Сəби болғым келмейді...
Сəби болғым келмейді...
ХХІ ғасыр тəлкегіне негізделген.
Жазықсыздан жапанның жарығын көзімен көре алмаған, ғұмырын сүре алмаған жас нəрестенің жанайқайы:
Еткен едім жер деген алапты арман,
Жарық көргім келген рас таң атқаннан.
Шіркін міне бəрі де ойран болды,
Келмей талдым тағдырлық талаптардан.
Фəниде бұл беттері парақталған,
Құс секілді келдім бе қанат талған?!
Күн өтпеді ғұмырым жылжып лезде,
Таусылды ғой тағатсыз сағаттардан.
Көбінесе ол жаққа кəрі аттанған,
Санасы да, саны да сарапталған.
"Жасын берсін" деуменен жас ұрпаққа,
Тірі адамдар артынан қарап қалған.
Бұл күндері балалар балақтардан,
Ол өмірге ойлаусыз тарап барған.
Не болса да "сақташы" - деп тілейміз,
Келетін сəбилерді Жаратқаннан.
Тірі болсам көзіңнің қарасы едім,
Жəннəтіңнің жап-жақын арасы едім.
"Менің тəттім" - деп айтатын жандарға да,
Тəп-тəттісі болатын таласы едім.
Кірбің көне кеудеңнің ана сенің,
Бақыт болып орнайтын жаңасы едім.
Сенің ғана болатын дара серің,
Көркейтетін əлі де Алаш елін,
Тарқататын көңліңнің қара шерін.
Өзің мені лақтырып кетпегенде,
Мейірімді ананың баласы едім.
Атың - Ана, белгісіз есімің де,
Шошыған шыр ететін есіл үнге.
Мен сені күтемін ғой көру үшін,
Ол өмірдің айқара есігінде.
Келші күтем,
Анам деп кешіруге,
Адасқан деп ойлама есі мүлде.
Тірі болсам ұйқыңды төртке бөлмей,
Жатар едім үндемей бесігіңде.
Жатқан едім жап-жайлы жатырыңда,
Маған баян еді ой, ақылың да.
Анашым сен батыр едің,
Бірақ шіркін...
Батырлыққа бармады батылың да.
Өзіңше ой түйіндеп ақырында,
Түймедей қуанышқа татыдың ба?
Солайша опасыздау оқыс таңда,
Кеудеден келеңсіздеу от ұшқанда.
Тастағың келді ме енді керексіз қып,
Мені анау көше, əжеттік қоқыстарға.
Танымайтын зұлымның бір əрібін,
Ізгіліктің іспетті шырағымын.
Айтшы Анашым ұғам ғой,
Жазығым не?
Мен кімге қалай ғана кінəлімін?
Күндеріңді түн басса қара күрең,
Шырағыңды сəулең боп жағатын ем.
Есіңнен шығып кетсе қуанышың,
Шат күндерді есіңе салатын ем.
Жаншып барша мұңдарды қанатымен,
Жан шыққанша жаныңда қалатын ем,
Ата-анаңнан айырылып қартайғанда,
Ата-анам деп қымбатты бағатын ем.
Көргім келіп күндерді көркем өткен,
Есіткім кеп сөздерді еркелеткен...
Сəби болғым келмейді, сəби болғым,
Ерте келіп өмірге ерте кеткен.
Сəби болғым келмейді көшедегі,
Тасқа соққан сорлылау пешенені.
Сəби болғым келмейді, сəби болғым,
Анам тастап кететін кеше мені.
Сəби болғым келеді арлы адамға,
Тағдырым деп тамаша таңдағанға.
Сəби болғым келмейді, сəби болғым,
Жемтігі боп жататын қарғаларға.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі