Көктем – Қалқаман Сарин

Бұл бетте «Көктем» атты Қалқаман Сарин жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 09.09.2017
  • 0
  • 1
  • 10708
Жүрегіме жыр құйып көктен сарнап,
Мынау – менің құстарым жеткен самғап.
Қара жердің қайғысын сейілтеді,
Қанатынан күміс нұр көктем саулап.

Соғады әлсіз жібектей жел жұмсарып,
Жұпар еміп жібиді бел бусанып.
Сағыныштың тамшысын көктен үзіп,
Cал-көктемге жылайды жер мұң шағып.

Сабағынан сығалап сан мың бүршік,
Тал, терекке қолтаңба қалдырды шық.
Көктем мен жаз, күз бен қыс өрнек салар,
Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық.

Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,
Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.
...Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,
Бір аяғын барады сылтып басып.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

керемет

Назым

Осы автордың басқа өлеңдері