Мен неліктен күлмеймін?
Тау суының тұнбасындай тостағым,
Таусылуым бұлбұл ұшқан...бос бағым.
- Өміріңді өрнекті етіп өткізсей,
Көңіліңді көтер! – дейді достарым.
Рас, рас, көп күрсініп қамығам,
«Өгей әке», - деп өмірді танығам.
Төзім...Сезім...Өнер...Өлең...Бәрі лаң,
Өзімді-өзім жұбатқанда не қылам?!
Базар жақта бақ іздеуде бар адам,
Айлық ақсап, бас айналды бағадан.
Бала көрдім қара нанға қараған,
Қозы көрдім қой терісін жалаған.
Мына бізбіз уыз сүтті қан қылған,
Мына бізбіз хан ұлындай мал қырған.
Егеменді ел...Не нәрсе бар мандыған?!
Елерген ер...Қайыршымыз қаңғырған.
Жұт жылына жасап жатыр елім шеп,
Көсегемді көгертпейді-ау келімсек.
Татар нанға абыройын саудалап,
Атар таңға лағнет айтты келіншек.
Халық аш жүр, қолы жетпей жұмысқа,
Нарық қасқыр шақыруда қылмысқа.
Күні кеше құт сақтаған ырысқа,
Түк таппаған үйге кірді құмырсқа.
Кім кінәлі? Кімді бүгін тілдеймін?
Елдің халқын кім ойлайды, білмеймін,
Күрсіндім бе, күлкі кілті – халықта,
Түсіндің бе, мен сондықтан күлмеймін!
Almaskhapar
Мағыналы жақсы өлең екен
OljasBolatbek
Керемет)))
Тек өлеңнің алғашқы шумақтарына өзгерту керектей"
OljasBolatbek
Керемет)))
Тек өлеңнің алғашқы шумақтарына өзгерту керектей"