізден сән кетіп,
Кеудемізден жан кетіп,
Найза орнынан қан кетіп,
Екі қолдан әл кетіп,
Сандалып тұрған кезіңде,
Ақ бетімде тұлымым,
Бірге туған құлыным,
Омыртқаға біткен жұлыным,
Керіле біткен жауырыным,
Бірге туған бауырым,
Қолқанатым, құйрығым,
Судан шыққан сүйрігім,
Суырылып озған жүйрігім,—
Жалғыз інім Біршымбай
Өзім шаншып өлтірдім,
Кемеліне келтірдім,
Білдің бе, Қоблан, кім үшін?
Оны да жалғыз сен үшін!
Басыңа басым тең үшін!
Ол асылды білмедің,
Асылды көзге ілмедің.
Еліңді жинап алғанда,
Арманың болмай жалғанда,
Қараспан тауға ызғытып,
Олжа малды салғанда,
Мен келмедім есіңе,
Некелеп Құртқаны алғанда.
Қараспан тауын қаңғырып,
Көңілге қайғы толғанда,
Мен келмедім ойыңа.
Шатырым сайдың бойында,
Қасыңа жолдас кісі ертіп,
Қараманның шықтың тойына.
Талма тал түс шағында
Шатырыма келдің кез.
«Түстене кет, батыр»,— деп,
Жалындық қанша сонда біз?
«Түсейік» деді Құртқа да,
Құлағыңа бір алмай,
Қайрылмай кеттің, батыр, сіз!
Ақша бір жауған қар еді,
Ғарыптың көңілі тар еді.
Қайрылмайтын соншама,
Қанша күнәм бар еді?
Мұнан кейін, Қобланды,
Қараманның бардың тойына,
Мен келмедім ойыңа.
Әділдігіңді айтқанда,
Той аяғын өткізіп,
Елге тағы қайтқанда,
Алдыңда тұрды ақ шатыр,
Шақыруда болдық біз пақыр.
Жаныңда Құртқа серігің
Қиылса да түсуге,
Қайрылмай кеттің, сіз, батыр!
Қанша күнәм болса да,
Сонша көңлің қалса да,
Сонда Шошай алдында
Етпетіңнен бір салдым,
Ескі кекті бір алдым.
Алдыңа келдім, аяма!..
Көңліңде болса сенің де,
Әлі қырқып сомсаң да,
Бір алғанмын кегімді!!
Қараман құрдас, ризамын
Қарама-қарсы айтқызып,
Тартқаттың көңіл шерімді.
Бүгін өлсем де арман жоқ,
Шығарып көңіл кірімді.
Қараман құрдас тыңдасын,
Қобландыдай сұлтаным,
Қалдырмай сөйле мұңыңды,
Өтірік айтпай, шыныңды».
Сонда Қоблан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Жақсы айтасың, Қарлыға,
Алланың кең ғой жарлығы.
Ауылдың алды бел еді,
Белден көшкен ел еді,
Көл қатырған сең еді.
Аз ғана емес, қызылбас
Бірталай жатқан ел еді.
Әркімнің ісі өзіне
Қисық та болса жөн еді,
Ақ торғынға бөледі.
«Шырағым қандай болад?»— деп,
Өлгенше өмірің тіледі.
Өзіңнің әкең Көбікті
Ақылын айтып өлтірдің,
Әкеңнен жақын кім еді?
Қара Қыпшақ Қобланды,
Танимысың, нең еді?
Сөзіңнің айтқан бәрі рас,
Басыма басың тең еді.
Саған жұрт қайтіп сенеді?
Мұның аз боп, Қарлыға,
Ақ бетіңде тұлымың,
Бірге туған құлының,
Омыртқаға біткен жұлының,
Керіле біткен жауырының,
Бірге туған бауырың,
Қолқанатың, құйрығың,
Судан шыққан сүйрігің,—
Жалғыз інің Біршымбай
Өзің шаншып өлтірдің,
Кемеліне келтірдің.
Ініңнен жақын кім еді?
Қара Қыпшақ Қобланды,
Танимысың, нең еді?
Әкең менен ініңе
Сонша қастық қылғанда,
Кімге достық қыласың,
Саған Қыпшақ нағып сенеді?!
Диқан еккен егінді,
Есен алса, тегін-ді,
Бұл сөзден сұлу жеңілді.
Қобландының аяғына
Қарлыға сұлу жығылды.
Ешкі малдың серкесін,
Ақсақал жер шекесін,
Ұзын сөзді қысқартып,
Енді айтайын төтесін.
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Қарлығадай сұлудың
Қобланды сынды батырға
Қарамандай құрдасы
Осы жерде қиды некесін.
Қарлығадай сұлуың
Сегіз жыл жатып бір тауда,
Мұратын солай өтесін.
Асықпасаң сабыр қып,
Талаптансаң ұмтылып,
Мақсұтыңа ақыр жетесің.
Қобланды, Құртқа, Қарлыға,
Көк пәуеске күймесін,
Күйменің іліп түймесін,
Қарлыға сұлу көреді
Дәуірдің тәтті жемісін.
Қарлыға, Құртқа көрсетіп
Қалың Қыпшақ еліне
Татулықтың белгісін,
Мақсатқа жеткен осылай,
Елге жайып үлгісін.
Аяғы мұның әлі бар,
Қарлығадан ұл туар,
Ұлының аты Киікбай,
Талабы таудай бикті-ай.
Киікбай атқа мінгенде,
Көп Қыпшаққа күн туар,
Қызылбасқа түн туар.
Бұл өзі бөлек бір қисса
Киікбайдай батырдың.
Тоқтаттым бұлай ақырын,
Сөйлесе, сөздің жүйесін
Келтірер біздей ақының.



Пікірлер (21)

Аяла

е мае құры кет жоғал мен бұны жаттамаймын қысқартсай

Кристина

Я могу читать и понимаю казахский язык.Но не могу писать и не могу говорить.Это очень интересное мне нравиться.

aibota berikbol

Қандай ақын жазған

2006

канша бет

Арай

Оте оте керемет

Малика

Оте керемет көп демесең

aibota berikbol халық ауызынан тараған

халық

шахризада

өте керемет өлең

Myrza

Өте керемет!

Медина

Өте керемет ❣

Рүстем

Тұяқсыз өту деген не

Айнаш

Тұяқсыз дегеніміз баласыз,ұрпағы жоқ дегенді білдіреді

Мерей

Қайғыменен қан жұту

Myrza

Өте керемет!

Динара

Маған ұнады

Динара

Өте керемет

Kazakhstan 2010

Қызыл ер туралы сипаттама барма

Сырымжан

Қасқа сұлу Қарлыға

Акмаржан

Маған қобыландының жауабы
керек

Ару

Ішінен диалект сөздер тауып бересіздерма өтініш керек болып тұр

Жібек

Қанша тармақ мына жырда??? Айтып жберініздерші

Пікір қалдырыңыз

Қазалыда бір қыз жүр

  • 0
  • 0

Қазалыда бір қыз жүр сәулеленген,
Көрген жігіт сәулені әуреленген.
Беу-беу Бақилай,
Аха-хау,

Толық

Келіннің жоқтауы

  • 0
  • 0

Піссіміллә деп бастайық,
Артық айтып саспайық.
Иманды болғыр, Атекем,
Жыламай қайтіп тастайық.

Толық

Алтай Тәтіні жоқтау

  • 0
  • 0

Қара бір таудың жылғасы,
Халқына бағлан құлжасы.
Сүйіндіктің ағасы,
Алтыннан салған сырғасы.

Толық

Қарап көріңіз