Сапарда туған сан ойлар
ОМБЫ ЖЫРЛАРЫ
Сәлемдесу
Дұғай сәлем еліме Омбыдағы,
Омбы деген білімнің мол бұлағы.
Қарасаңыз Омбының өткеніне,
Талай терең ойларға шомдырады.
Дұғай сәлем еліме Омбыдағы,
Демеймін Омбы кеші тоңдырады.
Келіп тұрмын шілденің ыстығында,
Жайқалған шағында бір көл құрағы.
Алдымен жұртым,
Айтар ойды ұғын көр,
Келмесін көңіліңе жай күдіктер.
Тулатып Қара Ертістің толқындарын,
Жарысқан дала ғой бұл сәйгүліктер.
Қараймын егде тартқан ағаларға,
Ісіне ағалардың баға бар ма.
Ертістің тұнығына жүзіп келіп,
Ойнайды ақ шағала жағаларда.
Таңданам Омбыдағы жеңешеме,
Басқа жан жеңешеме теңесе ме.
Жесірдің көз жасындай жүзін жуған,
Ақ жаңбыр жапырақтан сорғалал тұр.
Әлі де талай-талай өтер жорық,
Ойлар көп көңіліңді кетер бөліп.
Төгіліп ана тілі тұрмаған соқ,
Өз далаң кетеді екен бөтен болып...
Сол Ертіс,
Тұрмын міне,
Сол Омбыда,
Ертістің жағасында шомам мұңға.
Мағжандай жыр-жүйрігін жоқтаймын ғой,
Әлде мен кештеу келген болармын ба?!
Шарпылып өтсем дағы өрт алаңнан,
Арылмай жүреді екен дерт адамнан.
Ертістің суы ойсырап ағып жатыр,
Халқымның көңіліндей орталаған!..
Жарысып Қара — Ертістің толқынымен,
Жүйрік қой,
Қамшы ұрғызбай жортады арман.
Жиырма бес
Жас қайын жағалауын өрімдеген,
Ертісім,
Көзіме ойлы керінді ерен.
Жағанда жүріп сенің жазар ма едім,
Өзіңе ұқсаған бір өмірлі өлең.
Ерекше күй тыңдаймын Ертісімнен,
Ертістің тұнық жанын ел түсінген.
Көгіңнен ерте сөнген жұлдыздардың
Әлі де айықпапты дерті ішіңнен.
Белгісіз арман іштей алаңдатты,
Күтумен бір жаңалық далаң жатты.
Ертістің жағасына тым болмаса,
Шоқанға бір ескерткіш қаланбапты.
Алыстан керуен үні тиылмайды еш,
Кетіп бара жатқандай қиырға көш.
Төрінен түнгі аспанның ағып түскен,
Арман-ай!
Қапы кеткен жиырма бес.
Тек қана толқын ғана тоқтамады,
Толқын құшқан қайындар шоқтанады.
Есіліп жатқан Ертіс толқындары,
Бейне бір сияқты еді жоқтау әні.
Жақсы мен жақсылардың табысқаны,
Жаманды шошындырар жаны ұшқары
Шоқан мен Достоевский достығында
Дүлдүлдің дүбірі бар алыстағы.
Сарғатқа сапар
Атырып талай оймен тұнық танды,
Еске алып талай-талай ұмытқанды.
Сарғатқа тартып кеттік тағы да біз,
Серік қып Сайымжан мен Үмітжанды.
Орманмен оюланған әр қапталы,
Асықтым ағайынға —
Сарғаттағы.
Айтпай-ақ көңіл күйін сезіп келем,
Белгілі сағыныштай зар жатқаны.
Сырласқан ақ бұлттарымен аулақтағы,
Сарғаттың бара жатыр баурап жаны.
Келді деп ақын ұрпақ іздеп бізді,
Атаның аунап түссін аруақтары.
Ауылға алаңдаймын баратұғын,
Балалар шығар бәлкім,
Қара тұлым.
Шырадай жанып тұрып қара көзі,
Білмесе қасірет қой ана тілін.
Басқанын естіп талай өктем үнін,
Жүрген соң болар егіп шетке гүлін.
Адасып қалар ма екен ана тілден,
Жоқтығынан бір қазақ мектебінің!..
Жүректі жегідей жеп бөлеген үн,
Көбінің маған таныс көрем өңін.
Сарғатта отыр қазақ ауылы боп,
Ортаға алып жалғыз Төлегенін...
Сарғаттың самалы да майда мына,
Деп қалдым адамдары жайдары ма.
Атқа қону қазаққа жарасады,
Бір Төкенді тартасың қай жағыңа?!.
Сол жағын Омбылықтар ойлады ма.
Қапсырма
Ақынға аманат қып тапсырғасын,
Жеңгемнің алып кеттім қапсырмасын.
Теңедім аспандағы туған айға,
Құлақта дірілдеген ақ сырғасын.
Бұл күнде егде тартып қалғанымен,
Көремін қапсырмадан жас тұлғасын.
Жан едім тебіренген өссе гүлің,
Жадымда жүрер осынау естелігің.
Еліңнен сән кетсе де,
Жан, Жеңеше-ау,
Тұнып тұр қапсырмада ескен үнің,
Ай-күнге жарқылдатып қапсырманды,
Жорғамен шайқалдың ба көште бұрын.
Тұнып тұр қапсырмада әнің сенің,
Тұнып тұр өпшейтұғын жалын-сезім.
Қапсырма таққан,
Жеңгем,
Қамзолына,
Ұқсайсың қапсырмаңа барынша өзің.
Сезімнің шегі де бар алып ұшқан,
Жанымды туған елдің зары құшқан.
Халқымның теңдесі жоқ қол өнері
Жоғалып кетер ме екен жарылыстан.
Мұңымды жасырам ба көмейдегі,
Шындық қой қасіреттің көбейгені.
Балқытып жібермесін қапсырманды,
Алапат жарылыстар Семейдегі.
Үдеген сайын Семей жарқылдары,
Таулар да шөгіп жатыр нар тұлғалы.
Халқымның бар өнерін жояр ма екен,
Аралдың сияқтанып тартылғаны,
Бар асылын қолынан, жіберген соң,
Ұрпаққа не демекші артындағы.
Құрақ қурап,
Тау түні салқындады...
Басыма туғаннан соң аландар күн,
Емдесең де жазылмас жарам бар мың.
Мұрасы туған елдің былай тұрсын,
Тағдырын отыр ма елеп адамдардың.
Кім көреді көз жасын босып кеткен,
Арқадағы ақ бөкен,
Маралдардың?!.
Жыр жатыр қапсырмаңда тарамайтын,
Көл жатыр,
Көңіл жатыр,
Шалқар, ай-түн...
Жеңеше-ау!
Жеңілдетші жан жүгімді,
Қайғым бар күннің көзін қалқалайтын.
Қырау болып қасірет самайда тұр,
Күңіреніп айта жатар талай ғасыр.
Кешегі ән қалқыған Қарауылда,
Қан жұтып,
Қара киіп Абай жатыр!..
Бітер ме екен сол өлген маңайға тіл...
Дәметкен
Сұрау салып, кідіріп әр өткелге,
Кеш бата жеттік-ау бір Дәметкенге.
Сапырған сүт бұлағын сауыншы ол,
Дәметкенге жетем деп әлектенбе.
Бөртпе салы басына салындырып,
Алып келді аруды малындырып.
Ақын кеуде кеткенде ағытылып,
Менің де жүре берді жаным жылып.
Дәметкен тұр әуенін бастап тағы,
Дауысы бізді көріп асқақтады.
Сауыншы болып елде жүр демесең,
Ол да бір сері жан ғой Қасқаттағы.
Қайтадан орала алмай кеттік-ау бір,
Сан себеп тілдесуге тапсақ тағы.
Ақынның арылған ба ойдан жаны,
Біз үшін әр сөзінің болған мәні.
Барады ақша бұлттар аспанда аунап,
Бейне бір сияқтанып толғанғаны.
Қалқалап қалар ма екен дауысыңды,
Сібірдің ойдым-ойдым ормандары!..
Қимастық жасқа толды жанары елдің,
Жаутаңдап Қасқатыңда қала бердің.
Атың жетті бірақ та Алатауға,
Өшірмей жыр — сезімді жана бергін!
* * *
Айтары жоқ,
Ауылың қандай сирек,
Қондыра салған дерсің шалғай сүйреп.
Тағдырдың тәлкегінен басқа түскен,
Кеткенің белгілі ғой қалмай күйреп.
Тұрса да орман өсіп,
Тұнып тоғай,
Мен жүрмін үрейлі ойдан ұйықтамай.
Қартының көзі кетсе бұл ел қайтер,
Қалайша ана тілін ұмытты оңай?!.
Қадірлі бауырласым, іргелесім,
Өткіздік талай күннің бірге кешін,
Жасырып қалам саған айтпай қалай,
Ана тілден адасып жүр демесін.
Бұл менің назым емес,
Күйінгенім,
Аз күнде талай сырды түйіндедім.
Ана тілін. тірлігің, шуақ күнің,
Түнек басар болмаса үйінде күн.
Қашанда мен халықтан аласамын,
Халқымның тірлігімен санасамын,
Тілің өшсе,
Сенің де өшкенің ғой,
Ойлашы, келер ұрпақ болашағын.
Есілкөл
Ақтарып бар арманын жүректегі,
Алдыңа келді Алатау түлектері.
Әлде бұл аңсай күткен көптен бергі,
Ақ бұлттай ақтарылған тілек пе еді.
Көңілден арылғандай алаңдығым,
Ортаңда тұр ғой толқып балаң бүгін.
Жұртымның жүрегінен шын ұсынған,
Даланың алуан түсті алам гүлін.
Асығып жеттік, міне,
Есілкөлге,
Есілкөл!
Кетпес болдың есімнен де.
Қайран ел қалды білем бір сілкініп,
Ана тілі самалдай есілгенде.
Жете алмай қайттым, әттең, Қасқатыңа,
Жыр арнасам деп едім бас-басына.
Қасқаттағы бауырлар қалай жүр деп,
Жанарым кетті-ау менің жасқа тұна.
Ойымды жазып кеттім тасқа сырлы,
Бір керу арман болып Қасқатыңды.
Өзім деп өзегімнен жалын өрем,
Ойым жоқ өздеріңе басқа түрлі,
Дей көрме, Алматының ақын қызы,
Біз үшін әлде несін бас қатырды...
Есілкөл!
Көріскенше қош-аман бол,
Шындаса бекімей ме босаған бел.
Жаныма қандай жақын қимай барам,
Осынау ата-бабам жасаған жер!
Жатса да тастарыңды жуып тасқын,
Есілкөл!
Мені әсте ұмытпассың.
Жағаңа қонған елің аман болса,
Тұп-тұнық жанарыңа жуытпас мұң!
Амангелді
Әлпештеп, аялаған ең жақыны,
Аулыңа Алатаудың келді ақыны.
Келді әншісі, аяулы азаматы,
Жатқан соң осынау бір жерде асылы.
Өлеңмен түсірді аттан Амангелді,
Бауырым, саған кінә тағам ба енді.
Көрсетсе ақындығың саған белді,
Танытқан ақындығым маған елді.
Жаудырып жыр нөсерін Алматымда,
Айтқансың ерлеріңді жанға тұлға.
Омбыда жатып жырмен қиқуласаң,
Мен дайын Алатаудан жалғасуға.
Ақынға шабыт беріп тулайды Есіл,
Бастай бер өр өлеңнің тынбай кешін.
Омбының асыра тұс ата даңқын,
Халқыңның оздыра бер жыр бәйгесін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі