Сіз-қызанақ, мен-қияр – Абзал Алтый

Бұл бетте «Сіз-қызанақ, мен-қияр» атты Абзал Алтый жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сіз-қызанақ, мен-қияр...егілдік жерге құнарсыз
Бейнемнің көріп бүдірін, ұялып күннен тұрарсыз
Бойымнан сарқып бар нəрін, құйдым кеп тамырыңызға
Біз емес ұялмаңызшы... қараңғы мынау түн арсыз

Сіз-суға,ал мен сезімге...жете алмай біраз шөлдеппіз
Астымыз кебір топырақ...сонда да бірақ сергекпіз
Екеуміз бөлек екі дəн...көктемде қатар көгердік
Жерде де өмір шектеулі...таңдайды қармап кермек күз

Бұзылды ауа-райы да...тұрған жоқ бізді тоңды деп
Жатырмыз қидың астында...тасталған кеше он күрек
Сезгендей күннің ақырын...жылындық батып тереңге
Жауын да төгіп басылды...күнəні жуып соңғы рет...

Сіз-қызанақ,мен-қияр...сағаттар тілін тəрк етті
Шыдадым өзіңіз үшін...маңдайға тиіп бар тепкі
Қызарып нарттай пістіңіз...мен болсам жеуге жарамас
Тағдыр да байқап қойғандай...тек сізді жұлып əкетті...

(С) Абзал Алтый


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар